Сырттай сотталған саясаткерлер

сырттай25-күні күзден бері жалғасып келе жатқан Рысқалиевтер ісіне нүкте қойылды. Атырау облысын 6 жылға жуық басқарған Бергей РЫСҚАЛИЕВ пен оның інісі, паламент мәжілісі депутаты болған Аманжан РЫСҚАЛИ – 17 және 16 жылға бас бостандығынан айрылды.

Бас бостандығынан айрылды деген аты болмаса, бұл процессті жай ғана үкім оқылумен аяқталды деуге болады. Өйткені, ұрлық, алаяқтық, заңсыз кәсіп, қызметін асыра пайдалану, пара алу, қылмыстық топ құру, жалған құжат жасау сияқты бір­неше айып тағылған ағайынды шенеу­ніктерді Қазақстан бұл жолы да сырттай соттауға мәжбүр болды. Еуропада қашып жүр деп болжанған, кейде өлі-тірісіне де күмәнмен қарайтын ел олардың бұл «сотталуына» аса мән бере қойған жоқ. Себебі, сырттай сот­тау деген шартты түрде жасалған қа­дам, биліктің шарасыздығы ғана екені аян.
Саясаттанушылар құқықтық жүйе саясатқа, биліктің шешімдеріне тәуелді болмау керек дейді. Ал, сырттай соттау керісінше, Қазақстан билігі үшін аса қажеттіліктен туған қадам. Тіпті, қазір Қазақстандағы сырттай сотталғандардың алды «жазасын өтеп» болды. 2001 жылы бұрынғы премьер-министр Әкежан ҚАЖЫГЕЛДИНДІ елден кеткеннен 3 жыл өткен соң лауазымын асыра пайдаланды және пара алды деген айыппен сырттай 10 жылға соттаған. Ал, оның «бастандыққа шыққанына» шамамен 8 жыл болды… Қазіргі таңда шетелде тұрып жатыр, білікті экономист ретінде бағаланған қашқын шенеунікті Ресей, Түркия сынды бірнеше мемлекет қызметке де шақырыпты-мыс. Қажыгелдин қазір де қарап жатпай, біраз компанияларға кеңесшілік жасап жүр деседі. «Қазақстаннан шетелге жымқырылған ақшалардың ізіне түстім», деген сөзі тағы бар.
Биылғы тағы бір сот – Әблязов ісіне қатысты. 27-қараша күні шетелде тұратын Мұхтар ӘБЛЯЗОВ «банкир Ержан ТӘТІШЕВТІ өлтіруді ұйымдастырды» деген айыппен өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Әблязов осымен екінші мәрте сотталып отыр. 2017 жылы «БТА» банкінің қаржысын жымқырды» деген айыппен 20 жылға сотталған банкир жазасын өтеп болмай жатып, қайтадан «істі болып» шыға келді. Сірә, ақыры сырттай соттайтын болған соң, 20 жылы не, өмір бойысы не, Әблязовқа бәрі бір емес пе десе керек.
Бір қоса кетерлік жайт — осы күзде ғана күшіне енген «Қазақстанның күштік құрылымдары төтенше жағдайлар кезінде интернетті бұғаттай алады» деген заңның шығуына да жиі трансляция жасап кеткен Әблязовтің әлегі себеп болды деген болжамдар айтылып жүр.
Алматы қаласының әкімі болған Виктор ХРАПУНОВ сыртта жүргеніне қаншама жыл болса да, сотталмағаны үшін құдасынан ұялды ма екен (Храпуновтың ұлы Әдлязовтің қызын алған), әлде, Қазақстан билігі құдаларды теңестіру жағын ойлады ма, аяқ асты шешім қабылдап, 2008 жылдан бері Швейцарияда тұрып жатқан экс-шенеунікке 10 жылдан кейін 17 жылға бас бостандығынан айырды. Басында тыныш жүрген Храпунов құдасы да елден қашып шыққан соң (2009ж.) Қазақстандағы адам құқығының тапталуы туралы мәлімдемелер жасай бастады. 2013 жылы Назарбаев диктатурасы туралы кітап та жазып тастады. Францияда шыққан «Нұрсұлтан Назарбаевтың диктатурасы туралы» атты кітапта жемқорлыққа батқан қазақ билігін қатал сынға алыпты-мыс.
Одан кейінгі сырттай сотталған шенеуніктің өзгелерге қарағанда жолы болмады деуге болады. Рахат ӘЛИЕВ. Қашып барған елі – Австрия қамауға алып, түрмеге жапты. Онсыз да Қазақстан атынан 40 жылға сотталған президенттің бұрынғы күйеу баласына Австрия тарапы 10 жыл үкім кеспек болды. Оны бұл жазадан өлімі ғана арашалап қалды деуге болады. Әйтпесе, Венада ұсталған экс-шенеунікті Қазақстанға эктрадациялау туралы да әңгімелер шыға бастаған. Австрияның ресми мәлімдемесі бойынша Әлиев өзіне өзі қол жұмсап, қаза болған.
Ал, өзге «сырттай сотталғандарда» Әлиевтің басындағыдай қиыншылық жоқ секілді. Қазақстан тарапы қанша рет сұратса да, саяси баспана берген Батыс елдері оларды Қазақстанға қайтарудан бас тартып келеді. Себебі, Еуропа тарапы Қазақстан сотының әділдігіне күмәнмен қарайды.
Дариға Назарбаевамен некесі өзінің қатысуынсыз бұзылған Рахат Әлиев тіпті әкесінің жаназасына қатыса алмады. Сол сияқты, Рысқалиевтердің әкесіне де ұлдарынан топырақ бұйыр­ма­ды. Ашық деректерде 78 жасында дү­ние салған Сәулебай Рысқалиев көзі тірісінде «әлі заман түзеледі, бәрі орнына келеді», дегенді көп айтыпты. Сырт­та жүріп, сырттай сотталғандар да осы үмітті малданып жүріп жатқан шығар…
Сәл ертеректегі мәлімет бойынша Қазақстаннан ақша жымқырып қашып кеткендер саны 1600-ден асты делінеді. Оның 50-ден астамы халықаралық іздеуде.

Алмас Нүсіп

Add a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *