Әлеуметтік жаңғырудың алдында тұр

Қазақстандық қоғамның экономикалық жіктелуі Джини коэффи­циентіне сәйкес – 0, 287 деңгейінде байқалған. Салыстырмалы түрде алғанда, Ресейде бұл коэффициент – 0, 41. Ал Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінде орташа есеппен – 0, 316-ны көрсеткен. Мұндай статистикалық деректерді «Қазақстанның әлеуметтік-саяси жаңғыруының бағдарлары» халықаралық ғылыми конференциясының қатысушылары жеткізді.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен келелі басқосуға елімізбен қатар ТМД және алыс-жақын мемлекеттердің жетек­ші ғалымдары, экономист-сарап­шылар, сондай-ақ қоғамдық инс­­титуттар мен үкіметтік емес ұйым­­дардың өкілдері жиналды. Уни­­вер­ситеттің проректоры Гүл­нәр Мер­задинова бүгінде Қазақ­­стан әл-ауқаты тұрақты тең мү­м­кін­діктер қоғамын құруға бет ал­ға­нын айтты. Спикер дәл осы идея елді әлеуметтік жаңғыруға алып келетініне сенімді.

– Уақыт өткен сайын әлеуметтік салаға арналған қаражат ұлғаюда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жол­дауында тұрмыс деңгейін өсіру, табыс көлемін көбейтуден кейінгі маңызды мәселе екендігін атап өтті. Бұл тұрғыдан алғанда мемлекеттің алдына жаңа міндеттер қойылып отыр. Жолдауда стратегиялық нақты мақсат белгіленген. Бес жыл­дың ішінде барлық қаржы көздері­нен білім, ғылым және денсау­лық сақтау саласына бағытталған соманы ішкі жалпы өнімнің 10%-на арт­тыру жоспарланған. Демек, 2018 жылдағы ішкі жалпы өнімді есеп­ке алсақ, бұл шамамен 5,9 трлн теңге (17 млрд АҚШ доллары). Ұзақ мерзімді экономикалық әсер­ді қарапайым қазақстандықтар да сезіп, өмір сүру сапасының өс­ке­нін байқайтын болады. Жаңа мүм­кін­діктер ашылып, сапалы медицина арзандай түседі, – деді ол.

«Қоғамдық аудит» серіктес­тік плат­формасының, сол секілді «Серпін» ұлттық білім беру және инно­­вация палаталарының төрағасы Мұрат Әбеновтің сөзінше, техноло­гия­лық үдерістер өрлеген сайын адам­заттың да сұраныстары күн санап көбейіп келеді.

– Әлем үлкен жаңғырту кезе­ңінің алдында тұр. Ақпанда Ду­бай шаһарында өткен Үкімет өкіл­дері­нің дүниежүзілік саммитіне қа­тыс­тым. Сонда неміс экономисі, «Төр­тінші өнеркәсіптік революция» кіта­бы­ның авторы Клаус Шваб айтқан сөз есімде жатталып қалды. «Қазір мемлекеттік басқару моделі жаңару үстінде. Жылма-жыл мемлекет басшыларына, билік өкілдеріне елді басқару оңай болмай келеді. Себебі интернет кеңістігі жаһан жұртын бір арнада тоғыстырды. Соған байланысты адамдардың да қажеттіліктері артып, үкіметке қойылған талап күшейді» деген еді ол. Жуырда «Аманат» азаматтық платформасын құрдық. Мұндағы мақ­сат – алдағы кезектен тыс пре­зи­денттік сайлауды бақылау. Біз халық­тың елдегі саяси процес­тер жайлы пікірін сұрастырдық. Анық­­талғандай, көбісі тең құқық­тардың болғанын қалайды. Қазақ­стан­дықтар әлеуметтік тепе-теңдік сақталса, билікпен диалог құруға әзір екендерін білдірді, – деді ол.

Пленарлық отырыста көршілес мем­ле­кеттер арасындағы интегра­ция­­лық үдеріс турасында да біраз пікірлер айтылды. Мәселен, Қазақ­стан халқы Ассамблеясы Төраға­сы­ның орынбасары Шерзод Пулатов 2019 жыл Қазақстанның Өзбекстандағы жылы аталып, қос мемлекеттің ара­сын­дағы сауда-экономикалық бай­ла­ныс­тың өрісі кеңейгенін тізіп шықты.

Ол бауырлас халықтардың ын­ты­мақтастығын нығайтуда Қазақ­стан халқы Ассамблеясының рөліне ерекше баға берді.
Жақсылық МҰРАТҚАЛИ

Add a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *