Ұрпақ неге ұсақталып барады?

artЕжелден ер кісінің алдынан кесіп өтпеген апаларымыздың өнегесі қазіргі таңда ұмытылып бара жатқан сыңайлы. Себебі, қоғамдық көлікте ер кісімен безірейіп ұрысып, сөз таластыратын әйелзаты өте көп. Бұрынғы ақжаулықты апаларымыз ер-азаматтарға сыпайы сөйлейтін. Жеті жасар ер баланың алдын кеспеген халықпыз. Сол кездегі сыйластықты көріп өскендіктен, әдепсіз әйелдерді көргенде, бойыңда үрей пайда болады.

Қазіргі таңда ер кісіні сыйлай білеміз бе?!

Отбасы жылуының әлсіреп бара жатқаны көңіл алаңдатады. Мүмкін, кінә жігіттерден де бар шығар? Неге десеңіз, әйелінің сөзі­нен аса алмайтын, әйелінің ығына көне кететіндердің кездесіп қалатыны бәрімізге мәлім. Бұл тақырыпта «Әзіл Әлемі» театрының жиі сөз қағытып, әзіл ретінде қоғамдағы шындықты айтып жатқа­ны біздің жастарды және қыздарды ойландыра алды ма екен!
Күні кеше қоғамдық көлікте өрімдей жас қыздың егде ақсақалмен сөз таластырып тұрғанының куәсі болдым. «Үлкен кісімен сөз таластырғаны қалай?», – деп іштей ой сараладым. Әлгіндегі дауыс үдеп бара жатты. Қарияның жанына барып, өз орныма отыруды өтіндім. Артымыздан айқайлап, жас қыз да қояр емес. Орнынан ұшқып тұрып, ақсақалдың жанына келіп «Жасыңның үлкендігі маған міндет пе?» демесі бар ма? Бойжеткеннің сөзіне ер кісілер шулап кетті. «Әй қарағым, сен өзі әкеңнің тәлім-тәрбиесін алған адамсың ба?», – деді ақсақал. Ол «Мен әкемнің тәр­бие­­сі тұрмақ, өзін де көрген емеспін және оның тәрбиесіне мұқтаж емеспін», – деді де, кері бұрылып қоғамдық көліктен түсіп қал­ды.
«Біз де жас болғанбыз, бірақ жауымыз болса да мынадай ауыр сөз айтпақ түгілі ой­ла­мадық та ғой. Сендер де ертең қартая­сың­­дар, қазіргі ұрпақ осылай сөйлей­тін болса, сендердің замандарыңдағы жастар сен­­дерді қалай сыйламақ?», – деп күрсінді атамыз.
Расымен де, ауылда ақ жаулықты апа­ла­рымыздың ақсақалды аталары­мыз­дың тәлім-тәрбиесін көріп өстік. Сон­дағы апаларымыз жас баланың жолын кеспейтін. Міне, ер адамға деген бірін­ші құрметтіліктің белгісі. Қазіргі таңда, ауылдық жерлерде бұл үрдісті жиі кездестіруге болады.
Тәрбие – тал бесіктен. Баланың ақылды, парасатты, әдепті болып өсуі – ата-ананың мерейі. Қазақ – сөзбен түзеп, көзбен тәрбиелеген ұлы халық. Осындай текті ұрпақтан тараған біз, қалайша ұсақталып барамыз. Тектілікті түлетіп, тексіздікті жөнге салған, сөзі өткір, ойы ұшқыр халық даналығын әрбір жас әрдайым жадында ұстаса, келеңсіздік жағдай болмас еді!

Дархан БАЙТІЛЕС

Add a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *