Тұрардың Күредегі күндері

20150531112550Биыл қазақтың қадірлі тұлғасы, Алаштың аяулы азаматы, ұлт бақыты жолында шейіт кеткен Тұрар Рысқұловтың туғанына 125 жыл. Лауазымды қызметте жүрсе де ұлт үшін талай басын қатерге тікті. Алаш ардақтысының өткен ғасырдың 20-жылдары Моңғолияда қызмет сапарымен болған күндері туралы мақаланы сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Коминтерн жолы ХХ ғасырдың басында пайда болған 1917 жылғы Қазан төңкерісінің нәтижесінде бұрынғы патшалық Ресей «Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы» деген жаңа атпен құрылып, таптық көзқарасқа негізделген идеологиялық бағыт ұстанды да, халықаралық жағдай саяси-экономикалық текетіреске ұшырап, әлем елдері екі жікке (социализм және капитализм) бөліну процесі басталды. Осы орайда дүние жүзі халықтарына кеңестік көзқарасты насихаттау, тереңдеп айтар болсақ мойындату, бойұсындыру мақсатында халықаралық дәргейде қызмет атқаратын құрылымдар қажет болды. Соның бірі – Коминтерн. 1919 жылы алғаш құрылған бұл ұйым өзіне коммунистік партияның бас штабы іспеттес міндет жүктеп, дүние жүзіне идеялық үстемдік орнатуға талпынды. Уақыт өткен сайын ұйымның ауқымы кеңейіп, 1920 жылы Шығыс және Қиыр Шығыс халықтарының арасына революциялық жұмыс жүргізетін Коминтерннің жаңа секциясы құрылды. Аталған секцияның қызмет атқару аясына Қытай, Жапония, Корея, Моңғолия елдері қамтылып, әсіресе Кеңес Одағымен іргелес ел, үлкен саясатқа шорқақ, көшпенді жұрт, кең қолтық моңғолдардың бетін тезірек қаратып алу үшін сол халықтың тілі мен дәстүрін жақсы білетін әрі қандас бауыры бурят зиялылары Ц.Жамсрано мен Э.Ринчиноны «Моңғолды коммунизмнің кең жолына бағыттаңдар» деп аттандырды. Элбегдорж Ринчино Петербор университетін бітірген әрі панмоңғолизм қайраткерлерінің бірі болса, Цэбэн Жамсрано КСРО Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, ғалым адам еді. – Осы жылдары, – деп жазады моңғолиялық зерттеушілер И.Саруул, Ч.Дашдаваа өздерінің «Коминтерн өкілі Т.Рысқұловтың Моңғолиядағы іс-әрекеті» атты 2016 жылы Ұлан-батыр қаласында жарық көрген монографиясында: «1924 жылдың 20 мамыр күні ұлыстың билігін ұстап отырған діни-әкімшілік басқарушы Богда хан өліп, халық алмағайып күйге ұшырап, ес жыя алмай тұрған тұста, кеңестік билікті қолына қондырған большевиктер феодал-дық-патриархалды Моңғолияны социализм жолына салып жіберуді ойластырды. Ол үшін елдің әкімшілік құрылымын өзгертіп, социалистік бағыт-бағдарға жөн сілтейтін құқықтық заң конституциясын қабылдату керек болды» дейді. Жоғарыдағы мақсатты жүзеге асыру жолында Коминтернге панмоңғолизмді аңсаушы Ринчино емес, басқа қайраткер қажет болған сияқты. Сөйтіп Коминтерннің атқару комитетінің Басқарма мүшелері жоғарыдағы мақсатқа сай келетін тұлға ретінде қазақ Тұрар Рысқұловты таңдап, оны Коминтерннің өкілі ретінде Моңғолияға жіберуді ұйғарады. Нәтижесінде Т.Рысқұловқа Коминтерннің атқару комитеті Басқарма мәжілісінің қаулысы бойынша Моңғолияға Коминтерннің өкілі ретінде Моңғол Халық партиясы мен Жастар Одағының ісін үйлестіру міндеті жүктеліп, Коминтерннің Атқару Комитеті Басқарма мүшесі Мануильский мен Шығыс бөлімінің меңгерушісі Войтинскийлердің қолы қойылған №420 куәлік беріледі. Қазақ қайраткері Тұрар Рысқұлов бұған дейін Кеңес Одағының Түркістан Автономиялық Республикасы Кеңестері Орталық Комитетінің және Халық комиссарлары кеңе-сінің төрағасы, Коммунистік партияның мұсылман бюросының төрағасы, Кеңес Одағының Ұлт істері Халық комиссарының орынбасары, Коминтерннің орталық аппаратында жоғары лауа-зымды қызмет атқарып, мемлекет және партия саласында ұйымдастыру қызметінің бай тәжіри-бесін жинақтаған көрнекті қайраткер дәрежесіне көтерілген тұлға еді. Яғни, Моңғолияны Коми-нтерн жолына бағыттауға тәжірибесі де, білімі де жетерлік болатын. Күредегі құрылтай Тұрар Рысқұлов Моңғолия елінің әкімшілік орталығы Күре қаласына 1924 жылдың қазан айында келеді. Бұл шамада Күре (Хүрээ) шаһары қала деуден гөрі буддизмнің діни ғұрыптық рәсімдерін атқаратын, шамамен 15 мыңдай тұрғыны бар сауда-саттығы дамыған шағын кент іспеттес орталық екен. Жаңа жер, жат елге табан тіреген Тұрар өзіне жүктелген міндетті жедел түрде атқаруға кіріседі. Ең әуелі елді социализмнің сара жолына түсіру үшін «Моңғол мемлекетінің тұңғыш конституциясын жасап, оны жедел қабылдату қажет» деген тоқтамға келеді. Т.Рысқұловтың Моңғол елінде атқарған қызметі мен саяси белсенділігін ұзақ жыл зерттеп, осы тақырыпта бірнеше еңбек жазған тарих ғылымдарының докторы, тұрартанушы Мініс Әбілтай өзінің ««Тұрар Рысқұлов: Архив құжаттары» атты 2004 жылы Түркістан қаласында жарық көрген еңбегінде: «Т.Рысқұлов ел басқару үшін Ата заңның ауадай қажет екенін Моңғолияның партия және өкімет қайраткерлеріне түсіндіріп, оларды сендіре алды. Нәтижесінде өкімет басшысы Церендоржи басқаратын конституциялық талқылау кеңесін құ-рып, оларға төтенше құқық беруге қол жеткізді» деп жазады. Рысқұлов осы жылдары Комин-терн басшылары Маниульский мен Войтинскийге жолдаған алғашқы баяндамасында: «Конституцияның жобасын мен жолдас Всесвятскиймен бірігіп жасадым. КСРО мен ДВР-дың Конституциясын және басқа да конституцияларды пайдаландым. Жобаны үкіметтің төтенше комиссиясы талқылады. Комиссия ұсақ-түйек түзетулер енгізіп, жобаны мақұлдады», деп жазады (Әбілтайұлы М. Тұрар Рысқұлов Моңғол елінде. 3 томдық шығ/жиғағы. 1-том. 74-б). Сөйтіп жоғарыда айтылғандай төтенше құқықты комиссия мақұлдаған конституцияны жалпы-халықтық құрылтай ашып, бүкілелдік талқылау өткізіп, Ата заң ретінде қабылдату мәселесі күн тәртібіне қойылды. Нәтижесінде 1924 жылы 8 қараша күні елдегі барлық әкімшілік құрылымдардан сайланған 77 өкілдің бас қосуымен 20 күнге созылған алғашқы құрылтай бас-талды. Құрылтай барысында біз үшін айта жүрерлік тарихи оқиға жиынға Тұрар Коминтерн атынан қатысса, Қазақстан елінен өкіл ретінде Қангелдинов деген адам қатысып, бұл кісінің құрылтай қонақтарына қаратып айтқан «Алты миллион қазақ халқы атынан сіздерді құттықтаймын» деген жүрекжарды сөзі Ұлан-батыр қаласындағы архивтік мекемелерде әлі күнге сақтаулы тұр. Тарих ғылымдарының докторы Зардыхан Қинаятұлы осы тұлға жайлы: «Қангелдинов 6 миллион қазақ атынан сөз сөйлегеніне қарағанда өкімет орындарында қызмет атқарған адам болса керек. Өз басым бұл тұлғаның өмір жолын зерттей келе, 1923 жылы Мәскеуде «Қызыл профессура» академиясының екі жылдық курсын тәмамдап, Коминтерннің атқару комитетінің Шығыс бөлімінде қызмет атқарғанын анықтадым», депті. Сонымен қатар құрылтайдың негізгі баяндамасын жасаған Тұрар ағамыздың лебізінде күллі моңғол жұртына бағыттап айтқан: «…өз іштеріңіздегі басқадай ұлт өкілдеріне көмектесе жүріңдер» деген тарихи сөзі бар.
Осыны зерттеушілер Моңғолиядағы азғана қазақты қорғау мақсатында айтылған пікір дейді. Бұл әбден мүмкін, өйткені тарихшы-ғалым З.Қинаятұлы Бай-өлке қазақтарының 1940 жылы жеке әкімшілік аймақ ретінде құрылуы, осындағы Тұрардың жүрекжарды пікірінің нәтижесі және басқа ұлт өкілдерінің құқықтық мәртебесін сақтау жайында өзінің авторлығымен жасалған Моңғолияның алғашқы Ата заңына енгізіп кетуінің көрінісі дейді. Расында, бұл құрылтай қазіргі тәуелсіз Моңғолия тарихында ерекше орны бар жиын ретінде тарихта қалды. Өйткені бұл құрылтайда моңғолдар мемлекеттік даму бағытын айқындаумен қатар, тарихта тұңғыш рет өздерін тәуелсіз ел деп жариялап, мемлекет астанасының атын өзгертті. Нәтижесінде жаңа Конституция Моңғолиядағы бұрынғы монархиялық басқаруды жойып, парламенттік тың жүйе орнатты. Ел парламенті Ұлы құрал құрамында тұрақты жұмыс атқаратын 30 мүшесі бар Кіші құрал деген екі палаталы заң шығару органы іске қосылды. Сөйтіп Т.Рысқұлов Шыңғыс хан елінде тұңғыш рет парламенттік демократиялық жаңа жүйенің іргетасын қалап, дүниеге Моңғолия дейтін мемлекетті алып келді. Астанаға ат қою Тұрар ағамыздың атсалысуымен Ата заңын қабылдаған Моңғол елінің шешілмей тұрған тағы бір мәселесі бар еді. Ол ел астанасының атауы болатын. Жоғарыдағы құрылтайға қатысқан өкілдер «жаңарған елге көнерген атау жараспас» деп астана Күренің (орысша Урга) атын өзгерту туралы шешімге келеді. Жиынды басқарып отырған Тұрар Рысқұлов жергілікті құрылтай өкілдеріне «Ал жаңа астанаға ат табыңдар?» деп ортасына уәж тастайды. Өкілдердің дені ел орталығына «Астана қала» деген ат беруді ұсынса, екіншілері «Бейжің» немесе «Үлкен Бейжің» деген атауды құп көретіндіктерін айтады. Ортақ мәмілеге келе алмаған екі топ ақыры «Батыр қала» деген атауға тоғайласып, пәтуа біріктіреді. Өкілдер пікіріне қаныққан қазақ ұланы Т.Рысқұлов: «Моңғол халқының барлық болмысы астананың атына тікелей байланысты бол-ғандықтан, оның атын өзгерту туралы пікір бірден-бір дұрыс. Астанаға ат бергенде заманымыздың белгі-бейнесін ескере отырып, революцияшыл сипаты бар ат бергеніміз дұрыс деп санаймын. Осы жағдайды ескере келе, астанаға Ұлан-батыр («Город красного богатыря») деген ат ұсынамын» дейді. Дәл осы сәтті күтіп тұрғандай моңғолиялық қазақтар атынан құрыл-тайға өкіл ретінде қатысушы Дәуітбай Тауданбекұлы дейтін жігіт ағасы Тұрарды қолдап, ұрандап шыға келеді. Бұл мәселе жайлы ауқымды зерттеу жасап, архив құжаттарымен жете та-нысқан тарихшы Зардыхан Қинаятұлы ағамыз «екі қазақ алдын ала келісіп, пікір тоқайластырып алған» деген пайым жасапты. Тұрар Рысқұловтың Моңғол елінің даму бағытын феодалдық сатыдан тура социалистік сатыға өту мәселесін құптай қоймайтын тұлғалар да табылды.
Осы топтың басында солшыл эсер партиясының мүшесі, атышулы арандатушы Элбегдорж Ринчино тұрды. Моңғолияға Тұрардан бұрынырақ келген Ц.Жамсрано, Э.Ринчинолар Моңғол халық партиясының мүшесіне өтіп, партия мен үкімет органдарында жоғары лауазымға ие болып үл-герген-тін. Бұл адамдар расын айтқанда Рысқұловқа ашық қарсы шықты. Тарихшы М.Әбілтайұлы бұл қайшылықты «Э.Ринчиноның панмоңғолизм идеясынан туған бүлік» деп пайымдап, оның артында Жапонияның әскери көмегіне сүйенген ақгвардияшыл атаман Семеновтың панмоңғол идеясын көтеруі әсер етті депті. Ақыры бұл мәселені тергеп-тексеруге Коминтерн тағы бір өкілі – М.Амгаевты жіберді. Тиісті құжаттармен танысқан ол Т.Рысқұловты қолдап шығыпты. Тіпті ол Рысқұловты қызметтен босату туралы мәселе көтерген Кеңес Одағының елшісі Васильевтің шешімі жайлы «Елшінің қатесі Т.Рысқұловқа беделді саяси ұйымның өкілі деп қарамай, жай бір саяси нұсқаушы ретінде қарағандығында» деп жазыпты. Осылай Моңғол елінде қызмет атқарған тоғыз айда ғасырға татитын іс атқарған Тұрар 1925 жылы шілде айының аяғында қайтып оралды.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ

Add a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *