САЯСАТ пен САТИРАНЫҢ ТАРТЫСЫ

vibor31 наурыз күні Украинада президент сайлауы өтті. Ең көп дауыс жинаған екі кандидат – президенттік мерзімін жаңа аяқтаған Петр Порошенко және әзіл-ысқақ әртісі Владимир Зеленский 21 сәуірде сайлаудың екінші кезеңінде бақ сынайды. Украина Орталық сайлау комиссиясының кеше кешкісін жариялаған дерегіне сәйкес, бюллетендердің 86,22% қаралып, нәтижесінде Владимир Зеленский – 30,32 %, Петр Порошенко 16,02% дауысқа ие болған. Үшінші орында – 13,30 % халықтың қолдауын алған Юлия Тимошенко тұр. Оппозиция басшысы Тимошенко өзі жүргізген есеп бойынша Петр Порошенкодан көп дауыс жинағанын, сайлау қорытындысымен келіспейтінін білдірді. Сайлауда бақылаушы қызметін 17 ел өкілі мен украиналық 139 үкіметтік емес ұйым мүшелері атқар-ды. Ресми Киев шешімі бойынша, ресейлік бақылаушылар сайлауға қатыстырылмады. Ресей аума-ғында тұратын украиналықтар дауыс беру құқығын пайдалану үшін көрші мемлекеттерге баруға мәжбүр болды. 

Шоумен, әзіл-ысқақ бағытына бүкіл өмірін арнаған Владимир Зеленскийдің тәжірибелі саясаткерлерді жолда қалдырғаны барлық шетелдік ақпарат құралдарына жаңалық болды. New York Times, Guardian басылымдары Зеленский өзінің қоғамдық ықпалы мен әлеуметтік желідегі аудиториясын ұтымды пайдаланды деп есептейді. Оның орыс және украин тілінде еркін сөйлеуі де елдегі орыс тілді қауымның сенімін иеленуге көмектескен болуы мүмкін. Зеленский өзге кандидаттар аса назар аудармаған жастар санатымен жақсы жұмыс істегенін оның қарсыласы Петр Порошенко да мо-йындады. Ол сайлау нәтижесін «ауыр соққы» деп бағалап, келесі кезеңде жастармен байланысын арттыруға күш салатынын жеткізді. «Сіздер елдегі өзгерістерді көріп отырсыздар. Бірақ бұл процесс-тің тезірек, әлдеқайда сапалы жүргенін қалайды екенсіздер. Мен сіздердің қарсылықтарыңыздың мәнін түсіндім», – деді ол.
Петр Порошенко – Украинадағы ең бай адамдардың бірі. Кондитер магна-ты Украина НАТО және Еуроодақпен интеграциясын арттыру жолында күресті. Елдегі украин тілінің ықпалын күшейтуді қолға алып, Украинаның православ шіркеуін Ресейге тәуелділіктен құтқару арқылы Порошенко Мәскеуге жалтақтамайтын дербес мемлекет құруға ынталы екенін көрсетті. Бірақ Порошенконың Донбасстағы әскери қимылдарды тоқтату туралы уәдесіне қарамастан, ол елді бас-қарған соңғы бес жылда Украинаның шығысында 13 мың адам қаза тапты. Өмір сүру сапасының төмендеуі мен жемқорлықтың артуы Зеленский сияқты халықтың ортасынан шыққан, саяси ортадан аулақ адамға зор мүмкіндік берді. Петр Порошенко сайлауалды бағдарламасын «Әскер, Тіл, Сенім» деп атаған. Оның бағдарламасында 2023 жылы Еуропалық одаққа кіруге өтінім беру, НАТО-ға мүшелікке қабылдану бойынша жоспарды орындау, оккупацияланған территорияларды саяси-дипломатиялық жолмен қайтару қамтылған. Порошенконың бағдарына сәйкес, Украина алдағы уақытта аграрлық және IT сектордың көшбасшысына айналып, «Шығыс Еуропаның транспорттық хабы» атануы керек. Мұғалімдер жалақысын көтеріп, білім сапасын арттыру үшін инвестиция салу да – бұрынғы президент жоспарының бірі. Зеленский кім? Владимир Зеленский орыс тілі басымдыққа ие, өндірістік Днепропетровск облысында дүниеге келген. Бала күнгі достары мен студент жылдары табысқан жақындарының басын қосып, комедиялық труппа құрған. «Квартал-95» студиясы Украина сахнасында жылдар бойы сәтті жұмыс істеп келеді. 2015 жылы аталған студия «Слуга народа» фильмін түсірді.
Тарих пәні мұғалімі аяқасты президент болып, жемқор жүйеге қарсы қалай күресетінін көрсететін фильмде басты рөлді Владимир Зеленскийдің өзі сомдайды. Көпшілік Зеленскийдің сериалдағы қоғамдық көлікпен жүретін, өз отбасына артық басымдық бермейтін, өте адал президент образын шынайы қабылдайтынға ұқсайды.
Осыған дейін екі маусымы жарық көрген сериалдың сайлау алдында үшінші маусымы телеарнадан көрсетіле бастады. Зеленскийдің қарсыластары мұны «халыққа әсер ету әдісі», «саяси үгіт-насихат» деп тапты. Gallup қоғамдық пікірді зерттеу институты наурыз айында жүргізген сауалнамаға сәйкес, украиналықтардың 9 пайызы ғана елдегі билікке сенім білдірген. Владимир Зеленскийдің саяси кеңесшісі Дмитрий Разумков комедия актерін халықтың қазіргі негативті көңіл күйін пайдаланған «популист» көретіндерге «Жүйеден бәрі шаршады және оған қарсы күрескісі келеді. Ал Зеленский – биліктен шаршаған халықтың жиынтық бейнесі» деп жауап берді. Зеленскийдің сайлауалды бағдарламасының идеологиялық негізі – халық билігі.
Ол президенттік қызметін Украина президенті, халық депутаттары мен соттың жеке басына қол сұғылмауын қамтамасыз ететін заңды алып тастаудан бастағысы келеді. Оның пікірінше, қылмыс жасаған кез келген адам мансабына қарамай жазалануы керек. Ол сондай-ақ «Президенттің импичменті туралы заң қабылдаймын. Сонда менің жұмысыма көңілі толмаған халық орнымнан алып тастай алады. Бесжылдық мерзімнен кейін қайта сайлауға түспеймін» деді. Халықтың басым қолдауын иеленгеніне қарамастан, батыс саясаткерлері мен шетелдік инвесторлар Владимир Зеленскийге күмәнмен қарайды. Оның кандидатурасына қарсылық білдірушілер әдетте оның саясатта тәжірибесі жоғын алға тартады. Оның теледебатқа қатыспауын, сайлауалды науқан кезінде өте аз сұх-бат беруін «тосыннан қойылған сұрақтарға жауап беруден тайсақтауы» деп түсінгендер де табылды.
Петр Порошенконың пікірінше, Владимир Зеленский халықаралық қарым-қатынастарда Украинаның атынан шешім қабылдауға, әсіресе, Ресей Президентімен келіссөз жүргізуге дайын емес. «Путин әлсіз, жұмсақ, тәжірибесіз, саяси шешім шығаруға қабілетсіз адамның Украина президенті болғанын армандайды. Біз, шынымен, оған (Путинге – ред.) осындай мүмкіндік беріп қоямыз ба?» – деді ол.
Зеленскиймен кездескен еуропалық дипломаттардың бірқатары Guardian басылымына пікір білдірген. Олар өз сөзінде Зеленскийдің бағдарламасы қағаз жүзінде ғана әдемі екенін, ал іс жүзінде кандидат өз ұсыныстарын түсіндіре алмағанын айтқан. Exotix инвестициялық банкінің өкілі Стюарт Калверхаус «Зеленский бизнес өкілдерімен кездесу кезінде өзін барынша кәсіби тұрғыдан көрсетуге тырысты. Бірақ сайлаудың екінші кезеңінде Зеленскийге өзі ұсынған бағдарламаларды нақтылап, экономикалық шараларды барынша түсіндіруге тура келеді» деп есептейді. Украинаның бұрынғы экономика министрі Айварас Абромавичус Владимир Зеленскиймен кездесуден кейін туындаған ойымен бөлісті. Кандидатты «мақсатына берік», «жақсы тыңдаушы» деп сипаттаған экс-министр: «Зеленский саяси жоспарлары және Коломойскимен байланысы туралы сұрақтарда нақтылық танытқан жоқ. Көп нәрсеге қатысты салмақты көзқарасы жоқ сияқты. Бұдан артықшылық көремін. Президент болса, бұл көзқарастар қалыптасады. Оның жанында, сөзсіз, біреу бар. Бірақ ол тұлғаның кім екені маңызды сұрақ», – деді. Владимир Зеленскийдің қолдаушысы – олигарх Игорь Коломойский болуы мүмкін деген болжам бар. Ол – «Квартал-95» студиясының бағдарламалары көрсетілетін «1+1» арнасының басшысы. New York Times «Коломойский өзіне тиесілі «ПриватБанкты» мемлекет меншігіне алып қойғаны үшін Порошенкоға өкпелі, сондықтан оған қарсылас кандидатты қолдауы мүмкін» деп болжайды. 26 наурыз күні Петр Порошенко Игорь Коломойский басқаратын «1+1» арнасын өзінің ар-намысына нұқсан келтіретін жалған ақпарат таратқаны үшін сотқа бергенін хабарлады.
Сайлауалды бәсекеде ең жоғары қызметке таласушылардың бүкіл өмірі мен бұрын байқаусызда айтқан сөздеріне дейін жұрт назарына ілінетіні белгілі. Осындай мәлімдеменің бірі Зеленскийдің де басына дау тудырды. Оның 2014 жылы «Путиннің алдында тізерлеп тұруға дайынмын» дегені Ресейге қарсы көңіл күйдегі халыққа кері әсер етті. Зеленский ойы халыққа бұрмаланып жеткенін, толық мәтінде «Керек болса, мені Путиннің алдына тізерлеп отырғызыңдар! Тек Украина ондай күйге түспесін» дегенін, ол ойынан қазір де бас тартпайтынын айтты.

Д.ТЛЕУБЕК

Add a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *