Қайта оралған Зиданнан қайыр бар ма?

1552528069_article_b_1500_Зиннедин Зидан «Реал Мадридке» қайта оралды. Естеріңізде болса, Зизу 2015-2018 жыл аралығында «Реал Мадрид» клубын жаттықтырып, қатарынан 3 рет Чемпиондар лигасын, 1 мәрте Ла Лиганы жеңіп алған еді. Бұдан бөлек, бірқатар кубокқа ие болды. Алайда былтырғы мамырда күтпеген жерден «корольдік клубтан» кететінін мәлімдеген-тұғын. Енді, үш тараптан – Чемпиондар лигасы, Испания кубогы, ел біріншілігінен үміт үзген тұста, Зидан сүйікті командасын құтқаруға қайта оралды.

Шыққан тегі алжирлік Зиннедин туралы сөз болғанда ресейлік комментатор Василий Уткиннің мына сөзі еске түседі. «Зидан – адам емес, антилопа! Қандай керемет!» Зизуды бұдан артық сипаттау қиын. Шын мәнінде, француз өзі ойнаған командасына жаңа леп пен ерік-жігер сыйлайтын. Кейін бапкерлікке келгенде де шәкірттерін алаңда барын салуға баулыды. Бір қызығы, алғаш рет Зидан «Реалға» бапкер болып келгенде де осылай команданы құтқару үшін жан ұшырып жеткен-ді. Естеріңізде болса, клуб президенті Флорентина Перес бас бапкер Рафаэль Бенитестің нәтижелеріне көңілі толмай, оны қызметінен кетірген-тұғын. Сол маусымда команда тізгінін ұстаған Зизу келе сала Чемпиондар лигасын жеңіп айды аспанға бір-ақ шығарғаны есімізде. Келесі жылы тағы да Чемпион-дар лигасында топ жарып, ел біріншілігінде үздік шықты. «Реалдың» қатарынан үшінші рет «қос құлақты кубокты» басына көтеруіне осы Зизудың сіңірген еңбегі өлшеусіз. Зидан «Реал Мадридтен» дер кезінде кете білді. Кез келген команданың жеңіс Эвересіне шыққаннан кейін босаңдық танытатыны белгілі. Мұндай жағдайда клубқа серпін беретін жаңа адам керек. Мұны Зизу жақсы түсінді. Ол өз шешімін «Қажет кезде «Реалдан» кеттім. Екі жарым жыл ішінде көптеген кубокқа ие болдық. Бәлкім, ойыншылар да өзгерісті қажет еткен шығар», деп түсіндірді. Кей басылымдар Зизудың басшылықпен келісе алмады деп жазғаны есімізде. Бұған негіз бар секілді. Өйткені Зидан келе сала клуб басшылығына үш талап қойған. Испаниялық AS газетінің деректеріне сүйенсек, біріншісі – үздік «жұлдыздарды» командаға әкелу. Басылымның сөзіне сенсек, Зизу құрамға Килиан Мбаппе, Эден Азар, Пол Погба секілді ала доптың шеберлерін шақыруды жөн көреді. Сондай-ақ Марсело секілді қыр-сырын жақсы білетін футболшыларды клубта қалдыруды сұраған. Екінші талап – толықтай еркіндікке ие болу. Яғни, команданы жасақтау барысында қабылдаған шешімдеріне басшылықтың араласпауын өтінген. AS газеті, мәселен, Зизу бұған дейін шабуылшы Гарет Бейлді сатылымға шығару қажеттігін айтқанын келтіреді. Бұдан кейін француз жалақы мәселесін де шешіп алуды жөн көрген сыңайлы. AS басылымының хабарлауынша, Зиннедин шамамен жылына 20 миллион еуро төлеу қажеттігін айтқан екен. «Реал Мадрид» клубының президенті Флорентино Перес аталған талаптардың бәріне келіскен көрінеді. Мұның қаншалықты рас екені әзірге белгісіз. Әйтсе де, анық бір нәрсе бар. Зидан «Реалды» жаңадан жасақтап, келесі жылы оны үздіктер бәйгесіне қайта қосуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, француз бірқатар қиындықтарға тап келуі мүмкін. Біріншіден, команданың басты жұлдызы – Криштиану Роналду «Ювентус» клубына ауысып кетті. Енді, португалдық шабуылшының қайта келуі екіталай. Оның үстіне, КриРо туриндіктердің сүйікті ойыншысына айналып үлгерді. Бұрын «Реалдың» ойыны негізінен осы Роналдуға бейімделген болатын. Роналду кеткеннен кейін гол соғу міндетін өзіне алуы тиіс Гарет Бейл де, Карим Бензема да артылған үмітті ақтамады десек қателеспейміз. Ендеше, ең әуелі Зидан «Реалдың» шабуыл шебіне голды қос-қостап соғатын футболшы алуы тиіс. Әрі оны командаға ым-жымын білдірмей байланыс-тыру қажет. Әлбетте, ешкім Роналдуды алмастыра алмайды. Бірақ тәжірибелі ойыншы дәл қазір Мад-ридке ауадай қажет. Зизудың Мадридте кездесетін екінші қиындығы – команда негізін құрайтын Марсело, Рамос, Бензема, Модричтің жасы 30-дан асып кетті. Начо, Бейл, Кросс келесі жылы 30-ға келеді. Жаңадан келгендер жоғарыда аты аталған ойыншылардың орнын алмастыруға деңгейі жетпей тұр. Демек, Зидан жазғы трансферлік кезеңде бірқатар «жұлдызды» командаға шақыруы қажет. Сондай-ақ Зидан «Реалға» тактикалық өзгеріс жасауы қажет. «Корольдік клуб» үш мәрте «қос құлақты кубокты» басына көтерсе де, Зиннединнің тактикалық шеберлігіне күмән келтіргендер аз болған жоқ. Оның үстіне, мадридтіктер Еуропада атой салғанымен, Пиреней түбегінде жиі мүдірді. Ел біріншілігінде бітіспес қарсыластары «Барселонаға» есе жіберіп, бір-ақ мәрте ішкі чемпионатта топ жарды. Әлбетте, мұның бәрі «Реалдың» жеңісі мен Зиданның жетістігіне бір мысқал дақ түсір-мейді. Алайда Зидан енді үш тарапта күресуге барын салуы тиіс. Зизу шешуі тиіс ақырғы мәселе – жанкүйер талабы мен Перестің көңілінен шығу. Екеуі де қателікті кешірмейді. «Барселонаға» қарсы тұру қиын» деп ағынан жарылған Хуанде Рамосты көп ұзамай қуып жібергені есімізде. Биылғы маусымда дәл осы каталондықтардан 1-5 есебімен ойсырай ұтылғаннан кейін Хулен Лопетеги қызметінен кетті. Оның орнына келген Сантьяго Солари де ізашарының кебін кигені белгілі. Ендеше, Зидан алдағы маусымда команданы қайтадан жасақтап ғана қоймай, жеңістер жылнамасын жалғастыруы қажет.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ

Add a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *