Байлардың көп болуы бақ па, әлде сор ма?!

20190410102332930_bigОтандық сарапшылардың пайымдауынша, біз үшін нақ қазір алаңдауға тиіс мәселелердің бірі – халықтың тұрмысы мен тапқан табысының арасын қабыстыру, яғни халықтың тұрмысқа сай табыс табуына, сол табысын мамыражай тіршілік кешуге жұмсауына жағдай жасау болуы керек. Ал біздегі қазіргі нарықтың болмысында баз біреулер «қымбатшылық атаулы жеке басыма анағұрлым ауыр тиіп жатқан жоқ» десе, енді бір қауымның айлығы шайпұлына жетпей, «шақшадай басы шарадай» болуда. Біреулер кедейленіп жатса, енді біреулерге қымбатшылық майдай жағып, еселеніп байып жатыр. Бұл үрдісті сарапшылар «халықтың тұрмыс-тіршілігінің әртүрлілігінен, тұрмыс пен тіршілік арасының қабыспауынан» деп түсіндіреді. Ал сонда әртүрлілік дегеніміз не? Біз бүгін осыны сараптап көрелік.

Әлеуметтік жүйені жөнге салу керек

«Ресми деректерге жүгінсек, бүгінде біздің елімізде бай-манаптардың көрсеткіші шамамен 15 пайызды мөлшерлейді. Ал елдегі әлеуметтік жағдайы өте төмен таптың көрсеткіші 30 пайызды құрайды. Республика халқының қалған 45 пайызы айлығын шайпұлына ғана жеткізе алатын орта шаруалар болса, ендігі бір 10 пайыздық меже күнкөріс жағдайы тіптен төмен адамдардың еншісіне бұйырыпты. Міне, отандық сарапшылардың әртүрлілік деп отырғаны осы көрсеткіштер тізбегі. Егер сарапшылардың зерттеуіне сүйенсек, бұл көрсеткіштердің өзі елде әлеуметтік жүйенің дұрыс қалыптаспағандығын айқындайды. Сондықтан бізге нақ қазір осы әлеуметтік жүйені дұрыстап алу қажет», — дейді әлеуметтанушы Аймара Тілеукина.
«Біраз елдермен салыстыра қарасақ, Қа­зақ­­­стандағы жағдайдың өзгешелігін бай­қау қиын емес. Мысалға, бұл ретте, біз Шве­ция­ның әлеуметтік бағдарламасын сөз етсек болады. Мәселен, шведтердің әлеуметтік бағдарламасының есебі бойынша, Швеция халқының 5 пайызы байлар болса, 10 пайыздайы – кедейлер, қалғаны – орта таптағы адамдар. Дерек көздері Швецияда орташа өмір сүретін адамдар саны көп, ал жарлылар мен байлар саны аз екенін көрсетеді. Осыдан болар, олардың халқының жағдайы жақсы, тірліктері мамыражай. Бір сөзбен айтқанда, Швеция – халқының тұрмыс-тіршілігін теңестіре білген ел», — деді әлеуметтанушы.
Қазірде көптеген ел «елдегі бай-манаптарының қалай байығандығына, шынымен де адал еңбек маңдай терімен дәулетке қол жеткізді ме, болмаса тағы басқа жайттар әсер етті ме?» деген мәселеге айрықша назар аударуда. Сондықтан маманның пайымдауынша мұндай жүйені бізге де қалыптастыру керек. Негізінде, бізде біраздан бері табыс декларациясын жария ету, орташа жалақы деңгейін көтеру, жағдайы төмен отбасыларға мемлекеттік көмекті ұлғайту жайы қозғалып-ақ келеді. Былайша айтқанда, біздің атқарушы билік кедей кепшіктің жағдайын жасау жолында біршама реформаларға реңк бергендей болды. Бірақ біздің қоғамда сауатты әлеуметтік теңдіктің қалыптаспай отырғаны жасырын емес.

Жалған күрескерлікті тыю қажет

Жалпы, әлеуметтік теңдік турасында сөз еткенде мамандардың дені «Кеңес өкіметінің тұсында облыстық басылымдарда бір ауданның басшысы жайлы, оның шалқыған әл-ауқаты жайлы жазылатын болса, оны дереу тексерудің астына алатын. Егер жазылған жайт шындыққа саятын болса, әлгі басшы дереу орнынан алынып, партиядан қуылатын. Кеңес өкіметінің бір жақсы жері, олар бай-манаптарға бақылау қоя білді» дейді.
Ал қазір елімізде мұндай жүйені дамытуға жеткілікті мән берілмей жатқанын; нақ қазір бізге қарапайым, тойымды көзқараспен баюды үйрену керектігін алға тартқан мамандар «алдымен мемлекеттік қызметкерлерге бақылауды күшейткен жөн» деседі.
«Егер біз елдегі жағдайы төмен отбасылардың көрсеткіші мен бай-манаптардың санын азайтамыз десек, онда бірінші кезекте орынсыз жерде қазақшылық танытуды, яғни көп мәселеде жауырды жаба тоқи салатын әдетімізді қоюымыз керек. Осы орынсыз қазақы қалып таныту жем қорлыққа итермелеуде. Елдің жағдайын түзеу үшін алдымен әлеуметтік саясатта жүйелі түрде өзгертулер енгізу бағытын ұстануымыз керек. Ол үшін, әрине, алдымен елдегі ауқаттылардың көрсеткішін азайтып, орта шаруалардың легін көбейтуге тырысқан жөн. Бірақ байлардың санын азайту дегеніміз – революция жасау, баяғыдай «бай-құлақты жою» емес, барынша өркениетті жолмен жүруге тиіспіз», — дейді Аймара Тілеукина.
Маманның пайымдауынша, егер елдегі 30 пайыздық тұрмысы төмен таптың көрсеткішін соңғы екі жылда кем дегенде 22 пайызға төмен түсірсек, халықтың әл-ауқатына жан бітер еді.
«Біздегі мемлекеттік шенеуніктердің басым бөлігінің өз бизнесі бар. Олар кейде сол өз бизнесіне кесірі тиіп кететін заң жобаларын қабылдамай, орындамай да қояды. Сол бизнесі бар мемлекеттік қызметкерлердің көпшілігі әлеуметтік мәселелерді шешу үшін мінбеден сөйлеп көрініп кетеді де, мінбеден түскеннен кейін өз бизнесін дөңгелетуді ғана ойлайды. Демек, бұл жерде қазақтың тұрмысы мен табысы арасының қабыспай жатуының бір шарты – нақ осы жалған күрескерлік. Жалған жоспарды орындау. Жалған статистикаға жүгіну. Жұмыссыздық деңгейін төмендетіп көрсету. Міне, осы жайттарға ерекше салмақпен қарайтын кез жетті»,- әлеуметтанушы маман.
Ұсыныстарды ескеру керек
Сөйтіп, мамандар нақ қазір елде тұрмысы төмен отбасылардың көрсеткішін азайтып, орта таптағы шаруалар легін көбейту мәселесі өзекті екенін алға тартуда. Бұл тұрғыда сарапшылар көшті түзейтін мынадай бағыттарды ұсынып отыр:
а) халықтың тұрмысын теңестіру қажет. Ол үшін бай-манаптарды, мемлекеттік қыз­мет­­керлерді бақылау қажет. Осы арқылы монополистік үстемдіктерге ие субъектілер тарапынан қоғамның орынсыз қаналуына жол бермеген жөн;
ә) қолайсыз, өркендеуі төмен аймақта тұрып жатқан халыққа мемлекет тарапынан арнайы жәрдемақы берілуі керек. Мәселен, АҚШ-та, Канадада, басқаны қойғанда, Оңтүстік Африкада құнарсыз, суы тапшы, нәрсіз жерлерде тұратын жандарға жалақысына қоса үстеме төлемақы төленіп тұрады. Бұл үрдіс жағдайы төмен деңгейдегі Үндістанның өзінде жүзеге асып отыр;
б) Үкіметтің дамуы кемшін қалаларды дамыту, бірсалалы қалаларды жандандыру, моноқалаларды, бірсалалы қалаларды жандандыру, моноқалаларды өркендету іспетті бағдарламалары сауатты орындалмады. Ал бұл орта шаруалардың көбеюіне өзіндік үлес қосып, қолайсыз аймақта тұрып жатқан шаруаларға қолайлы жағдай туғызатын дүние еді. Мұны қайта қолға алу керек;
в) жұмыссыздық мәселесіне мән берілуі қажет. Жұмыссыздық деңгейін жалған цифрлармен көрсетпей, керісінше, ашып айтқан абзал. Ұлттық жұмысшы табын қалыптастыруға тырысқанымыз жөн. Бұрынғы кәсіптік-техникалық оқу орындарының ісін қайта жандандыру қажет;
г) саясат саласындағы үздік әлемдік тәжірибелерге назар аударып, оны өзіміздің табиғи тінімізбен ұштастыра білу керек.

Қ.Зарыққанқызы

Add a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *