ӘЛЕМНІҢ ТАЛҚЫСЫНА ТҮСКЕН СУРЕТ

Канадада өткен G7, «Үлкен жетіліктің» саммиті туралы біз кеше aikyn.kzпорталында саяси сараптама жасаған болатынбыз. «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» болған кездесу  сәтсіз аяқталғаны белгілі.

АҚШ-тың айбарынан ықпаған жетіліккке мүше елдер осы саммитте Дональд Трамптың ұстанып отырған саясатына қарсылығын ашық айтты. Біз бұл туралы («ҮЛКЕН ЖЕТІЛІК» G6+1 -ГЕ АЙНАЛА МА? )  мақаламызда кеңінен жаздық. Енді оған тоқталып отырудың керегі жоқ.

Батыс баспасөзі мен әлемдік интернет кешелі – бері бір-ақ мәселеге назар аударып отыр. Біріншіден, АҚШ-тың осы саммитте жолы болмағаны және ең бастысы неміс фотографы түсірген сурет. Онда Дональд Трамп қолын айқастырып, столда отыр да, қарсы бетте негізінен Еуропалық ұйымға мүше елдердің басшылары тұр. Басты планға неміс канцлері Ангела Меркель шыққан, оның жанында Франция президенті Эмммуанэль Макрон тұр. Ал АҚШ президентінің қасында оның кеңесшісі Джон Болтон тұр. Трапмтың кеңесшісінің қасында Жапония премьері Синдзо Абэ қолын айқастыра қарап тұр.

Ангела Меркель үкіметінің фотографы түсірген бұл сурет қазір әлемдік иентернет пен әлеуметтік желілерді аралап кетті. Қазір бүкіл саясатты білетін әрі сөз айта алатындардың барлығы осы суретті талқыға салып жатыр. Тіпті осы фотоның негізінде арнайы шарж салғандар да көбейді. G7 саммиті Еурорпаның бұрынғыдан да бірігіп келе жатқанын, АҚШ-тың гегомондық саясатының жүрмейтінен паш етіп тұрғандай. Нақты айтқанда, ЕуроОдақтың өзі АҚШ-тан іргесін аулақ сала бастады. Саммиттің екінші күніндегі  отырысқа қарамай Сингапурге Ким Чен Ынмен кездесуге асығып кеткен Дональд Трамптың қазіргі саясаттағы бейнесінің қандай екенін осы сурет аңғартып-ақ  тұрғандай.

–Мың сөзді беретін бір сурет, – деп жазды USA Today басылымы.

–Бұл фотода Дональд Трамп қорғаныш кейпінде отыр. Бұл Ангела Меркельдің  қатаң мінезі мен Трамптың әлсіздігін айғақтайтын фото, – деді Time газеті.

–Президент Дональд Трамп өзінің әрекетіне есеп бере алмай отырған бала сияқты, ал Меркель бұл жерде қатал мұғалімнің образында тұр, –деп жазды  Wil This Never End –нің қолданушысы.

–Біз бәріміз де мерейі үстем Ангела Меркельміз, – деп жазды Denizcan Grimes.

Алайда Дональд Трамптың кеңесшісі Джон Болтонның бұл фотоға қатысты байламы басқа. «Президент Трамп бұл саммитте өзінің позициясын ашық білдірді. Бос сөздің қажеті жоқ» –деп қысқа қайырды кеңесші.

Ресей Сыртқы істер министрлігінің арнаулы өкілі Мария Захарова «Соңғы кезде келіссөздерден гөрі фотожурналистика сыртқы саясатта биікті бағындыруда. Мен бұл суретті бірінші көрген сәтте фотошоп деп ойладым. Сөйтсем, саммиттің жарқын шынайы көрінісі екен. Әрине, «Үлкен жетіліктің» кездесуі жабық есік жағдайында өтті. Бірақ ол мәселе емес. Түсірілген бір кадр бүкіл шынайы жағдайды көрсетіп тұр» деп мәлімдеді ол.

Иә, расында қас-қағым сәт. Бір кадр. Бірақ бүкіл саясатты сыйғызып тұр…

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

Add a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *