Қызғалдақ па, әлде жауқазын ба?

Бериккара, Жамбыл облысы-Досжан Балабекулы фото (3)Қызғалдақ-ең әсем, көрікті гүлдің бірі. Сондықтан, қазақ қызын қызғалдаққа теңеген. Халық арасында, бұл гүлді жауқазын деп те атайды. Екі атауы бірдей қолданылып та жатады. 1977 жылы «Мектеп» баспасынан шыққан Қ.Құрмановтың «Жасыл әлем» кітабында қызғалдақты «жауқазын» деп атаған. Ал 1975 жылы «Қайнар» баспасынан шыққан М.Қажымұратовтың «Қазақстанда кездесетін пайдалы өсімдіктер» кітабы мен 1983 жылы «Қайнар» баспасынан жарық көрген А.Молдабергеновтың «Атамекен» атты Қазақстанның хайуанаттары дүниесі мен өсімдіктер әлемі және оларды қорғауға арналған кітаптары «қызғалдақ» деп анықтама береді. Көпшілік арасында, сәуірдің соңы мен мамырдың ортасына дейін гүлдейтін дала көкнәрін- «қызғалдақ» деп атайды. Сондықтан, халық арасында, жергілікті диалектіде гүл атауларының бірнеше нұсқалары бар. Ең танымалысы, осы «қызғалдақ» пен «жауқазын» атаулары.

Халықаралық бекітілген атауы-Тюльпан. Ал бұл атау қайдан шыққан? Бұл парсының «толибан» немесе «долбент» сөздері болса керек. Оның мағынасы, басқа тартатын орамал- «тюрбан» деп аталады. Тюльпан осы сөзден шыққан болса, қызғалдақ қауызы шығыстың бас киіміне ұқсас болғандықтан, осылай аталуы мүмкін. Бұл тіл мамандарының пайымдаулары. Ал біз «қызғалдақ», «жауқазын» деген атауларды қолданып жүрміз. Сонда, дұрыс атауы «қызғалдақ» па, әлде «жауқазын» болғаны ма? Осы сұрақпен ботаник маманға жолығып, пікірін алған едік.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың биоалуантүрлілік және биоресурстар кафедрасының меңгерушісі, б.ғ.д., профессор Меруерт Құрманбаеваның айтуынша: «Отандық ботаника ғылымында бұл гүлді «қызғалдақ» деп атайды. Өйткені, барлық гүл атауларының қазақша нұсқасын жазғанда Сейфулла Арыстанғалиев пен Ескандер Рамазановтардың «Қазақстан өсімдіктері: ғылыми және халық атаулары» атты 1977 жылы Алматы қаласында жарық көрген кітабын негізге аламыз»,-дейді.
-Жергілікті диалектте «жауқазын» деп аталған. Қазір көпшілік, «жауқазын» атауын естігенде «бәйшешекпен» шатыстырып жатады. Бірақ, мұның барлығы бір тұқымдасқа жатады. Менің жеке пікірім бойыша, «жауқазын» деп атаған дұрыс. Түркістан, Тараз жақта «қызғалдақ» деп атайды. Ғылыми мақала жазғанда да «қызғалдақ» деп жазуға тура келеді. Өйткені, біздегі сөздікте солай бекітілген. Бүгінде бұл мәселе ботаниктер арасында талқыланып келеді.
Бізде жойылып бара жатқан қызғалдақ­тардан барлық басқа қызғалдақтардың түрлері шыққан. Далалық қызғалдақтарды зерттеу барысында, бір қызғалдақтың өзінде бір күлтесі- сары, бір күлтесі-қызыл, енді бірі-ақ болып кеткен және жақын тұрған екі қызғалдақтың шағылысып, табиғи түрде бейімделіп алғанын байқадық. Сондықтан, генетикалық жағынан қызғалдақтарды зерттеуді кеңінен жүргізіп жатырмыз. Былтыр менің жетекшілігіммен магистрантым осы мәселелер бойынша ғылыми диссертациясын қорғап шыққан болатын. Бұл зерттеу арқылы табиғи қызғалдақтардың геморфологиялық өзгерістерге ұшырағанын байқадық. Себебі, бір қызғалдақтың түрін алатын болсақ, сол жерде мүлдем өспейтін қызғалдаққа ұқсас түрдің де шығуы мүмкін,-дейді ғалым.
Біз генетикалық тұрғыда зерттегенде, кейбір қызғалдақтар қарама-қайшылықтар туғызды. Былтыр осы мәселе бойынша зерттеу жасадық. Бұл жөнінде генетиктер мен ботаниктер пікір алмасты. Сондағы қорытынды, бұрын дәл сол жерде қызғалдақтың дәл осы түрінің тұқымы қалуы мүмкіндігі. Бізде қызғалдақ пиязшығы арқылы көбейеді ғой, ал оның тұқым арқылы да көбею жолы бар. Бірақ ол өте көп жылдарды қажет етеді. Сондықтан, көп жылдарды артқа тастап, тұқымы арқылы өсіп жатады. Бұл нәрсе, бұрын-соңды қызғалдақтың бұл түрін көрмеген жергілікті халық үшін, жаңалық болуы мүмкін.
Қызғалдақтың нағыз отаны, шыққан жері- Жамбыл облысы мен Түркістан облысының ортасындағы Қаратау жоталары мен қыраттары. Өйткені, бұл жерлер бұрын жойылып кеткен, басқа жерде өспейтін қызғалдақтардың нағыз мекені. Қазіргі сол жерде өсіп жатқан, табиғи қызғалдақтарды сол бұрыннан келе жатқан түр деп айтуға нақты бір шешім қарастырылмаған. Өйткені, ботаниктер басқа, генетиктер мүлдем басқа жауапты ұсынады. Бұл осы уақытқа дейін «даулы сұрақ» болып отыр.
Бүгінде қызғалдақты зерттеу жұмысын университте ерекше қолға алып отырмыз. Мәдени түрлерін дамыту, өсіру жұмыстары жүргізілуде. Ол ҚазҰУ-дың жылыжайында жүзеге асырылып жатыр. Бізде «мына түр-осы жерде өседі»,-деген мағұлматтар ескіріп жатыр. Ондайда географиялық орны жаңадан табылып жатады немесе мұның отаны Қазақстан екенін дәлелдейтін мәліметтер тағы да шығады.
Біздің таулы және далалық жерлерімізде өсіп өсіп жатқан қызғалдақтар, сол бұрынғы түр ме? Ол түрлер бізде өз кеңістігін ауыстырды ма? Бізге осындай тың мәліметтер қажет етеді. Қазіргі маңызды сұрақ, түрлердің қаншалықты геоморфизмге ұшырағандығы. Біздегі қызғалдақ гүлдерінің жапырғы, пиязшығының көлемі, күлтелері әртүрлі болып, өзгеріп кеткен. Ол сыртқы экологиялық факторлардың да әсерінен болуы мүмкін. Бұрын генетикалық зерттеулер жүргізілмеген ғой, ботаниктер өсімдіктердің орналасу жеріне қарай, сипаттама беріп қана кеткен. Ал генетиктердің зерттеулерімен, көптеген жаңалықтар шығып жатыр. Болашақта, қызғалдақтар туралы тағы да қызықты жаңалықтар ашылады деген ойдамын.
Қызғалдақтар елді-мекендерге жақын маңдарда өсетіндіктен, көпшілік оны жұлып алады. Өйткені, қызғалдақты жұлып алғаннан кейін, оның астындағы пиязшығы жарамай қалады. Сондықтан, қызғалдақ жойылып бара жатқан түр ретінде қорғауды талап етеді. Адамдар осыны ескерсе екен!
ҚазҰУ-дың «геоботаника» мамандығының түлегі, магистрі Ақерке Амалова: «Қызғалдақ­тар 10 миллион жыл бұрын Тянь-Шань тау бөктерінде қазіргі Қазақстанның шөлді аумағында пайда болған. Қазақстаннан осы жай гүл серікті әсем күлтелерімен ерекшеленетін гүлдер бірте-бірте бүкіл әлемге таралды. Бүгінгі күні әлемде өсірілетін қызғалдақтардың 3000-нан астам түрі бар. Олар сөзсіз қазақстандық қызғалдақтың «ұрпақтары».
Қазақстаннан бастап, қызғалдақтар батысқа қарай бірінші Парсы, сосын Түркия елдеріне таралды. Қызғалдақтар «Лала» деп аталды. Түркияда Lale әйел аты әлі күнге дейін ең танымал. Еуропа елдеріне 1554 ж. Константинопольден әкелінген. Әсіресе, Голландияда кеңінен таралған»,-деп пікір білдіреді.
Бүгінгі таңда Қазақстанда Қазақстанда қызыл қызғалдақтардың 35 түрі бар, олардың 18-і Қызыл кітапқа енгізілген. Қызғалдақ гүлдену кезеңінде (бір мезгілде гүлденген мыңдаған гүлдер) сәуір-мамыр айларында қазақ даласы жарқын кілемге ұқсайды. Қазақстандық қызғалдақтардың барлық түрлерінің ішінен ең танымал және көрнекті түрі — Грейг қызғалдақтарынан 300-ге жуық жаңа сорттары алынған. Көптеген қазіргі заманғы қызғалдақтардың тағы бір ата тегі — Қазақстанның жабайы кауфман қызғалдақтары. Бүгінгі күні оның ұрпақтарынан 200-ден астам сорттар шығарылған.
Барлық қып-қызыл сорттар — қызыл, күлгін, қара, күлгін – Грейг қызғалдағынан таралса. Кауфман түрінен ақ, сары, ақшыл сары, лимон, апельсин түсті қызғалдақтар таралған. Генетикалық зерттеулер Қазақстандық және Голландиялық қызғалдақтар арасында алмасу пайызы 98-99% құрайтындығын дәлелдейді.
Ғылыми энциколпедияларға жүгінсек, қызғалдақтың Қазақстанда 32 түрі бар, оның 11 түрі эндемик болып саналады. Бұлардың биіктігі 3-50 см. Сабағы жұмыр, тік өседі. Тамырымен жалғасқан буынында пиязшығы болады. Гүл қоршауы ақ, қызыл не сары. Жемісі-қауашақ. Қызғалдақтың өте сирек кездестені, Алберт қызғалдағы, Борщов қызғалдағы, Грейг қызғалдағы, Кауфман қызғалдағы, Шренк қызғалдағы және тағы басқа түрі Қазақстанның қызыл кітабына енгізілген.
Бүгінде әлемде біздің дала қызғалдақтары­ның ұрпағы саналатын осы ғажайып гүлдің 3 мыңнан астам түрі бар. Жыл сайын, мәдени будандастырудың арқасында, жаңа түрлер пайда болуда. Сондықтан, қалаларда, аудандарда, көшелерде, аулаларда өсіп тұрған қызғалдақтар осы табиғи түрдің жаңаланған түрі екенін ұмытпаған жөн.
Жалпы қазақ жерінде қызғалдақтың отыздан астам түрі бар. Қызғалдақ гүлдерін Іле, Жетісу (Жоңғар) Алатауында, Кетпен (Ұзынқара) жотасы мен Шу атырабынан кездестіреміз. Тіпті «Қызғалдақтар елі» атанып кеткен Нидерландтың өзінде нақ осы гүлдің түрлері осыншалық әркелкі емес. Соған қарамастан қызғалдақ гүлi нидерландтықтар арасында, аса қастерлі саналып, жоғары бағаланады. Себебі олар жыл сайын қызғалдақ сатудан 500 миллион АҚШ доллар табыс табатынына қарағанда біз қолда бар мүмкіндікті пайдалана алмай отырғандаймыз.
Бүгінде, елімізде қызғалдақ Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгендіктен, оны жұлғандар заңмен жазаланады. Заң болса да, жұлып жүргендер жетерлік. Әлеуметтік желіден жиі байқап жүрміз. Бірақ, осыған тосқауыл қойып, тәртіп орнататын кез келген секілді. Бақылау болмаса, бар байлығымыздан айырылып қалатын түріміз бар. Осы аптада, Түркістан облыстық полиция департаменті «Грейг қызғалдағын» жұлған 8 азаматты жауапқа тартты.
«Грейг» қызғалдақтарын жұлған үшін ҚР ҚК-нің 339 бабы «өсімдіктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналасу» сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылғандығын ескертеміз»- дейді Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазір Түркістан облысының полиция департаменті қызметкерлері 1 мен 30 сәуір аралығында облыс аумағында «Қызғалдақ» іс-шарасын өткізіп жатыр. Өйткені, сала маманы айтқандай, Жамбыл мен Түркістан облысының ортасы қызғалдақтың түп отаны. Сондықтан, мұндай шаралардың өтуі, қызғалдаққа деген түсінікті кеңейтіп, оны қорғауға, бағалауға шақырады.
Жамбыл облысында да осындай игі шаралар жалғасын тапса дейді, Жамбыл облыстық «Ар-Ай» жастар газетінің фототілшісі Алтынбек Қартабай. Өйткені, Қаратау жотасының бір бөлігі Жамбыл облысының, Жуалы ауданында жатыр. Көктем келіп, көкек келіп жеткенде Қаратаудың Берікқара шатқалы қызғалдақтың сан түріне толып кетеді. Тауға өрлеген сайын, қызғалдақтың сан түріне кезігесің. Біз де, осы мекенге арнайы барып, сапарлап қайттық. Бір өкінішітісі «Берікқара» демалу лагеріне келушілер, осы қызғалдақтарды жұлып, қонақ үйлерін апарып қойған. Бұл қызғалдақтың осы жерден жойылып кетуіне үлкен ықпал ететін антропогендік фактор болмақ. Аумақтағы «Берікқара» қаумалының қызметкерлері тәртіпті күшейтуі керек деп ойлаймыз.
Дала қызғалдақтарын Жамбыл облысындағы «Ақыртас» кешеніне барғанда да кездестірдік. Мұнда туристер көп келтіндіктен, қызғалдақтарды жұлынып, әр жерде жатыр. Сондықтан, бұл барынша қорғауды талап етеді. Бірақ, қоғамда экологиялық мәдениет қалыптаспай, табиғи флора-фаунамызға келер қауіп сейілмейді.
Қазіргі уақытта еліміздің бірқатар өңірінде құрып кету қаупі бар осынау қызғалдақтарға арналған фестивальдер, үлкенді-кішілі фотокөрмелер өтуде. Түркістан облысы, Түлкібас ауданындағы Шұбайқызыл қыратында, Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Берікқара шатқалында қызғалдақ фестивалдерін өткізу дәстүрге айналған. Оның мақсаты жылына бар болғаны 15 күн ғана гүлдейді осынау сұлулықты сақтап қалу, болашақ ұрпаққа аманаттау, экологиялық мәдениетімізді биіктетуге көп септігін тигізу.

Жеңіскүл БЕРКІМБАЕВА,
Б. Кейкиев атындағы орта мектептің биология пәнінің мұғалімі
Ерназар ауылы,
Жамбыл ауданы,
Жамбыл облысы

Add a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *