Ерғали САҒАТ, жазушы-публицист: Идеологияның қайнар көзі – ДӘСТҮРЛІ БАСЫЛЫМДАР

Ergali– «Алматы ақшамы» газетінің алғашқы бас редакторларының бірісіз. Газет қалай ашылды? Қандай қиындықтар болды? Қанша дегенмен, ел тәуелсіздігін әлі алмаған кезде «Вечерний Алматы» газетінің қосымшасы ретінде шығып жүрген жерінен өз алдына бөлініп кеткенінен хабардармыз…
– Газет 1988 жылы ашылды. Екі жылдан аса сол кездегі «Вечерняя Алма-Ата» газетінің қосымшасы болып шықты. Екі газеттің редакторы бір адам – Максим Сәрсенов деген азамат еді. Кейін «Алматы ақшамы» бөлініп шықты. Мен газет өз алдына жеке басылым болған соң бір-бір жарым жылдан кейін Бас редактор болып бардым. Алғашқы жылдары, әрине, ұйымдастыру жұмыстары қиын болғаны сөзсіз. Ол КСРО деген үлкен империя құлап, құлдырап, одақтас республикалардың бір-бірімен байланысы үзіліп, экономика, өндіріс тұралап жатқан тұс еді ғой. Газет шығаратын қағаз тапшылығы болды. Өйткені көбі ол кезде қағазды да, бояуды да Ресейден алдыратын. Одан кейін компьютер келді. Қаланың бюджеті шамалы уақытта ол техниканың өзін алу күшке түсті. Мұғалімдер де, дәрігерлер де айлық жалақысын уақтылы ала алмай жүрген кез… Соған қарамастан Алматы қалалық әкімдігінің қолдауымен газет тоқтаған жоқ. Үздіксіз шығып тұрды. Ол кезде облыстарға дейін тарайтын. Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан облысы), Жамбыл, Алматы облыстары, Семей өңірі «Алматы ақшамын» көп жаздырып алатын. Себебі елде әртүрлі саяси көзқарастар орын алып, демократиялық қозғалыстар дүмпуі дүр көтеріліп, көшелер ретті-ретсіз саяси арналарға толып кеткен шақ еді. Тәуелсіздігін жаңа жариялап жатқан елге түрлі пиғылдағы саяси күштердің де мысқалдап кіріп, батпандап шыққысы келетінін сезіндік. Митингіден митингілер өтіп жататын. Көше толы ақылмандар мен «саяси көсемдер»… Әрине, елдің болашағына алаңдап, ұлт болып қалыптасуға бар күш-жігерін салып жүрген мемлекетшіл азаматтар да аз болған жоқ. Солар газетіміздің негізгі мінбесінен сөз алып, елдік мәселелерді көтерді. Қаланың ішкі өмірінде одан да басқа көптеген тақырыптар ушығып тұрған еді. Соның бәрін басылымда көтеріп, халықты ынтымаққа шақырып тұруға тура келді. Ол кезде Алматы – елдің астанасы болатын. Президент бас редакторларды жиі-жиі шақырып, жағдайды түсіндіріп, қиыншылықтың мәңгілік емес екендігін, төзу керектігін жиі айтатын. Біз Елбасының сөзін халыққа жеткізіп тұрдық. Алматы қаласы әкімдігінің Ішкі саясат бөлімі де сол жылдары ауқымды жұмыстар атқарды.
– Сол кезде қандай тақырыптар өзекті еді?
– Ол кездегі қазақ газеттерінің көтерген мәселелерінің бәрі шаттықтан гөрі назға, ұлттық мұраттарды аңсауға, тіл мен ділдің жалауын тіктеуге бағытталған материалдар болды. Ащы, тіпті ащы мақалалар жариялауға тура келетін. Өйткені, уақыт соны талап етті. Қаладағы жүректі жылататын мәселелердің ешқайсысын тыс айналып өткеніміз жоқ. Қаланың экономикасына қатысты тақырыптарда жиі қалам тербейтінбіз. Өйткені экономика жүрсе, қаланың қалтасына, бюджетке ақша түседі. Республикамызда айтыс өнері жаңаша тұрғыда қолға алынып жатқан тұста соған байланысты материалдар, тілге, жалпы руханиятымызға байланысты мақалаларды жиі жазуға тырысатынбыз. Оның бәрі оқырмандардың арасында айтыс-тартыс тудырып жататын. Ғалымдар, академиктер пікірін ортаға салып, дуалы ауыздар ел-халыққа сөзін айтатын…
Одан кейін қаладағы қазақтандыру мәселесін де жиі көтердік. Ол кезде қазақтардың өзі ана тілінде сөйлей бермейтін. Әсіресе, сол кездегі бюджетті мекемелерде (қазіргі мемлекеттік қызмет) тілдің жағдайы тіпті сын көтермейтін. Қарапайым халық дәрігерлерге ауру-сырқатын қазақша түсіндіре алмайтынын айтып, ренішін білдіріп, хат жолдайтын… Біздің тілшілер әлеуметтік саладағы осындай келеңсіздіктермен ашық күресті.
Ішкі миграция қарқынды жүріп жатқан еді. Сырттан көшіп келген халық жерді алты сотықтан басып алды. Ол кезде қаланың әкімі марқұм Заманбек Нұрқаділов болатын. Сол азамат халыққа жағдай жасады. Қуған жоқ. «Кет» деген жоқ. Апта сайын дүйсенбі күні аппарат жиналысы болғанда солардың жағдайын қатты тапсыратын. «Елде жұмыс жоқ. Халық қалаға жұмыс істеу үшін келді» деп оларға тиіспей, «Жерді алсын. Кейін заңдастырып береміз. Жолын салып, жарығын тартып береміз» дейтін. Соның нәтижесінде қазір Алматы қаласында қазақтардың да үлес салмағы едәуір өсті. Жаңа ықшам аудандар құрылды. Бүгінгі «Думан», «Шаңырақ», «Бақай» секілді қазақтар тығыз орналасқан қала маңы солай қылыптасқан. Біз студент болып оқуға түскен 70-жылдары қаланың 17-ақ пайызы қазақтар болатын. Қалада екі-ақ қазақ мектебі бар еді…
– «Алматы ақшамына» «Лениншіл жас» газетінен ауысып келдіңіз ғой. Сіз қызмет еткен жылдар «Лениншіл жастың» алтын дәуірі саналады екен. Сейдахмет Бердіқұловтың мектебінен өттіңіз. Бірге қызмет еткен қатарластарыңыз туралы айтып беріңізші?
– Шерхан Мұртаза ауысып, орнына Сейдахмет Бердіқұлов редактор болып келгеннен бастап, сол жерде қызмет еттім. Ол кезде партияның орталық комитеті журналистика факультетін тәмамдаған жастарды жолдамамен әр жаққа жіберіп отыратын. Біз елу шақты азамат бітірдік. Курстастарымыз облыстарға, түкпір-түкпірдегі аудандарға кетті. Ал Насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі Плотников деген азаматтың жолдамасымен мен «Лениншіл жас» газетіне бардым. Несіп Жүнісбайұлы, марқұм Шәкизада Құттыаяқов үшеуіміз жұмысқа қатар тұрдық. Ол газетте жұмыс істеу деген әрбір тілші үшін үлкен мәртебе болатын, қазір де солай деп ойлаймын. Қазіргідей қаптаған газет-журналдар жоқ. «Лениншіл жас» жалғыз жастар газеті еді. Бүкіл республикаға тарайтын. «Социалистік Қазақстан» газетінің таралымы 70 мыңға жете-қабыл болып тұрған кезде «Лениншіл жас» 250 мыңмен тарайтын. Ол кезде қазіргідей газетке күштеп жаздыру деген жоқ. Партияның орталық комитетінен «Социалистік Қазақстанға» жазылсын» деген нұсқау болғанда олардың тиражы аспандап кетер еді. Ал біз өз күшімізбен, материалымызда көтерген мәселелерінің өзектілігіне байланысты, қазақтың жүрегінде шаншудай қадалып жүрген мәселенің бәрін жазу арқылы оқырман жинадық.
Сейдахмет Бердіқұловтың редакторлық шеберлігі керемет болатын. Тақырып қоюда шебер еді. Мақалада көтерілген мәселенің ар жағында не жатқанын бірден көретін. Айтуға болмайтын, саясатқа қайшы келеді-ау деген тұстарын астарлап, тақырыптың астынан жіберуге шебер еді.
Біз барған кезде Кәдірбек Сегізбаев, Оралхан Бөкей басқа жұмысқа ауысып кетті. Біз сол кісілердің тәрбиесін көрдік, өнегесін алдық, жазу шеберлігін үйрендік деуге болады. Оралхан Бөкейдің жазғандарын күллі Қазақстан іздеп жүріп оқыды. Әр шыққан материалы сенсация болды. Астарында қазақтың мұңы, арманы, ұлтқа деген махаббаты жататын. Сейтқазы Досымов, Серік Әбдірайымовтың да мақалалары қандай еді!
«Лениншіл жастың» әдебиет бөліміне Қазақстанның бүкіл бетке ұстар ақын-жазушылары шыққысы келіп, шығармаларын таласып-тармасып әкеліп жататын. Себебі газет 250 мың үйге барса, әр үйде ол кезде 3-4 баладан деп есептегеннің өзінде, 1 миллионға жуық адам оқитын.
Жанболат Аупбаев тағдыры қызық адамдар туралы ғажайып зерттеу мақалалар, очерктер жазды. Кейін сол тақырып тек Жанболатқа ғана жарасты тақырып болып қалды, әлі жалғап келеді. Жарылқап Бейсенбаев мәдени тақырыптарды кең көтеретін. Бақыт Сарбалаұлы әдеби сын жанрын шебер жеткізіп отырды. Олардың сол көтерген мәселелері кейін жеке-жеке кітап болып шығып жатты. Ол кезде баспалар кітап қылып шығару үшін мақалаларыңды өзі сұрап алатын. Мен Түркістан-Сібір теміржолының бойымен бір жыл жүріп өтіп, «Күретамыр» деген жиырма шақты деректі мақала жаздым. Соны «Жалын» баспасы сұратып, кітап етіп шығарып берді. Осылайша қызықты тақырыптарға да қалам жүгіртетінбіз. Өйткені бір ғана экономика мен ауыл шаруашылығын жазу арқылы газеттің таралымын көтере алмайсың. Сондағы тәжірибені кейін «Алматы ақшамына» келген кезде де пайдалануға тырыстық. Әсіресе, қала қазақтарының мәдениеті, жүріс-тұрысы, бойындағы ұлттық құндылықтардан арылып бара жатқаны сияқты мәселелерге мән бердік.
– Дінмұхамед Қонаев туралы «Жаны жарық Димекең», «Қасиетті Қонаев» деген кітаптарыңыз бар. Ол кісімен бірнеше мәрте кездескен екенсіз. Сол туралы айтып беріңізші. Ол кісі қандай адам болды? Болмысы қандай еді? Қазақтың біртуар ұлы туралы қалам тербеуге не түрткі болды?
– Дінмұхмед Ахметұлымен алғаш рет Бауыржан Момышұлының шаңырағында кездестім. Баукеңе батыр атағы берілгенде Димаш Ахметұлы Бақытжанға хабарласып, құттықтап қайтпақ ниетін білдірген екен. Бақытжан маған хабарласып, шақырды. Редакция ол кезде Гоголь көшесінің бойындағы №50 үйде, оның үйі Гоголь №15-те. Бардым. Димаш Ахметұлы немере інісінің «жигулиімен» келді. Димекең ірі тұлғалы кісі еді ғой. Тар көліктен иіліп, зорға шықты. Ол кісіге негізі бірінші хатшылықтан түскеннен кейін «Волга» автокөлігін бекітіп берген екен. Бірақ сол көлік қайта-қайта бұзыла берсе керек… Содан көліктен түсіп, үйге кірді. Қасында дәрігері бар. Сонда Димекең: «Кезінде Баукеңе батыр атағын алып беру қолымнан келмеді» деді. Бірнеше генерал қарсы болып, қол қоймаған екен. Елдің жайын да сөз етті. Халықтың қиналғанына қапа болып отырды. «Құдай қаласа, бәрі артта қалады. Тек төзім керек. Әлі де жақсы күндерге жетеміз» деді. Өзінің тұстастары туралы да біраз әңгіме айтты. Бірақ соның өзінде ешкімді сөккен жоқ. Ешкімге өкпе артқан жоқ. Бірақ сол кезде ол кісі көпшілікке көп шыға бермейтін. Кейін сәті түскенде Жамбыл облысы Талас ауданына – ата-бабасы жатқан жерге, одан ары Ташкентке сапары туралы, халықтың өзін керемет ілтипатпен қарсы алғанын айтып берді…
Мен де Таластанмын. Димекең туралы бала күнімізде жиі естіп өстік Содан қызығушылығым оянып, ол кісіні зерттей бастадым. Кейін жазғандарым деректі кітап болып шықты. Ол кісі сондай ақкөңіл, ылғи «Айналайын!» деп сөйлейтін. Бір адам туралы бөгде ғайбат сөз айтпайтын.
Димекең мұсылманша өте сауатты болды. Құранды да жатқа білетін. Иранға барған сапарында ол кісіден: «Сіз мұсылмансыз. Мәскеуде өтетін бюро мәжілістері кейде ұзаққа созылып кетеді. Сонда құранды жіберіп аласыз ғой. Қалай оқисыз?» деп сұрапты. Сөйтсе Димекең: «Мен ішімнен оқимын» деген екен. Бұл туралы кейін өзінен де сұрадым. Дінмұхамед Ахметұлы адамдықтан аттамайтын, өтірік айтпайтын, ғажайып тұлға болатын. Сол туралы да жаздық. Бірақ ол кезде «Алматы ақшамында» үлкен саясаткерлер туралы көп жазыла бермейтін. Алаш арыстары туралы да ауыз аштыртпайтын. Кейін Өзбекәлі Жәнібековтің арқасында ақталғаннан кейін ғана ол кісілердің мұрасы ашылды. «Алматы ақшамы» сол арыстардың шығармашылығын көпшілікке біріншілердің қатарында таныстырдық.
– Қаншама жыл журналистика салысында жұмыс істедіңіз ғой. Қазіргі журналистика туралы пікіріңізді білгім келеді. Дәрежесі қандай? «Төртінші билік» лауазымына сай болып отыр ма?
– Қазір теледидар, электронды БАҚ қарқын алып барады. Бірақ көңіл көншітетін тұсы кем. Тележурналистердің сөз саптауына көңіл тола бермейді. Теледидардағылардың көбі жазу-сызуға осалдығы сөйлем құрауларынан анық көрініп тұрады. Ал газеттегілер телевидениеге барса оп-оңай істеп кете алады, себебі – журналист ең бірінші кезекте дұрыс жаза білу керек. Дегенмен бүгінде ақпараттың рөлі «төртінші билік» дәрежесіне көтеріліп келеді. Әлі де БАҚ-ты бақылауда ұстап, тежеп отырғандай көрінеді маған. Жалпы, қазіргі күні ақпаратты жеткізу тәсілі, жеделдігі, нақты оқиға орнынан мәлімет беру тәсілі дамыды. Ақпараттар ағыны десек те, дәстүрлі газет-журналдарда жылы дүниелер азайып кетті. Деректі мәселелер, хабар, репортаж көп. Мысалы, очерк деген жанр бар. Біздің кезімізде жақсы очерктер әңгімеге пара-пар болатын. Өйткені онда кейіпкердің бейнесі, жан дүниесі ашылады. Әсіресе, жоғарыда айтқан журналист азаматтардың бәрі осы жанрды аттап кете алмайтын. Очерк жазбаған журналисті журналист деп көп мойындай да бермейтін. Сол жанр қазіргі газет-журналдарда жоққа тән. Белгілі бір тұлға туралы жазғанда қай жылы туғанын, қандай қызмет атқарғанын, марапаттарын тізіп, құрғақ қылып беретін болды. Ал оған қалай жетті, қалай қиналды, жан тебіренісі қандай еді, соны психологиялық штрих, детальдар арқылы беру деген атымен жоқ…
– ҚазМУ-дың журналистика факультетінде білім алдыңыз. Қазіргі журналистика факультеттеріндегі оқу жүйесінен хабардар боларсыз. Сіз оқыған кездегі мен қазіргі факультеттің айырмашылық, ерекшелігі бар ма? Қазіргі білім беру процесіне деген көзқарасыңыз қандай?
– Қазіргі хал-жағдайларын біле бермеймін, кезінде күллі Қазақстанда екі-ақ журналистика факультеті болды, бірі – КазГУ-де, екіншісі – Қарағандыда. Өзім де бір кездері журналистика факультетінде шеберлік курсын жүргізгем. Қазіргі күні журналистика факультеті жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті ғой. Ал солар дұрыс маман шығара алып жатыр ма? Бұл – терең ойланатын мәселе! Мәселен, сен өзің оқығанда жазып, сыза білетін, журналистиканың жауапкершілігін сезіне алатын, газет-журналда қызмет етуді армандайтын студенттер қатары көп болды ма?
– Көп емес. Жартысынан көбі тележурналист болуды армандайтын…
– Өзім де солай ма деп ойлап едім. Өйткені баяғыда шеберлік курсын жүргізгенімізде жазатындар аз еді. Неге жаза алмайды десек, телевидениеде, радиода қызмет еткісі, диктор болғысы келеді екен. Бірден халыққа танылып, жұлдыз болғысы келетіндер қатарының молдығын сезетінбіз. Әлі де солай болса… өте өкінішті екен. Дәл осы мәселеде сол кезддің өзінде жас әріптестермен пікірталасқа түсіп қалатынбыз.
– Бір кездері Алматы қалалық ономастика комиссиясының құрамында болып, қаладағы көше атауларын ауыстыруға атсалыстыңыз. Сол кезде түрлі қарсылықтар, күрес болған деседі…
– Қиындық көп болды. Әсіресе, қала тұрғындары көп қарсылық танытатын. Себебі бір көшенің бойында тек қазақтар ғана емес, әртүрлі ұлттардың өкілдері тұрады. Соларды орыстілді нигилистер ұйымдастырып, өздерін үлкен саяси күш санайтын, сыртқы күштерге арқа сүйейтін теріс пиғылыдылар қарсыласатын да жататын. Олар көшеге шығып, митинг өткізеді. Жоғары жаққа шағымданып хат жазады. Сол себепті де көшелердің атын ауыстыру процесі ұзаққа созылатын, тез шешіле қоймайтын. Содан болса керек, өте аз көшенің аты ауысты. Бөлтірік шешен, Қарасай батыр, Наурызбай батыр, Қабанбай батыр, Бөгенбай батыр, Мақатаев көшелерінің атауы біздің тұсымызда берілген болатын. Ол кезде мұндай қазақша атауларды беру өте сирек еді. Қазіргі күні де қаламызда орысша атауларға ие көшелер көп қой. Қазақша атаулардың бәрін үйіп-төгіп шеттегі ықшамаудандарға беріп жатқандай көрінеді…
Бұл мәселе әлі де шешілетін шығар. Ол кезде ел күйзеліп, ішерге не тағамы, киерге не киімі жетпей, бала-шағаларының қажетін бүтіндей алмай жатты. Сондай кезде ел ішіне іріткі түсіп кете ме деген қауіп те болмай қалған жоқ. Қазір, Құдайға шүкір, экономика жақсарды. Десек те, көтеретін мәселелер көп. Ұлттың санасын көтеру, ұлттың санасын көтеру үшін әркімнің санасын көтеру, ұлттық құндылықтан ажырамайық десек, өзіміздің қадір-қасиетімізді білу, тілімізді құрметтеу, дінімізді, ділімізді сақтау деген сияқты мәңгілік көтеріліп келе жатқан тақырыптар бар. Бұлар еш уақытта жеңісті бола қалмайды. Заман құбылған сайын құндылықтар қалтырайтын сәттер туады. Сол кезде шырылдап дабыл қағатын кім? Газет-журналдар! Мемлекет те кезінде осы газетке, баспасөзге арқа сүйеді. Өйткені, идеологияның басты қайнар көзі – газет-журналдар, ақпарат құралдары! Елдің аяғынан тік тұрып кетуіне баспасөз өкілдері өте көп еңбек сіңірді. Оның қадірін халық та білген болуы керек. Бірақ қазіргі халық, ауылдың тұрғындары газет-журнал оқымайтын болған. Баяғыда ауылдық жерде қандай еді! Бір үйдің өзінде бірнеше басылым жататын. Газетті тұрақты оқып тұрудың өзі адам үшін – үлкен мектеп. Адам санасы сонымен өседі ғой.
– «Алматы ақшамы», «Лениншіл жас» газеттері туралы естелік жазған авторлардың көбі сіздің асқан ұқыптылығыңызды атап өтеді. Әдетте шығармашылық адамдарының үстелі шашылып жатады деуші еді. Сіздікі өзгеше болыпты. Бұл ұқыптылық бала кезден бойға сіңген әдет болар? Жалпы, жұмыс істеу тәсіліңіз қандай?
– Үйден жастай алған тәрбие шығар, жинақылық әдет болып кеткен. Өзім егіздің сыңармын. Әке-шешем де ұқыпты кісілер еді. Әжемнің баласы болдым… Ұқыпты дегеннен шығады, мен «Күретамыр» атты сериялық деректі очерктерді жазып жүргенде Шерхан Мұртаза ағамыз мені арнайы іздеп редакцияға келіпті. Көру үшін. Очерк Түркістан-Сібір теміржолы туралы. Ал оны Тұрар Рысқұлов басқарған. Ал Шерағаң ол кезде Тұрар Рысқұлов туралы роман жазып жүр екен. Сол менің жазып жатқан мәселеме байланыс­ты іші жылып қалса керек. Жауапты хатшы болатынмын. Сейдахмет Бердіқұлов «Орныңдасың ба?» деп хабарласты. «Иә» деймін. Сөйткенше болмады, арада екі-үші минут өткен соң, Шерағаң мен Сейдағаң екеуі кіріп келді. Шерхан аға кірген бойда: «Мына бала қайтіп жұмыс істейді? Масқара ғой» деді. Зәрем қалмады. Түсінбей, жалт қарадым. Сөйтсем, Шерағаң үстелдің үстіне қарап тұр екен. «Әй, мынаның үстелінің үсті жып-жылмағай ғой. Өзі жұмыс істеп отыр ма, әлде әшейін отыр ма? Бұнысы несі?» деді. Сонда Сейдахмет аға: «Бұл өзі сондай. Оны қатарластары «Қазақтан шыққан ағылшын» деп әзілдейді» деді. Сөйтіп Шерағаңның бір таңғалғаны бар. Жұмыс үстелімде артық-ауыс қағаз жатпайтын. Әрқайсысын тақырыптары, жанры бойынша іріктеп, әр папкаға салып, суырмама қоямын. Кейін Шерағаң «Қазақ әдебиетінде» редактор болып тұрғанда кабинетіне барсам, үстелінің үсті бұрқырап жатыр. Баяғы сөзі есіне түсті-ау деймін, едірейіп қарады, бірақ үндеген жоқ. Сол есімнен кетпейді. Иә, жұмыс істеу тәсілім сондай. Үйдегі жұмыс үстелім де сондай. Алайда қазір бұрқыраған көп қағаз жоқ. Не жазсам да, ноутбукте жазамын.
– Жеке шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар болып жатыр? Не жазып жатырсыз?
– Министрлікке мемлекеттік тапсырыстан үміттеніп «Түрксіб тарландары» деген қомақты кітабымның қолжазбасын жібердім. Келесі жылы теміржолдың салынғанына 90 жыл толады. Соған «Әке мен бала» деген деректі повесть жаздым. Жолы болып жатса, көрерміз. Көлемі шағын, алақандай әңгімелер жазуды жалғастырып жатырмын. Одан бір кітап шықты. Одан кейін Димекең туралы кітапты кеңейтсем деп, онымен де жұмыс жасап жатырмын. Алла бұйыртса, 70 жастың желкені көрініп қалды ғой, соған өз тарапымнан шығармашылық жобадағы әзірліктерімді қамдаудамын.
– «Ел ағасының екі елі ажырамас серігі – ой» деп жатады. Сізді қазір не мазалайды?
– Қазір қоғам бірте-бірте алға қарай ілгерілеп келеді. Енді демократия одан сайын тереңдей берсе, құба-құп. Біз «Лениншіл жаста» жүргенде шетелге жиі сапарлайтынбыз. Ол кезде Қазақстан Бүкілодақтық лениндік коммунистік жастар одағы Орталық Комитетінің жанында «Спутник» деген туристік бюро болды. Ал «Лениншіл жас» комсомолдың органы болғандықтан, міндетті түрде бір журналисті қосып жіберіп отыратын. Соның арқасында көп елге табанымыз тиді. Бірде Берлинге бардық. Ол шақта қала Батыс Берлин және Шығыс Берлин деп екіге бөлініп тұрған. Шығыс Берлині демокартиялық қала саналғанымен, заты демократиялық емес еді. Митингілерді біздің советтік дәуірдегідей күшпен тарататын. Ал Батыс Берлинде нағыз демократия орнаған. Халық ойын еркін айтатын. Біз де сол демократиялық жолға қадам басып келеміз ғой. Ол үшін де үлкен мәдениеттілік керек. Халқы ойын ештеңені қиратпай, бүлдірмей, ұрыспай-соқпай, бейбіт жолмен еркін жеткізетін, ал басшылығы соны қабылдап, қарап, шешім шығаратын белеске көтеріліп келеміз. Осы бағытта талмай жұмыс жүргізу керек. Қоғамдық сана – мемлекеттіліктің басты тұрағы!
Содан кейін біздің халық тым еліктегіш. Бірақ қанша жерден еліктесе де, өзінің құндылықтарына ие болса дейсің. Журналистік сапарлармен Иран, Түркия сынды мұсылман елдеріне жиі бардым. Түркияның өзінде таза түріктер емес, баяғы Испаниядан қуылып келген еврейлер де тұрады, бірақ бәрі «түрікпіз» дейді. Түрік құндылықтарымен өмір сүреді. Біздің қазақ та жаһандану заманына жұтылып кетпей, өзінің ұлттық құндылықтарымен өмір сүрсе деп ойлайсың. Мысалы, бізде қалада туып-өскен бала мен ауылда туып-өскен баланың айырмашылығы жер мен көктей. Ал мен айтып отырған елдерде ондай көп айырмашылық жоқ. Қала баласының артықшылығы болса, тек техникалардың қолжетімділігінде болуы мүмкін. Ал жалпы ойлау жүйесінде, ұлттық құндылықтарына ие болуда қала мен ауылдағылар бірдей ойлайды.
Жастарымыз дүниенің бүкіл ілімін игерсін. Бірақ соны өз ұлтының мүддесіне сай жұмсай білгені абзал. Балаларыма да солай деп айтып отырамын. Тұңғышым медицина ғылымының докторы, кардиохирург. Ортаншым экономист, банкир, Токиода білім алды. Кіші ұлым заңгер, доктор PhD. Ағылшын, француз тілдерін еркін меңгерген. Қазір «Болашақ» бағдарла-масымен Францияда Сорбонна университетінде оқып жатыр. Бәрінің қазақшасы өте жақсы. Кеше бір жерден оқып қалдым. Бір қандасымыз такси шақырту үшін тиісті мекемеге хабарласып, қазақша сөйлесе, ар жағындағы қыз: «Говори на нормальном языке» деп жауап беріпті. Ол да қазақ екен. Қазақ қазаққа солай деп тұр. Ал, Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген жоқ па? Осындай ұрпақтың қалыптасуы ұлттық тамырдан нәр үзіп алғандығында. Ұрпағымыз сондай болмаса екен деймін. Осындай психологиядан бүгінгі ұрпақ таза болса екен. Еліктесін, жақсы жерін алсын, бірақ өзінің қазақ екенін ұмытпасын. Атам қазақтың «үйрен де жирен» деген сөзі бар.
– «Ана тілінің» дәстүрлі сауалы: Қазақ тілінің мәртебесі туралы ойыңыз қандай?
– Қазақ тілінің мәртебесі – еліміз тәуелсіздік алғаннан бері шаршатып келе жатқан тақырып. Тіліміз өзінің биік тұғырына көтерілді деп айта алмаймыз. Ана тіліміз әлі әкімшіліктердің, министрліктердің, басқа да ведомстволардың табалдырығынан ары аттай қойған жоқ. Қабылданып жатқан заңдардың дені қазақ тілінде жазылмайды. Сосын орысшадан қазақшаға дұрыс аудармайды. Ал былай тұрмыста, қоғамдық орындарда қызмет көрсетуде жанданып келеді. Өйткені қазақтың ұл-қыздары көбірек жұмысқа тұрып жатыр. Қазақ тілінің мәртебесі ауылдық жерлерде жақсы. Баяғыда 5-6 орысы ғана бар ауданның өзінде құжаттар орысша жіберілетін еді. Қазір ондай емес. Бірақ тіліміз өзіне лайықты тұғырға көтерілуі үшін әлі көп уақыт керек-ау деп ойлаймын. Өзге ұлт өкілдері әлі де көбірек. Солардың да көңіл-күйіне, ауа райына қарайды. Оның үстіне газет-журналдардың таралымы аз. Сол өкінішті. Сол себепті бұл мәселені көтере беру керек, айта беру керек.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Әсел САРҚЫТ

Add a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *