Жұрт болып құптарлық іс

image-post-1920-1080-latinskij-alfavit-750x430Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізіп, егемендік алған азды-көпті уақыт аралығында әлемнің көптеген дамыған елдерімен мәдени, экономикалық, саяси және әлеуметтік жағынан байланыс орнатты. Қазірде жаһанданған, ақпараттың дамыған ғасырында болып жатқан түрлі өзгерістер мен жаңашылдықтар еліміздің экономика саласына да, білім беру жүйесіне де тың ізденістер енгізіп отыр. Бұл қатынастардың оң нәтижелі болуы, ел мен елдің, халық пен халықтың өзара ынтымақтастығы, өзара түсіністігі тіл арқылы жүзеге асырылуда. Тәуелсіздіктің тегеурінді екпіні басты құндылығымыз – тіліміздің тынысын ашып берді.

Тіл – қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі, құдіретті ұғым. Әлемдегі жоғары дамыған елдердің санатына енуді көздеген еліміздің басты мақсаты сауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу болып отыр. Бұл дегеніміз – өз ана тілінде еркін сөйлей, сауатты жаза алатын, оның салт-дәстүрлері мен тарихын терең меңгерген ұрпақ. Бүгінгі күннің басты талабы тілді шұбарламай, анық, сауатты жаза білу саясаты болып тұр.
Сол саясаттың бір ұшы қазіргі қазақ жазуында қолданылып жүрген әліпбиді латын әріптерімен ауыстыру мәселесіне келіп тіреліп отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан Халқына Жолдауында латын қарпіне көшу мәселесіне тоқтала келіп: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруге, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» деп атап көрсетті. Мұны ел ертеңі үшін болашаққа батыл қадам жасап, елімізді төрткүл дүниеге танытып келе жатқан Елбасының тағы бір маңызды бастамаларының бірі және дер кезінде қозғалған, ана тіліміздің болашағы үшін жасалған басты қадам деп қараймыз. Бұл дегеніміз қазіргі уақытта қолданыстағы кириллицаға қырын қарау деп түсінбеуіміз керек.Керісінше, таза қазақ әліпбиін жасау бағытындағы игілікті қадам деп түсінеміз. Латын әліпбиіне көшу ана тіліміздің, ұрпағымыздың болашағын ойлау, қолданыс аясының одан әрі кеңейе түсуіне мүмкіндік жасау, тілдің ішкі табиғатына әліпбиіміз арқылы қазақы айтылым (орфоэпия) мен жазылым (орфография) талаптарын жүйеге түсіру деп қарауымыз қажет.
Кешегі өткен кеңестік жүйенің солақай саясаты кесірінен қазақ тілі дыбыс жүйесінде жоқ орыс тілінің ё, ю, я, в, ф, х, ч, ц, ь, ъ әріптерін әліпбиімізге еріксіз енгізгені баршаға белгілі. Онымен қоймай, әліпбиіміз кирилл жазуына ауыстырылып, орыс тілінен және сол арқылы басқа тілден енген өзге сөздерді де орысша қалай айтылып-жазылса, қазақ тілінде де солай қолданылуы керек деген талап қойылды.
Тіл тазалығы тікелей бұзылып, тілімізге жат дыбыс тіркестері кедергісіз еніп, тіліміз шұбарланып, ұлттық бояуы мен өзіндік реңін жоғалтты. Бір тілден екіншісіне сөз ауыса берсе де, әр тілдің өзіндік дыбыстары мен жазу емлесі болатынын есте сақтаған жөн. Жазудан айту басым болған кезеңдегі «оқымаған» халық орыс тілінен келген сөздерді өз тілінің ұлттық бояуымен көмкеріп: жәшік (ящик), бөтелке (бутылка), бөшке (бочка), бәтеңке (ботинка), шәйнек (чайник), кәмпит (конфеты), ұшқыш (летчик), пәнер (фанер), жорнал (журнал), сөмке (сумка) деп, өз сөзі етіп алған еді. Осы халықтық ұстаным А.Байтұрсынұлы сияқты ғалым еңбектерінің негізгі тірегі болды.
Тілді тіл ететін, болмыс-біті­мін айқын­дап тұратын бас­ты заңды­лық­тарының бірі – дыбыстар­дың бір-бірімен көрші тұруы, тіркесіп жазылуы. Қазақ тілінде буын, сөз ішіндегі және сөз бен сөз аралығындағы дыбыстар өзара келісіп, үйлесіп, үндесіп, үндестік заңына бағынып тұрады. Бұл заңнан тысқары тұрған дыбыс, буын не сөз болмайды. Ал тілінде үндестік заңы емес, сөз екпіні үстем орыс тілінен енген сөздер қазақ тілінің басты заңдылығына кері әсер етіп келеді. Сондықтан қазақ тіліндегі әр сөздің табиғи бояуы дыбыстар тіркесі арқылы, яғни үндестік заңы арқылы танылады. Орыс тілі және осы тіл арқылы дауыстының не бірнеше дауыссыздың сөз ішінде, әсіресе бір буында қатар келуі қазақ тілінің табиғатына жат тіркесімдер болып табылады. Осындай тіркесі бар сөздер қазақ сөзінің ұлттық бояуына дақ түсірді. Мысалы: поэма, дуэт, какао, соус, оазис, Аида, Раиса сияқты т.б сөздер тіліміздің айтылым табиғатына сай келмей тұр. Кейбір ғалымдар «қазақ тілінде сингармонизм елеулі өзгеріске ұшырады» деген пікір айтып, аралас буынмен жазылған кейбір сөздердің «естілімі әуезді де әсем ырғақты» айтылатынын тілге тиек етеді. Шындығында, аралас буынмен жазылса да, «бидай», «ғибрат», «жиhаз», «жина», т.б. сөздердің орфоэпиясы аралас емес екенін ескеру керек.
Басқа тілдің сөздеріне есікті айқара ашып, сол күйінде ала беру тілдің лексикалық жүйесінде өзге сөздердің салмағы артып, өз ана тіліңдегі сөздің азаюына әкеп соқтырары сөзсіз. Мұндай әрекеттер тілді өшірмесе, өсірмейді. Бүгінгінің білікті ғалымдарының бірі Б.Қалиев: «Халықаралық терминдер барлық тілде еш өзгеріссіз алынады деген ой дұрыс емес» дейді. Ғалымның бұл сөзінің дұрыстығын тіліміздің қазіргі жайынан анық байқалады. Бұл жөнінде Ш.Құрманбайұлы: «Терминологиямыздың негізгі бөлігін өзге тілдерден дайын қалпында қабылданған терминдер құрап тұрған біздің жағдайымызда ұлт тілінде термин жасауға айрықша мән берілуі керек» дейді.
Латынға көшу мәселесі бір жағынан өз ана тіліміздегі төл сөздерімізді жазуда кеткен олқылықтарды жөнге келтіруге көмектеседі. Қазіргі заман – жазу заманы. Жазу – әрбір халықтың рухани, мәдени өсуін, даму деңгейін көрсететін әлеуметтік мәні зор құбылыс. Ол өткен мен бүгінді, бүгін мен келешекті жалғастыратын алтын көпір. Сондықтан жазу, әліпби – адамзат тарихындағы құнды дүниелердің бірі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп қалдыратын байлығымыз. Адам жазу арқылы сауатын ашып, білім алып, байланыс жасап отырады. Осы жазулар бүгінгі ұрпақтың орфоэпия (айтылым) заңдылықтарын ұмытып, айтуы да, жазуы да орфография (жазылым) заңдылықтарымен жүруіне итермеледі. Қазіргі жастар арасында тілдің айтылым (орфоэпия) және жазылым (орфография) заңдылықтарын ажырата қарамай, жазылым бойынша сөйлеуі етек алып бара жатыр. Олар ана тіліміздің басты ерекшелігін танытатын – үндестік заңын мойындағысы келмейді.
«Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру үрдісінің ерекшеліктеріне байланысты» деп Елбасы айтқандай, латын әліпбиіне көшу – заман талабы.
Қазіргі таңда латын әліпбиі үлкен беделге ие болып, мүмкіндігі де зор екендігін танытып отыр. Жер бетінде латын әліпбиі барлық салада қолданылатыны байқалады. Барлық дәрі-дәрмек атаулары, математика, физика, химия формулалары, көптеген терминдер, мамандықтарға қатысты ғылыми әдебиеттер, т.б. латын әліпбиімен байланысты екенін байқауға болады. Қорыта айтқанда, латын тіліне көшудегі біздің ұтатын нәрселеріміз ұшан-теңіз. Кезінде жазу емлесінде жіберілген орайсыздықтарды жөнге келтіреміз және қазақ тілі үшін тән емес, басы артық дыбыстарды алмай, артық таңбалардан арыламыз. Интернеттегі өзімізге қажетті сайттарды өз таңбаларымызбен-ақ ашу мүмкіндігіне ие боламыз. Интернет, халықаралық пошта, көлік, тағы да басқа әлемдік қарым-қатынас құралдарын қолдану мейлінше жеңілдейді. Қоғамда көрнекі ақпарат, жарнама, түрлі тауарлар мен заттар, интернет арқылы өмірімізге әлдеқашан енген әліпбиді заңдастырамыз. Ең бастысы, мемлекеттілігі бар түркі ағайындармен байланысымыз бұрынғыдан да арта түседі. Халық өз еркімен таңдау мүмкіндігі мол болып тұрғанда әлемнің озық елдері игілігін көріп, көпшілігі қолдап отырған латын әліпбиіне біздің де көшкеніміз құптарлық іс деп білеміз. Латын графикасы арқылы таңбаланған қазақ әліпбиі мен жазуы қазақ елін биік белестерге бастайтын сара жол.

Маржан АМАНҒАЛИЕВА,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау
мемлекеттік университеті
көптілді білім беру факультетінің аға оқытушысы

Add a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *