Естайдың «Иірімі»

Естай 7Ұлттық кітапханада Мәдениет саласының үздігі, әнші-композитор, ақын Естай Әлікеевтің «Иірім» атты жыр жинағының тұсаукесер рәсімі өтті.
«Аннұр Сапа» баспасынан жарық көрген топтама өнер иесінің өз оқырмандарына деген екінші тартуы. Осыған дейін өлеңдер мен терме-толғаулары, ғұмырнамалық поэма мен әнге жазылған өлеңдері, пәлсапалық ұғымдары мен мақал-мәтелдері енген «Шер» атты кітабы оқырман қолына тиген болатын. Автордың кезекті еңбегіне ой-толғамдары мен бір қайырымдары және соңғы жылдары жазылған ән-өлеңдері топтастырылған. Жаңа жинақтың тұсауын ақын Шөмішбай Сариев пен кәсіпкер Сабыржан Молдаханов кесті. Бағдарлама барысында кеш иесінің әндері шырқалып, өлеңдері оқылып, төрт тағандары тыңдалды.
Академик Мұхтар Байбатшанов пен Шәкәрім атындағы
Семей мемлекеттік университетінің қазақ әдебиетінің меңгерушісі,
философия ғылымдарының докторы
Арай Жүндібаева ақын шығармашылығына талдау жасады.

Арай Жүндібаева,
философия докторы (PhD),
қауымдастырылған профессор
Шәкәрім университеті
Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі

Құлап та келем,
Жылап та келем,
Жаурайды денем неліктен?
Кімдерге сенем,
Не үшін ерем,
Адастым елмен еріккен,

Қаусады кемем,
Үзіліп желкен,
Дауылды желден желіккен,
Жарылды шекем,
Сормаңдай екем,
Қай жаққа кетем енді мен, – деп жырлаған Естай ақын Тұрсынұлының есімі бүгінге дейін «Шер» жыр жинағымен оқырмандар арасында кеңінен таныс. Таныс болатын жөні де бар: Естай Тұрсынұлы — «Тағдырым мені, кешірші», «Анама», «Жүрегім — сазды сандығым», «Естай Әлікеевтің әндері» , «Ән — жүрегімде», «Әзірге айтарым» сынды ән жинақтары жарық көрген композитор, әнші-ақын. Көптеген лирикалық және патриоттық әндердің авторы. Мәдениет саласының үздігі.
Бүгінгі таңда қолымызға алып отырған «Иірім» жинағының «Шерден» бөлек өз айтары бар. «Қазақстан» Ұлттық энциклопедиясының төртінші томында «Иірім» ұғымына судың жоғары қабатының үйіріле ағуы деп анықтама берілген екен. Ал «Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігінде» (2003) иірім кезінде су ағысының жылдамдығы өте жоғары болатындығы туралы айтылады.
Сөз иірімі бола ма? Болса қандай болмақ? Бұл туралы ойлансақ, ойымызға троп ұғымы оралары сөзсіз. Грек тілінен аударғанда, tropos – иірім, яғни айналым, тіл оралымы, иін, иірім, сөз қолданысы деген мағынаны білдіреді.
Жоғарыдан қарағанда түпсіз қара тұңғиыққа жетелеп, құтылуға еш мүмкіндік бере бермейтін су иірімінен сөз иірімінің ерекшелігі де осы: су иірімі тәрізді қара тұңғиыққа емес, адам жаны мен ой әлемін түпсіз тұнық ойларға жетелеуінде. Бір сөзбен айтсақ, иірім — әдеби тұрғыдан алсақ, концепт. Өзіндік танымы мен түсінігі бар жеке сөз атмосферасы.
«Иірімде» айтылған әрбір жыр мен сөз толғамдарында Естай ақын бейнесі айқын көрінеді. Автордың идеялық нысанасы, көзқарасы, ұғым-түсініктері, наным-сенімдері, көркемдік принциптері, суреткерлік шеберлігі бәрі-бәрі жыр шумақтарында айтылған идеялық-көркемдік сипатынан танылады. Автор үні жыр жинағындағы қай сөз оралымында болсын, сезіліп отырады. Жырларындағы шындық көркем логикаға сәйкес бейнелене отырып, автор ұғым-түсінігіне сай келетін сөз иірімдері оқырманын терең ойға жетелейді. Мысалы,
«Көрген түстей дүние өтер-кетер,
Желді күнгі лаулаған өрттен бетер»,
«Сиыры көптің айраны бітпес,
Жиыны көптің сайраны бітпес»,
«Өз-өзіңнен ұялғаның,
Тағдырыңнан сый алғаның»,

Естай 9

«Мінезі бір қалыпты адам өмір баспалдағынан сүріне бермейді» — сынды қанатты сөздері ақын жанының қазақы қалпынан көрініс беретін сияқты.
Қанатты сөздер — әдеби жанр. Айтары мол, мағынасы терең сөз маржандары. Ой-пікірді суретті, ықшам, жинақы, шебер толғап жеткізетін әрі әуезділікке құрылған, еске сақтауға мейлінше жеңіл өрнекті сөз тізбектері деп анықтама берілген әдебиеттану терминдерінің сөздігінде. Бірақ автор толғамдарын бір жақты қанатты сөздер деп қарастыра алмасымыз анық. Себебі де белгілі: «Менмендік – жолдастан айырар, Кәрілік – құрдастан айырар», «Мақтаның – өтірікке жол ашады, Түбі бәрі сенен қашады» деген сөздерде тәрбиелік мағына жатса, «Өмірдің өткіншісін байқамайсың, Байқасаң, оңды-солды шайқамайсың» — сынды ойларда қанатты сөздер шеңберінен шығып, сөз әуезділігі апологқа сұранып тұр.
Баяндау мен мысалдауға, ғақлияға, ғибрат айтуға құралған (грек. apologos – баяндау, мысалдау) –шағын көлемді, астарлы әңгіменің алғашқы сюжеті ұшқындары: «Жаратушы Жаббар ием, бізді ғасырлар қара түнегінен, сан қилы жан түршігер азабынан сақтап, жығылсақ та жоғалтпай, сүрінсек те сүйрей бүгінгі таңға жеткізді. Тәуелсіздік таңына! Аллаға сансыз мадақ, шүкір!», «Ит – досың болса, қорғалғаның, Досың – ит болса, сорлағаның», «Мінезі бір қалыпты адам өмір баспалдағынан сүріне бермейді», «Байыпты, көркем мінезді адаммен шайтанның ісі жоқ» сынды ой байламдарынан анық көрінеді.
«Менмендік – жолдастан айырар, Кәрілік – құрдастан айырар» деген ойлар қанатты сөз пен аполог емес енді мақал ұғымына толық сай сөз иірімі. Байқап отырғанымыздай, Естай Тұрсынұлының сырлы сөздері, Шәкәрім бабамыз айтқандай, «мәнді сөздері» афоризм, қанатты сөздер, ғақлиялық, апологтық ой ұшқындары мен бірге мақалдардан да құралған. Демек, жанр сан алуан. Әдебиетте жанрдың сан алуандығы бұл сөз шеберінің қаламының қарымды екендігін оқырманның зерделі көңіліне жан-жағынан байқатары сөзсіз.
«Қазақ: «Құдай сүйер қылығың болсын» дейді. Қазақтың болмысында – даналық, дарқандық, жомарттық, қайсарлық, қонақжайлылық, жігерлік, мәрттік, момындық, тағы басқа толып жатқан жақсы қасиеттері баршылық. Біз Құдайды құлай сүйген, Құдай да біздің жағымды жағымызды ескерген халықпыз деуімізге әбден негіз бар» — деген жолдардан қара сөздің өзіндік үлігісі көрінеді.
Ақын жырларының кейбірі редифті ұйқасқа құралған.
Мысалы,
Жайлауды айтшы, жайлауды,
Біледі қазақ тойлауды.
Көкпар тартып, қыз қуған,
Қазақтан үйрен ойнауды,
Қазақтан үйрен ойлауды.
Жаныңа жәннат іздесең,
Қазақтай сүйгін жайлауды,
Қазақтай сүйгін жайлауды…
Ақын жырларының басым бөлігі ерікті өлең болып келеді. Өлең өлшемі беріктігін сақтамай, тармақтары өз ырғақтарын еркін өрнектейтін өлең түрлерінен ақын жанының өзіндік колориті көрінеді. Жергілікті колориттің ерекшелігі де осында:
Қазағымның даласында,
Той басталды дүбірлі.
Домбыраның үні шықты,
Қоңыр дауыс күмбірлі.
Сүйіншілеп сары даламен,
Жортып киік жүгірді.
Көк аспанда көк байрағым,
Күн астына тігілді…
… Қазағымның әр ошағы,
Тойға шашу шашады.
Ешкімді де жат санамай,
Айқара есік ашады, – деген өлең жолдарынан ақынның өзі өскен ортасына, қазақы дүниетанымына тәуелділігі, өзіне дейін жалғасып келе жатқан халықтың поэзиядан нәр алғандығы айқын көрінеді.
Естай Тұрсынұлының «Жылы сөз сұрайтыным» шумақтарында: «Ән-өлеңім, кіршіксіз арым менің; Ән-жыр – менің айнымас қос қанатым; Әлемді шарлап жүріп, дос табатын, Дос тапсын деп додаға қосқан атым. Өлең деген мөп-мөлдір кәусар бұлақ, Ол барда өшпес жарық, өшпес демім. Мен сүйемін көл-көсір еркелікті, Еркеліктің тұлпары ерттеліпті. Байқамаппын басымнан бұлт кешкенін деген тармақтары бар. Осы тармақтардағы «Ән-өлеңім, кіршіксіз арым менің; Ән-жыр – менің айнымас қос қанатым; Дос тапсын деп додаға қосқан атым. Өлең деген мөп-мөлдір кәусар бұлақ, Мен сүйемін көл-көсір еркелікті, Еркеліктің тұлпары ерттеліпті. Байқамаппын басымнан бұлт кешкенін деген бейнелеулер сөз басында атап өткеніміздей, сөздің түпсіз көркем иірімдіре.і Ақынның концептуальды метофоралары, теңеулері, ассоциацииялы эпитеттері сәтті қолданылған. Ал:
Қайран жүрек сүйетін еркіндікті,
Сенделіпті, қайтейін сенделіпті.
Жараланып бір сөзге қан түкіріп,
Жаңа жырмен қайтадан емделіпті — деген өлең жолдарында жаңа үлгі деректі ассоциацияның ерекше үлгісін көрсетеді. Осы жыр шумақтарындағы:
«Бір-ақ ауыз жылы сөз сұрайтыным, Бір-ақ ауыз жылы сөз сұрайтыным» – фигураның қайталау түрлері орын алған.
Қаңқу сөздер керексіз,
Иленген ұндай елексіз.
Жала жаппа біреуге,
Куәгер таппай дерексіз.
Жылан тілімен қорқытып,
Тісімен шағады.
Адам түрімен қорқытып,
Тілімен шағады, – деген сөз оралымдарынан кешегі Қорқыт пен Жүсіп Баласағүнның ойларын, Асан Қайғы мен Доспамбет жыраулардың сөз іздерін көргендей боларымыз айқын. Яғни, Естай ақынның жырларынан реминисценция өте айқын байқалады. Бұл жоғарыда атап өткеніміздей, аұынның ұлттық колоритпен сусындауының көрінісі. Автордың еркінен тыс жайт болып саналатын реминисценция поэтикалық сөз қолданыстары барысында өзінің ой түпкіріне ұялаған бейтаныс әлде таныс сияқты болып көрінетін сюжеттің, ырғақ пен әуездің шығармашылық шабыт кезінде жаңа нысанда пайда болғандығын көрсетеді.
Естай Әлікеев жыр жолдарында кездесетін мына бір ойлар:
Біреуден аласың,
Біреуге бересің.
Адасып шындықтан,
Жалғанға сенесің.

***
Жетелер өрге,
Еңбек қыл терле.
Адалдық түбі,
Шығарар төрге.

***
Көркіне – ақылы сай болмаса,
Жүрегі – мейірімге бай болмаса.
Ондай жар базардан сатып алған,
Көз тойғанша қызығар жай-далбаса, кешегі Абай мен Шәкәрімнің жыр поэзиясының сарқыты іспеттес. Поэзиялық архетиптік бейнелеу бұл шумақтарда сәтті қолданылған.

Көрген түстей дүние өтер, кетер,
Желді күнгі лаулаған өрттен бетер. Баянсыз бұл жалғанның базарында, Жинаған асыл бұйым бәрі бекер.
***
Жиналып көп құм, тас болмас,
Жиналып көп құл, бас болмас.
Барымта етіп жаттыкін,
Жегенмен адал ас болмас – ой толғамдары кешегі Асан қайғы мен Базар жырау шығармаларының жалғасы іспеттес. Алли­те­ра­ция­лық, ассонанстық және эпифо­ра­лық қай­т­а­лаулар да жеткілікті қол­да­ныл­ған сырлы сөз шумақ­та­рын­да.
Арнаулар – Естай ақынның поэзиясының ажырамас бір бөлшегі. Еліне, жеріне, дос-замандастарына арналған арнаулары «Шерде» орын алса, тілге тиек еткеніміздей, Естай Тұрсынұлы өзі көптеген ән әуездерінің авторы болғандықтан келесі бір әдебиеттегі ауқымды жанр ән өлеңдері де «Иірімде» орын алған.
Естай Әлікеевті ән өлеңін шебер меңгерген ақын деп бағаласақ артық болмас. Ән өлеңі – әнге арнап жазылған, әнмен айтылатын өлең, әдебиеттануда поэзияның жанрлық саласы ретінде қарастырылатынын біз көркем әдебиеттен білеміз. Бұл жағынан алып қарасақ, Естай ағамыздың төл поэзиямыз бен ән өнеріне қосқан қомақты авторлық үлесі осы ән өлеңдер деп айта аламыз.
Қорыта айтсақ, еңбек, достық, жаратылыс, адамгершілік, ізденіс тақырыптарын өз жырларында толық қамтыған Естайдың «Иірімі» өзіндік айтары бар туынды екендігіне кітапты қолымызға алып қарағаннан көз жеткіздік. Шолып қана қоймадық. Біз де сөз иірімінің тұңғиығына кеттік. Шыға алмадық. Басында қоңыр, ырғақсыз, әуенсіз, қарапайым көрінген ұтқыр поэзия өз иірімінен шығармады. Жас пен кәрі, жанды-жансыз деп бөлмей, кез келген тіршілік иелерін өзінің тұңғиығына тартып кететін терең су иіріміндей бір бас қойған жанның жан сарайын өз шырмауынан жібермейтін поэтикалық топтамалар жинағы екендігіне көз жеткіздік. Тек су иірімінің тұңғиығында шетсіз шексіз шым-шытырық әлемнен аман шығу неғайбыл болса, Естайдың «Иірімінен» жан дүниеңіз тазарып, көкірек сарайыңыз адамгершілік пен ізгіліктің шәрбатына қанып жаңа дүниеге ораларыңыз сөзсіз.

Дархан БАЙТІЛЕС

Add a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *