АГРОАЙМАҚ АЙШЫҒЫ

a31e30d90071105921c1be85643be214Баспасөз мәслихатында өңірдің даму барысын баяндаған облыс басшысы жерұйығы Жетісудың заман талабына сай өркендеп, халықтың тұрмысы жақсарып, жұмыс орындары мен өндіріс ошақтарының ашылып жатқандығын тілге тиек етті. Ең алдымен Елбасының Жарлығымен Райымбек ауданы бөлініп, Райымбек және Кеген аудандары құрылғанын еске салды. Бұл сол өңірде орналасқан тұрғындардың көптен күткен тілегі еді. Шекаралық аймақтың тамырына қан жүгіріп, халықтың болашаққа деген сенімі нығайып, көшкен халық туған жерге қайта орала бастағанын жеткізді.

Амандық Ғаббасұлының баяндауынша, ағымдағы жылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында оң серпін сақталған. Биыл өнеркәсіп саласында өндіріс көлемі 870 млрд. теңгеге жетіп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 75 млрд. теңгеге артып отыр. Жалпы өңірлік өнім өсімі 3,5 пайыз шегінде болады деп күтілуде.
Өңірдегі «Foodmaster», «Adal», «Raymbek Agro», «Danone», «JLC Sut» компанияларының сүт өнімдері республиканың барлық өңірінде сұранысқа ие. Одан бөлек 6 ірі өндіруші жылына шамамен 1 млрд. литр табиғи шырындар мен алкогольсіз сусындар шығарады. Бұл Алматы қаласы мен тұтастай республиканың қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндік береді.
Тағы айта кетерлігі, фармзауыттар бұған дейін шетелден импортталып келген дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды шығара бастаған. Ағымдағы жылы 40 кәсіпорын өндірісі жаңғыртылып, бұл экспорттық тауар айналымын 23,5%-ға (274,2 млн. доллар) ұлғайтуға мүмкіндік берген.
– Облыста барлығы 21 кәсіпорын өз өнімдерін сыртқа экспорттайды, олардың саны әлі де арта түспек. Өйткені, республикадағы өңдеуші өнеркәсіптің үздік 10 импортталатын тауарының 7 түрін облысымыздың кәсіпорындары шығарады.
Жолдауда айтылған өңдеуші өнеркәсіп пен шикізаттық емес экспортты қолдауға арналған 1 трлн. теңге көлеміндегі қосымша қаражат кәсіпорындарға экспортты ұлғайтуға және импортты алмастырумен айналысуға мүмкіндік береді.
Жер жаннаты – Жетісу таяқ шаншысаң, тамыр жайып, алып шынарға айналатын, топырағы құнарлы, халқы еңбеккер өңір екені белгілі. Сондықтан облыс экономикасының драйвері агроөнеркәсіп кешені екенін тағы да айта кетейін. Бүгінде республикадағы ауылшаруашылығы жалпы өнімінің 17 пайызы облыстың үлесіне тиесілі, – деді облыс әкімі.
Спикердің сөзіне қарағанда, агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін барынша пайдалану мақсатында өңірлік бағдарлама әзірленіп, 9 басым бағыт айқындалған. Олар – етті-сүтті мал шаруашылығы, қой шаруашылығы, қызылша-қантты, май, бағбаншылық, картоп шаруашылығы, жылыжай және су шаруашылығы. Егістікті әртараптандыру шеңберінде қант қызылшасы 2000 гектарға, жүгері 1453 гектарға, жемшөп дақылдары 1215 гектарға, көкөніс 707 гектарға ұлғайтылған.
Талдықорған өңірі негізінен қант қызылшасын өсіруге мамандандырылған. Бұл аймақта Социалистік Еңбек Ерлері Нұрмолда Алдабергенов, Зылиқа Тамшыбаева сияқты «Дала академиктерінің» ісін жалғастыру және Елбасының тікелей тапсырмасын орындау үшін нақты шаралар қабылданған. Облыс әкімі биыл қант қызылшасы 11 мың 200 гектарға себіліп, 440 мың тонна тәтті түбір жиналғанын, яғни жалпы өнімі 32 пайызға өскенін әңгімеледі. Жекелеген шаруашылықтар гектар өнімділігін 700-800 центнерге жеткізген, облыс бойынша орташа көрсеткіш – 400 центнер. Екі қант зауыты 42 мың тонна қант шығаруды жоспарлап отыр. Ал өңірдің қажеттілігі – 30 мың тонна.
– Келешекте тағы екі қант зауытын іске қосу жоспарланған. Олар Қарабұлақ және Алакөл аймағында. Қазіргі таңда инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Жүгері шаруашылығында озық технологияны енгізудің нәтижесінде 532 мың тонна өнім алынды, бұл соңғы 27 жылдағы рекордтық өнім. Панфилов ауданының фермерлері тамшылатып суғаруды енгізудің арқасында әр гектардан 120 центнерге дейін өнім алды, бұл облыстық орташа көрсеткіштен 2 есе артық. Жаркент крахмал-сірне зауытының қуаты жаңғыртудан кейін 10 мың тоннадан 135 мың тоннаға ұлғайды, жүгеріні қалдықсыз өңдеу циклі қамтамасыз етілді, өнімнің 27 түрін шығару жолға қойылды», – деген өңір басшысы биыл қарқынды бақтардың алғашқы өнімі жиналғанын, олардың алаңы 2,4 мың гектарға жеткенін (бақтардың жалпы алаңы – 24,2 мың га) айтты. Жалпы жиналған жемістің көлемі – 126 мың тонна, оның 65 мың тоннасы алма.
– Біз жаңа бағытты – өнеркәсіптік картоп шаруашылығын дамытуды қолға алдық, – деген Амандық Ғаббасұлы Кеген және Райымбек аудандарында картоптың элиталық сорттары 100 гектарға егілгенін, 2 сервистік дайындау орталығы құрылып, 21техника сатып алынғанын тілге тиек етті.
– 2020 жылға қарай егіс алқабы 4,5 мың гектарға жетеді, жоғары сортты картоптың 135 мың тонна тұқымы алынып, келесі жылы барлық алқапқа отырғызылатын болады, – деді Амандық Ғаббасұлы.
Өңір басшысының айтуынша, картоп өнімін 722 мың тоннадан 800 мың тоннаға дейін ұлғайту көзделуде. Бұл көрсеткіш жаңа ашылатын «Фармфритц» картоп өңдеу зауытын шикізатпен толық қамтамасыз етеді (жылына 70 мың тонна өнім). Мал шаруашылығында мал басы мен оның өнімі орташа 3,7 пайызға жоғарылаған. Сонымен қатар 92 бордақылау алаңы жұмыс істейді, ірі қара етін өндіру 7 пайызға артып, 1 000 тонна ет экспортталыпты.
Брифингтен білгеніміздей, облыста жалпы қуаты 91 мың тонна ет өңдейтін 5 ет комбинатының құрылысы жүргізілуде. Сүтті мал шаруашылығын дамыту үшін биыл 7 тауарлы-сүт фермасы іске қосылып, жалпы саны 68-ге жеткен, олар облыс бойынша сүттің 20 пайызын өндіреді. Агроөнеркәсіп кешені өнімдерін экспорттау соя, күнбағыс, крахмал, балық пен балық өнімдері экспортының өсуі есебінен 37 пайызға ұлғайған. «Лепсі өнімдері» брендімен Қытайға бал экспорттау жолға қойылған, «Гренд Ланд Алатау» серіктестігінің жылыжай өнімдері Ресей нарығына шығарыла бастағаны қуантады.
– Ауылшаруашылығы нысандары өсірген өнімді өткізу, сақтау, тұрғындарға жеткізу мақсатында күніне 1000 жүк автокөлігін қабылдайтын, инвестициялық құны 32,3 млрд. теңге болатын сауда-логистикалық хабтың құрылысын жүргізу үшін «Ранжис» француз компаниясымен кездесу өткіздік. Аталған компания тауар өндірушілерден тікелей сатып алып, өңдейтін болады. Жоба 2019 жылы іске асырыла бастайды. Жалпы агроөнеркәсіп кешені бағдарламасын іске асыру Елбасының еңбек өнімділігін және ауылшаруашылығы өңделген өнімі экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе ұлғайту туралы тапсырмасын орындауға мүмкіндік береді, – деді Амандық Ғаббасұлы.
Қазір облыстың әрбір төртінші тұрғыны шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейді. Соның арқасында салық түсімінің көлемі 1,5 есеге артқан.
Биыл әртүрлі қуаттағы 100 жаңа нысан ашу қолға алынған. Оның 88-і ашылып, 1742 жұмыс орны құрылған.
Мемлекет кәсіпкерлерге үлкен қолдау көрсетіп, бизнестің дамуы үшін барлық жағдай жасауда. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында кәсіпкерлікті қолдау мақсатында 209 субъ- ект 4,4 млрд. теңге алды. Мұнымен қатар нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша 1149 адам 5,5 млрд. теңгенің ша- ғын несиесін алған.
– Облысымыз туризм саласында да үлкен мүмкіндікке ие. Жер жаннаты атанған Жетісуға қазақстандық туризм легінің үштен бір бөлігі келеді.
Жыл соңына дейінгі қорытынды бойынша туристер саны 2 млн.-ға жетпек, оның 1 млн. Алакөл көліне келіп демалушылар. Бұл Алакөл демалыс аймағын дамыту мен көлік қатынасын жолға қоюдың арқасында мүмкін болды.
Биыл Елбасының өзі Алакөлде болып көл жағалауын және туризмді дамыту бойынша нақты тапсырма берді. Осыған орай ұшып-қону алаңын жасау, жағалауды нығайту жұмыстары, сумен қамту және құбыр жүйелерінің құрылысын жүргізу сынды жұмыстар жоспарлануда.
Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру бойынша атқарылып жатқан істерді атап өтер болсақ, «Нұрлы жол» аясында облыс территориясында әлемдік стандарттарға сай келетін Батыс Еуропа – Батыс Қытай, Алматы – Талдықорған жолдары салынды, – деді облыс әкімі.
«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша биыл 72 тұрғын үй пайдалануға беріледі. «7-20-25» жаңа ипотекалық бағдарламасы негізінде жалпы көлемі 4,1 млн. шаршы метрді құрайтын 2606 тұрғын үй салу жоспарлануда.
Жыл басынан бері облыс бойынша 306 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 32 мыңнан астам жұмыс орны ашылған. Олардың қатарында 9 жоба трансұлттық компаниялардың, 44-і шетелдіктердің қатысуымен жүзеге асырылған.
Ары қарайғы сөзінде облыс басшысы:
– Биылғы тамыз айында Қазақстанда тұңғыш рет «WILO» неміс компаниясының сорғы құралдарын өндіру кешені іске қосылды. Индустрияландыру күніне орай жеке логистикалық және қоймалық инфрақұрылымы бар, «Ролтон» брендімен өнім шығаратын «Маревен Фуд» зауыты ашылды. Оның жылдық табыс көлемі 21 млрд. теңгені құрайды. Зауыт өнімінің шамамен 70%-ын Орта Азия елдеріне эскпортқа шығаратын болады», – деді.
Өңірде Ресейлік «Лукойл» компаниясының жанар-жағармай материалдарын өндіру зауытын іске қосу «ақылды» қойма мен өндіріс желісінің толығымен автоматтандырылған жүйесімен басталды. Бұл кәсіпорындар инжинирингтік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген 6 индустриялық аймақта орналасқан. Мұнда 341 млрд. теңгеге 49 жоба іске асырылып, 4,6 мың жұмыс орны ашылған.
Брифинг барысында облыс басшысы жұмысшылардың жалақысын өсіру туралы да айтты. Оның айтуынша қазіргі кезде облыстағы 14 мың жұмыс беруші 32 мың жұмысшының жалақысын көтеруге дайын. Одан бөлек, бюджеттік ұйымдардың 41 мың қызметкерінің айлығы орта есеппен 35%-ға өсті. Сол сияқты келер жылдың 1 қаңтарынан 133,5 мың адам Президенттің салықтық жүктемені төмендету жөніндегі бастамасынан кейін жоғарылатылған жалақы алатын болады. Жыл басынан бері облыстағы орташа айлық жалақы 5%-ға өсіп, 114 мың теңгені құрап отыр. Халықтың нақты ақшалай кірісі 0,8%-ға артқан (68 мың теңге). Ал тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметтерінің тарифтерін төмендету бойынша «Қапшағайжылу» тарифті 77%, «Талдықорғанжылусервис» 16,3%, «Жетісу Энерготрейд» 2,4%-ға төмендеткен.
Спикер Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында жалпы сомасы 9,4 млрд. теңге болатын 321 жоба мен іс-шара қарастырылғанына тоқталды.
– «Туған жер» жобасы шеңберінде бизнес өкілдері әлеуметтік нысандар­дың құрылысы мен ауқымды жоба­лар­ға белсене қатысуда. Бүгінгі күнге 2,5 млрд. теңгенің 157 жобасы іске асты. Президент келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялады (облыста 420 мыңға жуық жас бар). Өткен жыл жастар үшін жемісті жыл болды. Бірқатар жобалар табысты іске асырылды, «Жастар жолы» жобасы шеңберінде жастардың демалуы және спортпен айналысуы үшін 18 орталық құрылды. «Жастар стайл» фестивалі өткізілді, Б. Римова атындағы театрдың көркемдік жетекшісі Назым Өтеулинова Жастар одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты атанды. Ал осы театрдың әртісі Әйгерім Бекболатова жастардың «Дарын» сыйлығын иеленді. Осы бағыттағы жұмыстар келесі жылы да жалғасын тауып, жастарға тартымды орта қалыптастыру, оларға жағдай жасау үшін нақты шаралар қабылданатын болады», – деді өңір басшысы.
Сондай-ақ, әкім облыстағы медицина саласындағы маман тапшылығын жою жұмыстарының да жүргізіліп жатқанын айтты. Бүгінгі таңда С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетімен арада екіжақты келіссөздар жүргізілуде. Алдағы жылы оқуын аяқтайтын жас мамандарды «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы бойынша жұмысқа қабылдау қарастырылуда. Бұл бағытта жас мамандарды жұмыспен, баспанамен қамту мәселелері өңірде оң шешімін тапқан.
«Жетісу жастарының жарқын істері» іс-шаралар жоспары әзірленіп, іске асырылады. Жетісу өңірінің негізгі жетістіктері мен әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерімен таныстырған Амандық Баталовқа журналистер тарапынан да бірнеше сауал қойылды. Олардың дені тұрғын үй, туризм, көмір бағасы және коммуналдық шаруашылық салаларын қамтыды. Облыс әкімі сұрақтарға барынша кеңінен жауап берді.
Осылайша Астана төрінен өзендер өрнектелген өлкедегі атқарылып жатқан өркенді істер кеңінен айтылып, аграрлы аймақтың болашағы жайлы орамды ойлар ортаға салынды

Add a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *