Экономиканың өсім қарқыны сақталуы тиіс

2019_04_17_45359-6-kazahstanskaya_ekonomi_ruПремьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2019 жылдың бірінші тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен республикалық бюджеттің атқарылу қорытындылары қаралды.

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов биыл І тоқсанда экономиканың өсуі жалғасқанын айтып өтті. «Қаңтар-наурызда ішкі жалпы өнімнің өсуі 3,8% болды. Қаңтар-ақпанда бұл 3,5% құраған еді. Өсудің үдеуі өңдеу өнеркәсібінің, құрылыс пен инвестициялар өсуінің негізінде қамтамасыз етілді», деді ол.
«ІІ тоқсанда қол жеткізген қарқынды сақтау және жалғастыру маңызды. Оған мүмкіндік бар. Біріншіден, нақтыланған бюджетті қаржыландыру ашылуда. Бұл тұтынушылық және инвестициялық сұранысты күшейтеді. Екіншіден, құрылыс, инвестициялық жұмыстар, сондай-ақ АӨК саласындағы жұмыстар кезеңі ашылуда. Үшіншіден, ІІ тоқсанда дәстүрлі түрде шағын және орта бизнес жанданады», деді Р.Дәленов.
Өз кезегінде Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев 2019 жылғы наурызда айлық инфляция 0,5% болғанын айтты. Жылдық инфляция 4,8% деңгейінде сақталды. 15 сәуірде Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 9% деңгейінде төмендету туралы шешім қабылдады. Базалық мөлшерлеменің қазіргі деңгейі инфляция бойынша 2019 жылға арналған нысаналы бағдарға қол жеткізуге ықпал етеді. Ал валюта нарығындағы ахуал тұрақты.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов І тоқсанда бюджеттің барлық деңгейінде кірістер жоспардан асыра орындалып, оң өсу қарқынын көрсеткенін жеткізді. Есепті кезеңде мемлекеттік бюджетке 2,9 трлн теңге түсім жиналды. 3 трлн теңгеге шығыстар атқарылды. Мемлекеттік бюджеттің тапшылығы 94 млрд теңгені құрады. Бұл жоспардан 162 млрд теңгеге аз. Қолма-қол ақшаның бақылау шотында 285 млрд теңге қаражат қалыптасты», деді Ә.Смайылов. Мемлекеттік бюджеттің кірістері есепті кезеңнің жоспарына қарағанда 105,6%-ға, республикалық – 102,1%-ға, жергілікті бюджеттер – 116,6%-ға асыра орындалды. Республикалық бюджетке 1 567 млрд теңге кіріс түсті. Бұл жоспардан 33 млрд теңгеге, ал былтырғы осы кезеңмен салыс-тырғанда 268 млрд теңгеге артық.
Ә.Смайылов сондай-ақ биылдан бастап шағын және орта бизнес субъектілері үшін салық-тық рақымшылық жасау шараларының нәтижесінде 34 мыңнан астам салық төлеуші жалпы сомасы 7,6 млрд теңгеге негізгі борыштарын өтегенін айтты. Республикалық бюджет шығыстары 2,7 трлн теңгені құраған, қаражаттың 47%-ы әлеуметтік салаға бағытталған.
Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов бірқа-тар проблемалық мәселелерге тоқталды. Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтановтың баяндамалары тыңдалды.
Мәселені қорытындылаған Премьер-Министр 2019 жылғы 10 сәуірде Елбасы Н.Ә.Назар-баевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында қаралған мәселелерге назар аударды. «Қаңтар-наурызда ІЖӨ 3,8%-ға өсті. Құрылыс, сауда, тау-кен өнеркәсібі, көлік саласы экономиканың басты өсу қозғаушылары болды», деді А.Мамин. Негізгі көрсеткіштер бойынша І тоқсанда Шығыс Қазақстан, Қостанай, Атырау, Павлодар және Қызылорда облыстары жақсы нәтижелерге жетті. «Жыл қорытындысы бойынша оң көрсеткіштерді қамтамасыз ету үшін негізгі капиталға, құрылысқа және басқа да секторларға салынатын инвестицияларды одан әрі өсіру жұмыстарын күшейту керек. Осыған орай, орталық және жергілікті атқарушы органдар бюджет қаражатын уақтылы әрі толық игеру жөнінде шаралар қабылдауы қажет», деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ А.Мамин әлемдік экономика өсімінің бәсеңдеуіне орай халықаралық сарапшы-лардың даму көрсеткішінің 2018 жылы 3,6%-дан 2019 жылы 3,3%-ға дейін төмендеуі туралы болжам жасауы жағдайында экономиканың инклюзивті және сапалы дамуына көңіл бөлу қажеттігін атап көрсетті. «Инвестициялық саясатта тікелей шетелдік инвестицияларды тарту басымдық болуы тиіс», деді ол осы мәселеге орай. Биыл 18 сәуір-де шетелдік инвестицияларды тарту бойынша жаңа тәсілдерді ұйымдастыру туралы мемлекеттік органдардың басшылары және жергілікті атқарушы орган өкілдерінің қаты-суымен кеңес өтетінін еске салды.
Сондай-ақ Үкімет отырысында шикізаттық емес экспортты ілгерілету мәселелері және Ұлттық экспорттық стратегияны іске асыру барысы қаралды. Ұлттық экономика министрі Р.Дәленов хабарлағандай, еліміздің ІЖӨ-дегі экспорттың үлесі 40,1% құрады. Бұл ретте ІЖӨ 0,5%-ға өсуі экспортпен қамтамасыз етіледі.
«2018 жылы қазақстандық тауарлардың және көрсетілетін қызметтердің экспорты $68,3 млрд құрап, 2017 жылмен салыстырғанда 24,2%-ға өсті. Бұл бірінші кезекте мұнай бағасының өсуімен байланысты, деді Р.Дәленов. Министрдің айтуынша, шикізаттық емес экспортқа металлургия өнеркәсібі тауарлары зор үлес қосты. Бұл – құбырлар, металл конструкциялары, илемдер, қорытпалар, металдар және т.б.
Өз кезегінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Р.Скляр 2018 жылы Қа-зақстанның шикізаттық емес экспортында оң динамика байқалып отырғанын атап өтті. «Химия өнеркәсібі 2,6%-ға, минералды өнімдер 14,6%-ға, машина жасау 11%-ға, азық-түлік өнімдері 7,6%-ға өсті», деді Роман Скляр. Бүгінгі таңда Қазақстан 120 елге 800 тауар түрін шығарады. Өңдеу өнеркәсібінің негізгі экспорттық тауарлары – ферроқорытпалар, өңделмеген мырыш, тазартылған мыс, уран, мұнай газдары, трансформаторлар және аккумуляторлар. 2018 жылы дайын өнім экспорты 16%-ға артты. Биыл да шикізаттық емес экспорт өсімі күтіліп отыр.
Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров АӨК-ті дамыту бағдарламасында өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2021 жылы 2,4 млрд долларға жеткізу жоспарланғанын айтты. Биыл экспорт көлемі 1,27 млрд долларға жететін болады. «Өткен жылдың қорытындысы бойынша 1,125 млрд доллар сомасына 3,5 млн тонна өңделген ауыл шаруашылығы өнімі экспортталды. Бұл ретте, 275 өңделген ауыл ша-руашылығы өнімінің тауарлық тобынан өткен жылы бірінші рет өңделген өнімдердің 17 жаңа түрі экспортталды», деді С.Омаров.
Сонымен қатар өңделген АӨК өнімдерін дәстүрлі нарықтарға экспорттау көлемінің өскені байқалады, атап айтқанда экспорт Өзбекстанға – 32,4%-ға, Ресейге – 7%-ға, Қырғызстанға – 11%-ға, Тәжікстанға – 9,7%-ға, Молдоваға 40,1%-ға артқан, сондай-ақ жаңа нарық саналатын Қытайға 57,5%-ға, Нидерландқа 130%-ға өскен.
Сыртқы істер министрі Б.Атамқұлов мемлекеттік органдармен міндеттерді ажырату бойынша ортақ түсіністік әзірленгенін, соған сәйкес СІМ-нің сыртқы деңгейдегі үйлестіруші ретіндегі рөлі бекітілгенін атап айтты.
Өнеркәсіптік бұйымдар мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын ғана емес, құрылыс, логистика, туризм, ғарыш, қаржы, медицина және білім салаларындағы қызметтерді қамтитын тауарлық қатысуды бекіту және кеңейту мақсатында шекаралас елдермен сауданы кеңейтуге ерекше назар аударылады», деді Сыртқы істер министрі.
Премьер-Министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек шикізаттық емес экспорт көлемін да-мыту және арттыру Үкімет жұмысының негізгі бағыттарының бірі екенін айтты. Стра-тегияға сәйкес 2022 жылға қарай шикізаттық емес тауарлар мен қызметтер экспортын 32 млрд долларға дейін жеткізу міндеті тұр. Жыл сайын шикізаттық емес тауарлар мен қызметтер экспорты 2,2 млрд долларға артуы тиіс. Бүгінде барлық құралдар бар, бюджетте алдағы 3-4 жылға қаржыландыру қарастырылған. Бір ай ішінде Жол карталары әзірленеді. Мемлекеттік органдардың нақты шаралары, оны іске асыру мерзімі, жауапты орындаушылар бекітілетін болады.
Мәселені қорытындылаған Премьер-Министр А.Мамин ЕАЭО аясында серіктес елдер-мен, Қытаймен және басқа да мемлекеттермен сауда айналымын ұлғайтудың басты шарты отандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру екенін атап өтті. Экспорттық әлеуетті одан әрі дамыту үшін қазақстандық индустрия және экспорт орталығы құрылды. Бизнесті мемлекеттік қолдаудың қаржылай құралдары өндірістен бастап экспортқа дейін бір жерде шоғырланады. «Трансшекаралық инфрақұрылымның сапасы мен қолжетімділігін арттыру жұмыстарын күшейту қажет. Бұл аса маңызды, себебі көршілес сауда серіктестеріміздің экономикаларының өсу болжамдары тұрақты», деді Премьер-Министр.
Отандық ауыл шаруашылығы экспортын ілгерілетуге де көңіл бөлінді. «Біздің өнімдеріміз басқа елдерде танымал болуы тиіс, әрі ортақ экспорттық брендті құру арқылы экспортты дамыту қажет», деген Үкімет басшысы, тауарларды сыртқы нарыққа қарқынды түрде шығару қажет екеніне назар аударды. Бұл үшін қазақстандық өндірушілер өндіретін тауарлардың сапасын жоғарылатып, экспортқа шығарылатын елдердің талаптарына және регламенттеріне толық сәйкестігін қамтамасыз етуі қажет.
«Заманауи зертханалық базаны құру керек. Бұл бизнестің өз тауарлары мен көрсетілетін қызметтеріне тиісті сертификаттар алуына көмектеседі», деген Үкімет басшысы, экспортқа бағдарланған тауарларды халықаралық электронды сауда алаңдары арқылы сату мәселесін пысықтау қажет екенін айтты.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ

Add a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *