БАЛЫҚТА – ТІЛ ЖОҚ, БАСТЫҚТА – ҮН ЖОҚ

Atyrau-oblysy-balyk-640x480Мемлекет басшысы экологиялық ахуалды жақсартудың шараларын қаперден шығарған емес. Елбасы тапсырмасымен Сенат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылдаған. Аталған құжат ұлттық экологиялық заңнаманы Орхус конвенциясына сәйкес келтіруге бағытталған.

Орхус конвен-циясының негізгі мақсаты – қоршаған орта саласындағы мәліметтердің ақпараттық қорын қалыптастыру. Аталған мақсатта заң аясында экологиялық ақпараттардың мемлекеттік қоры арқылы қоғамды ақпараттандыру жүйесінің тәртібі де қарастырылған. Осы негізде қоршаған ортаның жағдайы мен табиғи ресурстарды пайдалану бойынша жыл сайынғы Ұлттық баяндама әзірлеу көзделеді. Қазақстанда қортпа, қабыршақты және жалаңаш көкбас, бекіре, май балық, шоқыр, табан, пілмай, қылышбалық, сүйрік, алтын және күміс түсті мөңке балық, қарынсау (бадырақ көзділерін және дөңгелек бастыларын қоса алғанда), сазан, тұқы, қара жон, ақ және шұбар дөңмаңдай, құбылмалы бахтах, жайын, майқан, нәлім, көкшұбар балық, кәдімгі алабұға, көкшарбы, пайда балық, көксере, шыр, беріш, мұқсын, жыланбас балық, сібір хариусы, буффало, тікенді балық, түйетабан, шортан, торта, қаракөз, тұрпа балық, шабақ, аққайран, кәдімгі және таластық тарақ балық, ақ амур, қызыл қанат, ақмарқа, балпан балық, оңғақ, білеу балық, қызылкөз, айнакөз, қарапайым шармай, көктран сияқты балық түрлері барын білесіз бе? Осының бәрі – бір Құдайдың адамзат баласына берген несібесі. Жыл сайын жер бетінде қанша миллион тонна балық ауланады: мұхиттар мен теңізде, көлдер мен тоғандарда балық аулаумен мыңдаған кәсіпорын айналысады; алып жатыр, алып жатыр… Сонда да балық азаймайды. Адам баласы табиғатқа зорлық жасаумен келеді. Өзен-көлдерді ластау әрекеті тыйылмай тұр.
Соның салдарынан айтарға тілі жоқ, шығарар үні жоқ балық байғұс жүз мыңдап қырылып жатыр. Мәселен, Атырауда «Жұмыскер» және «Геолог» ықшамаудандары маңында алабұға, торман, қылышбалық секілді қара балықтар қырылғаны тіркелді. Перетаск өзенінде бір тоннадан астам қылышбалық, мөңке балық, ақтабан, қаракөз балықтары табылған. Осыған байланысты ведомствоаралық комиссия құрылған. Олар қырылған балықтан аммиак табылғанын растады. Арада апта өтпей Атырау облысындағы Жайық өзенінде балықтардың жаппай қырылғаны анықталған. 2018 жылдың желтоқсанынан бері Жайық өзенінен 87,7 тонна өлі балық жиналып алынған. Өлі балықтарды жинаумен еріктілер айналысып жатқанға ұқсайды. Облыстық Экология департаментіндегілер осы уақытқа дейін тіркелген деректер бойынша тексеріс қорытындысы желтоқсанның соңына қарай анықталатынын мәлімдеген-ді. Осы жағдайға байланысты Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы балықтың жаппай қырылу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалатынын жария еткен еді. Балықтың жайы – белгілі. «Біз қырылдық» дей алмайды. Ал Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшылары неге үндемейді?

Нұртөре ЖҮСІП

Add a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *