«Алтын тақ» – қазақтың рухы

1551321195_article_b_1500_Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында режиссер Рүстем Әбдіраштың «Қазақ хандығы. Алтын тақ» көркем фильмінің тұсаукесері өтті.

Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Centaurus Rustem Abdrashev production» ЖШС-ның қатысуымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген бұл туынды – «Қазақ хандығы» сериалының екінші маусымдық кинонұсқасы. 10 сериядан тұратын тарихи туындының сценарий авторлары – Смағұл Елубай, Тимур Жақсылықов және Рүстем Әбдіраш. Ал жоба авторы – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Алғашқы бөлімі Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы негізінде Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына орай «Алмас қылыш» деген атаумен 2017 жылдың наурыз айында көрерменін қуантса, араға тура екі жыл салып тарихи циклдің «Алтын тақ» аталатын екінші маусымы жалпыұлттық кинопрокатқа жол тартты. Фильмнің режиссері – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, кинорежиссер, сценарист және суретші Рүстем Әбдіраш. Бұған дейін «Құрақ көрпе», «Қаладан келген қыз», «Сталинге сыйлық», «Елбасы жолы» киноэпопеясының, «Балалық шағымның аспаны», «От-өзен», «Теміртау», «Тығырықтан жол тапқан» және «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» атты кинотуындыларымен киносүйер қауымның құрметіне бөленген режиссер кезекті жұмысында да сол биігін бәсеңдетпепті.
– «Қазақ хандығы» сериалының бірінші маусымы отандастарымыздың тарихқа деген қызығушылығын оятты. Шығармашылық топтың атына көптеген алғыс хат келіп түсті, ғаламтор және әлеуметтік желілер арқылы жылы лебіздер алдық. Көптеген пікірталас пен сын да болды. Халық тарапынан осы жобаның жалғасын түсірсе екен деген тілегін аңғардық. Бұл біз үшін өте маңызды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық мәдениетіңді, ұлттық кодыңды сақтай білу. Олар сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды» делінген. Елбасымыздың осы айтқаны фильмнің идеясымен ұқсас. Сонымен қатар Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көтерілген мәселелер де біздің жұмыста көрініс тапқан.
Мәселен, фильм арқылы көшпенді халықтың бай мәдениетін көріп, оның тыныс-тіршілігіне үңілуге болады, – дейді режиссер Рүстем Әбдіраш. Қос бөлімнен тұратын көп сериялы тарихи циклдің түсірілім жұмысына төрт жылдан аса уақыт кеткен. Осы уақыт аралығында шығармашылық құрам кәсіби кемелденіп қана қоймай, бір үйдің балаларындай туыстасып та үлгеріпті. Фильм продюсері Арман Әсеновтің айтуынша, тарихи киноның түсірілім жұмыстары Алматы облысында мамырдың басында басталған. Кейінірек Түркістан облысының Елтай ауылы маңындағы Иірсу жайлауына ауысып, еліміздің тарихи қалалары – Тараз және Түркістанда жалғасын тапқан.
Сондай-ақ түсірілім тобының режиссері Рүстем Әбдіраштың бастамасымен Керей мен Жәнібек хандардың тұрағы – төрелердің ауылын арнайы жасап шығуы тарихи фильмдегі дәуір тынысын барынша шынайы жеткізуге септескені сөзсіз. – Оқырман қауым Ілияс Есенберлин шығармаларынан жақсы білетін фильмнің «Алтын тақ» аталатын келесі бөлімінде оқиға желісі Жәнібек пен Керей хандардың Әбілқайыр Шайбани ұрпақтарымен Қазақ хан-дығының Сығанақтағы таққа таласы айналасында өрбиді. Бұл – қазақ тарихындағы күрделі кезеңде-рдің бірі. Бірінші маусыммен салыстырғанда, киноэпопеяның бұл бөлімінде көптеген шығармашылық тәжірибеге бардық. Оқиға сюжеті әлдеқайда қызықтырақ, динамикасы жағынан да жылдам. Экшн көп болады. Көрермен көңілінен шығады деген сенімдеміз, – дейді фильм продюсері А.Әсенов. Рас, дилогияның алғашқы бөлімімен салыстыра сараптағанда, екінші маусымда шығармашылық құрамның кәсіби тұрғыдан ширыққаны, тарихи көркем туынды түсірудің тетіктеріне барынша бойлағаны байқалады.
Продюсер айтпақшы, фильм барынша сюжет нанымдылығы мен экшн әдістерін игеруге батыл қадамдар жасаған. Сол арқылы картинаның оқиға динамикасын арттырып, драмалық қайшылығын қалыңдатқан. Қайрат Кемалов, Еркебұлан Дайыров, Досхан Жолжақсынов, Иісбек Әбіл-мәжинов, Аян Өтепберген, Мейірғат Амангелдин, Ниязбек Шайсұлтанов, Қарлығаш Мұхамеджанова, Іңкәр Әбдіраш, Әлішер Сүлейменов бастаған актерлер жұмысынан да сәтті ізденістер ізін көруге болады. Мұның барлығы шығармашылық құрам еңбегі десек те, бізді қуантқаны – «Қазақстан» Орталық концерт залына ине шаншар орын қалдырмай жиналған көрермен қауымның ыстық ықыласы болды. Фильм тұсаукесерін асыға күткен кәрі-жастың жанарынан төл тарихын тануға деген шексіз махаббат пен қызығушылықты аңдауға болатын еді сол кеште. Біткен іске сыншы көп. Жалпы, тарихи фильмдердің түсірілім жұмыстары ел арасында түрлі пікірталастарға арқау болып, тым жиі сыналып та жатады. Қазіргі таспаланып жатқан тарихи көркем туындыларды «өнер деңгейінен алшақ» деушілерді де көп кездестіреміз. Әйтсе де өнер – шарттылық. Әр жанрдың өз қажеттілігі мен міндеті бар.
Мәселен, талай фестивальдарда топ жарып жүрген небір үздік фильмдердің барлығының бірдей осылай көрермен сезімін қозғап, рухын оятып жатқаны сирек. Оның үстіне, кітап оқу дағдысын әлдеқашан ғаламтордың жарқ-жұрқ қызығына алмастырған жастар санасына тарихтың ақтаңдақ беттерін қайта ашқызып, өткенінен өнеге алуы үшін де жалпы мұндай фильмдер аса қажет. Оны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында жан-жақты атап өтті. Осы тұрғыдан келгенде, тарихымызды көркем фильм тілінде жеткізуде жан-жақты әрі тыңғылықты ізденіп, тер төгіп жүрген режиссер Рүстем Әбдіраштың және режиссер маңайына жиналған талантты шығармашылық құрам еңбегі айрықша атап өтуге лайық.

Назерке ЖҰМАБАЙ

Add a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *