Әл-ауқатты болу – әркімнің өз қолында

27_main– Бірқатар министрлер, журналистер мен блогерлердің құрамындағы жұмыс тобының Ақмола облысына іссапары.
2019 жылғы 29 наурызда Премьер-Министрдің орынбасары Г.Н.Әбдіқалықованың басшылығымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.М. Сапарбаевтың, Білім және ғылым министрі К.Н. Шәмшидинованың, Денсаулық сақтау министрі Е.А. Біртановтың, Құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы комитетінің төрағасы М.Жайымбетовтың, «Nur Otan» партиясының хатшысы Ф.Қуанғановтың, «Атамекен» ҰКП басқармасы төрағасының орынбасары Л.Рамазанованың, журналистер мен блогерлердің құрамындағы жұмыс тобының Ақмола облысына іссапары жалғасуда.

Шучинск қаласының Жоғары педагогикалық колледжінің жастарымен кездесу барысында Вице-премьер Жастар жылын өткізу жөніндегі жол картасы шеңберінде 5 негізгі бағыт бойынша 80-нен астам іс-шара іске асырылуына аса назар аударды. Олар жастарды тұрғын үймен, жұмыспен қамтуды, білімді дамытуды, волонтерлікті, ғылыми гранттар беруді, әлеуметтік белсенділікті кеңейтуді, жас отбасын, денсаулықты және әлеуметтік инклюзивтікті қолдауды қамтиды.
Бүгінгі күні колледжде «Мектепке дейінгі білім», «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту», «Дене шынықтыру және спорт», «Кәсіптік оқыту», «Музыкалық білім», «Негізгі орта білім» мамандықтары бойынша 1 мыңнан астам студенттер білім алады. Жұмыспен қамту үлесі 97% құрайды. Студенттер мемлекеттік жастар саясатына қолдауды білдіре отырып креативтік ұсыныстары мен пікірлерін білдірді.
Сондай-ақ Бурабай ауданының Кенесары ауылының, Біржан ауданының Макинка ауылының және Буланды ауданының Алтынды ауылының халқымен кездесулер өткізілді.
«Әрбір бағытта өлшемді көрсеткіш­тер, тетіктер және осыған арнайы бөлінген қаражаттар бар. Нақты және анық шаралар қамтылған. Олар халықтың әлеуметтік әлжуаз тобын қорғауды күшейтуге, сондай-ақ олардың әл-ауқатын арттыру үшін барлық мүмкіндіктер мен жағдай­ларды ұсынуға мүмкіндік бере­ді. Азаматтардың әл-ауқаты олардың қолында. Еңбекке жарамды әрбір аза­мат еңбек етуге міндетті. Ал физикалық немесе басқа да себептер бойынша жұмыс істеуге жағдайы жоқ адамдарға мемлекет әлеуметтік қолдау көрсетеді» – деп атап өтті Гүлшара Әбдіқалықова.
Осы ауылдарда Премьер-Министрдің орынбасары көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың үйлерін аралады. Мектеп жасындағы 4 баланы тәрбиелеп-өсіріп отырған Тілек Төлегеннің отбасына ерекше назар аударылды. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде 2 млн. 200 мың теңге микрокредит алып, ол 10 ірі қара мал сатып алған. Ауылдық бизнесмен өз отбасын қамтамасыз ету қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын құрып отыр.
Гүлшара Әбдіқалықова облыс басшылығына осындай табысты үлгіні одан әрі жалғастыруды тапсырды.
Жұмыс тобының басқа да мүшелері Ақмола облысының аудандары мен ауылдарына барды.
Білім және ғылым министрі К.Н. Шәмшидинова бірқатар білім беру ұйымына, оның ішінде «Айша» және «Балдырған» балабақшаларына, IT-лицейге, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетіне, Көкшетау қаласының Жоғарғы техникалық колледжіне, Чаглинка а. Жоғарғы агротехникалық колледжіне, Зеренді а. М. Ғабдуллин атындағы мектеп-интернатқа, Ақкөл балалар үйіне барды.
2018 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен аттестаттаудың жаңа жүйесі бойынша санатын растаған және жаңа білім беру мазмұны бойынша жұмыс істейтін мұғалімдердің жалақысы 30-50%-ға арттырылды. Маусымнан бастап мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиешілерінің, тәрбиешілердің көмекшілерінің жалақысы сараланған түрде 30%-ға арттырылады.
Ақмола облысында үш ауысымдық оқыту мәселесін шешу үшін 7 объект және оқу орындарының жетіспеушілігін толықтыру үшін 1 объект салынуда. Биылғы жылы 280 орынға шақталған 1 балабақшаны пайдалануға беру, 1075 орынға есептелген мектепке дейінгі ұйымды ашу және қазіргі 120 орынды кеңейту жоспарланып отыр.
Республикалық бюджеттен 8,2 млрд. теңгеге 7 объект салынуда. Оның ішінде 2 объект 2019 жылы пай­далануға беріледі деп жоспарлануда.
Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов жұмыс сапары шеңберінде Бұланды, Еңбекші, Степногорск және Ақкөл ауруханаларының медицина қызметкерлерімен кездесті. Денсаулық сақтау саласының қызметкерлері медициналық-санитариялық алғашқы көмектің сапасы мен қолжетімділігін жоғарылату, жалақыны арттыру, саланы цифрландыру және т.б. бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы түсініктеме берілді.
«Nur Otan» партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов Есіл және Астрахан аудандарының тұрғындарымен кездесу барысында Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Nur Otan» партиясына 4 жобаны: инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымға басты назар аударылатын «Құтты мекен», ауылдық жерлерді дамытуға бағытталған «Ауыл – Ел бесігі», аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдауды көздейтін «Бақытты отбасы» жобаларын және партияның Қоғамдық қабылдау бөлімдері базасында халықтың әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын топтарын қолдауға бағытталған «Халыққа көмек» бірыңғай әлеуметтік терезесін іске қосуды тапсырғанын атап өтті.
Сондай-ақ, жұмыс тобының әр мүшесі азаматтарды жеке қабылдады және облыстарға қарасты ауылдар мен қалалардың тұрғындарымен кездесті.
Ел бойынша жұмыс сапарлары Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа шараларын түсіндіру үшін жалғасын табады.

Мақпал Сембай

Add a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *