Көше тазалаушының жалақысы – 27 мың теңге

Kunkoris2018 жылдың қазан айында еліміздегі ең төменгі күнкөріс деңгейі 28 620 теңге болды. Оған биыл күнкөріс деңгейі төмен халықтың саны 2 есеге ұлғайғанын қосыңыз. Ал отандық сарапшылардың сөзіне сүйенсек, Қазақстандағы халықтың 2,6 пайызы кедейшілікте өмір сүреді екен. Осы жайттардан-ақ, еліміздегі жағдайдың қандай екендігін бағамдай беруге болады. Бұл, өкінішке қарай, халықтың нақты табысының төмендегенін аңғартады. Қалай болғанда да, бізде кедейшіліктің қамытын киіп отырғандардың саны көбеймесе, азаймай тұр. Бір сөзбен айтқанда, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар өте көп.

Ал статистика басқаша сөйлейді… Мамандардың айтуынша, біздегі көше тазалаушылардың жалақысы – 27-28 мың теңгені құрайды. Яғни, еліміздегі ең төмен жалақылардың бірін осы қызметкерлер алады. Ал мемлекеттік мекемеде жасайтын балабақша тәрбиешілерінің жалақсы – 45 мың теңге. Иә, жұмысы ауыр болғанымен, айлығы арзан… Біз осы мәселенің анық-қанығына көз жеткізу мақсатында Қарттар мен мүгедектер үйінде жұмыс жасайтын Ардақ Оспановадан жалақы мәселесі жайында сұрап білген болатынбыз. Ұзақ жылдар бойы бір мекемеде жұмыс жасайтын апайымыздың жұмысынан алатын айлығы тым төмен болып шықты. «Қарттар мен мүгедектер үйінде жұмыс істеймін. Сондағы алатын жалақымыз 50 мың теңге ғана. Ол ақша неге жетсін?! Бір күн, бір түн бойы мүгедек жандарға екі санитар қызметкер қараймыз. Олармен жұмыс жасау да оңай емес. Тым құрығанда істеген еңбегімізге 60-70 мың төлесе, соған да риза болар едік. Жұмыс ауыр, жалақы аз» дейді ол. Жуырда ғана Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елімізде ең төменгі жалақы және күнкөріс деңгейінің мөлшері ұлғайды деп сүйіншілеткен болатын.
Бірақ одан қарапайым халықтың қалтасы қалыңдай қоймайтынын ел-жұрт жақсы біледі. Өйткені «жалақы мен зейнетақы өсті» деген ақпарат тарағаннан бастап, сауда орындарындағы азық-түлік пен өзге де тауарлардың құны аспандап шыға келетіні анық. Одан бөлек коммуналдық тарифтер де уақыт өткен сайын өсіп жатқаны тағы бар. Бір қызығы, биыл табысы төмен азаматтардың саны артқанымен әлеуметтік көмек алушылар қатары екі есеге азайған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова мұның негізгі себебін ең төменгі күнкөріс деңгейінің өсуімен байланыстырады. Ұлттық экономика министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, ең төменгі күнкөріс 2018 жылдың қазанында 2017 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 11,8%-ға жоғарылаған. Алдағы уақытта да жоғарламақ екен. Осы мәселе төңірегінде Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов өз ойын білдірген еді. «Елдегі тұрақты жалақы мөлшері – 163 мың теңге. Ол тұрақты өсіп тұрады. Сондықтан «күнкөріс минимумына өмір сүруге бола ма деудің өзі дұрыс емес» дейді ол. Оның айтуы бойынша қазақстандықтардың басым көпшілігі әлдеқайда жоғары табыс табады екен. Елбасы күнкөріс минимумына 2019 жылдан бастап 1,5 есе өсіруді тапсырды. Яғни, 42 мың теңгеге жетпек. Ал 42 мың теңгеге көп зат алуға болады» дейді министр. Ал сіз министрдің сөзімен келісер ме едіңіз? Келіспейтініңіз анық. Коммуналдық төлемдердің өзі орташа 15-20 мың теңге болып жатқанда мұндай жалақыға қалай өмір сүруге болатынын ойлаудың өзі қорқынышты. Оған қоса, азық-түлік пен жолақың бар. Одан өзге шығындар да жетіп артылады. Бұл орайда тек жалақының көптігі ғана тұрмыстық жағдайыңызды оңтайландыруға көмектеседі. Өкініштісі, адамдардың басым бөлігінің айлық жалақысы ұзақ уақыттан бері өзгермеген. Ресми статистикаға сүйенсек, жыл сайын ең төменгі жалақы көрсеткіші артып келеді. Алайда халық ішінде қаржылық қиындықтарға тап болған және ұзақ уақыттан бері көтеріле алмай жатқан адамның көптігін байқаймыз. Журналист Ерлан Абдрахман да айлық мәселесін сөз ету барысында, еліміздегі статистикалық мәліметтерді тарататын мамандарды қатты сынға алды.
«Статистика жасайтындарды өтірікші деп айтуға болады. Әсіресе, Қазақстанда. Осындай адам сенгісіз ақпараттарды, мәліметтерді қалай ұялмай жариялайды екен? Ойлаңызшы, біздегі орташа жалақыны негізінен полицейлер, мұғалімдер, дәрігерлер алады. Олардың жалақылары ары кетсе 100-120 мың теңге арасында. Сонда мына 152 мың теңге дегенді қайдан алды? Жұрт әлі 60-70 мың теңгеге жұмыс істеп жүр және олардың саны біз ойлағаннан да көп. Біздегілер статистиканы былай жасайды ғой. Мысалы: 1 әйелім бар, көршімнің 3 әйелі бар. Орта есеппен алғанда екеумізде екі-екіден әйел бар. Сол секілді Астанадағы бір депутат 1 миллион теңге жалақы алады, ауылдағы бір мұғалім 40 мың теңге жалақы алады. Орта есеппен алғанда олардың жалақысы шамамен 500 мың теңге болады екен. Міне, статистика осылай жасалады» дейді ол. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін ең төменгі жалақының көлемін арттырудың шамасын белгілеудің тетіктерін айқындайтын нормаларды жетілдіру қажет. Бұл істе ең төменгі күнкөріс мөлшерін негізге алу маңызды. Алдағы уақытта оның көлемін айқындауды әлі де жетілдіре түскен жөн. Қорыта айтқанда, Қазақстандағы жалақы мәселесі оң шешімін тапсын десек, ел азаматтарының әлеуметтік ахуалын жөнге келтіріп, халықтың жұмыспен қамтылуына жағдай жасауымыз қажет.

А.ЖҰМАШ

Add a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *