Философтар қауымының төл мерекесі

15287005558440Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын мақаласында қоғамымыздың одан әрі өркендеуінде руханилыққа басымдылық бере отырып, таяу жылдардағы міндеттерге ерекше тоқталған еді. Онда: «…Екіншіден, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға аламыз…. Біздің әлеуметтік және гуманитарлық біліміміз ұзақ жылдар бойы бір ғана ілімнің аясында шектеліп, дүниеге бір ғана көзқараспен қарауға мәжбүр болдық. Әлемнің үздік 100 оқулығының қазақ тілінде шығуы 5-6 жылдан кейін-ақ жемісін бере бастайды. Сол себепті, уақыт ұттырмай, ең заманауи, таңдаулы үлгілерді алып, олардың қазақ тіліндегі аудармасын жасауымыз керек»,-дей келе, философия, саясаттану, әлеуметтану, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша қазақ тілінде оқулықтар дайындау мәселесіне айрықша назар аударды. Бұл қоғамдық ғылымдарға басымдылық беруді және тереңдетіп оқытуды мақсат еткен қоғамды одан әрі гуманизациялаудың игілікті беталысы деп білеміз.

Соның бірегейі – ғылымдардың ең көнесі, әрі дүниеге көзқарастың типі және қоғамдық сананың формасы ретіндегі «ғылымдардың атасы» атанған – философия ілімі. Философия өзінің бастауын тіптен «философия» термині қалыптаспай тұрып-ақ, тым көне дәуірлерден алғышарт ретінде алады. Себебі, адамзат руханиятындағы әлем мен қоғам туралы толғаныстар өздігінен-ақ, философиялық пайымдаулар, айналады, тіпті, адамның өзінің-өзіне үңілуі, өмірі мен болашағы туралы толғаныстары қандай деңгейде болмасын, философиялық зердеден айналып өте алмайды. Сондықтан, бұл ілімнің әлемді түйсіну обьектісі әмбебапты, кең ауқымды болғандықтан, бүгінгі күнге дейін әр түрлі жаңа ғылым салалары оның «шекпенінен» өз нысанын айқындап, жеке ғылым мәртебесіне ие болып келеді. Философияның қоғамдық өмірдегі беделі мен мәртебесін асқақтату мақсатында, 2002 жылы ЮНЕСКО Бас конференциясының 33 сессиясында әр жылдың қараша айының үшінші бейсенбісі философтар күні болып жарияланған болатын.
Әрине, ғылым салаларына жоғары-төмендік иерархия қоюға болмайды, постпозитивизм ұстанымы бойынша тек ғылымдар ғана емес, ғылыми емес білімдердің барлығын да руханияттық деп ескергеніміз абзал. Дегенмен де, философия өзіндік ерекшеліктері бар ілім, бұл – ғылымдардың зерттеу әдіснамасының жалпы теориялық негіздерін жасайды және логика ілімі арқылы ғылыми ойлаудың дұрыс жолдарын ұсынады; барлық ғылымдардың және қоғамдық өмір саласының өзіндік философемасын алға тартады, мәселен: тарих философиясы, экологиялық философия, құқық философиясы, тіптен, жаратылыстану ғылымдарының философиялық мәселелері; адамзаттың өмірі туралы ойтолғайтын парасатты ұстанымдардың әр түрлі нұсқаларына жол ашады; абсолютті, бұлжымайтын ақиқатты мойындамайды, бірақ әрбір философ өз идеясының абсолюттілігіне сенеді және «философия дегеніміз не?» деген дискурсты өзіне-өзі қойып, үнемі рефлексиялап отырады.
Осындағы өзіндік төлтумалылық мәні бар сұрақ: «философия дегеніміз не?», алдымен, «философ кім?» деген сауал арқылы түйсініледі. Бұл жерде екі жақты рефлексия туындайды: біріншісі, философияның өзіне, екіншісі, философқа бағдарланғандығы.
Философтың ерекшелігі қоғамдық нормаларға сіңірілген қасаң стереотиптер мен қалыпты ойлау машығынан теориялық-практикалық түрде алшақтай алуында. Себебі, «философтың философиясын философиялық емес тұрғыдан пайымдаудың жолы жоқ» деп кесімді пікір айтуымызға әбден болады.
Философия тарихында философия ілімінің маңызды мәселесі – Рух, Руханилық, Руханият ұғымдарымен тікелей байланыстылығында. Демек, философия ғылымы рух мәселесімен шұғылданады, ендеше, философ та рух, рухтану феномендерін айналып өте алмайды. Сондықтан, философияның рухы да философтарға сіңірілген.
Философиялық рух адамзат тарихында өзара сабақтаса байланысып, бүгінгі күнге дейін өзіндік жалғасын тауып келеді. Соның бір айқын көрінісі – қазіргі еліміздегі жастарымызды философиялық ойлау мәдениетіне бейімдеп келе жатқан философия ілімін арнайы мамандық ретінде оқытатын оқу орындары. Оның ішінде, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің де орны ерекше, бұнда философиядан бүгінгі күні үш деңгейлі: бакалавр, магистратура, докторантура бойынша шәкірттерді даярлап шығарады, ал ол түлектер қоғамдық өмірде өздерінің жетістіктерін паш етіп жүр.
ЮНЕСКО шешімімен ресми қабылданған философтар күніне арналған мерекеде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия факуль­теті жанында жұмыс істейтін «Кіші Фараби академиясының» студент-мүшелері ерекше белсенділік танытып, «Философия дегеніміз не?», «Заманауи философтың келбеті қандай бо­луы тиіс?», «Әбу Насыр әл-Фарабидің фило­со­фиялық деңгейге өрлеу жолы!» іспетті тақы­рып­тарда баяндамалар жасап, оны ой талқысына салып, дөңгелек үстелдің көрігін қыздырды.
Біз, Қазақстандық және бүкіл әлемдік философтар қауымын төл мерекесімен шын пейілмен құттықтаймыз!

Л.Ә. Асқар,
ҚазҰУ-дың философия кафедрасының ұстазы,

Б.М. Аташ,
ҚазМемҚызПУ қоғамдық гуманитарлық пәндер кафедрасының ұстазы

Add a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *