ЕНДІ ЕШКІМНІҢ ТЕҢІЗГЕ ЖОҚ ТАЛАСЫ

kaspii-3-640x480Каспий маңы мемлекеттерінің бесінші саммитінен кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның маңызын түсіндірді. «Конвенцияны бекіте отырып, біз бағыттардың кең шоғыры бойынша теңіз маңы елдерінің ынтымақтастығы үшін тиімді құқықтық базаны құрамыз. Құжатта Каспийде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге айрықша назар аударылған. Сонымен бірге, тараптар өз қызметінде негіз болатын ұстанымдарды орындайтыны айқындалған», – деді Мемлекет басшысы.  

Ең маңызды келісім – Каспийді бейбітшілік пен тату көршіліктің әрі достықтың аймағына айналдыру, теңізді бейбіт мақсатта пайдалану. Бұл – ақылға қонатын, әр елдің мүддесіне ортақ, бес елдің халқына пайдалы байлам. Кейінгі маңызды мәселе – теңізді акваторияларды аймақтарға бөлу. Осы проблема бойынша тараптар бұрын консенсуске қол жеткізе алмай келе жатыр еді. Территориялық сулар 20-15 теңіз милі енімен бекітілді.
Сондай-ақ олардың сыртқы шекарасы мемлекеттік мәртебесіне ие болды. І Петрден бастап Каспий көз құртына айналған-ды. Ағылшындар иелік жасаудың әрекетін жасаған. Ресей теңізге ие болу үшін талай рет жанталасқан. КСРО ыдырағаннан кейін де теңіз айналасындағы бес мемлекет ортақ мәмілеге келе алмай, біраз жыл өткен. Қазақстан Президентінің елдердің аумақтық тұтастығына құрметпен қарау, Каспий тараптарына жатпайтын қарулы күштерді болдырмау төңірегіндегі және осы Каспий проблемасын кешенді түрде шешу бағытындағы сындарлы ұсыныстары Ақтау саммитінің конвенсиясын бекітуге жеткізді. Каспий – байлыққа бөккен теңіз. Астында – мұнай, үстінде – балық. Мұнайға да, балыққа да талас күшті.
Енді территориялық суларға 10 мильдік балық аулау аймақтары шектеседі. Әр мемлекет балық аулауға қатысты айрықша құқыққа ие болды. Балық аулау аймақтарынан тыс аумақта ортақ су кеңістігі сақталады. Мемлекеттік теңіз шекараларынан тыс жерде елдердің кемелері үшін еркін жүзу тәртібі іске асырылады.
Елбасы: «Әрбір мемлекет өзінің теңіз түбіндегі секторының шекарасында жер қойнауын пайдалануда тәуелсіз құқығын жүзеге асырады. Сонымен бірге, теңіз түбімен магистарльды құбырларды, кабельді тарту мүмкіндігі ескерілген.
Алайда экологиялық талаптар сақталуы тиіс», – деді. Каспий теңізінің ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияның тағы бір түйінді тұсы – қоршаған ортаға трансшекаралық тұрғыдан жасалатын әсерді бағалау жөніндегі хаттамаға қол қою.
Бұл – Каспий маңы мемлекеттерінің осы бағыттағы күш-жігерінің аса маңызды қорытындысы. Бес елдің басшысы Каспий маңы мемлекеттерінің әртүрлі форматтардағы ынтымақтас­тығын жандандыруға бірауыздан қолдау білдірді. Қарт Каспий айнала қонған бес елге – көз моншақ тәрізді. Әр ел енді одан өз моншағын тап-қандай!

Н.НАРЖАН

Add a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *