ТҮРКІНІҢ АЛТЫН БЕСІГІ – ТҮРКІСТАН

Tazhin-1-750x430Еліміздің тұтқасын жаңа басшы, жаңа Президент ұстады. Ол – бұған дейін ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы қызметін атқарған Қасым-Жомарт Тоқаев. Жаңа Мемлекет басшысы Ата Заңға қолын қойып, Қазақстан халқына ант берді.

Жаңа Президенттің шешіміне сәйкес, Астана қаласы бұдан былай Нұр-Сұлтан қаласы аталатын болды. Ант беру жиынында Тәуелсіз Қазақстанды орнатуға қосқан тарихи үлесі, Қазақстан қоғамын топтастыруға сіңірген аса зор еңбегі үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Халық қаһарманы» атағы берілді.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы сапары Түркістанда басталды. Президент ең алдымен Қ.А.Ясауи кесенесіне ат басын бұрып, «Әзірет Сұлтан» қорық-музейін жаңғырту жоспарымен танысты. «Ұлы Дала елі» орталығы, облыстық әкімдік пен басқармалар ғимараттарының, сондай-ақ, Конгресс холл, Медиа орталықтың құрылыс барысын бақылады. Облыстың атқарушы орган басшыларымен, зиялы қауым өкілдерімен кездесті.
– Түркі дүниесінің рухани астанасы – Түркістанға тағзым ету үшін арнайы келдім. Түркістан – еліміздің алтын бесігі, мәдениетіміз бен руханиятымыздың символы және бүкіл халқымыздың бойтұмары. Бұл қасиетті жерді көзіміздің қарашығындай сақтап, дамытуымыз керек. Елбасының бұл қалаға ерекше мәртебе беру туралы шешімі кездейсоқ емес. Түркістанды түле­тіп, өркендету мәселесі әрдайым Тұңғыш Президентіміздің назарында болады. Ежелгі Түркістанның жаңғыруы және жаңаруы даму жолымыздың дұрыстығын көрсетеді. Президент ретіндегі алғашқы сапа­рымның Түркістаннан басталғаны мен үшін аса маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Президент өзінің саяси ұстанымдарын, әлеуметтік, рухани саладағы бағыт-бағдарларын жария етті. Негізгі мақсаты – Елбасының стратегиялық бағытының сабақтасты-ғын қамтамасыз ету екенін мәлімдеді. «Бүгінде қазақстандықтарды не мазалайтынын білемін. Жұмыс барысында бірінші кезекте қолға алатын бірқатар мәселеге назар аударғым келеді. Ең алдымен, бұл – әділеттілікке қатысты мәселелер. Қоғамдағы әділеттілік, ең алдымен, атқарушы билікке байланысты. Үкіметтің, министрлердің, барлық деңгейдегі әкімдердің, полицияның, прокуратураның, соттардың басты мақсаты – азаматтардың құқығын қорғау. Бұл – олардың конституциялық міндеті әрі азаматтық борышы. Мұндағы менің басты ұстанымым анық, айқын. Бұл – заңның үстемдігі. Заңнан жоғары ешнәрсе болмауы керек» деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметті тиімділік пен әділеттілік қағдидасы бойынша жұмыс істейтінін айтып өтті. Орталық және жергілікті органдардың басшыларына қатысты орынды шағым түскен жағдайда олардың бәрі жазаланатын болады. Әкімдер жылына бір рет ұйымдастырылатын есеп берумен көзбояушылық жасамауы керек. Олар халықпен әрдайым қоян-қолтық араласып жұмыс істеуі тиіс. Мемлекет басшысы, сондай-ақ жемқорлықпен күрес күшейе түсетінін де атап өтті.
– Біздің елімізде бәсекеге қабілетті әрі талантты жастар көп. Сондықтан, осындай креативті жастарға кеңінен жол ашып, жағдай жасау керек. Олар жастық шақтың күш-қайратын егемен елімізді өркендетуге жұмсайды деп сенеміз. Елбасы 2019 жылды Жастар жылы деп жариялағанын білесіздер. Біз жастарға жаңа мүмкіндіктер беруіміз керек. Бұл – бизнес ашу, білім алу, жұмысқа орналасу, табыс табу деген сөз. Өз өмірін жақсартуға, мансабы бойынша жоғарылауға арналған әлеуметтік лифттер іс жүзінде жұмыс істеуі қажет. Еліміздің жастары мен талантты азаматтары мемлекеттік қызметте ілгерілеу үшін арнайы кадрлық бағдарлама дайындаймыз. Болашағымыз жастардың қолында! Еліміздің ертеңі де – жастар! – деді Мемлекет басшысы.
Президент жастарды қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жұмыс істеу жөнінде тапсырма берді. Сонымен бірге бюджет қаржысын үнемдеу, ол үшін имидждік іс-шаралар мен жиындарды азайту керектігін ескертті. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың жолын одан әрі жалғастыра беретінін мәлім етті. «Бірлік бар жерде, әрдайым тірлік болады. Мен үшін бұл халық даналығының мәні аса зор.

Біз ортақ мақсаттарымызға бірге қол жеткіземіз деп сенемін! Бүгінде бүкіл қоғам өркендеген Қазақстанды одан әрі дамыта түсу идеясын іске асыру үшін жұмылуы керек. Менің Президент ретіндегі негізгі ұстанымым әрі көзқарасым, ең алдымен, сабақтастық, яғни Елбасы саясатын жалғастыру. Сабақтастық жоқ жерде тұрақтылық болмайды. Тек дағдарыс, тіпті жанжал, қақтығыс қана болады. Бұл – бүкіл әлемнің дәлелденген тарихи тәжірибесі. Екінші ұстанымым, бұл – әділеттілік. Әділеттілік жоқ қоғам ешқашан дамымайды. Тек қана қиыншылық, тауқымет, құлдырау болады. Үшінші ұстанымым – ілгерілеу. Қазақстан бәсекелестікке толы әлемде тек қана алға жылжуды көздейді» деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өңірге арнайы келіп, тыныс-тіршілігімен танысқаны үшін Президентке жұртшылық атынан алғыс білдірді. «Түркістанға деген құрметіңіз бен қамқорлығыңызға рахмет! Ел сенімін ақтау және бүгінгі мәжілісте Сіз айтқан бастамалар мен тапсырмалар бойынша нақты жұмыстар атқаратын боламыз» деді облыс әкімі. Зиялы қауым өкілдері де Президентке деген оңтүстік жұртшылығының ыстық ықылас-пейілін жеткізді. Мысалы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт Президентті алдымен жазушының ұлы ретінде жақын тартатындығын айтты. «Сіз барша жұрт білетін жазушының ұлысыз. Өзіңіз де өзгеше, іргелі де ізгі қаламгерсіз. «Беласу» деген кітабыңызды оқығанбыз. Кемел Тоқаев сізге Қасым атын қойғанда еліне ерекше тұлға болсын деп ниеттенген. Ол үмітті де ақтадыңыз» деді жиында жазушы Мархабат Байғұт. Ол сонымен бірге Президенттің алғашқы жұмыс сапарын Түркістаннан бастағанына ризашылығын білдіріп, Елбасы өкілеттілігін тапсырарда айрықша саяси мәдениетпен парасатты шешім қабылдағанын атап өтті. Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов пен айтыскер-ақын Маржан Есжанова да жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Сапар барысында Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр республикалық маңызы бар қала мәртебесін алған Шымкентте болып, қаланың әкімшілік-іскерлік орталығында іске асырылып жатқан жобалармен және мегаполисті көріктендіру жұмыстарымен танысты. Президенттің назарына Shymkent City қалашығының, әуежайдың жаңа терминалының, цитадель, Қошқар ата өзенінің бойы мен «Тұран» шағынауданының жобалары ұсынылды. Сонымен бірге Президент «Азала Текстиль» фабрикасының тыныс-тіршілігімен танысты. Кәсіпорында бүгінде 650-ден астам адам еңбек етеді. Олар нарыққа көрпе мен жастық тысы, сүлгі мен жаймалар, тұрмысқа қажетті тоқыма бұйымдарын шығаруда. Кәсіпорын айына 500 тонна мақтаны өңдеп, одан 1,5 миллион метр мата тоқиды. Үшінші мегаполиске жұмыс сапарында Президент, сондай-ақ жаңадан ашылған заманауи клиниканың жұмысымен танысты.

Е.ӘБДІЖАППАРҰЛЫ,
Түркістан облысы

Add a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *