Жануарлар әлемі жіті қорғалып жатыр ма?

2019_04_17_whatsapp-image-2019-04-02-at-16.25.44Табиғаттың төл байлығы саналатын жануарлар әлемін қорғаудың маңызы зор. Шыны керек, соңғы кезде еліміздің орманды жерлеріндегі жануарларды заңсыз аулау көбейіп барады. Алайда, мемлекет тарапынан мұндай әрекеттерге тиі-сінше тосқауыл да қойылып отыр.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында «ХХІ ғасырда әлемнің табиғи ресурстарға деген мұқтаждығы жалғасуда. Олар болашақта жаһандық экономиканы және еліміздің экономикасын дамыту барысында ерекше маңызға ие болады», деп баса айтқан болатын. Бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатында өткен жылы Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен жануарлар дүниесiн, табиғатын сақтау және көбейту туралы декларация қабылданған еді. Мұнда «Қызыл кітапқа» енген өсімдіктерді, оның тамырларын, гүлдерді пайдаланбауды және тыйым салынған жерлерде немесе әуесқойлық мақсатта аң-құс аулауға болмайтыны жөнінде айтылған. Аталған декларация жергілікті атқарушы билік, облыстық сот, прокуратура, полиция департаменті және ұлттық қауіпсіздік органдары мен басқа да мемлекеттік мекемелер тарапынан қолдау тауып, барлығы 1962 қызметкер қол қойған екен. Осы орайда Қазақстан Республикасының «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» заңының 43-бабы аясында облыстық «Мамандандырылған жануарлар дүниесін қорғау жедел қызметі» құрылып, «Табиғат қорғау кеңесі» іске кіріскен еді.
Өңірдегі осындай құрылымдар мен жобалардың нәтижесінде бүгінде аймақтың жан-жануарлар мен өсімдіктер дүниесі қырағы қорғалып отыр деуге болады. Ағымдағы жыл-дың қаңтар-наурыз айларында табиғат заңнамасын қорғау үшін 7 рейдтік шара ұйым-дастырылып, 21 заң бұзушылық фактісі анықталған. Нәтижесінде 21 дерек бойынша 542 875 теңге айыппұл салынып, оның 37 875 теңгесі өндірілген. Мемлекетке келтірілген залал 176 750 теңгені құрап, оның ішінде 75 750 теңге залалы төленіп, қалған сомасы өндірілуде. Сондай-ақ аң аулау барысында заңсыз пайдаланылған 21 дана қару тәркіленіп, жергілікті полиция бөлімінің уақытша сақтау қоймасына тапсырылды.
Жалпы, табиғаттың байлығын қорғау әр азаматтың тікелей жауапкершілігіне байланысты. Алайда, заңды белден басып, өзінің жеке мүддесін ғана көздейтіндер жоқ емес. Облыс әкімдігінің мәліметінше, «Мамандандырылған жануарлар дүниесін қорғау жедел қызме-тінің» қырағы қорықшыларының күшімен Мойынқұм ауданы Мойынқұм ауылының тұрғыны Бекнұр Шығынбай «Қосқұдық» орман қоры аумағында заңсыз қоян атқаны үшін ұсталып, оған 12 625 теңге көлемінде айыппұл салынды және мылтығы тәркіленді. Ал Байзақ ауданы Көкөзек ауылының тұрғыны Аман Әмірханов Байзақ мемлекеттік орман қоры жерінде заңсыз шіл атқаны үшін ұсталып, 12 625 теңге айыппұл мен 63 125 теңге келтірілген залалы өндірілген. Және мылтығы сақтау қоймасына өткізілген. Сондай-ақ Байзақ ауданы Дихан ауылының тумасы Жамбыл Мирсалимов Байзақ мемлекеттік орман қоры жерінде шіл құсын атқаны үшін айыппұл өтеген. Осы іспеттес Талас ауданы Қаратау қаласының тұрғыны Ержан Фазылов Сарысу мемлекеттік орман қоры аумағында заңсыз аңшылық жасағаны үшін ұсталса, осы қорықта мылтығын тастап қашқан белгісіз азаматқа қатысты іздестіру шаралары жүргізілуде. Бұдан бөлек, Байзақ ауданы Жақаш ауылының тұрғыны Ербатыр Сакиев аң аулау қағидасын бұзғаны үшін жазаға тартылса, аудан орталығы Сарыкемер ауылының тумасы Александр Троеглазов Жамбыл ауданы жерінде жабайы үйрек атқаны үшін айыппұл арқалап отыр. Байзақ ауданы Сарыкемер ауылының тұрғыны Николай Шапавалов, Тараз қаласының тұрғындары Жұмаділла Жүнісов, Нұрлан Ақылбаев пен Марат Бердалиев Сарысу ауданының жерінде заңсыз аңшылық жүргізгені үшін қолға түскен.
Жалпы, есепті кезеңде Сарысу ауданының орман қоры жерінде заңсыз аң аулау фактілері жиілеп кетті. Мәселен, Жайлаукөл ауылының тұрғыны Сабыр Жамбылбековке заңсыз аңшылық жасағаны үшін хаттама толтырылса, мойынқұмдық Жаңабек Абдыбек, Панарбек Қалымбетов, Орынбасар Серіков пен Валерий Бадулинге заңсыз үйрек атқаны үшін іс қозғалды. Жамбыл ауданы Қаракемер ауылының маңында Абай Асылов есімді заң бұзушы қолға түсті. Осылайша биыл алғашқы тоқсанның өзінде 21 дерек бойынша барлығы 542 875 теңге көлемінде айыппұл салынып, келтірілген залал 719 625 теңгеге теңестіріліп отыр. Оның 113 625 теңгесі қазынаға құйылса, қалған 606 000 теңгесі өндірілуде.
Әрине жануарлар әлемінде браконьерлік фактілердің көрініс табуы бұрыннан бар. Дей тұрғанмен, суық қарудың күшімен табиғат қойнауындағы тірі байлықтарды ату, аулау бү-гінде белең алып тұр. «Қызыл кітапқа» енген аң мен құстың саны күннен-күнге көбейіп барады. Бұл ретте әркім өзінің ғана жайын ойламай, табиғаттың ен байлығын сақтауға үлес қосса екен деген ой бар.

Хамит ЕСАМАН,
Жамбыл облысы

Add a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *