Туризм саласындағы түйткіл

turizmҚазақстандағы ішкі туризмнің дамуы жиі сынға ұшырап жүр. Ұшқан құстың қанаты талатын дарқан даламызда шетелдіктер үшін ұялмай көрсететін туристік нысандар жетерлік. Алайда шетелден ағылған туристің саны көңіл көншітпейді. EXPO–2017 көрмесінен кейін елімізге туристер ағылады деген арман мен болжам жүзеге аспады. «Әлем мойындаған» еліміз шетел саяхатшыларын неге тартпай отыр? Осы және өзге де сұрақтарға Ұлттық туризм индустриясы қауымдастығының президенті Ая Нұрдәулетқызы жауап берді.

ІШКІ ТУРИЗМДІ ДАМЫТУҒА НЕ КЕДЕРГІ?
Ішкі туризмді дамытуға кедергі болып отырған бірнеше фактор бар. Соның бірі виза мәселесі десек, ол шешіліп келеді. 1 сәуірден бастап электронды виза іске қосылды. Енді шетелдіктер біздің елге электронды визаны 5-10 минутта рәсімдей алады. Виза үшін елшілікке барып, кезекке тұрмайды, құжат жинамайды. Бүгінгі таңда Қазақстанға 60 мемлекет визасыз кіреді. Ал Қытай, Үндістан, Иран, Пәкістан, Сирия елдеріне міндетті түрде виза керек. Бұл елдер үшін визасыз режим енгізуге болмайды. Туризмді дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына аталған елдерге визалық жеңілдік жасамау туралы ұсыныс жасап едік, өтпеді. Біз бұл ұсынысымыз арқылы ұлттық қауіпсіздіктің сақталғанын көздедік. Аталған елдерге визалық жеңілдік жасауға неге қарсымыз? Себебі, бізге туризмді дамыту керек деп шекараны ашып тастауға болмайды. Қолымызда виза секілді инструмент болса жетеді. Мысалы, бір жарым миллиард қытайдың 1 миллионы келсе, соларды жақсы қабылдай алсақ жақсы болар еді. Егер олар үшін визасыз режим енгізсек, онда елімізге мақсатты туристер емес, жұмыс іздеушілер, қазақ қызына үйленуді көздеушілер қаптайды. Себебі, олар қазақ қыздарына үйленіп, балалы болса, әкесі ретінде ықтиярхат алады. Тағы 5 жылдан соң азаматтық алуына мүмкіндігі болады. Ұлттық қауіпсіздігіміз үшін виза мәселесінде аса сақ болуымыз керек. Ал бағдарлама жасаушылар «сендер қытай туроператорларының бәсекесінен қорқасыңдар» дейді. Оны жоққа шығармаймыз. Қытайдың туристік компаниялары осы елден өкілдігін ашса, туризм саласындағы отандық бизнес құлдырайды. Себебі, олар өз саяхатшыларын өздері қабылдай бастайды. Бұл капиталдың сыртқа жылыстауына ықпал етеді де, экономикамызға еш үлес қоспайды.

АШЫҚ АСПАН
САЯСАТЫ БОЛСА
Соңғы 25 жылдың ішінде шетелден консультант мамандар тарту арқылы елде туризмді дамыту қаншама үшін мастер-жоспар жасалды, алайда оның бірі де іске асқан жоқ. Сол жобалар үшін мемлекеттен қаржы жұмсалды, ал нәтижесі көрінбейді. Себебі, кеңес берген шетелдік консалтинг компаниялар мен мамандардың жобалары су жағалауында тұрған мемлекеттерге арналған, тарихи, архитектуралық туризмді дамытуға бағытталған. Ол жобалар Өзбекстан, Италия, Испанияға келгенімен біздің ұлы даламызға келмейді. Біздің туризм басқаша. Біздің туризм туралы сөз болғанда Грузияның мысалға жиі келтіреді. Бұл елдегі туризмнің дамып кеткенін айтатындар көп. Оның басты себебі, Грузия – шағын мемлекет, логистикасы жақсы дамыған, көретін нәрсе көп, әрі арзан. Сосын бұл ел бірінші болып визалық мәселені шешті. Бізде Алматы мен Нұр-Сұлтанның арасына барып-келу үшін, кем дегенде, 50 мың теңге жұмсалады. Ішкі рейстеріміз өте қымбат, мысалы Алматы-Нұр-Сұлтан бағытында бір отбасыға екі үлкен адам және үш баланың билеті үшін, кем дегенде, 100 мың теңге шығады. Ал Түркияға тур алса тамағы, билеті, қонақүйін қосқанда 5-6 күнге небәрі 400-500 долларға демалып келуге болады. Біздің елге туристердің аз келетін тағы бір себебі бар, ол – жаз маусымының қысқалығы. Мысалы, Алакөлді алайық. Алакөлге маусым айының ортасы мен тамыздың ортасына дейін, екі ай ғана баруға болады. Қалған 9-10 айда бұл жерде туризм бизнесі тоқтайды. Түркия сияқты жыл он екі ай жаз емес. Түркияға қаңтар-наурыз айында шомылмасаңыз да, демалып қайту үшін баруға болады. Ал 40 градус аязы бар елордаға кім келеді? Былтырғы статистика бойынша Қазақстанға келген саяхатшылар арасында Польшадан келгендердің үлесі көп екен. Себебі, бұл елден Қазақстанға ұшу құны 200 еуро ғана. Ол поляк туристі үшін қымбат емес. Ал Гонконг, Малайзиядан келетін туристердің билет бағасы 300 мың теңгеге барады. Себебі, бұл бағыттағы рейстерде бәсеке жоқ, Эйр Астана ғана ұшады. Егер турист келсін десек, ашық аспанды беруіміз керек. EXPO кезінде ашық аспан бағдарламасы болды. Көрме өткен соң жабылды. Қазақстанға ұшақ билеті арзан болған сайын саяхатшылар да көбейеді. Біздің елге билеттен басқасының бәрі арзан. Бір мысал айтайын, бірде Алматыдағы «Базилик» деген дәмханадан шығып бара жатқан неміс туристерінің әңгімесін құлағым шалып қалды. Олар «түскі асымыз 3 еуро ғана болды» деп таңғалып тұрды. Оларда 3 еуро бір кофенің ғана бағасы. Яғни, біз шетел саяхатшылары үшін арзан мемлекетпіз. Тамақ, жатын жер, музей бағасы арзан. Барселонаға барсаңыз, музейіне кіру үшін бір ай бұрын билет сатып алуыңыз керек. Билет құны 50 еуроға дейін барады. Бізде 2 еуро. Яғни, Қазақстанда баға өте арзан, айлап жатса да тиімді, бірақ бізге жету қиын. Осы мәселе шешілуі керек.

ТҮРЛІ-ТҮРЛІ ТУРИСТ БАР…
Туризм – өнім, біз мемлекетімізді көрмелерде өнім ретінде ұсынамыз, яғни «сатамыз». Ол үшін шетелдік көрмеге жиі шығуымыз керек. Әлемде ең ірі екі туризм көрмесі бар: Берлин мен Лондон туризм көрмелері. Осыдан төрт-бес жыл бұрын Монғолия Берлиндегі көрмеге бас демеуші болып, қомақты қаржы құйды. Содан бері Монғолияға баратын туристер күрт көбейді. Ашық далаға Шыңғыс ханды бренд етіп-ақ турист тартып отыр. Өйткені туристер зәулім үйлерге емес, этникаға қызығады. Көрші қырғызды алайық, «Көшпенділер ойындары» арқылы 6 млн-дай адамды кіргізіп алды. Әйтпесе, оларда да инфрақұрылым оңып тұрған жоқ. Бірақ шетелдік туристерді тартуда стратегиялық жағынан өте жақсы қадам жасай алды. Қазақстанға табиғи тамақ үшін келетін туристер бар, өз еліндегі адамның көптігінен демалу үшін келетін де туристер бар. Мысалы, жапон туристері 1 апта бойы иен даламызда жатады. Аңшылық үшін келетін туристер де болады. Біз үшін осы аңшылық туризмі табысты саналады. Мысалы, Қытайда балық аулауға, аңшылық құруға рұқсат етілмеген. Сондықтан осы елдің азаматтары қаладағы бес жұлдызды қонақүйге орналасады да, Медеу мен Шымбұлақты аралап, сосын иен далаға аңшылық құрады. Бірақ олар аң атпайды, себебі біздегі заңға сәйкес, шетелдіктерге қару жалға берілмейді. Ал мемлекеттік бағдарламада шетелдік азаматтарға аңға шығу үшін мылтықты жалға беруге рұқсат ету туралы ұсыныс бар. Бұл ұсыныс қабылданса, аңшылық пен балық аулауға келетін турист көбейер еді. Бірақ мұны да реттеп отыруымыз керек. Себебі, аң мен құсты қырып тастап, туризмді дамыта алмаймыз ғой. Аңшылық туризмі туралы сөз болғанда, көпшілік тарапынан араб шейхтары Шымкентте неге құс атып жүр деген сұрақ қояды. Шымкент пен Қызылордада араб шейхтары өз ақшаларына дуадақ питомниктерін салды. Дуадақ – қызыл кітапқа енген құс. Олар дуадақ құсын өсіруге, экологияны қорғауға инвестиция құйып, дуадақты көбейтуге үлес қосты. Құс аулауға бірнеше шейхқа ғана жеңілдік берілген. Араб туристері үшін жасыл шөп, жасыл ағаш, шырша, тау-тасымыз қызық.

ТУРИЗМ ПОЛИЦИЯСЫ
ҚАЖЕТ ПЕ?
Туризмі жоқ елге туризм полициясы керек пе деген сын айтылып жатқанынан хабардармын. Біздің елге келіп жатқан қытай, орыс, қырғыз туристері гидті өздері әкеледі. Ал өзге елден келген гид тарихымызды бұрмалап жеткізетіні белгілі. Бұл стратегиялық тұрғысынан дұрыс емес. Заңда гид тек Қазақстан азаматы болуы тиіс деп жазылған. Ал бізде қалай? Мысалы, Қырғызстанна бір автобус турист әкеледі де, Алматыны аралап қайта кетеді. Қырғызда автобус пен гид қызметі арзан. Қазақстандық гидтер жеке төсек, тамақ талап етсе, қырғыз гидтері автобуста қона береді. Олар осылай заң бұзды делік, ал оны кім тексереді? Ешкім. Туризм саласын реттеуші орган – Мәдениет және спорт министрлігінің тексеру жүргізуге құзыреті жоқ, көші-қон полициясы олардың шекарадан өту тәртібін ғана тексереді. Туризмге қатысты ештеңе істей алмайды. Туристермен түрлі жағдай болып жатады. Мысалы, Қарқаралыда туристерді қазақ қызымен сөйлесіп қойғаны үшін жергілікті азаматтар соққыға жықты. Бұл да туристік полиция қарайтын мәселе. Ауыл-аймақтағы жергілікті халыққа туристердің сол аумаққа ақша әкелетінін түсіндіруіміз қажет. Дүкеніңнен зат алады, қонақүйіңнен бөлме алады, сол арқылы капитал құйылады дегенді ұғындырсақ… Бірде қазақтың тойына кездейсоқ тап келген шетелдіктерді той иесі дастарқанға шақырып, тілек айтқызып, билетіп, иығына шапан жауып шығарып салған оқиға болды. Бұл жайында сол туристердің өздері әлеуметтік желіге жазды. Осылайша, біздің елге тегін жарнама жасалды. Ауыл жұртымен осы тұрғыда жұмыс істеуіміз керек.

ТУРОПЕРАТОРЛАРҒА СУБСИДИЯ ТӨЛЕНСЕ…
Бізге мемлекеттен әр келген турист үшін ең болмаса 1 доллар болса да субсидия берілсе деген ұсынысымыз бар. Мұндай тәжірибе шетелде бар. Мысалы, Шанхайдан Қазақстанға ұшақ Бейжің арқылы ұшады. Ал Шанхайдың 5 провинциясын қосқанда 300 млн адам тұрады. Олар ауқатты адамдар. Егер Шанхайдан Қазақстанға тікелей рейс ашылса, сол ұшақтың бір орындығына 10-15 доллар субсидия берсе, туристер бізге ағылар еді. Бұл Эйр Астананың қолынан келеді. Жапонияға Эйр Астана тікелей рейс ашуды жоспарлап отыр. Жапония да ауқатты ел. Сосын Индонезия. Міне, көрдіңіз бе, бар мәселе билет бағасына келіп тіреліп тұр. «Ашық аспан» саясаты болмай, субсидия берілмей, туризмнің дамуы екіталай. Визалық жеңілдікпен мәселе шешіліп кетпейтініне көз жетіп отыр. Виза мәселесі реттелді, келем деушілер көп, бірақ ұшақ жоқ. Ешкім жаяу келмейді ғой. Кез келген ел өзге елде өз мемлекеті үшін жарнама жасайды. Яғни, біз секілді туристік компаниялар мен шетелдегі туристің арасындағы жарнаманы мемлекет жасауы тиіс. Ал бізде сол жарнама жоқтың қасы, мұнымен Kazakh Tourism ұлттық компаниясы айналысуы керек. Міне, бізде осы жерде үлкен минус тұр. Осындай мәселелер шешімін тапса, ішкі туризмді дамытуға мүмкіндік туады деп ойлаймыз.

Х.БҰҚАРҚЫЗЫ

Add a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *