Майлы дақылдар өндірісі: Күнгей мен көлеңке

1545276220_article_b_1500_Еліміздің егіншілік саласындағы әртараптандыру саясатын белсене жүзеге асыруға кіріскеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Шамадан тыс егілетін астық дақылдарының егіс көлемін шектей отырып, оның орнына майлы дақылдар мен құнарлы мал азығының үлесін арттыру, өңдеу саласының қуаты мен сапасын күшейте отырып, отандық азық-түлік өнімдерінің бәсекелестікке қабілетін нығайту – бұл саясаттың негізгі көздеген межесі.

Егістік көлемінің артуына байланысты соңғы уақытта елімізде өндірілетін майлы дақылдар мен оны өңдеу көлемінің артқандығы байқалуда. Бұл жайында Астанада өткен Қазақстанның «KazOil 2017» алғашқы халықаралық май-тоңмай конференциясында мәлім болды. Конференцияға Қазақстандағы майлы дақылдардың ірі өндірушілері мен қайта өңдеушілері, сондай-ақ әлемнің 19 елінен (Ресей, Украина, Қытай, Иран, Пәкістан, Швейцария, Ұлыбритания, Германия, Дания, Италия, Польша, Болгария, Балтық елдері және басқалар) келген бірқатар мүдделі шетел компанияларының өкілдері қатысты. Соңғы 5 жылдың ішінде Қазақстан астық өндіруші мемлекет ретінде майлы дақылдар өндірісінің көлемін белсенді түрде арттыруда. Егістік алқабын әртараптандыруға және майлы дақылдар өндірісін субсидиялауға бағытталған мемле-кеттік саясат осы сектордағы импорттың үлесін азайтуға және отандық өңдеу саласын дамытуға алып келді. Атап айтсақ, 2017-2018 жылдардағы маусымаралық қорытынды бойынша майлы дақылдар өндірісінің көлемі 1,9 млн тоннаны құрап, рекордтық деңгейге жеткен. Бұл көрсеткіш 2016-2017 жылдар аралығындағы орташа көлемнен 27 пайызға жоғары. Сондай-ақ Қазақстанның майлы дақылдарды өңдеу секторы да өсу үстінде. Жыл қорытындысы бойынша күнбағыс дәнін өңдеу көлемі рекордтық межені бағындырып, 485 мың тоннаны құраған.
Өткен маусымның көрсеткішінен 36,6 пайызға асып түскен. Осының ішінде күнбағыс майының таза өндірісі 203,7 мың тоннаны құрапты. Отандық сарапшылар да еліміздің майлы дақылдар өндірісінде бірқатар жағымды өзгерістердің қалыптасып келе жатқандығын атап көрсетті. Мәселен «СЖС Казахстан Ltd» БК» ЖШС бизнесті дамыту жөніндегі менеджері Жандос Есмағұлдың айтуынша, 2018-2019 жылдардағы маусым аралығында Қазақстанның күнбағыс дәнін экспорттаудағы әлеуеті 300 мың тоннадан асып жығылады. Күнбағыс негізінен еліміздің Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында жақсы өседі. Міне, осы облыстардағы артық өнімдерді Қытай, Иран, Өзбекстан елдеріне жөнелтуге болады. Ж.Есмағұл күнбағыс дәнін осы көлемде экспорттаудың ішкі рынок үшін қаупі жоқ екендігін айтты. Өйткені елімізде жылма-жыл кем дегенде 750-800 мың тонна күнбағыс дәні өндіріледі. Дегенмен Шығыс Қазақстандағы май айыратын өңдеуші өнеркәсіптің өкілдері үстіміздегі жылдың наурыз айында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына Қытайдың күнбағыс дәнінің әр тоннасын сатып алу үшін 320 доллар көлемінде баға белгілегендігін, ал өздерінің әр тонна үшін 63-82 мың теңге ғана ұсына алатындықтарын, сондықтан елімізде өсірілетін күнбағыс дәнінің бәрі шетке кетіп, отандық өңдеу өнеркәсібінің шикізатсыз қалуы мүмкін екендігін айтып, шағым жолдаған. Демек, бұл мәселені мемлекеттік органдар, «Атамекен» ҰКП және кәсіпкерлердің тиісті бірлестіктері үнемі бақылауда ұстамаса, кезіндегі қанттың аяқ астынан қымбаттағаны секілді, өсімдік майының жетімсіздігі немесе күрт қымбаттауы жөнінде төтенше проблемаға тап болуымыз әбден мүмкін. «Қазақстанның май-тоң май одағы» ассоциациясының президенті Константин Невзоровтың айтуынша, еліміздегі майлы дақылдарды өңдеу өнеркәсібінің қуаты 2,6 млн тоннаны құрайды. Оның ішінде құрал-жабдықтары ескірген кәсіпорындардағы жиынтық қуат – 1,5 млн тонна, жаңа құралдармен жабдықталған зауыттардың жиынтық қуаты – 1,1 млн тонна.
Осы кәсіпорындар қа-жетті шикізатпен өздерінің жиынтық қуаттарының 31 пайызы деңгейінде ғана қамтамасыз етілген. «Елімізде ірі кәсіпорындар ғана ескі құралдармен жұмыс істеп келе жатқандарына қарамастан өз қуатының 95 пайызын, тіпті 100 пайызын пайдаланып отыр деп айта аламыз, ал жаңаларына шикізат жетпей отыр. Бұдан туатын қорытынды, май айыратын шағын зауыттарда сапа мен өңдеудің өзіндік құны жоғары, бірақ олардың шикізат үшін төлем төлеу қабілеттері төмен. Ал ірі зауыттарда өнімнің өзіндік құны төмен, шикізат сатып алу үшін ұсынатын бағалары жоғары болып отыр» дейді ол. Сарапшының айтуынша, қазір өнімді толық ассортиментте және сапалы етіп өңдеуге отандық шикізаттың тапшылығы бөгет болуда. Бірақ майлы дақылдарды өндірушілер өз өнімдерін сыртқа сатуға әуес. Өйткені олар жақсы баға ұсынып отыр. «Қазақстанда бір жылдан екінші жылға ауысқан кезде өнімдердің үлкен көлемі қалыптасады. Оны аман-есен сақтап, іске жаратудың мүмкіндігі жоқ. Өйткені сақтау алаңдары тапшы. Оның үстіне, еліміздің солтүстік өңірлерінде майлы дақылдар егістігін арттырудың жақсы мүмкіндіктері қалыптасуда. Ауыл шаруашылығы министрлігі осы жайтты ескере отырып, 2030 жылға таман майлы дақылдар егістігінің көлемін 7 млн гектарға дейін арттыруды көздеуде» дейді сарапшы. Басқа да сарапшылардың пікірінше, Қазақстанға майлы дақылдар егістігінің көлемін арттыру түбінде пайдалы болып шығуы тиіс. Өйткені әлемде бұл өнімге сұраныс арта түспек. «Екі-үш жылдан кейін әлемдік нарықта өсімдік майы, оның ішінде күнбағыс пен рапс майлары қымбаттайды. Бағаның өсетіні айдан анық, себебі әлемде пальма майының өндірісі азайып келеді.
Пальма майының бағасы өте арзан және оны техникалық мақсатта жиі қолданады», деді «Сингента Қазақстан» ЖШС менеджері Олжас Тұрсынқұлов. Оның айтуынша, соңғы бес жылда Қазақстан майлы дақылдарды егу алқабын 5 есеге ұлғайт-қан. «Қазіргі уақытта 3 млн гектар жерге майлы дақылдар егіледі. Әсіресе зығыр мен күнбағыс өсіруге ерекше көңіл бөлінуде», деді ол. Әлемде өсімдік майларына сұраныстың артуына байланысты оның өндірісінің де артатын түрі бар. Мәселен International Grains Council (Халықаралық астық кеңесі) аға талдаушысы Питер Клаб 2019 жылдың соңына дейін майлы дақыл өндірісі 60 пайызға ұлғаятындығын айтады. Оған дамушы нарықтарда, әсіресе Қытайда ет өнімдерін пайдалану көрсеткішінің қарқынды өсуі түрткі болмақ. Ал ет өндіру үшін малға құрамында протеині мол майлы дақылдар қажет. Сондай-ақ биоотын өндірісінің арта түсуі де майлы дақылдарға деген сұранысты жоғарылатқан. Сарапшының айтуынша, халықаралық нарықта, әсіресе сояға деген сұраныс жоғары. Қазіргі күні майлы дақылдардың әлемдік саудасының 55 пайызын осы соя өнімі, 22 пайызын рапс, 5 пайызын күнбағыс дәні құрайды. Олжас Тұрсынқұловтың айтуынша, Қазақстан бүгінде 360 мың тонна өсімдік майын өндірсе, оның 349 мың тоннасы ішкі нарықты қамтамасыз етуге жұмсалады. Ал сарапшы Жандос Есма-ғұл елімізге майлы дақылдарды экспорттағаннан гөрі дайын майды экспорттаған тиімді екен-дігін ескертті. «Қазір Қазақстанда шығарылатын өсімдік майларына Қытай мен Ираннан басқа Еуропа елдері де қызығушылық таныта бастады. Бұл жерде әңгіме өнімді алғашқы өңдеуден өткізіп алу туралы болып отыр. Содан кейін өнім апарылатын еліне жеткізілгеннен кейін дұрыстап тазартылып, терең өңдеуден өтеді» дейді ол. Демек ендігі кезекте майлы дақыл өндірушілер мен олардың өнімдерін пайдаланатын май өңдеушілер проблемаларын бірге қарастыра отырып, бір-бірімен тығыз байланыста және кешенді түрде шешкен жөн. Міне, осы мәселенің өзі-ақ дамудың экстенсивті арнасынан интенсивті арнасына қарай көшуді талап етіп отырғандығы түсінікті.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ

Add a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *