АҚША.КРЕДИТ.САЯСАТ

Kredit-IP-640x480Қаржылық реттеуші жаңа жылдағы басты нысанасын белгіледі. Ұлттық банк басқармасы Қазақстанның ақша-кредит саясатының 2019 жылға арналған негізгі бағыттарын мақұлдады. Құжатта инфляцияның қай дәлізге «қамалуға» тиістігі, валютаның айырбас бағамының қалаулы деңгейі, жағдайы жақсы банктерді одан сайын жақсарта түсу қамы, сондай-ақ базалық мөлшерлеме, стерилизация, валюталық своп және басқа да қаржыгерлер құныға, қызыға қадағалайтын жайттар айқындалады. «Ұлттық банктің ақша-кредит саясатының негізгі мақсаты – Қазақстанда баға тұрақтылығын қамтамасыз ету» деп, Доңыз жылындағы басты мұратын жария етті Данияр Ақышевтің ұжымы. ҰБ-ға инфляциясы тұрақты түрде төмен болатын макроэкономикалық орта құру жүктелген.

Сондықтан инфляциясыздандыру стратегиясы (дезинфляционная стратегия) шеңберінде инфляция бойынша нысаналы бағдарларды 2020 жылға қарай төмендету және нақты инфляцияны 4%-дан төмен деңгейде бекіту траекториясы белгіленіп отыр. Осы жолда Ұлттық банк 2019 жыл үшін инфляцияның нысаналы дәлізін 4-6%-ға дейін бір пайыздық тармаққа азайтты. Жалпы, төмен инфляция қарапайым бұқараға нендей игілік әкелмек? Бұл «жетімбұрыш» жағалаған жұртшылықтың түйткілді мәселесін шешуге ықпал етпек. Мәселен, Ұлттық банктің еншілес кәсіпорны – «Баспана» ипотекалық ұйымы өзінің «Баспана хит» бағдарламасы аясында халыққа жеңілдетілген ипотека беруде. Басты айырмашылығы сол – «Баспана хит» адамдарға жаңадан салынған үйді де, сонымен қатар қолданыста болған, қайталама нарықтағы үйді де иеленуге мүмкіндік береді. Ал «7–20–25» бойынша тек құрылыс компаниясы мен оның сатушы ұйымы өткізетін жаңа тұрғын үйге ғана кредит берілетіні мәлім. Бірақ «Баспана хит» Ұлттық банктің базалық ставкасына тікелей тәуелді. Мәселен, қазір бұл ставка 9,25%-ды құрайды. Соған «Баспана» ұйымы өзінің 1,75%-дық үстемесін қосқанда, түпкі тұтынушы үшін ипотеканың ақырғы сыйақысы 11%-ға шығындайды. Бұл ретте базалық ставка инфляцияға тәуелді екені мәлім. Тиісінше, егер инфляция 4 пайыздан азға дейін төмендесе, ақыр соңында әлгі ставка да құлдырап, ипотека да әлдеқайда арзандамақ. Қазақстанның қаржылық реттеушісі алдағы 2019 жылы осы базалық ставканы 8 рет қайта қарайтынын хабарлады. «Базалық мөлшерлеме бойынша шешімдер мына кестеге сәйкес 8 рет қабылданады: 14 қаңтарда, 4 наурызда, 15 сәуірде, 3 маусымда, 15 шілдеде, 9 қыркүйекте, 28 қазанда және 3 желтоқсанда. Базалық ставка жөніндегі әрбір шешім Астана уақыты бойынша 17.00-де жарияланатын болады. 2019 жылы 4 наурызда, 3 маусымда, 9 қыркүйекте, 9 желтоқсанда қабылданған базалық мөлшерлеме жөніндегі төрт шешім талдау және болжау жүйесі шеңберіндегі болжамдық раундтардың нәтижесіне сүйенбек» делінген құжатта. Рас, сарапшылар әлемдегі қазіргі күрделі ахуал кесірінен бұл қайта қараулар кезінде базалық мөлшерлеме төмендемей, керісінше, ұлғайтылуы мүмкіндігін ескертеді. Мысалға, инфляцияның күтілгенге қарағанда, неғұрлым жоғары қарқынмен бәсеңдеуі арқасында Ұлттық банк биыл базалық ставканы жыл басындағы 10,25%-дан маусымда 9%-ға дейін біртіндеп төмендетті. Алайда тамыздан бастап, АҚШ пен бірқатар елдер арасындағы халықаралық сауда қақтығыстарының, сонымен бірге, АҚШ-тың әлемдік экономикалық өсуге тежеуші ықпал еткен санкцияларының салдарынан жаһандық нарықтағы ахуал нашарлап кетті. Бұған қоса, долларды шығаратын америкалық құрылым – Федералдық резерв жүйесі (Federal Reserve System, Құрама штаттардың орталық банкі) базалық ставкасын көтерді де, инвесторлар үшін америкалық активтердің тартымдылығы еселеп артты. Осыған орай елімізден капиталдың кері ағып кете бастауына тоспа құру және теңгенің күрт құнсыздануына жол бермеу үшін Қазақстанның Ұлттық банкі биылғы қазанда базалық мөлшерлемені 9,25%-ға дейін көтерді. Данияр Ақышев жаһанның жарқын келешегін көмескі ететін алпауыттар арасындағы текетірестер ахуалында амалсыздан ұлттық валютаны құлдыраудан құтқаруға мәжбүр болғанын мойындайды. «Ресейге қатысты санкциялардың қатаңдатылуы туралы жаңалықтар аясында тамызда және қыркүйекте Ресей рублінің айтарлықтай әлсіреуі және соның салдарынан теңгенің де айырбастау бағамына қысымның күшеюі байқалды. Нәтижесінде, шетелдік валютаға деген сұраныс пен ұсыныс арасындағы балансты қалпына келтіру үшін Ұлттық банк 2017 жылғы қазаннан бері алғаш рет, 2018 жылғы қыркүйекте 520,6 миллион доллар көлемінде ішкі валюта нарығында интервенция жүргізді. Бұл интервенциялар теңгенің айырбастау бағамын күшейткен жоқ, бірақ теңгенің іргелі факторлармен негізделмеген әлсіреуіне алып келетін теріс фонды төмендетті» дейді қаржылық реттеуші. Мұндай жағдайдың келесі жылы да қайталанбасына еш кепіл жоқ. ҰБ қолайсыз күйзелістердің ықпалымен тәуекелдер күшейген жағдайда әлдеқайда қатаң ақша-кредит саясатын жүргізуге дайын екенін нықтады. Бірақ, Данияр Ақышев теңгенің бағамы мемлекет тарапынан қатаң бекітілетін бұрынғы тәжірибе келмеске кеткенін, оған оралмайтындарын айтады. «Валютаның айырбастау бағамы 2019 жылы еркін айналым (свобод-ное плавание) қағидатына сәйкес қалыптастырылатын болады. Бұл ретте валюталық нарыққа араласу – инфляциялық таргеттеу қағидаттарына қайшы емес. Айырбастау бағамының елеулі әрі тұрақсыздандыратын құбылуларын жою үшін Ұлттық банк валюталық өктемдік-интервенциялар жүргізу құқығын өзіне қалдырады. Бұл шаралар тек теріс салдарды жұмсарту үшін ғана қолданылады. Ондай жағдайда Ұлттық банк мемлекеттің алтын-валюталық резервтері есебінен ішкі валюта нарығында операциялар жүргізуінің себептеріне түсініктеме береді әрі жүргізілген операциялардың көлемін жариялайды» деп уәде етті қаржылық реттеуші. Ақша-кредит саясаты аясында келер жылы Батыстың валютасына бізде тыйым салынбайды, бірақ доллардың кей салаларда адымы шектеліп, аяғы тұсалмақ. «Ел ішіндегі есеп айырысуларда, баға қалыптастыруда шетел валютасын пайдалану өрісін тарылту жалғастырылады. Сондай-ақ сауда бойынша басқа әріптес елдердің орталық банктерімен бірге, халықаралық операцияларда өзіміздің төл ұлттық валюталарымызды пайдалануға көшу бойынша жұмыс жалғасады». ҰБ 2019 жылы да банктердің дамуына баса мән беретінін атап өтеді. Осы орайда төлемқабілетті банктерге қарыз беру, кепілмен қамтамасыз етуді кеңейту шаралары іске асырылмақ. – Қаржы секторын тұрақтандыру – экономикалық өсімді ынталандырудың маңызды бір шарты. 2017-2018 жылдары Қазақстан Республикасы банк секторының қаржылық орнықтылығын арттыру бағдарламасы іске асырылды: ол банк секторын төлем жасауға қабілетсіз банктерден тазартуға, активтердің сапасын арттыруға, сондай-ақ кредиттік белсенділіктің өсуі үшін болашаққа әлеует жасауға мүмкіндік берді. 2019 жылы Ұлттық банк жаңа қадағалау практика- сын – тәуекелге бағдарланған тәсілді енгізеді. Бұл тәсіл Еуропалық одақ елдерінің, АҚШ-тың, ЕАЭО-ның (Ресей мен Беларустың) халықаралық тәжірибесін ескере отырып іске асырылады. Банк секторын сауықтыру, оны реттеу мен қадағалаудың жаңа тәсілдерін енгізу банк салымшылары үшін тәуекелді айтарлықтай төмендетуге тиіс, – делінген ақша-кредит саясаты туралы құжатта. Алдағы жылы қаржылық секторды біраз жаңалықтар күтеді. Атап айтқанда, 2019 жылғы қаңтардан бастап «Қазақстан қор биржасында» (KASE) бір жылдық мерзімді «валюталық своп» іске қосылады. Жаңа құрал «банктерге 1 жылға дейінгі мерзімге қаражат тартуға және валюталық тәуекелдерді хеджирлеуге мүмкіндік береді». Мұның сыртында Ұлттық банк тәуелсіздіктің өткен кезеңінде белсенді қолданылып келген «Жеті күндік қысқамерзімді ноталар шығару» тәжірибесін тоқтатады. Нота дегеніміз – қаржыгерлер тілінде құжатсыз, электронды түрде айналымда болатын мемлекеттік дисконталған құнды қағаз. Олар бұдан былай ең қысқа дегенде 1, 3, 6 және 12 ай айналыс мерзімімен шығарылмақ. Ал қазіргі 7 күндік қысқамерзімді ноталар эмиссиясы орнына «депозиттік аукциондар» енгізіледі. Бұдан өзге, Ұлттық банк 2019 жылы «Қазақстан қор биржасы» АҚ-ында ақша және валюта нарығының алаңы жабылаты-нын мәлім етті. Осыған орай, ҰБ тұрақты қолжетімділіктің қосымша операцияларын (депозиттер, репо, своп) жүргізуге болатын арнайы жаңа алаң құру мәселесін қарастыруда. Ол алаңдағы опера-циялар тек банктер мен ҰБ арасында ғана жүргізілетін болады. Қалай болғанда да, қаржы саласы келесі жылы еш іш пыстырмай, өзгерістер және құбылулармен елді ұдайы елеңдетіп отыратын түрі бар.

Айхан ШӘРІП

Add a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *