Латын қарпіне көшу – заман талабы ма?

Latyn-11-750x430«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған кезден бері қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесі де қолға алынды. Байқап қарасақ, қоғамда латын әліпбиіне қызығушылық бардай. Мәселен, әлден-ақ мекеме атаулары осы әліпбимен бедерленіп, маңдайшалар да жаңаша нақышта көз тартады. Басылым беттерінен де латын әліпбиімен жазылған мақалаларды оқуға болады.

Құжаттар да заман ағымына сай өзгеру үстінде. Естеріңізде болса, жыл басында латын әліпбиінен жалпыхалықтық диктант та өткізілді. Ел-жұрт осы шараға атсалысып, өздерінің білім деңгейлерін тексеріп көрді. Әрине, бұл әліпби жастарға барынша таныс деуге негіз бар. Өйткені олар ағылшын тілін біршама меңгерген. Ал үлкендер жағы болса, азды-көпті қиналуы мүмкін. Бірақ кезінде аталарымыз осы әліпбимен сауат ашқанын да ұмытпауымыз керек. Қазіргі таңда көптеген адамдар: «Латын әліпбиіне көшу бізге не береді?» деген мәселе төңірегінде пікір алмасып жүр. Менің ойымша, тіліміз әлемдік дәрежеде дамиды. Екіншіден, қазақ тілі артық дыбыстардан арылып, жүйеленеді. Кирилл қарпімен жылдар бойы қалыптасқан әріптердің салдарынан дыбысталу өзгеріске ұшырағаны белгілі. Орфоэпия заңдылықтарын ескеруіміз қажет. Яғни қазақтың төл әріптері өз мәнінде, өз мазмұнында көрініс табуы үшін латын әліпбиіне көшу арқылы реттеуге мүмкіндік бар. Бұл бағытта тіл мамандары, ғалымдар өз жоба-жоспарларын ұсынып жүргені мәлім. Ең бастысы асығыстыққа жол беруге болмайды. Бұл пікірге мен де қосыламын. Өйткені тіл – нәзік мәселе.
Кейбіреулер «латын тілі» деген тіркесті қолданып жүр. Дұрысы – латын әліпбиіне негізделген қазақ тілі ғой. Осыны анық ажыратып алуымыз керек. Әйтпесе, мәселенің мән-жайына, байыбына бармайтындар латын тіліне көшеді екенбіз деп ойлап қалуы әбден мүмкін. Саф алтындай тіліміз сақталады. Тек таңбалау қаріптері өзгереді.

Асанәлі Ешимов

Add a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *