Қант зауытынан қайран болмай тұр?

478deae993a11ad4f21544db201446c2_resize_w_520_h_Жамбыл облысы аграрлық саланы дамытуға қолайлы өңір болғандықтан, мұнда мүмкіндік те көп. Өңірде жыл сайын қант қызылшасының қарқыны артып, түсім молайып келеді. Дала төсін дүбірлеткен шаруалар да еңбегінің өнбегін тілеп тынбай еңбек етуде.

Облыстық Ауыл шаруашылығы басқар¬масының қызметкері Тұңғыш Жанұзақовтың айтуынша, өткен жылдың соңында өңірдегі 227 диқан 951,8 миллион теңге болатын 100 мың тонна тәтті түбір жинаған. Алайда, осы уақытқа дейін 140 шаруаға ғана 280 миллион теңге көлемінде қант қызылшасының ақысы төленіпті. Қазіргі кезде қалған шаруалардың басын қатырып, жанын ауыр¬тып отырған да осы қаражат мәселесі. Бұл қашан, қалай төленеді деген мәселе қазір көп диқанды ойландырады. Оның үстіне биыл қант қызылшасының көлемін жылдағыдан арттыру жоспары тағы бар…
Облыста біраз жылдан бері қант қызыл¬шасын қант зауыттарына өткізуде бірқатар мәселе туындаған. Талай уақыт талмай еңбек етіп, бейнетінің зейнетін көруге келгенде күрделі мәселелерге тап болған шаруалардың шырылдайтын жөні де бар. Бүгінгі таңда «Меркі қант зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қарызы 671,3 миллион теңге төңірегінде жиналып қалыпты. Мұндай қомақты қаражаттың уақытында төленбеуі өңірде талай жылдан бері қант қызылшасын егіп, игілігін көріп келе жатқан 80-ге жуық диқанның шаруасына кедергі келтіріп отыр. Облыстық Ауыл шаруашы¬лығы бас-қармасының мәліметінше де, тұрақты жүргізіліп отырған мониторинг кезінде қант зауытының төлемақы жүргізуді тоқ¬тат¬қаны белгілі болған. Сонымен қатар аталған мәселеге байланысты ағымдағы жылы ақпан айының соңында және наурыз айының басында серіктестік басшылығымен бірнеше кездесу өткен. Осы мәселені өз бақылауына алған Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов 11 наурыз күні зауыт өкілдерімен жүздескен. Басқарманың мәліметінше, алдын ала келісім бойынша зауыт басшылығы сәуір айының соңына дейін өңірдегі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері алдындағы барлық қарызын өтеу жөнінде де міндеттеме алыпты.
Иә, сәуір айының алғашқы онкүндігі де өтіп барады. Бұл ретте шаруалардың тағы шырылдайтындай реті бар. Жыл басында облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеевтің қатысуымен осы мәселеге байланысты жиын өтіп, серіктестік барлық қарыздан ақпан айының соңында құтылуға уәде берген екен. Енді міне, наурыз өтіп, сәуір келді. Наурыз айындағы кездесуде ағымдағы ай межеленіпті. Тәтті түбірді мол алуда тер төгіп, асыраушы саланың алға басуына аянбай атсалысып жүрген қарапайым еңбек адамдарының ахуалы бүгінде осындай болып тұр. Мәселен, жуырда ғана облыс әкімі Асқар Мырзахметов Байзақ ауданына жұмыс сапарымен барғанда осы мәселе көтерілген болатын. Кездесу барысында аудандағы «Талап» шаруа қожалығының жетекшісі Наурыз Қаржауов әкімге өткен жылы алынған тәтті түбір өнімі үшін әлі күнге дейін төлемақыға қол жеткізе алмай отырғанын айтып, шағымданған еді. Ал әкім аудандағы тиісті басшыларды көтеріп, мәселенің мәнін сұрағанда, ешқайсысы да кәсіпкерлердің жанайқайына құлақ түр¬меген болып шықты. Мұндай шаруалар Байзақ ауда¬нында ғана емес, өңірдің көптеген аудандарынан да кездеседі.
Ал «Меркі қант зауыты» мекемесінің атқарушы директоры Нұржан Қарға-баевқа хабарласқанымызда, ол мұндай мәселенің бар екенін, аталған мәселе сәуір айының соңына қарай толығымен шешімін табатынын жеткізді. Сонымен қатар жылына 300 мың тонна қант қызылшасын өңдеуге қауқарлы зауыт өткен жылы 158 мың тонна тәтті түбір өнімдерін өңдеген екен. Тек ағымдағы жылы 4 қаңтар күні ғана жөн¬деуге байланысты жұмысын тоқтатқан. 1934 жылы салынып, жыл сайын әлеуетін арт¬тырып келе жатқан серіктестік биыл жыл-дағыдан екі есе тәтті түбір қабылдауды жоспар¬лап қойыпты. Енді шаруалар бұдан бы¬лай өнімдерін серіктестікке сеніп тағы да өт¬кізетін болса, онда зауыт-тың әлеуеті бұдан да екі есеге дейін артады деп болжауға болады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев аграрлы саланы экономиканың басты драйверіне айналдыру керек екендігін айтқан болатын. Бұл өз кезегінде асыраушы саланы өркендетумен қатар, өңір экономикасын дамытуға да жол ашатыны анық. Қазіргі таңда мемлекет ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін барлық мүмкіндікті жасап отыр. Шаруалар да мүмкіндігінше мемлекеттің осындай игілігін пайдалануда. Ендігі жерде шаруалардың мәселесіне жергілікті билік араласпайынша, мәселенің түйіні тарқамайтын түрі бар. Тәтті түбір мәселесіндегі түйткілді тарқатуға қант зауыты тарапынан қайран бола ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді.

Х.ЕСАМАН,
Жамбыл облысы

Add a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *