Юнус Эмренің өлеңдері аударылды

Юнус Амре жырлрыҚазақстанның Түркиядағы елшілігі түркі әлемінің ірі ойшылы, сопылық поэзияның көрнекті өкілі Юнус Эмренің жыр жинағының тұсаукесерін өткізді. Шара Елбасы Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асты.

Салтанатты жиынды мекеме директоры Жанат Сейдума­нов ашып, Қазақстанның Түркия­дағы елшілігінің қолдауымен жа­рық көр­ген кітаптар Ұлттық кітап­ха­надағы Түркия мәдениет орта­лығының жеке қорын толық­ты­руға айрықша үлес қосып отыр­ға­нына тоқталды. Сондай-ақ маусым айында әдебиетшілердің шығармашылық әлеуетін пайдалана отырып, ұлттық құндылықтарымызды насихаттау және әлемге таныстыру мақсатында өтетін халықаралық әдеби биенналеге бауырлас елден жиырмаға жуық жазушы шақырылғанын жеткізді. Осы ретте Юнус Эмре жырларының тұңғыш рет түпнұсқадан аударылуы екі ел арасындағы мәдени байланыстың нығаюына зор септігін тигізетінін атап өтті.
Ары қарай шараны жүргізген Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Дәулетбек Байтұрсы­н­ұлы ортағасырлық шайырдың санаулы өлеңдерін осыған дейін Әубәкір Нілібаев, Әмірхан Балқыбек және Алмат Исаділ сынды ақындар орыс тілінен аударғанымен, алғаш рет толыққанды тәржімаланып отырғанын мәлім етті.
Түрік ақынын қазақ тілінде сөйлеткен Қазақстанның Түркия­дағы елшілігінің дипломаты, жазушы-аудармашы Мəлік Отарбаевтың айтуынша, Юнус Эмре жырлары осыған дейін тек орыс тілінен аударылып келген. 100 өлеңі тұңғыш рет көне түрік тілінен тәржімаланып отыр. «Ан арыс» баспасынан жарық көрген кітапты дайындау жұмыс­та­рына бір жылға жуық уақыт кетіпті.
М.Отарбаев Юнус Эмре жырлары­ның орыс тіліндегі нұсқасында кеткен кемшіліктер жайлы әңгімелеп, автордың кей шығармаларының қате тарап кеткені туралы да дәйекті мысалдар келтірді. Мәселен, бірде ақынның орыс тіліне аударылған өлеңдерін оқып отырып, «өлімнен қорқамын» деген жолдарды көзі шалып қалады. Хақ жолын, ислам дінін сүйетін тұлғаның ақиреттік өмірден қорыққанын түсіне алмай, түрік тіліндегі нұсқасына үңіледі. Сөйтсе, ұлы ойшыл:
– Әй, достарым, құлақ сал,
Қорықпаймын өлімнен.
Ашылар деп қорқамын,
Айыптарым көмілген.
Қайтарыма қамығып,
Жүргенім жоқ шошынып.
Алдымнан шығар амалым,
Қорқам содан тосылып, – деп жырлаған екен.
Жазушы-аудармашы жаңа жинақ тәржіма саласынан кеткен осындай олқылықтардың орнын толтырып, діни-сопылық әдебиеттің дұрыс насихатталуына жол ашарына сенім білдірді.
Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік универси­те­тінің өкілетті кеңес төрағасы, профессор-доктор Мұса Йылдыз өз сөзінде сопылық поэзияның негізін салушы, ұлы ойшыл, діни қайраткер Қожа Ахмет Яссауидің ілімін Юнус Эмренің жалғастырғанын айта келе, философиялық толғамдарына басымдық берді.
– Қазақстан Республикасының қызыл империя құрсауынан құты­лып, Тәуелсіздікке қол жеткізге­ніне ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Осы мерзім ішінде екі ел арасында саяси­экономикалық байланыстармен қатар, әдеби­мәдени қарым­қатынастар да барынша өрістеді. Соның бір дәлелі екі ел көркем сөз шеберлерінің шығармаларын аударып, таныстыру ісі кеңінен жолға қойыла бастады. Бұл іске қоғамдық ұйымдармен қатар, екі елдің елшіліктерінің де араласа бастағаны аса мерейлі әрі қуанышты жағдай. Осы орайда әдебиетті ел мен елдің арасын жалғастыратын «алтын көпір» деп атасақ жарасатын шығар. Себебі, қай елдің, қай мемлекеттің болсын тыныс­тіршілігін, ұлтының рухын терең сезіну үшін оның әдеби­көркем шығармаларын мейлінше сүйсініп әрі түсініп оқу қажет. Осы тұрғыдан алғанда соңғы жылдары осындай сауапты істердің қаншамасына куә болудың сәті түсті десеңізші! Күллі түркі әлеміндегі рухани, имани ұстындарымыздың асыл діңгегі саналатын Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың ілімін жалғастырушы сөз зергерлері Қазақстанда да, Түркияда да аз емес екені белгілі. Солардың бірі әрі бірегейі – ұлы түрік ойшылы, сөз зергері Юнус Эмре деп білеміз. Осы бір хақ дініміздің белсенді насихатшысы болып, бүкіл ғұмырын исламды мадақтаумен өткізген ғажайып ақынның шығармалары Түркияда кеңінен танымал болғанымен, қазақстандық оқырмандарға толыққанды түрде жете алды деп біржақты айта алмасымыз анық. Енді, міне, қазақ оқырмандарының қолына тиіп отырған Юнус Эмренің «Жырлары» осы кемшіліктің орнын толтырып, көңілімізге шуақ себуде. Бұл – екі ел үшін, әсіресе, бауырлас екі елдің өлең сүйер ойлы оқырмандары үшін аса қуанышты жағдай. Мен қандастарымызды осы шынайы қуаныштарымен шын жүректен құттықтағым келеді. Атажұрт пен Анажұрт арасындағы әдеби байланыстарымыз бұдан әрі де мәңгі гүлдене бергей! Анкара мен Астана арасындағы «алтын көпір» әдеби­мәдени қарым­қатынастарымызды бола шақта да нығайтып, бүкіл түркі әлеміндегі туыс халықтар бірлігіне қызмет етеді деп сенемін! – деді профессор, доктор, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Өкілетті кеңес төрағасы Мұса Йылдыз.
Сонымен қатар, Жоғары оқу орнының Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастықты арттыру тұрғысында Қожа Ахмет Яссауиге және басқа да ортақ құндылықтарымызға арнап шығарған кітаптарын таныстырып, кітапхана қорына тарту етті.
Түрік жазушысы Мұстафа Өзчелик ұлы ойшылдың өмір жолы мен ақындық ұстанымы жайлы баяндама жасап, Юнус Эмрені жақсы түсіну үшін әуелі ақынның өмір сүрген дәуірінің ерекшеліктерін білу керектігін әңгімеледі.
Жазушы Смағұл Елубай «Қазақстанның рухани тарихына Юнус Эмре жырларының қосылуы үлкен оқиға. Себебі Қожа Ахмет Яссауи мен Юнус Эмренің тілі бір, олар бір тілде жазған, бір тілде түсініскен. Юнус Эмре арқылы біздің өз тіліміз өзімізге қайтып келіп отыр. Тағы бір маңыздылығы, Х-ХІІІ ғасырда түркі тілі ­ араб тілі мен парсы тілінің арасында үлкен қыспақта болды. Түркі тілін тығырықтан шығарып, алғаш қалам тартқан Новой, Яссауи сияқты үлкен тұлғалар еді. Сол заманда түркі тілі жазба әдебиет тіліне айналып, исламның әлсірей бастаған ұстанымын күшейтіп, сопылар ағымы басталды. Оның ұлы өкілдері Қожа Ахмет Яссауи, Ахмад әл-Ғазали, Жалаладдин Руми. Бүгін сол ғұламалардың шәкірті болған Юнус Эмре ортамызға келуі айтулы оқиға, маңызды жаңалық» деді. Бұдан кейін көрнекті қаламгерлер Ғаббас Қабышев, Рафаэль Ниязбек, Ахметжан Ашири «Юнус Эмре жырларының қазақ тіліне аударылуы ұлт руханиятындағы айтулы оқиға, маңызды жаңалық» деп баға берді.
Кітаптың жарық көруіне демеу­ші болған «ABIS Group» компания­сы­ның иесі Абиль Мұхаммадоғлы Авиль екенін де айта кеткеніміз жөн болар. Ол қазақ оқырмандарына арнаған лебізінде:
– Қазақстанды ондаған ұлт өкілдері тату­тәтті өмір сүріп жатқаны баршамызға мәлім. Ұлы Қазақ даласы бәріміздің де бауыр басқан сүйікті Отанымызға айналғаны дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Сонау сталиндік зорлық пен ұжымдастыру жылдары асыра сілтеу салдарынан 1.5 миллион қазақтың аштан қырылғаны тарихтан белгілі. Мұның сыртында қаншама ұлт зиялылары мен сүт бетіне шығар қаймақ санатындағы боздақтарымыз репрессия құрбаны болып, баудай түсті. Әлемде бірде бір ел, бірде бір халық дәл осы қазақ ұлты сияқты демографиялық апатты басынан кешірмеген шығар! Соның өзінде қазақ халқы сол бір зұлмат жылдарда елге босып келген сталинизм кесірінен қуғын­сүргінге ұшырағандарға риясыз көмек көрсетті. Батыстан да, шығыстан да ақтарылған босқындарға дос құшағын жая білді. Шын мәнінде, қазақ халқы – төңірегіне барлық этностар мен конфессияларды біріктіріп, өз тәуелсіздігіне бейбіт жолмен қол жеткізген ел.
Біз де – Қазақстандағы месхеттік­ахыска түріктер деп аталатын ат төбеліндей аз ғана ұлт өкілдерінің біріміз. Бізге де Қазақстан үлкен қиыншылық кезеңдері пана болды. Өздері аш отырса да айналайын қазақтар жарты күлшесінен жарып беріп, бүтінінен бөліп беріп бауырына басты. Араласа келе, жергілікті ұлт өкілдерімен туыстай болып кеттік. Қазақстан өз тәуелсіздігін алған соң, біздің ата жұртымыз Түркиямен қарым­қатынас деңгейі бұрын­соңды болмаған дәрежеде өрістеді. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясаты арқасында екі ел арасындағы байланыс стратегиялық әріптестік деңгейіне дейін көтерілді. Бәрімізге белгілі ел мен елді әдебиеті мен мәдениеті жақындатады. Түбі бір түркі әлемі советтік зобалаң жылдары бір­бірінен қаншама зорлықпен ажыратылса да түпкі туыстық тамырынан бөлінген жоқ. Түркі әлеміне ортақ әдеби мұраларымыз бен жеті қат жер астына көмілген жауһар жәдігерлеріміз халық жадынан өшпеді. Осындай ортақ тұлғаларымыздың бірі – ұлы ойшыл, ақын, сөз зергері Юнус Эмре еді. Ұлы бабамыз Қожа Ахмет Яссауидің ілімін жалғастырушы ретінде танылған көрнекті ақын тек Түркия ғана емес, күллі түркі әлемінің де рухани толысуына барынша үлес қосты. «Бұл дүниеге келген адам кетеді, Ақ кебіннің буылады етегі. Сынақ күнге қонақ болып қайтады, Адам ата қонысына кешегі… Бұл жалғанға келмей тұрып әуелі, Ант бергенбіз сол жұмақта мәуелі. Қанша күліп жүре алармыз? Қайтамыз. Тыйылады тіршіліктің әуені!» деп ойшыл ақын бұл дүниенің баянсыз, өткінші екенін адамзат баласына ескертеді. Осы тектес өлеңдері Юнус Эмренің қазақы дүниетанымға тым жақын, етене таныс екендігін аңғартады. Қазақ еліне түрік әдеби құндылықтарын таныта беру мақсатында Юнус Эмренің жырларын қазақ тіліне тәржімалатып, қазақ оқырмандарына тарту етуді көптен жоспарлаған едік. Алла сәтін салып, бүгін сол тілегімізге де қол жеткізіп отырмыз. Бұл еңбек­ті сондай-ақ Қазақстандағы месхеттік­ахыска түрік азаматтары атынан қазақ еліне деген ізетті ілти­пат, алғаусыз алғыс ретінде қа­был алғайсыздар! – дейді ағынан жарылып.
Абзал САПАРБЕКҰЛЫ,
Қазақстанның Түркиядағы
Төтенше және өкілетті елшісі:

Рухани жаңғыруға бір үлес
– Еліміз өзінің тәуелсіздік алғаннан бергі ширек ғасырдан астам даму кезеңіне абыроймен өтіп, халықаралық ареналарда талай­талай асқар асуларды бағындырды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың талдап
көрсеткеніндей, адамзат баласы жаңа өнеркәсіптік революция дәуіріне қадам басқан тұста Тәуелсіз Қазақстан Республикасы да рухани жаңғыруға берік негіз қалай бастағаны да белгілі. Өткен жылы Қазақстан мен Түркияның арасындағы дипломатиялық қарым­қатынастың орнағанына 25 жыл толды. Осы жылдар ішінде қос мемлекет арасындағы саяси­экономикалық, сондай­ақ әдеби­мәдени байланыстар сындарлы даму деңгейіне жетті. Бұл, әрине, екі ел басшыларының бауырластық, достық негізге құрылған стратегия­лық келісімдердің жемісі. Осынау бауырлас, тамырлас екі ел ара­­сын­дағы дипломатиялық бай­ланы­сы­мыздың ширек ғасыр­лық датасы елшіліктер тарапынан сан алуан саяси, әдеби­мәдени шаралар арқылы атап өтілді. Соның ішінде ғасырлар бойы тінін үзбей келе жатқан әдеби қарым­қатынастарымыздың да заман талабына сай жаңа деңгей­ге көтеріліп, көптеген игі жұмыстардың жүзеге асырылғанын айтып өткен жөн шығар. Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елші­лігінің бастамасымен қанша­ма қазақ қаламгерлерінің шығармалары түрік тіліне аударылып, түрік оқырмандарының да рухани игілігіне айналғаны – біз үшін әрі мерей, әрі қуаныш. Абай, Мұқағали шығармаларынан бастау алған осынау әдеби үрдіс болашақта да жалғасады деген нық сенімдеміз. Осындай игі шараның оңды жалғасы ретінде түркі әлеміндегі сопылық әдебиеттің көрнекті өкілдерінің бірі Юнус Эмре жырлары елшілігіміздің қызметкері, аудармашы Мәлік Отарбаевтың жетекшілігімен көне түрік тілінен қазақ тіліне тәржімаланды. Бір атап өтерлік жәйт, сопылық ілімі­нің көшбасшысы саналатын ұлы бабамыз Қожа Ахмет Яссауидің жолын жалғастырушы рухани шәкірт­терінің бірінен саналатын Юнус Эмре жырлары қазақ оқыр­мандарына толыққанды тұрғы­да тұңғыш рет жол тартты. Нағыз тақуалық өмір салтын ұстанып, рухани кәмілдікке ұмтылушыларды сопылар деп атайтынымыз белгі­лі. «Ислам энциклопедиялық анық­та­масында» сопыларға «Өзін-өзі мейлінше шектеп, фәни қызығын, пенделік тіршілік қамын, жеке бас еркін тәрк етіп, бір ғана Аллаға жету­ді мақсат етушілер» деп анық­та­ма берілген. Осы орайда сопылық поэзиясының нағыз шыңына жеткен ойшыл ақын Юнус Эмренің қа­зақ жұртына танылуы рухани өмі­ріміздегі айрықша атап өтуге тұра­тын үлкен жаңалық екені күмәнсіз.

Түйін:

Жиын соңынан өлеңдерді түрік тіліне аударған жазушы-аудармашы Мәлік Отарбаев елші Абзал Сапарбекұлының атынан Ұлттық кітапхана директоры Жанат Сейдуманов пен өлеңдерді әдеби өңдеуші Дәулетбек Байтұрсынұлына, редакциялаған Кәдірбек Құныпияұлына, ABIS GROUP компаниясының басшысы Абиль Мұхаммадоғлына алғысхат тапсырып, ризашылығын білдірді. Сонымен қатар Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің өкілетті кеңес төрағасы, профессор-доктор Мұса Йылдыз да оқу орнының алғыс плакеткаларын табыс етті.

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

Add a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *