Досхан ЖОЛЖАҚСЫНОВ, Қазақстанның халық артисі: Шекарашы болып кете жаздадым

Мен Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Балықшы ауылында туып-өстім. Бұл ауылда балықшылар тұратын. 1969 жылы маған әскери бөлімшеден «КГБ мектебіне барасыз» деген хабарлама келді. Содан Алматыға аттандым. Пойызға алғаш рет мінгем. Есік-терезенің бәрі ашық, бірнеше күн жүріп арман қалаға жеттік. КГБ мектебі дегені – қазіргі Достық даңғылында орналасқан шекарашылар училищесі екен. Пойызда суық тиген екен, келе сала құлағым ауырды. Үш күн өтпей-ақ екінші құлағым ауырды. Сөйтіп, госпитальге түстім. Мен ауырып жатқанда бірінші емтихан өтіп кетті. «Мынадай денсаулықпен шекарашы бола алмайсың» деп мені кері қайтарды. Осылайша, бақытыма орай, шекарашылар оқуына түспей қалдым. Үлкен әпкем Алматыда тұратын. КГБ мектебінен шыға сала, әпкеме бардым. Жағдайымды естіген әпкем әбден састы. Ол кезде «Қали Жолжақсыновтың баласы оқуға түспей қалыпты» деген өлімнен де күшті. Ал әпкем екеуіміз Алматыдағы оқу орнының бәрін араладық, ЖенПИ-ден басқаның бәріне бас сұқтық. Бірінші емтихандар өтіп кеткен, кеш қалыппыз.

Қыздардың оқу орнында оқитын әпкем бар еді, сол кісі «Құрманғазы атындағы Өнер институтында Кеңес Одағының Халық артисі Хадиша Бөкеева актерлік бөлімге екінші топ жасақтап жатыр екен, соны көрейік» деді. Оны 1969 жылы Әшірбек Сығай, Құман Тастанбеков ағаларымыз бітірген. Хадиша апамыз Әшірбек ағамызды өзіне көмекші қып жұмысқа алып қалады. Актерлік бөлімге оқуға түсу үшін Абайдың қара сөзін, Оспанхан Әубәкіровтың «Цыған» әңгімесін, «Абай жолынан» Қодарды өлтіретін кездегі Қодардың монологын жаттау керек. Мен ауылда жүргенде көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, домбыра шертіп, ән айтып, өлең оқып, концерттерді жүргізіп жүретінмін, бейімім бар. Оқудың сынағына дайындалу маған қиын болмады, тапсырмаларын бір-ақ аптада жаттап алдым.
Ол кезде емтихан алдында кеңес беру дәрістері болатын. Бұл емтиханнан да қиын жүреді. Дайындыққа барсам, адам көп. Соның ішінде бірінші рет Тұңғышбай Жаманқұловты көрдім. Бойы ұзын, әдемі, шоқша сақалы бар, кәдімгі құйып қойған сурет енді. Сосын Асылболат Ысмағұлов көзге түсті, ол гимнастикадан спорт шебері, әдемі келген, қайта-қайта айнаға қарайды. Сол көптің ішінде ең кішкентайы – мен, сосын Кәдірбек Демесінов болды. Дайындық барысында Асқар Тоқпанов, Шолпан Жандарбекова, Хадиша Бөкеева, Рәбиға Қаныбаева сынды аға-апаларымыз отырады, әрқайсымызды тыңдайды. Ортада орындық тұрады, соған сүйеніп тұрып тапсырманы оқимыз. Біразына: «сендер жарамайсыңдар, басқа оқуға барыңдар, артист бола алмайсыңдар» деп шығарып салып жатыр. Бірі жылап, бірі мұңайып шығып жатыр. Кезек маған келді, ортаға шықтым.
Абайдың қара сөзінен де, «Цығаннан» да, «Абай жолынан» да тапсырмалар бойынша оқи бастап едім, Рәбиға Қаныбаева апамыз «апырым-ай, көрдіңдер ме, балалар, мына бала өзі қап-қара, бойы да, түрі де жоқ. Бірақ өзінің айтып тұрғанына өзі сеніп тұрғандай, міне, осылай оқымайсыңдар ма?!» деп мені мысалға келтірді. Сосын құжатыңды тапсыр деп тілдей қағаз жазып берді. Бір аптадан кейін емтихан болды.
Емтиханда да дәл сол тапсырмаларды оқимыз. Асқар Тоқпанов ағам мәз болып: «мынау қырман, айдалада жанып жатыр, сенен басқа ешкім жоқ, ал не істейсің, қане, тез» деп айғайлады. Содан мен бар даусыммен айғайладым да, үстімдегі шапанымды шешіп алып, полды ұрғылап жатырмын, өзім айғайлап, жан-жағымның бәрін ұрғылап өрт сөндіріп жатырмын.
Бұл көрініске бәрі қарқылдап, мәз болып күліп, «болды-болды» деп мені әрең тоқтатты. Осылайша, 23 студенттің бірі болып емтиханнан өттім.
Сөйтіп, 1-қыркүйекте сабаққа келдік. Алғаш Хадиша апамыздың, Әшірбек ағамыздың жүзіне асықпай қарап отырып, дәріс тыңдадық. Хадиша апамның көздері осы уақытқа дейін жүрегімде күннің сәулесіндей нұрын шашып тұрады. Оның көзі соншалықты отты, жанары ғажап еді. Адамға қарағанда күн сәулесі, мейірім, талант, бойындағы кісілігі бәрі-бәрі осы көздің ұшқынында тұратын. Сөйлегенде «балақай» деп сөйлейтін.
Хадиша апам менің анамдай болды. Өмірден озғанға дейін бір-бірімізге деген қамқор-лығымызды аяғанымыз жоқ. Хадиша апамның тектілігі, мәдениеттілігі туралы айта кетейін. Ол кісі жамбасы сынып ауруханада жатыр. Әйелдер бөлмесі болған соң, мейірбикеден Досхан баласы келгенін ескертуін өтіндім. Есік кішкене ашық, маған апам көрініп тұр. Сәлемімді алған Хадиша апам басын көтеріп, қолына айнасын алды. Алдымен айнадан өзінің жүзін көріп, ернін бояп, содан кейін мені қабылдап жатыр. Бұл адамның өзіне деген құрметі, мәдениеті, үлкен тектілік.
Актерлік факультетте «жарамсыз» дейтін болатын. Әр жылда кәсіби ісіне жарамсыз адам оқудан шығарылып отыратын. Осылай 1-2-курстарда 5-6 адам кетіп, соңында 23 адамнан 16-мыз бітіріп шықтық. Соның ішінде Қазақстанның халық артисі Тұңғышбай Жаманқұлов, Қазақстанның еңбек сіңірген артистері Кәдірбек Демесінов, біздің Қыз Жібегіміз – Меруерт Өтекешова, Асқарбек Сейілханов, Асылболат Ысмағұлов, Жақсыбек Құрманбеков, Шекербек Жабықбаев, Төлеген Қуанышев, Өмірбек Боранбаев, Сара Манасбаева, Әлихан Ыдырысова сынды талантты қыз-жігіттермен оқып бітірдік.
Біз студент кезімізде ТЮЗ қазіргі Абылай хан даңғылы мен Қабанбай батыр көшелерінің бұрышында болатын. Сол театрға барғанда Сәлима Саттарова апамыздан бастап, Қазақ-станның халық артисі Әмина Өмірзақова, Мұхтар Бақтыгереев, Мәкілқожа Құланбаев, Қасым Жәкібай, Алтынбек Кенжеков, Шапай Зұлқашов, Роза Әшірбекова, Жамал Бектасова сынды өнер иелерінің ойындарын көріп, үлкен өмірлік те, сахналық та, экрандық та тәжірибесін жинадық.
Абай даңғылындағы 56-үйде жатақханамыз болды. Біздің ар жағымызда А.Жұбанов атындағы музыкалық училище болды. Төрт жыл курстас бауырларымызбен бірге жатақханада тұрдық. Ең жақын досым – Асылболат екеуіміз асханаға барып қарызға тамақ ішеміз, достарымыздан қарыз аламыз, стипендия алған кезде қарыздарды таратып береміз. Жақсыбек Құрманбеков бізден үлкен жігіт, өзі таза жүреді, ақшасы бар, бұған дейін жұмыс істеп келген азамат. Ақшадан қысылсақ соған барамыз. Ол кезде үйден көп нәрсе келе бермейді.
Ауыл алыс. Бір күні шешем жарықтық екі қазы салыпты. Ол Алматыға жеткенше көгеріп кеткен. Белгілі теледиктор Әбдірәлі Бөлебаев бізден кейін екі курс төмен оқиды, сол келіп қалды. «Қарашы, мынау анамның жіберген қазысы еді, екеуі де көгеріп кетіпті, енді тастауға тура келеді» деп отырмын. «Тастама, мен бұны жөндеп қоям, сабағыңа бара бер, кешке келгенде көресің» деді. Сабақтан келсем, Әбдірәлі қазыны жақсылап жуып, етті қайнатып төгіп, қайта қайнатып қойыпты. Әп-әдемі қазы пісіп тұр. Содан жора-жолдастың бәрін шақырып, сол екі қазыны жедік. Анам жарықтық анда-санда конверттің ішіне 10 сом салып жібереді.
Маған хатында «балам, енді осыны өзің там-тұмдап ұстарсың» деп жазады. Конверттің ішін ақтарам, ақша жоқ. Осылай 2-3 рет поштадағылар алып қойды, сол ақшалар қолыма бір тимеді. Ол кісілерді бәйек қылмайын деп, мен де «мама, ақшаны алдым, көп-көп рахмет» деп жауап жазып жіберемін.
Ол кезде әр театрдан келіп әрқайсымызға сұраныс жасайды. Сол кезде Арқалық жаңадан облыс болып, онда жаңа театр ашылған. Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз Арқалықта обком хатшысы, жаңа театрдың директоры пәтер кілтін беріп, «міне, дайын үй, дайын жұмыс» деп бізді шақырды.
Мен «шешем бар, іні-қарындаста­рым бар» дегенімде екі бөлмелі пәтердің кілтін беріп, бәрің жүріңдер деген. Содан Арқалыққа қоныс аударатын болып дайындалып жүрдім. Сол кезде балалар мен жасөспірімдер театры директорының ұсынысымен мен Алматыда қалдырылдым. Қосалқы труппа деген болады, онда бір актер ауырып қалса, орнына шығатын актер болып балалар мен жасөспірімдер театрына орналастым. Актерлер 85 сом жалақы алса, мен соның жартысын аламын. Тұңғышбай, Меруерттер драмтеатрда қалды.Төлеген бастаған бірнеше курстасымыз Арқалыққа кетті. Міне, осылайша жас маман болып әрқайсымыз әр тарапқа кеттік. Бүгінге дейін бір бірімізді іздеп, сағынысып, кездесіп тұрамыз.
Мен өзім қойған «Біржан салда» да, «Құнанбайда» да курстастарымды кинода ойнатуға күш салдым. Төлеген Қуанышев студент кезімізден жанып тұрған, басынан сөз асырмайтын жігіт еді. Ол «Біржан салда» Азнабайды ойнады. Біржанның досын Асылболат Ысмағұлов сомдады. «Құнанбайда» билердің ішінде менің достарым отырды, соның ішінде Асылболат, Шекербек, Асқарбек болды. Тұңғышбай серіні ойнайды, Қостанайдағы Сара Манасбаеваны да шақыртып алдым.
Міне, осы бүгінге дейін бір-бірімізден хабар үзбей келеміз. Осы уақытқа дейін қайғымызға ортақтасып, жақсылығымызға қуанып, өсіп-өніп келе жатырмыз. Өнер деген қасиетті дүние. Осы өнер болмағанда, менің тағдырым не болатыны, қайдам… Егер мен шекарашы болып кеткенде өнердегідей бағым ашылар ма еді, ашылмас па еді, кім білсін…

Жазып алған
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

Add a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *