Азық-түлік бағасы неге негізсіз өсті?

2019_04_17_azyk-tulikЕгер күнделікті тұтынатын азық-түлік түрлерінің бағасы негізсіз өсетін болса, бұл жағдай әлеумет пен тұрғындардың көңіл-күйіне әсер етпей қоймайды. Ақтөбе қаласында 2019 жылдың бірінші тоқсанында осындай көріністер болған. Осы арада бұған дейін Ақтөбе облыстық әкімдігінің арнайы қаулысына сәйкес әлеуметтік маңызы жоғары, халық күн сайын сатып алатын 19 азық-түлік түрлерінің шекті бағалары белгіленіп, бекітілгенін айта кеткен жөн.

Сондай-ақ қолда бар деректер аталған азық-түлік түрлерінің бағаларын қалыпты ұстап тұру, оны негізсіз өсірмеу жөнінде 700-ге тарта келісімдер мен меморандумдар жасалғанын көрсетеді. Өңірдегі «Әнуар», «Дина» және «Сапа маркет» секілді ірі сауда желілерінің иелері де мұндай мазмұндағы меморан-думдарға қол қойыпты. Яғни, өзара келісімшарттардың шеңберінде олар сауда-саттық кезіндегі үстеме бағаларды 10 пайыздан әрі өсірмеуге уағдаласты. Әйтсе де қазіргі жағдай келісім талаптары орындалмай отырғанын айғақтайды. Сонда қаптаған меморандумдардан не үміт, не қайыр, нендей пайда бар деген заңды сауал туындайды. Бұл көз алдау ма, әлде тұтынушылардың алдында арзан ұпай жинау ма?
Жерігілікті өнімдердің бағасы белгіленген мөлшерден асып түсу деректері өңірдегі коммуналдық базарларда да тіркелуде. Мысалы сүт, ұн, пияз, картоп, сәбіз және қырыққабат секілді ауыл шаруашылығы өнімдері импорттық тауарлар есебіне кірмейді. Ақтөбе аймағында бұлардың қай-қайсысы да жеткілікті түрде өндіріледі. Өткен жылы облыс аумағындағы дәнді дақылдар егістігі көлемі өсіп, жоспарланған мөлшерде астық жиналды. Өңірдегі сүт пен ет өнімдерін шығаратын «Айс» пен «Актеп» секілді агроқұрылымдардың жетістіктері жоғары. Ендеше, сүт пен ұн бағаларының өсуіне қандай негіз бар? Жергілікті ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер бірінші кезекте өз өнімдері мен өңірдің ішкі нарығын қамтамасыз етуге тиісті болса да нақты іс-қимыл мен нәтиже өзгеше болып отырғаны қалай?
Жуырда Ақтөбе облыстық мәслихаты депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері өңірдегі ірі азық-түлік сауда орындары мен коммуналдық нарыққа тиісті мониторинг жүргізіп, нәтижесінде әлеуметтік маңызы жоғары, облыс тұрғындары күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларының 19 түрінің бағалары негізсіз өскенін анықтады. Облыс орталығында жергілікті өнімдердің бағасы алдын ала белгіленген өлшемді баға деңгейінен асып түскен. Бізге ұсынылған азық-түлік өнімдерінің бағасы басқа, ал базарлар мен сауда нүктелеріндегі баға бұдан өзгеше, яғни оның мөлшері шекті бағадан асып кеткен, дейді Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаттары.
Ақтөбе облыстық мәслихатының хатшысы Сания Қалдығұлова мұның басты себебі облыстық кәсіпкерлік басқармасы тарапынан тиісті бақылаудың жеткіліксіздігінен деп есептейді. Жергілікті атқарушы органдарға қойған басты талаптардың бірі – әлеуметтік мәні мен маңызы жоғары азық-түлік түрлерінің негізсіз өсуіне жол бермеу. Мұндай жағдайда баға құбылмалылығының үлкенді-кішілі жайттары бақылаудан тыс қалмауы қажет. Сондықтан да бұл істің барлық тетіктері айқын түрде реттелуге тиіс. Осы орайда өкілетті органдар мен маслихат депутаттарының ұтымды ұсыныстары әрі мониторингтік зерттеу нәтижелері Ұлттық экономика министрлігінде қолдау тауып жатса, бұл тұрғындар мен тұтынушылар үшін жасалған оң қадам болар еді, деді облыстық маслихаттың депутаты Нұрлан Сағыналин.
Қазіргі кезде аймақта жүргізілген тексерістердің нәтижесі Ақтөбенің сауда нүктелеріндегі бөлшек сауда бағасы биылғы бірінші тоқсанға белгіленген баға көлемінен асып түскенін алға тартады. Бұл келеңсіз көрініс Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасары, тұтыну нарығындағы бағаны тұрақтандыру жөніндегі штабтың бастығы Мавр Абдуллинді де селсоқ, енжар қалдырмағанын қалар едік. Оның тарапынан азық-түлік түрлері бағаларына жан-жақты, әрі терең мониторингтік зерттеулер мен тексерулер жүргізуді ұйымдастыру ісі қолға алынса құба-құп. Сондай-ақ өңірде бағаны тұрақты ұстап тұру жөніндегі жұмыстар жүйелі жолға қойылғаны жөн. Сонымен бірге әлеуметтік мәні зор азық-түлік түрлерінің шекті бағасын сақтамаған сауда субъектілері иелеріне шара қолданылуы қажет.
Тоқ етерін айтқанда, өңірдегі өкілетті органдар, оның ішінде бүгінгі көтерілген мәселеге орай басты жауапкершілік арқалайтын облыстық кәсіпкерлік басқармасы күнделікті тұтынатын азық-түлік бағаларын реттеуге қатысты кешенді шараларды жүзеге асырса, бұл істің нәтижесі болары анық.

Темір ҚҰСАЙЫН,
Ақтөбе облысы

Add a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *