Иса пайғамбардың найзасын Гитлер де тығып ұстаған

20190124122953200_big2018 жылы Армения астанасы Ереванда революция болды. Үкімет толық құрамда доғарысқа кетті. Қан төгілмесе де, қалың жұрт митингіге шықты. Сол кезде «Арменияда сақтаулы Христостың найзасын құпия түрде шет елге шығарып жіберіпті» деген жел сөз халықтың құлағын көтеріп жіберді. Жұрт жапа-тармағай Ереванға тиіп тұрған Эчмиадзин қаласындағы храмға басып кіріп, діндарлардан «Тағдыр найзасын» көрсетуді талап етті. Шынында да дәл сол кезде найза Нъю-Йорктегі көрмеге әкетілген екен. Армян шіркеуі елге амалсыз елу жыл бойы көзден таса етіп келген найзаның көшірмесін көрсетуге мәжбүр болды.

Христиан дінінің қасиет тұтар заттық белгісі, Иса пайғамбардың біздің заманымызға жеткен найзасы шынымен де Айастан елінде ме?
Ағылшын мамандарының ең соңғы зерттеулері анықтағандай, Иса пайғамбардың найзасының түпнұсқасы Арменияда сақтаулы тұрған шолақ найза делінген-ді. Ал Вена мен Римдегі (Ватикан), Краковтегі найзалар жасанды көшірме деп танылған. Айтып отырғанымыз, айшыққа таңылған Исаның жан төзгісіз азабын тоқтатып, ажал құштырған Лонгиннің найзасы туралы болып отыр. Шіркеудің жеткізуінше, Иса пайғамбардың қабырғасын найзамен сөккен және одан аққан қаннан көз ауруынан жазылған жауынгер – дәл осы аты аталған Лонгин. Иса пайғамбарды керіп өлтіргеннен кейін Лонгин өзінің жасағымен Иса ғалейкум ассаламның жатқан орнын күзетеді. Иуда болса оларды Құдайдың құдіретімен көкке ұшып кеткен Исаның денесін шәкірттері ұрлап кеткені жөнінде жалған түсінік беруге үгіттеп, алтынмен сатып алмақ болады. Ал Лонгин мен оның екі серігі алтынның буына арбалмай, христиандықты қабылдап, Иудадан сырт айналып, Иса пайғамбардың өсиетін орындау үшін ел аралауға шығады. Сол үшін бастары алынып, мәйіттері қоқысқа тасталған. Кейіннен азаппен өлген Лонгин мен оның серіктері шіркеу тарапынан қасиетті әулиелер сапына қосылған. Ал аталған қасиетті қару кімнің қолына түссе, сол әлемді билейді деген түсінік берік қалыптасқан.
Жоғарыда аталған қасиетті найза қазір Арменияның рухани астанасы Эчмиадзиндегі көне храмда сақтаулы дедік. Ал оның күзеті ең соңғы сақтану-дабыл құралдарымен жарақтанған және оған жауапты монахтар ядролық бомбаны күзеткен әскерилерден де сақ. Христиандар найзаны құдіретке ие қылар кілт дегенге имандай сенеді. Найза кімнің қолына түссе, сол бүкіл адам-затқа билігін жүргізбек-дүр.
Екі мың жылдың ішінде өткен христиан патшалары мен императорлары Исаның қасиетті қаны жұққан қару өздеріне әлемді билеу мүмкіндігін сыйлайды деп санады. Тарихи жылнаманың куәлік етуінше, көптеген ел билеушілер қасиетті найзаның түпнұсқасына ие болғандарына өздерін сендіріп келген. Соған орай өздерін де ұлы жаулаушы сезінген. Бірақ олардың ешқайсысы әлемді жеке-дара билей алған жоқ. Қасиетті найзаны қолына алғандардың арасында ғұндардың билеушісі Еділ патша (Атилла), Рим императоры Юстиниан І, король Ұлы Карл, Генрих ІV, Фридрих Барборосса, Карл ІV, т.б. аттары аталады.
Ғасырлар көшіне ілескен қару қоңыз мұрт Гитлердің де қолына түскен. Тарихшылардың айтуынша, жас шағында мистикаға қатты еліккен Адольф Венадағы өнер тарихы музейіндегі найза қойылған сөре алдында сағаттап тұра-тын болыпты. Кейін Австрия Үшінші рейх құрамына өткен кезде, Гитлер тарихи қаруды «империяның құтты қазынасы» етіп жариялаған. Және «Тағдыр найзасы» арқылы бүкіл әлемді билеп-төстейтініне сенімді болған. Яғни екінші дүниежүзілік соғысты бастарда мистикалық қарудың жеңілмейтін күшіне деген соқыр сеніміне қылаудай дақ түсірмеген. Тіпті 1945 жылы Германия күйрей жеңілген кезде де фюрер асыл затты жасыруға тырысқан. Бұған Гитлердің найзаны Антарктидаға суас­ты қайығымен аттандыруға бұй­рық бергені жөнінде сақталып қалған құжаттық дәлелдеме куә. Бірақ бұйрықты орындауға үлгермеген, со­ғыстың соңғы сағаттарында Нюрн­берг­тегі құдық ішіне жасырған деліне­ді.
Құдықтағы қаруды америкалықтар 1946 жылы тауып, Австрияға қайтарды. Бірақ найзаның түпнұсқасы АҚШ-та қалдырылып, Венадағысы тек көшірме екендігі жөніндегі сөз бертінге дейін, яғни найзаны жан-жақты сараптаудан өткізгенге дейін толастаған жоқ. Ақырында талай әміршінің қолының табы қалған найзаның тарихы өте көне болғанмен, бар болғаны «Тағдыр найзасының» көшірмесі екендігі анықталды. Бәлкім, әлемді жеке-дара билемек болған қанды жаулаушылардың жолының болмағандығы осыдан емес пе екен?
Венадағы өнер тарихы музейінде сақтаулы тұрған найзаны жаңа физикалық әдіспен зерттеген – профессор Роберт Фрезер. Оның дәлелдеуінше, аңызға айналған қару жасалған темір VІІ ғасырда өндірілген. Дегенмен жарты метрден сәл ғана ұзынырақ шолақ найзаның дәл ортасында өте көне заманда жасалған темірдің бөлігі бар көрінеді. Зерттеушілер мұны найзаға сіңірілген көнеримдік шеге деп тауыпты. Бәлкім, Исаның денесіне аяусыз сұғылған темір де сол болар! Найзадан «Құдайдың найзасы мен шегесі» деген жазуды да оқуға болады. Дегенмен әлемдік оқымыстылар найзаның түпнұсқасы Арменияда сақ-таулы деген пікірге бірауыздан тоқтап отырғанын айтып өттік.
Иса пайғамбардың денесіне сұғылған «Лонгиннің найзасы» екендігіне материалдық дәлелдеме де бар. Ол – өлген Исаның мүрдесін ораған зығырдан тоқылған кенеп мата. Бұл матада жарадан қалған іздің белгісі сақталынып қалған. Криминалист-сарапшылар матаға оралған марқұм қабырғасының арасынан шамамен ұзындығы жарты метрлік найзадан жарақат алғанын дәлелдеп шықты. Дәрігерлердің пікірінше, найза өкпені көктей өтіп, жүректі зақымдаған. Матаға сіңген дақтағы қанның тобы – А+.Дегенмен матаның жасын зерттеушілер оны 800 жылдың ар жақ-бер жағы деген-ді. 1532 жылы болған өрттен кейін монахтар матаның жанып кеткен бөлігін қалпына келтірген. Оқымыстылар дәл сол кейін қалпына келтірілген матаға тексеру жүргізгендіктен де матаның жасы 800 жылдан аспайды деген қорытындыға келген-дүр. Ал америкалық химик Реймонд Роджерстің зерттеу қорытындысы бойынша, матаның жасы үш мың жылды құрайды.
Ал Ұлыбританияда түсірілген «Христің найзасы» атты деректі фильм авторлары болса, қасиетті найза Америкада өте құпия жағдайда сақтаулы деген ой айтады. Қару Құдыстан (Иерусалимнен) 326 жылы табылған көрінеді. Алдымен Құдыста, кейіннен Константинопльде, Римде сақталған. ІХ ғасыр басында Рим Папасы оны салтанатты түрде император Ұлы Карлге тапсырған. Осы қарумен Карл 47 ұрыста жауын жеңіп шыққан. Аңыз бойыеша, кезекті жеңісінен оралған императордың қолынан қасиетті қару абайсызда сусып жерге түскен, осыдан кейін император көп ұзамай қайтыс болған. Карлден соң найза Рим империясының әр уақытта өмір сүрген 45 билеушісінің қолында ойнаған. Фильм түсірушілерінің айтуынша, 1945 жылы көктемде АҚШ-тың 7- армиясының арнаулы бөлімшесі қасиетті найзаны табу және иемдену жөнінде жоғарыдан тапсырма алған. Ұзақ іздеуден соң әрең табылған найзаны АҚШ генералы Паттон Австрия үкіметіне қайтарған. Қазір ол Вена музейінде сақтаулы. Дегенмен оның тыңғылықты зерттеулер нәтижесінде жасанды болып шыққандығын жоғарыда айтып өттік. Фильм түсірушілер оның түпнұсқасы АҚШ-та өте құпия орында сақтаулы деседі.
Бұл рас та шығар. Қазір әлемдегі шіркеулерде Иса пайғамбардың найзасы делінетін 30 найза бар. Армениядағы найза да соның бір көшірмесі болса керек. Ал шын найза біз білмейтін белгісіз жерде болат сейфте жатуы мүмкін.

Т.ТӘШЕН

Add a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *