Түркістан: Ғылым тілінде өңірдің өмірі

feacb273-feda-4d9e-9fc7-2077818dc5eeЕл түсінігіне екінші Меккедей киелі ұғыммен өрілген өлке Түркістан абыз адаланың ежелден-ақ қожайыны еді. Күні кеше тарихи әділеттілік орын алып ер Тұранның бесігі Түркістан оңтүстік өңірдің басты ордасына айналған еді.
Елбасы өзі бастап, жүзеге асқан бұл тарихи қадам туралы түрлі пікірлерді көзіміз шалған еді. Алайда дуалы ауыздан шыққан сөздің салмағы басым деген оймен ғылымның жолын соқамен жыртқан бірқатар азаматтардың пікірін, керек десеңіз болжамын бағдарлап сұрап көріп едік. Ендіші мархаббат:

Бауыржан Қабдолла,
тарих ғылымдарының кандидаты

Түркістан – тәуелсіз елдің рухани астанасы. Ежелден елге пана, рухқа азық, сенімге сәуле болып болып келген киелі де қасиетті Түркістанның топырағы не көрмеді. Енді өз алдына жеке облыс болып, орталығы түрткіл қазақ тілеуін тілеп, топырағын қасиет, суын бал тұтқан, иісі түркі халықтардың темірқазығына айналған Түркістанның атнауы заңды дүние. Көңілге қуаныш, тәнге медет, жанға дауа болғандай.
Мен Түркістанды қазақтың бесігі деп білемін. Баланы бесігінде тербеткен ана арыстандай азамат өсірер, қаланы елдің орталығы етсе, қарапайым халықты көшірер. Түркістанның халқы жиналып, шаһарға еңбек етсе, бейнеттің зейнеті неге болмасын. Тамшы тасты да теседі, қарға тамырлы қазақ еңбек етуден жалықпаған. Әсіресе, оңтүстік азаматы. Шаруасын күйттеп, дөңгеленген дүниеден нәпақа-ырысын тапқан ырымшыл елге көрсетер жол, сілтер бағыт керек болған. Осының нақ өзі. Сауырын семсер тілгендей шоршып түсер, қара жердің діріліндей сілкінер. Рух оянар. Бала-шағаның қамында жүрген қарапайым адам, елдің абыройлығына, отбасының ошағына, ұрпақтың сабақтастына тер төгер. Бұның барлыға ғанибет демей немене. Көрер көзге көкжиек те алыс көрінгенмен, кенезесі кеуіп қалған кеңірдек көк сағымнан да көлшік тауып алады. Бәрі өзіміздікі, барлығы келер ұрпақтың аманатқа тастар тағылымды тарихы. Біз аянбасақ, ертең біз үшін де аяна қоймасы мәлім.
темірдей төзім мен шыдам қажет. Бақ та, дәулет те бар. Аялай білейік, аямай еңбек етейік. Содан өзге елден қай жеріміз кем болар? Әлемнің аспанға тіреп тұрар кеудесі бар мемлекетпен тереземіз тең болады. Тезек терген заман да өтті басымыздан, тер сіңген көйлекпен қисая кеткен дәуір де болды, ештеңе, мойығанымыз жоқ, қайта рухты қайрап, қалған күш-жігерді жинап алға ұмтылдық. Шаңырақ көтердік, туымызды желбіреттік.
Ақсарбас сояр күнді сүйіншілеп қарсы алайық! Түркістанның босағасын келер болашақ ырыс болып аттасын!

Нәжімеден Ерболұлы,
экономика ғылымдарының магистрі

Бұл жаңалықты бірнеше тұстан қарастыруға болады. Түркістан қаласы облыс орталығы болған соң, Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қала болды.
Біріншіден, оңтүстік өлкеде Шымкент қаласы үлкен мегаполистердің қатарына қосылып, Түркістан қаласы облыс орталығы статусымен үлкен шаһарға айналуы тиіс. Инвестицияның тартылу арқасында көптеген зауыттар, кәсіпорындар, жеңіл өнеркәсіп орындары, сауда-саттық, туристік демалыс орындары, шаруа қожалықтары, және тағы да басқа республиканың экономикасына үлес қосар, халықтың жұмыс жасау деңгейін көтерер жұмыстар атқарылуы мүмкін.
Екіншіден, инвестиция тарту мәселесін бағыт-бағдарлау. Себебі, Түркістан өлкесіне тиімді, жұмыс жасайтын адамдарға ыңғайлы кәсіп, яғни, кадр дайындығы, біліктілікті арттыру мақсатында дайын кадрларды оқытып, еңбек деңгейін жаңа дейгейге көтеру мақсат болмақ. Түркістанға тартар инвестицияның басым көпшілігі түркітілдес, түркі әлемінен болғандықтан бұл мәселенің болашағы мол боларына сенімдімін.
Үшіншіден, туризм тұрғысынан Түркістан таптырмайтын мекен. Киелі жерлердің көптігінен Түркістан облысындағы саяхаттап-аралайтын жерлердің келушілерге ыңғайлы болу жағдайын осы бастан қарастыруымыз қажет деп ойлаймын. Алдағы болашақта бұл кәсіп мемлекетіміздің қазынасына жақсы пайда әкеледі. Озық елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, туристік салаға инвестицияның басым көпшілігін тарту керек. Елдің баянды болашағы нақ осы қаржылық тұрақтылығында. Елдің баянды болашағы рухани байлығында.
Сондықтан мемлекетіміздің Елбасысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы үлкен қолдауға ие болып отыр. Себебі, ол елдің айқын бағдары, халықтың қалауы.

Немат Құрметов,
техника ғылымдарының кандидаты

Түркістан облысы Мойынқұм құмды алқабының батыс бөлігінде орналасқандықтан жер бедері тасты-сазды болып келеді. Халықтың басым көпшілігі жеңіл өнеркәсіппен айналысып, жеке шаруа қожалықтарымен айналысады. Сауда-саттығы өте жақсы дамыған Түркістан облысы республикамыздың экономикасына едәуір үлес қосып отыр.
Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласы. Ертеден рухани астанамызға айналған қала бұл таңда инфрақұрылымдық өзгерістерге ұшырайды деген үміттемін. Қала кеңейіп, келе-келе Қазақстанның ірі мегаполистердің біріне айналу мүмкәншілігі бар. Орталыққа облыстың 11 ауданынан халықтың көшу процесі жүріп, адам тығыздығы азаяды. Жаңа жұмыс орындар ашылып, өнеркәсіптің басқа түрлері де инвестиция тартудың арқасында ашылады деп есептеймін.
Жер қойнауынан полиметалл, қоңыр көмір, темір, уран кентастары, фосфорит, вермикулит, тальк, барит, гипс, отқа төзімді саз, әктас, гранит, мәрмәр, кварц, т.б. кен байлықтары барланған Түркістан облысы ауыр өнеркәсіптің отаны болады. Инвестицияның дұрыс бағытта жұмсалуы, оны толық игеру мүмкіншілігі бола тұра ең әуелі назарды ауыр өнеркәсіпке бұруымыз шарт.
Шикізатты алу, өңдеу, нарыққа сәйкес, әлемдік стандарттарға сай қылып жасау нағыз бәсекеге қабілетті өнімді шығару деген сөз. Оның мәні бар. Әлемдік стандарттарға сай сапалы өнімді экспорттау әрі жеңіл, әрі тиімді болып келеді.
Шетелге шикізаттың өзін емес, одан өңделген дайын өнімді экспорттау – нарықтағы деңгейімізді әлдеқайда көтеріп,экономикамызға едәуір пайда түсіреді.
Сонымен, Түркістан облысы жеке облыс болып, оның орталығы Түркістан қаласы болғанына бір кісідей қуаныштымын. Болашаққа деген серпіліс, таусылмас рух сыйлайтын жақсы жаңалығымыз көптеп болсын!

Болат Алдаберген,
психология ғылымдарының магистрі

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қаулысымен Түркістан облысы жеке облыс болып, Түркістан қаласы оның орталығы, Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қалалардың қатарына қосылған. Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан аймағы бір серпіліп қалды. Экономикалық маңызды, геосаяси өлкелердің бірі болып саналған қазіргі Түркістан облысы жаңа жаңғыру сәтінде. Тәуелсіздік тұғырлы биігінің арқасында осындай күнге жетіп отырмыз.
Түркістанның экономикалық, аграрлық, социалды тұрғысынан сарапшылар айта жүрер, бірақ, мен оның рухани үлесін айтқым келеді.
Түркістан – иісі түркі әлеміне әуелден кіші Мекке атанған. Тәу етер жердің қасиет-киесі бары баршаға мәлім. Қазақтың қаймақтары жатқан Қожа Ахмет Яссауи кесенесі тарихи тағылым. Сондай қасиетті жерді әлемге танытумыз керек. Қазіргі жағдайда маркетингтік қадамдар өте дұрыс әрі тиімді болып келеді. Оны әлем баяғыда-ақ мойындаған. Мойындап қана қоймай оны күнделікті өмірде, бизнес саласында, медицина, тіпті, мемлекеттік туризм саласында жақсы пайдаланады. Елдің барша түрткіл дүниеге көрсетер мақтаныштарын еркін маркетингті жолдармен танымал әрі туристтердің жиі келетін жерлеріне айналдырған.
Бұл әлемнің тәжірибесі. Қазақтың тарихы терең, тағылымы мол, тер сіңген топырақта ондай жерлер аз емес. Тек соны дұрыс беру керек сияқты. Себебі, Қазақстанға келген әрбір шетелдік бірінші кезекте мәдениетіне, әдебиетіне, тарихына көз аударары хақ.
Сондықтан, туризм экономика­мыздың ажырамас бөлшегіндей болады деген сенімдемін. Еліміздің оған қауқар-қуаты да, дәрмен-күші де жетеді. Болашақтың алдында басымызды тік ұстайық. Еңселі еліміздің ертеңі жарқын болады.

Айнұр Жүсіп,
психология ғылымдарының магистрі

Түркістан облысы (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы) қазір жеке облыс статусын алып, оның орталығы Түркістан қаласы болып бекітілді.
Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қалалардың қатарына қосылып, осымен еліміздің үшінші мегаполисі болды. Экономикалық тұрғысынан Түркістан облысы географиялық орналасуына байланысты сауда-саттық керуенінде тиімді тұста тұр. Қазақтың сағым көшкен Бетпақдаласы оны Қарағанды облысымен бөледі екен. Осынау далиған даланың қақ ортасынан Астанамызға дейін үлкен жол салынады деген үміттемін. Себебі, алым-салымды, өнім-тауарды тасуға ыңғайлы жол болуға толық мүмкіндігі бар. Сонымен қоса, жол бойында аялдайтын жаңа бекеттердің орналасуына байланысты елдің шоғырлану, өсу болашағының көкжиегі ашылады.
Аграрлық тұрғысынан қарағанда Түркістан облысының жері (басым көпшілігі) тасты-сазды жер бедерімен төселген. Ауыр өнеркәсіптің таптырмас мекені. Келетін инвестицияны осы карьерлі шаруашылықтарға салу қажет деп есептеймін. Себебі, гипс, отқа төзімді саз, әктас, гранит, мәрмәр, кварц және тағы да басқа пайдалы өнімдерді өңдіруге болады. Кен орындарды кеңейтіп қана қоймай, солардың жанына, қазіргі заманға сай өнім өңдіретін зауыттарға инвестицияны тартуға барлық мүмкіншілігіміз бар.
Енді, үшіншісі, туризм саласы. Түркі тілдес мемлекеттердің арасында, танымал Түркістан қаласын жаңа форматта, жаңа кейіпте беруге болар. Туризм саласы дамымай, елге келетін демалушылардың санын арттыру мүмкін емес.
Қазіргі таңда туризм саласы бойынша көптеген проектілерді жастар жасап жатыр. Сол жобаларға назар аударып, экономикалық-географиялық дұрыс шешіммен жасалған үздік деген жобаларды неге алмасқа. Және де оны бірден өңдіріс жүзінде өткізіп сапасын бақылап көруіміз қажет. Болашақтың даңғыл жолы – туризм екеніне күмәнім жоқ. Шетелден келген қонақтар мемлекетке пайда әкеле отырып, елдің мәдениетімен еркін түрде танысуға жол ашылар еді.
Сондықтан, инвестициялық тұрғысынан қарағанда осы туризм саласын дамыту үшін әлемге әйгілі, тәжірибесі мол елдерден жақсысын алуымыз қажет.

Рахат Қабділәшім,
техника ғылымдарының магистрі

Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы қазіргі таңда Түркістан облысы болып, орталығы Түркістан қаласы қылып бекітелгеннен кейін жалпы халықта үлкен серпіліс болды. Әсіресе, оңтүстік халқылда. Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қалалардың қатарына кіргенмен, ол облыстың территориясынан шығып кеткен жоқ қой. Сондықтан енді тек Шымкент қаласы ғана емес, Түркістан қаласы да бөлек бюджеттік, бөлек жоспар-жобалы ірі қала болып есептелмек.
Түркістан қаласы Түркістан облысының солтүстігінде орналасқанымен, халықтың басым көпшілігі, тығыз орналасқан жері Түркістан облысының оңтүстік аумағы.
Шығысында Жамбыл, батысында Қызылорда облыстарымен шекараласып жатқан Түркістан облысы экономикалық, географиялық ыңғайлы мекенде орналасқан. Сол себепті осы аталған тиімді тұстарын атай келе, Түркістан қаласы облыс орталығы ретінде нақты еліміздің Астанасымен тікелей темір жол байланысу керек деп ойлаймын.
Бетпақдаланы төтесінен кесіп, Қарағанды облысы арқылы Елордаға өндіретін өнімді еркін жеткізе алатындай жағдай тудыру қажет.
Келесі кезекте Түркістан облысының аумағында жатқан тарихи жәдігерлерді қалпына келіріп, кесене-мазарларды рестоврациядан өткізіп, әулие-әмбие жатқан жерлерді дұрыстап, облыстың туризм саласын дамыту мақсатында көптеген жобаларды қолға алуға болады.
Дегенмен, ең бірінші мәселе, инвестиция тартылуы. Түбі түркі мемлекеттердің қолдауымен, инвестицияның басым көпшілігін экономикалық тұрғысынан жұмсау қажет. Халқы көп Түркістан облысында жұмыс мәселесі әрдайым бірінші орында тұрады. Ал еңбек деңгейін көтеру мақсатында үкіметтің жасап жатқан жобалары елге пайдасын тигізеді деп есептеймін.

Қуат Сағындықов,
техника ғылымдарының магистрі

Түркістан қаласы облыс орталығы болғандықтан оның аумағы едәуір өседі. Қаланың жаңа географиялық жоспары құрылып, оны жүзеге асыру үшін тек елімізден ғана емес, шетелден де инвестиция тарту мәселесі бірінші орында тұр
Түркістан қаласы Қазақсанның рухани астанасы болып есептелгеннен кейін, қала жоспары шығыс стильде бой көтерері анық. Түркістанның кіреберісіндегі оң тұсында орналасқан 670 га жер аумаққа жаңа үйлер тұрғызылмақ. Оның ішіне әкімшілік ғимараттар да жоқ емес. Бірақ, басым көпшілігін тұрғын ұйлер құрғандықтан бұл мекенде мектептер, емханалар және тағы да басқа халыққа қажет нысандар бой көтермек. Қаланың жоспар-сызбасында тек жаңа жерді игеру, жаңа қаланы салу мақсат тұтпайды. Ол ескі Түркістан шаһарын реставрациялап, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі аумағы жаңарып тұрады.
Түркістан қаласы Түркістан облысының орталығы болып тұрғандықтан бұл жерге әкімшілік, сот, ішкі істер, әлеуметтік, мәдени, нысандардың болуы шарт. Оған инвестиция арқылы қаржы құйып, жаңа мектептер, ауруханалар салу жоспарда болып отыр.
Осы орайда, Түркістан қаласын осындай инфрақұрылымдық өзгерістер күтіп тұрған соң, бұл жерге халық жиналмай қоймайды. Демек, көшкен халықтың әлеуеттік жағдайына қарап отырып, Түркістанның жақын уақытта үлкен мегаполиске айналары сөзсіз. Түбі бір түркі мемлекеттердің қолдауына иеміз. Себебі, түркі әлеміне рухани астанасы, темірқазығы болып есептелген киелі Түркістан топырағы енді жаңғыру үстінде. Тамыры тереңге тартқан, тарихы бай өлкеден үміттіміз. Қазақстан Республикасында көптеген жерлер әлі игерілмей, өз кезегін күтіп жатқандықтан, болашақта бұл мәселелер алдыңғы қатарға шығу тиіс деп ойлаймын. Себебі, қуаңқы шөлдер, аңызақтан кеуіп кеткен өлкені қазіргі жаңа заман технологиясымен игеріп, шөлдің үстіне де шаруа қожалықтарын, өнеркәсіп нысандарын қоюға болады. Ал оған біздің қауқарымыз, қуатымыз жетеді.
Экономикалық жағдайы, әлеуметтік жағдайы біршама көтеріліп, елге үлкен табыс әкелер аймақтардың бір һәм бірегейі болар. Ең бастысы жалықпай еңбек етіп, елдің ертеңі үшін тер төгуіміз қажет!

Шынар Мейірбек,
психология ғылымдарының магистрі

Жаңадан құрылған Түркістан облысының экономикалық өсу деңгейі, әлеуметтік даму саласы қарқындап өсері анық. Қалада мемлекеттік, әлеуметтік нысандар, тұрғын үй ғимараттары, ауруханалар, мектептер, спорт кешендері, мәдени мекемелер көптеп тұрғызылады деген жоспарлар бар. Қаланың жобалық нұсқасы мәдени астананың келбеті, шығыс стилінде орындалуы көңілге қуаныш ұялатады. Сол себепті, қазіргі таңда инвестициялық мәселелер бірінші орында болып тұр. Қанша дегенмен, бюджеттік қаржыны үнемдеп, жұмыс орындарын ашу мақсатындағы істер болмақ.
Түркістан облысының құрамында 7 қала (Шымкентті қоспағанда) және 11 аудан орталықтары бар. Шалғай жатқан елді-мекендерден халық облыс орталығына көшетіні белгілі. Сондықтан Түркістан қаласының планын осы бастан дұрыс, әрі ыңғайлы етіп жоспарлауымыз қажет. Жұмыс орындары бар жаңа өнеркәсіптер мен шаруа қожалықтарына дайындалған жаңа маман қажет болады. Ондай білікті кадрларды дайындау мақсатында, шетелден келер еңбек адамдарының тәжірибесіне үйрене отырып, өңдірісте қол үшін беру басты міндет. Еңбек саласының деңгейін көтерсек, жұмыс жасап жатқан адамдардың әл-ауқатын да көтеретін боламыз.
Түркістанның топырағы сазды болғанмен, шикізатқа кенде емес. Шикізат өңдіру саласы бар болғанмен қазіргі заманның көшінен қалмасақ игі еді. Көптеген елдерде ауыр өнеркәсіп мемлекеттік экономиканың басым көпшілігін құрайды. Олар өңдіріп алған шикізатты экспорттамай, шекараның сыртына дайын өнімді тасымалдауға барынша күш жұмсайды.
Түсті металлургия, машина жасау, химия, мұнай өңдеу, тамақ өнеркәсібі сияқты салалардың көпшілігі Түркістан аймағына таңсық емес. Облыста ірі және орта кәсіпорындардың саны 147-ге дейін жетті. Осы орайда, еліміздің экономикасы дамыған мемлекеттердің деңгейімен салыстыра алмасақ та, халқы еңбекқор болғандықтан, инвестицияның келу мәселесі дұрыс жолға қойылғанымен бір сыпыра жұмыстар уақыт өте келе шешіледі деп ойлаймын. Түркістан облысы қарқынды даму үстінде. Жаңа жобалардың арқасында бұл өлке үлкен жетістіктерге қол жеткізері сөзсіз.

Темірлан Қылышбеков,
филология ғылымдарының магистрі

Түркістан облысының әлеуметтік жағдайы өзгеріске ұшырайды. Облыстың оңтүстігінен Мақтарал, Сайрам аудандарының халқы солтүстігіне Түркістан қаласына көшеді деп ойлаймын. Жаңа қаланың инфрақұрылымдық құрылысы басталысымен жұмыс орындар көбейіп, қаланың шекарасы едәуір өседі деген ойдамын. Түркістанның кіреберісіндегі соған бөлінген алапта құрылыс басталады. Сәулетті қаланы салу мақсатында көптеген қиындықтар туындауы мүмкін. Дегенмен, еліміздің мәдени астанасы атанған қасиетті де киелі Түркістан қаласы жаңаша түрленіп, жаңа шырай алады. Экологиялық қауіптердің кесе көлденең алдымызға шықпауы үшін, қаланың жалпы жоспарын бүге-шүгесіне дейін зерттеу абзал.
Халыққа серпіліс әкелген бұл қуанышты жаңалық барлығымыз­дың да ертеңге деген сенімді одан сайын ұлғайтқан. Шымкент қала­сы республикалық маңы­зы бар қала­лардың қатарына қосыл­ған­дық­тан, Түркістан облысында ірі шаһар болып осы Түркістан қаласы өсу қажет.
Аграрлық мәселенің түйткілді проблеммаларын шешу мақсатында арнайы зерттеу институтын құру керек. Себебі, жер бедерінің әр аймақта әртүрлі болғандықтан отырғызар өнімнің мекенге сай таңдау, зерттеу және бақылау мақсатында болған шарт.
Түркістан облысының басым көпшілік аймағында жер сазды болғандықтан ауыл шаруашық қиынға түседі. Бірақ, жер асты байлықтардың көптігінен Түркістан облысында құрылысқа, тұрмысқа байланысты шикізаттарды дайын түрде алуға болады. Яғни, жер астынан қазып алып, сол маңайға шикізатты өңдіретін зауыт-кәсіпорындарға жөнелте отырып, шекараның ар жағына дайын, таза өнімді экспорттау.
Түбі түркі мемлекеттердің барлығына дерлік Түркістан қаласы рухани астана болып, оған деген құрметтің ерекше екені көрініп-ақ тұр. Бұл орайда инвестицияны тарту мәселесі қиын болмайтын шығар. Сондықтан аймақтағы қажет ғимарат-мекемелер, ауруханалар, мектептер, өнеркәсіп мекемелері тұрғызылуы шарт. Елдің ертеңіне деген үлкен үмітпен істің берекесі болары анық. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен жасалып жатқан жұмыстар елдің әл-ауқатын, рухын көтереді деген сенімдемін!

Add a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *