Сауда капиталына неге мемлекет араласпауы керек?

20190417100324801_bigЕліміздегі сауда жүйесіне қатысты отандық сарапшылар «әлеуметінің жағдайын ойлаған ел саудасының әлеуетін жақсартады» дейді. Енді бір қауым кез келген дамушы елде қарапайым халыққа қызмет көрсететін тауар бағасы арзан сауда нүктелері болуы керектігін алға тартады. Сарапшылардың пайымдауынша, мұндай жүйе халыққа да, нарыққа да тиімді. Жалпы, тауарлары арзан сауда нүктелері дегенде бізде біраз саусақпен санамалайтын азық-түлік дүкендері бар. Ал киім-кешегіңді тағы басқа қажеттілігіңді өтейтін арзан сауда орны қарапайым халық үшін «барахолка» атанып кеткен Алматының қара базары. Бірақ бүгінде елде жүріп жатқан «базар реформасына» қатысты сол қара базардың өзінде тауар бағасы құбылып ырыққа көнбей тұр.

Бұл ретте сарапшы-маман,
Айзада Халықова:

«Бүгінде біздің Үкімет банк секторының жұмысына араласуда, біршама компаниялардың да тыныс-тіршілігіне мемлекеттік бақылау күшейтілді. Осындайда «сауда капиталына неге мемлекет араласпауы керек?» деген ой туындайды. Өз басым бұл тұрғыда «елде жеңіл өнеркәсіп өнімдерін арзандатылған бағамен халыққа ұсынатын мемлекеттік сауда дүкендерін ашу керек» деп ойлаймын. Әрине, біздің елімізге киім-кешек атаулы шеттен келетіні белгілі. Осы тұрғыда мемлекеттік бақылау орнатылып, сол шеттен келетін тауарларды ешбір делдалдарсыз бірден мемлекеттік дүкендерге әкеліп түсіріп отырсақ, сонда халықтың арзан тауарға қолы жетер еді. Бұлай етпесек біздің елдегі сауда нүктелерінің дені жекеменшіктің қолына өтіп кетті. Олар ойына келген бағаларын аспандатып тұр. Бұл үрдіс сауда жүйесінің мінін көбейтпесе, азайтқан жоқ. Сауда нүктелерінің, сауда-саттықтың түгелдей жекеменшіктің қолына өтуі сауда саласындағы сауатсыздықты ұлғайтып отыр. Сондықтан елде мемлекеттік сауда дүкендері ашылуы керек. Бұл салаға жаңаша серпін қажет», – дейді.

Ертерек қамдану да маңызды

Негізінен сауда-саттық хақында сөз еткенде мамандардың дені «ертерек болжам жасауға, жоспар құруға және қажетті нәрсені мезгілінен бұрын алуға қамданған жөн» деседі. Бұл пікірлер, әрине, «қыс қамыңды жаз сайла» деген нақылды нақтылай түспек…

Бұған қатысты экономист-ғалым
Жаңабай Алдабергенов:

«Жалпы, қазақ қауымы жанталасып сауда жасауға бейім. Кез келген затты нақ сол қажетті күні алуға даярмыз. Мысалы, оқу жылы басталардағы жағдайды ғана айталықшы, сол мерзімде қара базарға барсаңыз, мектеп қажеттілігін өтеуге қарбаласқан халық. Бұқараның бір парасы баласын мектепке даярлау үшін қолындағы бар қаржысы жетпей малын сатып жатса, енді бірі қарызданып-қауғаланып оқу құрал алып, мектеп формасын түгендеп әлек болады. Сауданың қызған шағы екенін сезініп, алдын-ала болжап отыратын саудагер қауымы бұл мезетте мектеп формасының бағасын аспандатып қояды. Халық амалсыз, қажеттілік болған соң саудаласпай-ақ алып жатады. Енді орташа есебін шығарып көрелік: 1 мектеп формасы орта есеппен 15 мың теңге болса, бір баланың оқу құралдар жиынтығы 20 мың теңгені құрасын; ал мектепке қажетті оқулық кітаптары сөз жоқ 25 мың теңгеден айналары сөзсіз. Сонда бір баланы мектепке даярлау үшін орташа есеппен жоқ дегенде бір отбасына 50-60 мың теңге қажет. Ал бір отбасында үш-төрт бала болса еріксіз несие аласыз немесе қолдағы малыңызды сатасыз болмаса біреуден қарыз сұрайсыз»,-дейді.

Біздегі мерзімдік сауданың сипатын осылай тізбелеген маман ақша жаратуда жалпы, сауда-саттық жасауда өзіндік жоспар, болжам, қосымша жинау қажеттігін құлаққағыс жасауда…

Сауатты сауда көңілді сергітеді

Жалпы, сауда-саттыққа қатысты саудада сатушылардың амал-айласын және маркетингтік жүрістерді бақылап тұру керек. Сондай-ақ сауда жасауға қомақты қаржымен барудың да қажеті жоқ. Ал бізде бұл үрдіс керісінше, қазақтардың басым бөлігі мыс-мыс ақшаны қалтаға басып алып базар аралауға, дүкенге барса жалақысының кем дегенде 20 пайызын сол дүкенге қалдырып кетуге бейіл. Осыдан барып қомақты қаржыны базарда ұрлатып алу; айлықтан айлыққа әрең жету үрдісі көбеймек. Ал мұндайда «сауданы қалай сауатты жасауға болады» деген сауал еріксіз туындайды. Ол үшін мынадай ұстанымдарды жадымызда ұстаған жөн көрінеді:
• Бірінші, жоспарсыз сауда жасаудан сақтану үшін әмиянға көп ақша салып жүрудің қажеті жоқ. Бұл – үнемділікке және қаржыңыздың қолды болуынан сақтайтын алғашқы жол.
• Екінші, жалақы алған күні дүкендерге әсіресе киім дүкендеріне, базарға барудан бас тарта тұрыңыз. Себебі сіз қолыңызға тиген ақшаның буымен ертеңгі күніңізді ойламай, өзіңізге қажетсіз нәрселерді көптеп алып қоюуыңыз мүмкін.

• Үшінші, қолыңызға қаржы тиген соң алдымен өзіңізге қажетті азық-түліктің легін жазып, тізіп алыңыз. Бұдан соң қандайда бір зат алуға барғанда әрқайсысының тұсына қанша мөлшерде ақша кеткенін белгілеп қойыңыз. Бұл да кеткен ақшаның есебін шығаруға өте қолайлы дүние.

• Бұдан соң күнделікті жұмсаған қаржыңызды дәйім белгілі бір дәптерге есептеп жазып отырыңыз. Бұл да шығыс пен кірісті есептеуге, үнемдеуге таптырмайтын – тәсіл.

• Мерзімдік саудада сақ болыңыз. Абзалы мерзімдік саудаға ұрынғаннан гөрі ертерек қам жасауға талпыныңыз.

«Осы қағидаларды меңгерген адам сауда жасауда ұтылмайды, бұлай еткен жанның саудасы базарлы болады. Міне, арзан саудаға осылай қол жеткізуге болады» деседі мамандар…

Қ.Зарыққанқызы

Add a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *