Үгіт-насихат жұмыстары барлық өңірді қамтуда

2019_06_06_saylauСайлауалды үгіт-насихат жұмыстары соңына таяған сайын президенттіктен үміткерлердің қоғамдық штабтары іс-шараларды жиілете түсті. Кандидат-тардың аяғы жетпеген жерлерге сенім білдірілген адамдары барып, еліміздің барлық аймағындағы халықты алдағы сайлау барысынан құлағдар етіп жатыр.

«Ақ жол» демократиялық партиясынан президенттікке кандидат Дания Еспаеваның республикалық штабы жетекшісі Азат Перуашев Жамбыл облысына келіп, жергілікті сайлаушылармен кездесті. Сайлауалды үгіт тобы әуелі Жамбыл облысы, Байзақ ауданының орталығы Сарыкемер ауылында болып, тұрғындармен және кәсіпкерлермен кездесті. 30 мыңнан астам халқы бар Сарыкемер ауылының өзінде мемлекет қолдауының нәтижесінде кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтардың қатары күн санап артып келеді. Кездесу кезінде кәсіпкерлер салаға байланысты сауалдарын қойып, кандидаттың сайлауалды бағдарламасымен де танысты.
Бұдан кейін президенттіктен үміткер Д.Еспаеваның республикалық штабы мүшелері Байзақ ауданының Қостөбе ауылына да барды. Мұнда да сайлауалды үгіт тобы ауыл тұрғындарымен және кәсіпкерлермен кездесіп, кәсіпкерліктің дамуы туралы өзара пікір алмасты. Жиында кандидаттың бағдарламасында көрсетілген кәсіпкерлікті дамытуға қатысты бағыттар назарға алынды.
Сонымен қатар республикалық штаб жетекшісі Азат Перуашевтің Жамбыл облысының сайлаушыларымен кездесуі Тараз қаласында жалғасты. «Қошмамбетов и К» ғимаратында өткен кездесуге «Ақ жол» партиясы орталық қызметі президиумының мүшесі Болат Өтепбаев, партияның Жамбыл облыстық филиалының жетекшісі Асан Қошмамбетов және облыстық партия ұйымының белсенділері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Кездесу барысында президенттікке кандидат Д.Еспаеваның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, кәсіпкерлерге шағын бизнесті ынталандыру үшін салықты төмендету, салалар үшін қосымша құн салығының мөлшерлемесін азайту мәселесі де түсіндірілді. Сондай-ақ мұнда да кәсіпкерлер шағын және орта бизнес үшін банктегі несие мөлшерлемесін төмендетудің дұрыс екенін жеткізді.

* * *
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы атынан сайлауға түсіп жатқан Төлеутай Рақымбеков өзінің сенім білдірілген адамдарымен бірге Алматы облысын аралап жүр. Насихатшылар тобы өңірдегі жақында ашылған агропарк пен осы салаға қызмет ететін авиация өкілдерімен кездесті.
2008 жылы Қарасай ауданының Көлді ауылында еліміздегі ең алғашқы ауыл шаруашылығы бойынша білім тарату орталығы ашылған еді. Содан бері жергілікті шаруалар салаға қатысты бастамалармен осында танысады. Жобаларды іске асырып, өнімін еселегендер де бар. Мұнда шаруалар өз мәселесін айтып, мамандар оның шешімін іздеп жатады. Т.Рақымбеков енді осындай мекемелерді еліміздің барлық аудан орта-лығында ашу керек деп есептейді.
Ал «Оңтүстік» агропаркі өткен жылы ғана жұмысын бастады. Бұл алдыңғы білім тарату орталығының тәжірибе алаңы десе де болады. Арнайы аумаққа отандық мамандар ойлап тапқан ондаған тұқым егіліп, нәтижесі шаруаларға таныстырылып жатыр. Президенттіктен үміткер Т.Рақымбеков кешенді шаралар арқылы ғана саланың дамуына тың серпін беріп, әлемдегі аграрлы елдермен бәсекелес бола аламыз дейді.
Бұған қоса кандидат арнайы ұшаққа отырып, авиация саласының маңызы туралы да айтып берді. «Әсіресе мыңдаған гектар аумақты бақылауда ұстап, қажетті шаралар қолдану үшін осындай техникалар керек. Ал шағын егіс алқаптарына дрондарды пайдалана бастау қажет. Жалпы, заманауи жабдықтардан қашпау керек, оны қолданған-нан шаруаның ұтары көп», деді Т.Рақымбеков.
Ауылдың гүлденуі, Қазақстанның гүлденуі деп санайтын «Ауыл» партиясының кандидаты өзінің сайлауалды бағдарламасында ауылдың әлеуетін көтерудің негізгі бағыттарын ұсынады. Соның ішінде жастар мәселесін де қамтып, ауылға қажет мамандарды даярлау туралы айтылған.

* * *
Кәсіподақтар федерациясынан президенттікке кандидат Амангелді Таспихов республикалық қоғамдық штабында Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновпен кездесті. Кездесу барысында үміткер мен чемпион үлкен спорт туралы пікір алмасып, өмірлік ұста-нымдарымен, болашаққа арналған жоспарларымен бөлісті. Олимпиада шыңын бағындыр-ған Д.Елеусінов бүгінде кәсіпқой боксқа ауысып, ең танымал әлемдік ареналардың тұғы-рын бағындырып келеді. Боксшының қоржынында жеті жекпе-жектен жеті жеңісі бар. Жеті жеңістің төртеуіне АҚШ-та, екеуіне Ұлыбританияда, біреуіне Монакода қол жеткізді.
Президенттіктен үміткер А.Таспихов «Жеңгің келсе, барлық жеңістердің қажырлы еңбек арқылы келетінін ұмытпа» деген ойын білдірді. Ал спортшы кандидаттың сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттарымен танысып, кәсіподақтың көптеген құндылықтарының кәсіби боксқа қатысы барын, соның ішінде қауіпсіздік техникасын сақтау, команда мүшелерімен ұжымдық еңбек шартын жасау сияқты мәселелердің маңыз-дылығын атап өтті. Кездесу соңында тұлғалар бір-біріне сәттілік пен жеңіс тіледі.
Сонымен қатар А.Таспиховтың сенім білдірілген адамдары Павлодар қаласында Тірек-қимыл мүшелері бұзылған балаларға арнайы сауықтыру қызметтерін көрсету орталығына барып, еңбек ұжымымен кездесті. Жиында Павлодар облысының мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету ұйымдары қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының мүшесі Жұмабай Мұхаметәлин қатысушыларға кандидаттың еңбек жолы туралы баяндап, сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттарын таныстырды. Жиналған қауым көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, жақындап қалған сайлау туралы жан-жақты мәлімет алды.

* * *
Қазақстан Коммунистік халық партиясынан президенттікке кандидат ретінде ұсынылған Жамбыл Ахметбековтің сенім білдірген адамдары Нұр-Сұлтан қаласында Ардагерлер кеңесімен кездесу өткізді. Іс-шара барысында шахматтан турнир ұйымдастырылып, қариялар бір жасап қалды.
Басқосуда президенттіктен үміткер Ж.Ахметбековтің сайлауалды тұғырнамасының негізгі тезистері түсіндірілді. Нұр-Сұлтан қаласы сайлауалды штабының жетекшісі Н.Оразханов пен партияның құрметті ардагері Н.Батюта ұйымның жаңа мүшелеріне салтанатты түрде партиялық билеттер тапсырды. Мұнымен кандидаттың ұстанымдары қолдау көрсететін азаматтардың қатары толықты. Н.Оразханов партияның жаңа мүшелері үшін өмірдің ерекше кезеңі басталғанын айтты. Оларға партияның үндейтін идеялары мен құндылықтарын дәріптеуді жалғастыру міндеті жүктеледі. Сонымен қатар ол еліміздің әрбір азаматы үшін партияның есігі ашық екенін жеткізді. Билет табыстау рәсімінен кейін шахмат турнирі басталды. Турнирде қалалық комитеттің жас белсенділері қала ардагерлерімен сайысқа түсті.
Сонымен қатар елордадағы насихатшылар тобы белсенді жұмыс істеп, өз кандидаттарының бағдарламасын халыққа барынша жеткізуде. Олар жұртшылыққа үгіт парақшаларын және партия журналдарын таратып, әңгімелесіп, сайлауалды бағдарламаның басым бағыттары туралы мәлімет берді. Қала тұрғындары да түсіністік танытып, коммунистердің бастамасын жылы қабылдап жатыр. Сондай іс-шаралардың бірі Мемлекеттік рәміздер күніне орай ұйымдастырылған флешмоб болды. Насихатшылар тобы Нұр-Сұлтан қаласындағы ең биік орналасқан ресми нышан – Қазақстанның Мемлекеттік Туының астына жиналды. Сол маңда белсенділер жұртқа кандидаттың ұста-нымдары көрсетілген үгіт материалдарын үлестірді.

* * *
Nur Otan партиясынан президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамдық штабының өкілдері Шымкент қаласында бірқатар нысанда кездесу өткізді. Үгіт-насихат тобы алдымен қалалық №3 емханаға соғып, оның қызметкерлеріне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел басқарудағы көрегендігі, ішкі тұрақтылықты сақтай алған парасаты жайлы айтты. Сонымен қатар республикалық қоғамдық штаб мүшесі Дархан Мыңбай мен кандидаттың сенім білдірілген адамы Ерғали Бөлегенов жергілікті шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесті. Олардың айтуынша, тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда 1250 ірі кәсіпорын ашылды. Онда 500-ге тарта жаңа өнім өндіріледі. Соның нәтижесінде Қазақстанда жасалған тауарлар әлемнің 110 еліне экспортталып жатыр. Жиында Д.Мыңбай жиналған көпшілікке кандидаттың сайлауалды бағдарламасы туралы әңгімеледі. Ал Е.Бөлегенов Қ.Тоқаевтың сыртқы саясатты дамытуға қосқан еңбегін атап өтті.
Бұған қоса, Шымкент қалалық қоғамдық штабының мүшелері «Қазығұрт» шағын ауданы тұрғындарымен кездесті. Жиналған қауымға олар Nur Otan партиясы кандидатының сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды. Партияның Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Бауыржан Қуанышбеков кандидаттың өмірбаянына, оның ішкі және сыртқы саясаттың дамуына қосқан үлесіне тоқталып өтті.
Сондай-ақ Nur Otan партиясы жанындағы Jas Otan жастар қанатының Шымкент қалалық филиалы «Сенің дауысың маңызды!» атты автошеру өткізді. Автошеруге 20-дан аса автокөлік қатысып, 100-ге жуық ерікті жас пен жасотандықтар атсалысты. Қазақстан Туы мен Jas Otan жастар қанатының жалауын желбіреткен шеру Шымкент қаласының орталығындағы Д.Қонаев даңғылынан басталып, Бәйдібек би даңғылымен айналма жол арқылы Бәйдібек би ескерткішіне дейін жүріп өтті.

* * *
«Ұлт тағдыры» ұлттық-патриоттық қозғалысы атынан президенттікке кандидат болып тіркелген Әміржан Қосановтың Нұр-Сұлтан қаласындағы республикалық штабына Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы және Түркі тілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясы делегациялары келді. Қазақстандағы кезектен тыс президенттік сайлау процесін бақылау миссиясы аясында ұйым өкілдері штабтың жұмысымен танысты. Кездесу барысында кандидат Ә.Қосанов сайлауалды тұғырнамасындағы негізгі бағыттар, өңірлердегі жұмыс және жақын арадағы өз жоспарлары туралы айтып берді. Тараптар сайлауалды кезеңде жемісті ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға келісті.
Сонымен қатар президенттіктен үміткердің республикалық сайлауалды штабының мүшелері елорда іргесіндегі Қоянды ауылына келіп, жергілікті тұрғындармен кездесті. Штаб өкілдері халықпен кездесуде үміткердің сайлауалды тұғырнамасындағы негізгі бағыттарын нақты көрсетіп, тұрғындарды толғандырған сұрақтарға жауап берді.
Бұдан бір күн бұрын Ә.Қосанов Орал қаласында Батыс Қазақстан облыстық штаб мүшелерімен кездесті. Іс-шарада кандидаттың сайлауалды тұғырнамасы нақтырақ талқыланып, түрлі өзекті қоғамдық мәселелерге қатысты өз ұстанымын жеткізді. Штаб мүшелері өздерін мазалаған сауалдарын қойып, өңірде атқарылып жатқан үгіт-насихат жұмыстары жөнінде баяндап берді. Жалпы, еліміздің барлық аймағында жүргізіліп жатқан түрлі іс-шаралардың нәтижесінде жергілікті тұрғындар Ә.Қосановтың өмір жолы, көзқарастары туралы әжептәуір хабардар болып қалды. Сондай-ақ халықтың көбі сайлауалды науқан аясында өтіп жатқан кездесулерге белсенді қатысып, өздерінің ой-пікірлерін жеткізіп, межелі күні сайлаудан да қалыс қалмай, таңдаған кандидаттарына дауыс беретіндерін айтуда.

* * *
«Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысынан президенттікке кандидат Сәдібек Түгел өзінің сенім білдірілген адамдарымен бірге Батыс Қазақстан облысында жүр. Насихатшылар тобы өңірдегі киелі орындарды аралап, зиярат етіп, тұрғындарға, шет аймақтан келген жұртқа сайлауалды бағдарламасын түсіндіруде. Негізгі ұстанымдары ұлттық құндылықтарға дәріптеуге бағытталған кандидаттың мұндай қасиетті жерлерге атбасын бұруы ерекше маңызға ие. «Жер – жанымыз, тіл – тұғырымыз» деп ұрандатқан С.Түгел осы Түркістан секілді қасиетті жеріміздің қадірін біліп, дәл осы өңірдегі халықтың таза сақталған тілі мен қаймағы бұзылмаған дәстүрі бүкіл қазаққа үлгі болғанын қалайды.
Президенттіктен үміткер өзінің сайлауалды бағдарламасында көрініс тапқан негізгі бағыттарды халықпен кездесулерінде кеңінен түсіндіруде. Ол киелі орындарға жасаған сапарларында ұлттық құндылықтар, салт-дәстүріміз туралы сөз қозғаса, перзентханадағы кездесуінде демографияға көңіл бөлудің маңызын түсіндірді. Сондай-ақ ұлттық ойын түрлерінен түрлі біріншіліктер ұйымдастыруға бастамашы болып, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру жайын да ұмыт қалдырған жоқ.
Сонымен қатар болашақ ұрпақ тәрбиесінде көкірегі қазынаға толы қарияларға қамқорлық жасауды да назарына алды. Ақсақалдардың көңілін аулаған шаралардың бірінде «Қарияларымыз күн өткен сайын азайып бара жатыр деп айтқанымызбен, сөзіміз бен ісіміз үйлеспей жатады. Сонау соғыс кезінде де балалары оралмай жалғыз қалған қарияларды бүкіл ауыл болып қамқорлығына алып, қарайласушы еді ғой. Ал қазір ше? Ата-анасын қартайғанда қараусыз қалдырып, қарттар үйіне апарып өткізіп, бар жауапкершілікті мемлекетке аудара салатын безбүйрек ұрпақ қайдан шықты, бұл біздің ұрпақ тәрбиесіндегі олқылықтарымыздың кесірі емес пе?» деп қазіргі жағдайды сынайды.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Add a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *