ӘЛЕУЖЕЛІДЕ ӘРКІМ ОТЫР, ӘКІМ ДЕ ОТЫР…

Soc-Set01Әкімдердің әлеуметтік желіге жаппай тіркелуін әлеумет әрқалай қабылдады. Бірі жөн десе, екіншісі әлеужеліден басқа жерде де өмір бар еді дейді. Әкім-қаралардың өз аккануттарын өздері жүргізетініне күмәнмен қарайтындар да бар. Қалай десек те, әкімдер шоғыры әлеужеліге бас сұқты. Әрине, бұған дейін де желі арқылы халықпен жұмыс істеген әкім-қаралар болды. Желідегі жұрт үшін кейін қосылғандарға қарағанда, солардың сүйкімі жоғары.

Соңғы жылдары желідегі әкімдердің арасында белсендісі ретінде Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов аталып жүр. Желіге жеті жыл бұрын «байланған» елорда басшысының белсенділігі қала әкімі болғалы тіпті арта түсті. Ал өзі мұны белсенділікке баламайды. БАҚ өкілдерімен өткен бейресми кездесуде «Facebook-тегі парақшамда жазба қалдырмасам да, қолым қалт еткенде мені тегтеген жазбаларды міндетті түрде қараймын» дегені бар. Шымкенттің әкімі Ғабидолла Абрахманов 2011 жылы Twitter-ге тіркелгенімен, әлеужелідегі белсенділігін Тоқаевтың «тоқпағынан» кейін күшейткен секілді. Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Instagram-да Көкшетау қаласын басқарып тұрғанда тіркелген екен. Желі қолданушылармен жұмыс істеуде ысылып қалған ол, наурызда облыс әкімі болып тағайындалды.
Демек, әкім назар аударатын мәселенің геогорафиялық ауқымы кеңейе түсті. Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Facebook желісінде наурыз айының соңында пайда болғанымен, парақшасын әзірге баспасөз хатшысы жүргізіп отыр. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Facebook-тегі парақшасында кәсіби қызметінен бөлек жеке өміріне қатысты қызықты жазбалар жазып жүр. Кейде бұл әкім блогерлерді жолда қалдыратындай әсер береді. Себебі, өзі қатысқан шарадан фоторепортаж жариялайтын әкім сол суреттерді өзі түсіре ме екен деп ойланып та қаламыз.
Әлеуметтік желіде ешқандай ресми парақша ашпаған Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевты Telegram желісіндегі akimatatyrau тобынан тауып алдық. Бұл топта облыс тұрғындарының мәселесін шешуге белсене қатысатын болып шықты. Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановты Twitter-ден көре бастағанымызға көп бола қойған жоқ. Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов – Instagram-ның белсенді пайдаланушысы. Жұмысы мен жеке өмірі туралы жазбаларынан оның отбасындағы 11 баланың 10-шысы екенін білдік. Анасы туралы әдемі естелігімен бөліскен әкім желі қолданушыларының қошеметіне бөленген. Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов та Facebook желісінде белсенді болып жүр, кеше бірнеше пост жариялады.
Сол сәтті пайдаланып, мессенджеріне сұрақ қалдырдық. Сұрағымыз жауапсыз қалды. Әзірге әлеуметтік желілерде аккаунт ашпаған бес әкім қалды: Бауыржан Байбек (Алматы қаласы), Даниал Ахметов (ШҚО), Архимед Мұхамбетов (Қостанай облысы), Қырымбек Көшербаев (Қызылорда облысы) және Өмірзақ Шөкеев (Түркістан облысы).
Әкім үшін қай желі тиімді?
«Әкімдердің әлеуметтік желіге келуі – жақсы бастама. Диалогқа ашық азаматтық қоғам демо-кратияның ажырамас бөлігі. Халыққа әлеуметтік желі арқылы жақын болған шенеуніктің жаман болғанын көрмедік. Оны түсінетін де, жұмысынан қашып, құлағымыз тыныш болсыншы дейтін ше-неуніктер де жетеді. Халыққа жақын болған, байланысқа шыққан дұрыс. Дегенмен Instagram өте ыңғайсыз коммуникация құралы екенін айтып өтейін. Себебі, күніне мыңдаған коммент жазылады. Оның бәрін оқу, жауап беру, анализ жасау мүмкін емес. Әрине, белгілі сөздер мен нақты аккаунттар бойынша сұрыптайтын софт құралдар бар. Бірақ әр суреттің астында неадекват белгісіз аккаунттар мен орынсыз коммент өріп жүр», – дейді SMM маманы Нұрлан Жанай. Оның айтуынша, Twitter-ге тіркелген дұрыс, халықаралық аудитория, сауатты сарапшылар мен мықты журналистер бақылап отырады. Аудиториясы көп болғаны үшін ғана Instagram-ға тіркелу түсініксіз. Саннан сапа маңызды деп санаса, Facebook-тен парақша ашуы керек деген пікірде. Саясаттанушы Талғат Қалиевтің пікірінше, мүмкіндігі болса, барлық желіден парақша ашуға болады, тек балансты сақтаса болғаны, әйтпесе, әлеужелі – уақыттың ұрысы. «Желіде ұзақ отыру негізгі жұмысқа кедергі. Егер достығымда әкімдер пайда болса, олардың парақшасынан атқарған және атқаратын жұмысы туралы оқығым келеді. Өңірлерде қандай да бір оқиға орын алғанда әкім де, полиция да жұмған аузын ашпай қояды.
Сондай кезде әлеужелі шулап жатады. Сол сәтте желіні пайдаланып, осындай оқиға болғаны рас, оны ретке келтіру үшін жұмыс істеп жатырмыз, жағдай бақылауымызда десе, халық сабырға келеді. Мен үшін әлеужелі әкімге де, әлеуметке де сонысымен пайдалы болар еді», – дейді Талғат Қалиев.

Желіден тыс жерде де өмір бар

Талғат Қалиев әлеуметтік желі халықпен байланыс орнатудың ең төте жолы болғандықтан, әкімдердің желіге тіркелуін қолдайды. «Әлеужеліге тіркелу әкімнің заманауи екенін көрсетеді, ал әкімге проблемамен жедел танысып, шұғыл шешуге мүмкіндік береді. Бірақ әлеужеліге ғана бейімделіп кетуге болмайды. Мен әлеуметтік желіде бармын, халық жұмысымды көріп отыр, лайк басты, демек жұмысым керемет деген ойға еріп кетпесе екен. Әлеуметтік желі байланыс жасаудың бір жолы ғана, тек оны жұмысқа тиімді қолдана білсе болғаны. Сосын әлеужеліге әкімдердің бәрі тіркелуі шарт та емес. Мысалы, Астана мен Алматы тұрғындарының басым бөлігі әлеуметтік желіге шоғырланған. Мұнда әкім үшін әлеужелінің пайдасы орасан. Ал өңірлерде, әсіресе аудандарда әкімнің желіде отырғанынан пайда жоқ. Себебі, ол алқаптағы егіс жұмыстарын бақылап, далада жүруі керек. Ауыл-аймақтағы жұрттың бәрі желіде емес, әкім ол жұртпен бетпе-бет кездесуі керек», – дейді саясаттанушы.

Науқаншыл шенеуніктердің ісі

Ал блогер Аршат Ораздың пікірінше, әкімдердің әлеуметтік желіге тіркелуі уақытша құбылыс. «Тіркелгісі келгендер, байланысқа ашықтары, өзіне сенімділері бұрыннан тіркелер еді. Халықпен байланысты бұған дейін өзге ресурстар арқылы жолға қойған әкімдер үшін әлеуметтік желіге тіркелу қажет те емес. Президент Тоқаев Twitter-ді бұрыннан қолданады, оның әр туиті – жаңалық. Instagram-ға тіркелуі ақпарат ауқымын кеңейткісі келгеннен болар. Өз басым жаппай тіркелулерді науқаншыл шенеуніктердің ісі ретінде бағалаймын. Демек өз инициативалары жоқ, бұйрық-нұсқаумен ғана жүріп үйренген. Оларда тұрақтылық болмайды. Осындайда «әкімдер аккаунттарын өздері жүргізе ме?» деген де сұрақ туады. Желіге бұрыннан тіркелген, желіде жазылған мәселелермен танысып отыратын әкімдер бар. Мысалы, жеке өзім Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтановтың, Бай-қоңыр ауданы әкімі Ерлан Қаналимовтың, Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омардың өз аккаунттарын өздері жүргізетінін білемін. Әкімдермен кездесулерде мұны үнемі сұраймын. Сұлтанов БАҚ өкілдерімен кездесуде аккаунтты қол астындағылардың жүргізуі дұрыс емес екенін айтқан еді, әркім аккаунтына ие болуы керек. Бәлкім ештеңе жазбас, бірақ желіде жазылғандарды көріп, қадағалап отырады. Әлеуметтік желі әкімдерге сол үшін керек, халықтың мұң-мұқтажымен, сын пікірімен, ұсынысымен танысу маңызды. Мұны бұрыннан істемегендер енді еріксіз тіркелген болса, оларға күмәнмен қараймын. Ал науқанға ермей, тіркелмегендер туралы айтарым, оларда халықпен байланыс жақсы жолға қойылған деген сөз», – дейді блогер.

Әкім парақшасы тыныштандыру құралы емес

«Сиқырлы SMM» кітабының авторы Нұрлан Жанайдың айтуынша, онлайн белсенділіктен бөлек оффлайндағы шаруалар да жүйелі істелуі керек. Әйтпесе, онлайнда бәрін қатыратын, өмірде ешкімді жанына жуытпайтын басшылар да бар. Лайк, репост, коммент – бұл да бір SMM-нің бағалау көрсеткіші. Дегенмен осы әлеуметтік желілердегі жұмыстар өртті уақытша өшіретін профилактикалық шаруа емес, ұзақ мерзімге қарастырылған жүйелі, жан-жақты келісілген, мамандармен ақылдасып шешілген стратегия болуы қажет. «Әйтпесе, әкімдіктердің бұрынғы парақшаларын бақылап жүрміз. Басы бар, аяғы жоқ, бір жерде тек орысша, қазақшасы жоқ, бірнеше парақша қатар ашылған және парақшалардың аты жүйесіз кеткен», – деген ол әкімдіктердің SMM-ін жүргізу жолдарын ұсынды. Яғни, әкімдіктер 2-3 жылға (кемі 1 жыл) контент стратегия құруы керек. Жұмыс қандай бағытта істеледі, мамандарды қалай бекітеміз, олардың білімі мен тәжірибесі жете ме? Жұмыстың нәтижесін қалай өлшейміз деген сұрақтың жауабын анықтап алу керек. «Екіншіден, 3 айға (кемі 1 ай) контент-жоспар құру. Әлеуметтік желіде қандай тақырыптар қозғалады? Қай тақырыптың аудиторияға жеткенін қалай білеміз? KPI қалай болады? Қай контентке кім жауапты? Оны кім салады немесе автоматтандырыла ма? Уақыты қандай? Бұл жерлерде жалпы контент не туралы болатыны жазылса, бір аптаға мәтін, сурет дайын алдын ала жасалып тұруы керек. SMM командада кемі 4 адам болуы керек. Баспасөз хатшы бұлардың жұмыстарын қадағалап, бақылап, есеп алып отырады. Facebook, Twitter-ге баспасөз хатшы жалпы жауапты болғанмен, тікелей оның шаруасы емес.
Оның жанына кө-мекшілікке сауатты SMM мамандар (әлеуметтік желі хатшысы) алу керек. Cол 4 адамның ішінде са-бырлы, сауатты, халықпен байланыс орната алатын біреуін тек комментке қоясыз (жуниор SMM маманы). Одан кейін түрлі топтармен, олардың контентімен жүйелі жұмыс істейтін коммьюнити менеджер. Ол сол топтағы халыққа жақын, белгілі бір ортада абыройлы адам болуы керек. Тарқатып айтсақ, блогер, журналистерді реттеп, солардың көңілін табатын адам. Үшіншісі дизайнер (оператор, фотограф, видеомонтаж) – сапалы фото, видео, дизайнерлік шаруаға жауапты болады. Төртіншісі – стратегиядан бастап барлық жұмысты қадағалайтын, уақытылы пост шығаратын, сауатты, тәжірибелі адам. Ол – сениор SMM маманы, яғни SMM команданың басшысы. Нақты кейстері, бұрын істеген жобалары бар адам болса, тіпті жақсы», – дейді. SMM – ойыншық емес. Салынған сурет, жазылған пост, айтылған әңгіме осында сақталады. Сондықтан осы бастан дұрыс, жүйелі әрі нақты қадам жа-салуы керек. Әлеуметтік желідегі әкім парақшасы уақытша пиар акция, халықты тыныштандыру, манипуляция құралы болып кетпеуі керек. Өйткені халық көзі ашық, көкірегі ояу, бәрін біліп, түсініп отыр.

Х.БҰҚАРҚЫЗЫ

Add a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *