Қазақ ғылымы қашан жасарады?

2019_06_06_kazakhy-filosofiya
Биыл елімізде Жастар жылы жария­ланды. Білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыпованың мәліметінше, Қазақстанда 35 жасқа дейінгі 7 мыңнан аса ғалым бар. Бұл елдегі 22 мыңнан аса ғалымның 32 пайызын құрайды. Қазақ ғылымындағы жас ғалымдардың үлес салмағын көбейтуге не кедергі?

Ғылымға насихат жетіспейді
Ғылым – ХХІ ғасырда дамушы елдің экономикасын, халықтың әл-ауқатын, табысын көтерудің кілті. Десек те, елімізде ғылымның айналасында күрмеуі қиын түйткілдер жетерлік. Қазақстанда ішкі жалпы өнімнің 0,13%-ы ғана ғылымды қаржыландыруға бөлінеді. Дамыған елдерде 3 пайыз, тіпті кей мемлекеттерде 5-6 пайызға дейін жетеді. Бұл – біраздан бері көтеріліп келе жатқан мәселе.
Осыдан-ақ ғылымға қаншалықты көңіл бөлініп отырғанын болжай беруге болады.
Жас ғалым Бейбіт Әбдікенов бұдан бөлек тағы бір түйткілдің басын ашып берді. «Жастар жылының аясында жас ғалымдардың жобаларын қаржыландыру 3 млрд теңгеге ұлғаймақ. Бұл жылдың екінші жартысында іске асады. Ал былтырғы желтоқсанда сол кездегі Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевпен кездесіп, ғылымдағы күрмеуі қиын мәселелер-ді ортаға салдық. Мұндай қабылдау бұрын болмады. Бірақ мемлекеттің қаржы бөліп, үкі-меттің диалогқа түсіп жатқаны жеткіліксіз. Қазақ ғылымының насихаты кем, тіпті жоқтың қасы. Қазір отандық арналарда ғалымдардың еңбегін көрсететін, ғылым туралы сараптама жасайтын бағдарлама бар ма?», дейді Б.Әбдікенов. Оның айтуынша, дамыған елдерде кішкентай ғана жетістікті журналистері мүмкіндігінше жарқыратып көрсетеді. Бізде бұл – кемшін. Ал БАҚ насихаттың көзі, жаңалықтың өзі ғой.

Кеш қаланған іргетас
Әлемде ғылым жастардың жолына айналып келеді. Қазақстандық жастарды біз 35 жасқа дейінгі ғалымдардың санымен өлшеп отырмыз. Алайда дүние жүзінің дамыған елдерінде соңғы ғылыми жаңалықтарды 20 жасқа дейінгі ғалымдар ашқан. Бананның қабығынан биопластик ойлап тапқан 16 жастағы түрік қызы Елиф Билгин, 15 жасында мобильді қосымша ойлап тауып, оны атақты «Yahoo» компаниясына 30 миллион долларға сатқан британдық Ник д’Алоизио, алып мұхиттарды қоқыстардан тазартатын жүйені іске қосқан нидерландық өнертапқыш Боян Слат, тағысын-тағы. Тізімді толассыз жалғастыра беруге болады. Неге бұл қатарда қазақ балалары төбе көрсетпейді? Себебі бізде балабақшадан бастап, мектеп, колледж, университеттегі бакалавриат, тіпті магистратура тек білім береді. Бұл ғылым емес. Ал шетелде ғылым балабақшадан басталып, мектепте жалғасып, колледжде-ақ жемісін бере бастайды. Мәселен, АҚШ-та баласы мектептің даярлық сыныбына барған әріптесіміз Мұрат Есжан ұлының өте қарапайым болса да, ғылымның ұшқыны бар, бір нәрсені ойлап табуға итермелейтін тапсырмаларды көп орындағанын айтады.
Жоғарыда біз мысал еткен елдер ғылымының жас болатын себебі – ғылымға баулу балалық шақтан басталуында екен. Біздегі тағы бір кедергі – балалар мен жасөспірімдерге арналған қазақша журналдардың жоқтығы. «Ойла» атты жалғыз ғылыми журнал бар. Одан басқа «National Geographic» журналының қазақша нұсқасы шығады. Бірақ бұл басылым балаларға арналған деуге келмейді. Ғылыми жаңалықтар мен жетістіктерді қызықты да жеңіл жеткізетін бірді-екілі «Ұлан» секілді газеттер бар. Ал «Балапанның» орны бір басқа. Соңғы уақытта «+ Шексіздік», «Жас ғалым» секілді бағдарламалар қолға алынды. Алайда бала дамуын – болашақ мәселесін тек бір телеарнаға ысырып қоюға бола ма?
Ғылымның іргетасы бізде кеш қаланады. Ең қиыны, бұл – біз үшін қалыпты құбылыс. Ол өз кезегінде кейінгі қадамдарды кешіктіреді.

Магистратура ғылым ба, әлде біліктілік пе?
Қазақстанда магистратура – ғылымның бастапқы қадамы. Бірақ оны қазір қоғамда ғылым-ның бастауы деп емес, тек біліктілік ретінде қабылдау белең алды. Неге? Өйткені айлығың көбейеді. Оған қоса талап сондай: магистр деңгейінсіз кейбір мекемелер жұмысқа алмайды. Білім және ғылым вице-министрі Ф.Жақыпова: «Магистратура – акад-емиялық дәреже. Сондықтан магистр-ғалым деуге келмейді. Ал біліктілікке қатысты мәселені білім беру саласынан емес, жұмыс беруші тараптан сұрау керек», дейді. Иә, әр маманның мақсаты – еңбек нарығында сұранысқа ие болу. Бірақ осы мақсат ғылымның дамуына, жастардың қызығушылығына, қоғамның ғылымға деген оң көзқарасына көлеңке түсіріп тұрған жоқ па?
Мемлекет 2018 жылы 13220 грантты тек магистратураға бөлді. Енді ойлаңыз, орта есеппен жыл сайын 10 мың магистр дайындалады. Оның әрбіріне жылына 700 мың теңгеден аса стипендия тағайындалады. Сонда жылына шамамен 70 млрд теңге магистр даярлауға кетеді. Шетелдерде, айталық Англияда «жас ғалым», «докторант» мәртебесін иеленуге магистр дәрежесінің болуы міндетті емес. Нақты ғылыми жобаңыз болса, белгілі бір университеттің профессоры жетекшілік етуге келіссе, әлеуетіңіз жетіп тұрса, бакалаврдан кейін-ақ докторантураға жол ашық. Бұл – жастардың ғылымға келетін жолын кемі 2 жылға қысқартады деген сөз. Ал бізге бұл бағытты енгізу үшін бүкіл жүйені өзгер-туге тура келеді. Бірақ бұл жыл сайын 70 млрд теңге үнемдер еді. Оны жас ғалымдарға беруге болмас па?

Ғылымға жету – ұзақ жол
Жарайды, магистратураны бітірген жыл сайынғы 10 мың адамның ең болмағанда 5 мыңы ғылым жолына түсуді мақсат етеді делік. Бірақ неге нәтиже жоқ? Неліктен магистратураны тәмамдағандардың басым бөлігі докторантураның грантына таласпайды? Өйткені қолында магистрлік дипломы бар маманда екі жол тұрады: ғылым немесе өндіріс. Докторантураға түскендерге айына 80 мың теңге стипендия беріледі. Ол 25-тен асқан адам. Оның отбасы болуы мүмкін, болмағанның өзінде 80 мың теңге болашағы үшін қор жинай жүріп оқуға, яғни ғылыммен толық айналысуға жетпейді. Сондықтан қосымша жұмыс іздейді. Бұл ғылымға көп болса, 30 пайыз уақытын бөледі дегенді білдіреді. Енді таңдауда тұрған екінші жол қандай? «ҚазМұнайГаздың» өндірісіне еңбекке кіріскен қыз-меткер 500 мың теңгеге дейін табыс табады. Яғни әлеуеті жоғары, білікті маман екі жол-дың қайсысын таңдайтыны белгілі. Олай болмаған күннің өзінде отбасылық немесе жеке бюджетін біржақты етіп, қор жинап алғаннан кейін ғылымға қайта бет бұруы мүмкін. Ал бұл кезде маман кемі қырыққа тақап қалады. Бұл – ғылымды жасартуға кедергі.

Деңгей деген дүние бар
Шын мәнінде, мектеп қабырғасында жүрген кезден оқитын, оларға арнап шығарылатын ғылыми басылым мәселесі атүсті қарайтын кедергі емес. Неге? Өйткені ол – нағыз ғылымның қайнар бұлағы. Бұл тұс ақсап тұрғанда, қалғанын қозғаудың өзі қисынсыз. Жастайынан ғылыми журналды оқып, оған өзінің еңбегін жазуға дағдыланған адам жиырмаға жетпей-ақ жетіледі, шыңдалады. Қазір еліміздегі белді университеттерде, айталық, Назарбаев Университеті мен ұлттық жоғары оқу орындарындағы шетелден шақыртылған мықты мамандар халықаралық көрсеткіштегі деңгейі бойынша қабылданған. Ал бұл деңгей ғалымдардың ғылыми журналдарға жарияланған мақалалары негізінде жасалады. Біздің ғалымдар аталған көрсеткіште өте төмен сатыда тұр. Бұл туралы профессор Болат Кеңесов Жас ғалымдар альянсы (Young Reseаrсhers Alliance Назарбаев Университеті жас ғалымдарының бастамасымен былтыр құрылды. Қазір ұйымға Қазақстан, Азия, Еуропа және Солтүстік Американың ғылыми ұйымдары мен ЖОО-лардың 200 ғылыми қызметкері, зерттеушілері мүше – автор) ұйымдастырған I Жастар ғылыми форумында айтты. «Әлемдегі белді университеттер оқытушыларды, про-фессор, ғалымдарды жарияланған мақалаларына қарай қызметке қабылдайды. Әрине өтіліне немесе сіңірген еңбегіне қосымша қарауы мүмкін. Бірақ басты назар мақалалары мен соның негізінде жасалған халықаралық көрсеткішке аударылады. Ғылым деген мақала», дейді профессор. Ол өзінің зерттеуінде топ-ондыққа кіретін журналдардағы мақалалар мен ізделген еңбектердің санына жасалған диаграмманы ұсынды. Онда 1995-2019 жылдар аралығындағы нәтиже көрсетілген. Осы жылдар ішінде Қазақстан мақала санын 1000 данаға да жеткізе алмаған, ал Иран ғалымдарының жазғандары 9 мыңнан асқан. Қазақстандық зерттеулердің даму көрсеткішін бейнелеген қызыл сызық ширек ғасырға жуық уақыттан бері әлі жер бауырлап жүр. Неге? Өйткені мақала жазу жағы ақсап тұр. Ал халықаралық ғылыми журналдардың талабы күшті. Жоғары талаптан өту үшін жастайынан шыңдалу керек.

Ғалымға көңіл бөлсеңіз…
Ғылымға көңіл бөлген адам сөзсіз ғалымға назар салады. Себебі ғылымды жасайтын да, алға сүйрейтін де – ғалым. Ғалымның халі қалай? Нақтырақ айтсақ, жастардың ғылымға келуіне қандай жағдай жасалып жатыр? Алысқа бармай-ақ қояйық, көрші өзбек үкіметі ғылымды дамыту мақсатында дайындалған бағдарлама бойынша жас ғалымдарды үймен қамтамасыз етуді қолға алды. Сарапшы, Өзбекстандағы Ғылым және технология агенттігі бас директорының орынбасары Олимжон Туйчиев жас ғалымдарға консультация жүріп отыратынын және үймен қоса арнайы стипендия тағайындалатынын айтқан. Бізде ше? Жауапты мекемеге жолай кетсең, Ғылым комитетінің өкілі (Төрағаның орынбасары Асқар Бекенұлы) секілді сұхбаттан бас тартады немесе «Жағдай жасалып жатырмен» жылы жауып қояды. Олай болса, нәтиже қайда?
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – жас ғалымға көңіл бөлінбейінше, қазақ ғылымы жасармайды. Ал жас ғалымды докто-рантурадан емес, балабақшадан деп тым тереңдемей-ақ қоялық, мектептен іздегенде ғана сан емес, сапа сөйлейді

Айдана Шотбайқызы

Add a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *