ӘЛ-ФАРАБИ БИЛІК ХАҚЫНДА…

FarabiӘлемдік мәдениет пен өркениетте елеулі із қалдырған ортағасырлық исламдық Ренессанс дәуірінің ұлы ғалымы, «Екінші Ұстаз» атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің дана ой маржандары өзектілігін жоғалтқан емес. Энциклопедист ғалым ретінде Тұраннан шыққан біртуар ғұлама өз идеяларымен дүниежүзілік философияны, этиканы, логиканы, музыка теориясын, математиканы, дін, мемлекет және құқық теориясын байытты.

Белгілі фарабитанушы, философия ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, ЖҒА академигі А.Қасымжанов (1931-2000 жж.): «Әл-Фараби біз үшін ең алдымен адам өмірі идеалының өнегелік анықтамасының іргетасына бір түйіршік өзіндік негіздемесін енгізгендігімен қымбат. Адамның кемелденуге қол жеткізуіне ықпал етуге деген ұмтылыс ойшылдың бүкіл мұрасының өзегінен өтеді. Сондықтан біз бұл мұраны ескірген деп қабылдай алмаймыз» деп орынды атап өткен болатын.
Фарабитануға деген қызығушылық бүгінгі күнге дейін алыс шетелдерде де сарқылмай отыр: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың оқытушылар делегациясы Мысыр университеттеріне, оның ішінде атақты әл-Азхар мен Мысыр университетіне барып қайтты. Шығыстанушылардың үлкен қуанышына орай, олар Ніл өзенінің жағалауынан құнды сыйлықтар әкелді. Атап айтқанда, әл-Фараби туралы зерттеулердің каталогтары мен электронды көшірмелері. Қазіргі уақытта көпшілігі арабтың өрме жазуымен жазылған дереккөздерді жүйелендіру үдерісі жүріп жатыр.
Мінсіз жабық мемлекеттің қатаң үлгісін құрастырған Платон да, мемлекет құрылуы мен адам жетілуінің мәселелерін нақты және практикалық тұрғыдан қарастыратын Аристотель де Әбу Насыр әл-Фарабиді қызықтырып, бұл ойшылдардың идеяларын талдауға арналған материал ретінде ғана емес, сонымен қатар қайырымды қаланың өз тұжырымдамасын құру үшін пайдаланды.
Макиавеллидің танымал жұмыстары еуропалық қоғамдастықтардың тағдыры туралы дискурстарға негізделгені сияқты әл-Фарабидің ілімі де Азиядағы саясаттың дамуының заманауи үрдістерін біліп, тануда көпір болып табылады. Ғұламаның Кеңес дәуірінде аударылған еңбектері, сөзсіз, мұқият тексерілуі керек, себебі ойшыл халифатта өмір сүріп, ислам дінін ұстанды. Мәселен, егер Фараби қайырымды қала мемлекеттің билеушісі бір уақытта имам да болуы керек деп жазса, бұл сөзбе-сөз қабылданбауы керек. Бұл жерде билеушінің бойында үйлесімді болуға тиіс ниетінің, жаны мен тәнінің тазалығы туралы айтылады.
Қазіргі заманғы өркениетті қоғам үшін мемлекет басшысының идеалы қандай, оның басым қасиеттері қандай болу керек? Жауаптар Екінші ұстазда бар.
Әл-Фарабидің даңқы мұсылман әлемінде және одан тыс жерлерде кеңінен танымал болған «Азаматтық саясат», «Бақытқа жету туралы», «Мемлекеттік қайраткердің афоризмдері» атты еңбектерімен шыққаны белгілі. Қызметінің сириялық кезеңінде ол өзінің әлеуметтік-саяси көзқарастарын «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактатта» жүйеледі. Әл-Фарабидің қайырымды қала туралы ілімі платонизм ұстанымдарында құрылған. Сол заманның басқа да ерекше идеялары сияқты әл-Фарабидің саяси тұжырымдамалары ислам халифатының болмыс-шындықтарын басшылыққа алатын қолданыстағы теориялық канондарға онша сәйкес келмеді.
Аристотельдің пікірінше, «дұрыс» мемлекеттік басқару түрлері – монархия, аристократия, саясат; дұрыс емес түрлері – тирания, олигархия, демократия. Монархия жалпының игілігін ойлайтын бір тұлғаның билігі болып табылады, ал тирания – өзінің пайдасын басшылық ететін бір тұлғаның билігі. Аристократия – бұл барлық азаматтардың мүдделеріне орай жүзеге асырылатын аз, бірақ ең игі жақсылардың билігі, ал олигархия – керісінше, өз пайдасын ойлайтын бірнеше ауқатты азаматтардың басқару үлгісі. Егер саясат белгілі бір ценз және жалпының игілігін ойлауы негізінде таңдалынған көпшіліктің билігі болса, онда демократия, Аристотельдің ойынша, көпшіліктің, кедейдің, осы көпшіліктің мүддесінде билік етуі. Бұл тұста қоғамдық санаға жүгіну, сену деген ерекшелікті атап өту керек. Әл-Фарабидің «Азаматтық саясаты» Платонның ислам дүниетанымы аясындағы ойларын дамытып, пайымдайды, ал қоғам құрылымының әділеттілігін азаматтардың тәрбиесімен байланыстырады. «Әр адам жаратылысы бойынша өзінің өмір сүруі және аса кемелдікке жетуі үшін жалғыз өзі қол жеткізе алмайтын және мұқтаж заттар жиынтығынан бір-бірлеп жеткізіп отыратын белгілі бір адамдар қауымдастығына мұқтаж болады» деп бекер айтпаған.
Әл-Фараби ұсынған қоғамның мінсіз үлгісінің тағы бір ерекшелігі – геосаяси астар. Ол Аристотель сияқты, саясатты географиямен байланыстырып, оны табиғи-географиялық компоненттік қана емес, сондай-ақ кеңістіктік-аумақтық факторларды да қамтитын аумақтық аспектімен толықтырады. Мысалы, әл-Фараби түсінігінде адамзат қоғамы – «бір тұрғылықты жерде көптеген адамдардың бірігуі», бұл аталған факторлардың жиынтық әсерінің нәтижесінде пайда болуы мүмкін. Қазіргі түсіндірмеде постулатты ұлттық сәйкестендіру дегенге жатқызамыз. Халық дәстүрлері мен этиканы білу және құрметтеу болашақтағы дамудың стратегиясы мен басымдықтарын анықтауда маңызды.
Адамзатты бір-бірінен табиғи сипатымен, табиғи ерекшеліктерімен (мінезімен) және адам мінезіне негізделген, табиғи заттарға да қатысы бар тіл, сөйлеу сияқты сипатпен ерекшеленетін жекелеген халықтарға бөледі. Осылайша әл-Фараби этногенез негізіне табиғи-жаратылыс жағдайларын (халықтардың мінез-сипаты мен тілі) жатқызады, олар өз кезегінде географиялық факторлармен қалыптасады. Және бұған Орталық Азия мен іргелес аумақтардың, Оңтүстік Азия мен Қиыр Шығыстың тарихында із қалдырған бұрынғы әулеттердің шежіресін қарай отырып, келісуге тура келеді. Қоғамдастықтар өмірінің функционалдық толықтығына назар аудара отырып, оларды нақты бөледі. Қалалық қауымдастықты («қала және қоғам») Фараби тұрғындар өздері анықтайтын келесі белгілерге сәйкес жіктеді:
– мақсаты «тіршілік ету және денені қорғау үшін барлық қажеттілікті табуда өзара көмектесу болып табылатын «қала мен қажеттілік қоғамы»;
– «қала мен алмасу қоғамы – ауқаттылық пен байлыққа қол жеткізуде бір-біріне көмектесетіндер (тұрғындар)»;
– «қала мен ұждансыздық қоғамы – тұрғындары сезімдік ләззат алуға бір-біріне көмектесетіндер …». Аристотель сияқты үздік қала деп «ұжымдық қаланы», яғни әрбір тұрғыны қалағанын істеуге толықтай ерікті болатын қаланы санаған. Онда тұрғындардың еркі бойынша басқаратын билеушілерді тұрғындардың өзі сайлайды. Идеал қаланың утопия екендігі туралы пікірлер бар және осы мағынада әл-Фараби ілімінің ағылшын жазушысы және заңгері Томас Мордың «Утопия» және итальялық философ, теолог және жазушы Томмасо Кампанелланың «Күн қаласы» деген кітаптарымен қатар ерекше орны бар.
Әл-Фарабидің философиясы – адам және оның проблемаларына баса назар аударады. Осыған сүйене отырып, қоғамды сапалы және сандық сипаттамаларға сәйкес бөледі: қала – кішігірім қоғам, қала – орташа қоғам, адамзат – үлкен қоғам; толық емес – отбасы, ауыл, қалалық квартал. Адамдар қоғамының кемелге жетуі адамдардың өзара бірлесуі арқылы болады.
Ол қоғамның құрылымын ғаламның құрылымы мен адамның биологиялық құрамдастарына ұқсатады. Билеушінің функциялары денені емдейтін дәрігерге ұқсас, тек билеуші тәнді емес, жанды емдейді. Қажеттіліктер, жинақтар және еңбекті бөлу туралы жиі айтса да, оның қоғам – адамның рухани бірлестігі екендігі туралы ойы үйлесімді. Саяси көзқарастары «қайырымды» және «надан» қалаларды келесідей жіктеуінен көрінеді: 1) қайырымды қала; 2) надан қала; 3) азғын қала; 4) адасқан қала (соңғы екеуінің арасында, ортасы ретінде «өзгергіш қала» аталады).
Қайырымды қала – сөзсіз идеал. Надан қала – бұл шындық, бірақ әл-Фарабидің пікірі бойынша, егер ағартумен, білім берумен айналысса, кемеңгер билеушіні тапса, жақсаруына үміт бар қала. Надан қалалардың арасында да әл-Фараби артық көретін қалалар бар, өйткені мұнда оларды ізгілік жолына түсіру мүмкіндіктері жоғалмаған: «… қайырымды қалалар мен қайырымды басшылардың қалыптасуы қажеттілік қалалары мен ұжымдық қалаларда мүмкін және оңай жүзеге асады».
Әл-Фараби надан қаланың ең нашар түрі деп билікқұмар қаланы санайды. Философ ұжымдық қаланы кейде еркін қала деп атайды. Ол барлық қалалардың ерекшеліктерін біріктіреді: ұждансыздық (төмендік) пен асқақтықты үйлестіре біледі. Сонымен қатар қоғамдық өмірдің тұтастығына баса назар аудара келе, аталған қалалардың үлгілері таза түрде кездеспейді дейді. Бұл шындық және бұл жерде әл-Фараби нәсілшілдік пен нацизмның көріністерін тудыратын кез келген тұжырымдамалардан жоғары тұр.
Қаланың халқы бес санаттан тұрады: 1) ең лайықтылар; 2) шешендер (ғылым, өнер және рухани қызметпен айналысатын адамдар); 3) өлшегіштер (шенділер және техникалық қызметкерлер); 4) жауынгерлер; 5) байлар.
Әл-Фарабидің гносеологиялық оптимизмі оның ілімінде әлемді түсіну қабілеттері мен мүмкіндіктеріне деген сенімділіктің шаттанған жай-күймен біріктірілуінде жатыр: адамның ғарыштық мақсаты бар және адам бақытты болуға тиіс. Бұл жерде Эпикур және Спинозамен еріксіз параллельдер анықталады. Эпикур сияқты ол да философия бақытқа қол жеткізуде маңызды рөл атқарады, өйткені ол болмыстың ішкі заңдарына еніп, оларға сәйкес өмір сүруге мүмкіндік береді деп санайды.
Осыған байланысты Сократтың максимализмінен шығатын этикалық интеллектуализм туралы айтады: бір нәрсені терең біле тұра осы білімге қайшы әрекет жасауға болмайды. Әл-Фараби білімді кітаби түрде, дерексіз, адамға қандай да бір қосымша ретінде түсіндірмейді. Бұл – адамның етіне енетін нәрсе. Философ деп Аристотельдің барлық шығармаларын толығымен оқыған, жаттап, бірақ олардың мағынасын жанымен түсіне алмаған адамды емес, Аристотельді оқымаса да, ақылға қонымды және қайырымды әрекет жасайтын жанды санау керек дейді.
Ойшыл көзқарасы теологиямен соншалықты лайланбаған және таза, ал стилі кейде кекесінді, тіпті зәрлі, таң қалдырмай қоймайды. Көптеген адамдардың ішкі мағынасыздығын және жануарлық эгоизмін жасыру үшін білімді пайдаланудағы екіжүзділігін көріп, әшкерелейді.
«Қалалық бірлестіктің негізгі мүшесінің» мінсіздігі тақырыбы – әл-Фараби шығармашы-лығындағы рефрен. Әл-Фарабидің «қайырымды» мемлекет-қаласы – адамның ең жоғары игілікке және лайықты өмір салтына жеткізе алатын ең жақсы және табиғи қарым-қатынас үлгісі. Мұндай қаланың басты белгілері – тәртіп пен оның тұрғындарының, ең алдымен, билеушілерінің жоғары моральдық қасиеттері.
Осындай қаланың билеушісіне сәйкес келуі талап етілетін шарттардың барлығы дерлік исламдық қауымдастыққа қатысы бар екендігін атап кеткен жөн. Зерттеудің нысаны мен мақсатының түпкі ортақтығын негізге ала отырып, ғұлама-ғалым саясатты мұсылмандық құқықтық доктринамен және діни канондармен бір қатарға қойды. Бұдан саясаттың грек философиясы мен мұсылман моралін, дінін және құқықтық теориясын саясат туралы бір жалпы теорияға біріктіру әрекетін көруге болады.
Саясатқа мұсылман діни көзқарасы мен мораль тұрғысынан қарау, билікке талдау жасау – бұл ислам философиясын сол кездегі мемлекет – Араб халифатын ислам құқығымен бірлесе отырып зерттеуін жақындатты. Дегенмен, әл-Фарабидің өзі философияны білімнің шыңы деп санап, ғылымды діннен жоғары қойған. Ә.Қасымжанов «бүтін және иілімді» деп сипаттайтын әл-Фарабидің ойлауының осы қыры өзінің негізі түпнұсқалық, қазіргі кезде пайдалы жалпылама жұмыстарына зерттеушілердің /Машани және т.б./ назарын аударады.
Асылында (идеалында), қайырымды қала, әл-Фарабидің пайымдауынша, исламның мінсіз ережелерін сақтай отырып, тұрғындарының рухани тазалығы мен парасаттылығы, тәрбиенің «ізгілікті» идеялары негізінде құрылып өмір сүре алады. Бүгінгі геосаясат жағдайында аталған идеялар кейде жай утопиялық деп қана емес, тіпті кейде ислами фанатизмнің рухани нұсқауы ретінде түсіндіріледі. Осылайша арам ниетті тәржімашылардың радикализмге көпір салуы қиын емес, кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында ондай жасалынып та жатыр.
Әл-Фараби және көптеген басқа да реформатор-ағартушылар сияқты ойшылдар энциклопедиялық білімдері мен мүмкіндіктеріне қарай, тіпті көзқарастарының кей тұстары идеалистік болып көрінсе де, қоғамдастықтарға өмірді ақылға қонымды негізде қалай ұйымдастыруға болатынын көрсетуге тырысқан. Арман да утопия сияқты адамға қалауының/болашақтың бейнесін, импульсін, үмітін береді. Бұл – адам ұмтылатын мақсат. Халық даналығында айтылғандай, «үмітсіз – шайтан»: тек мақұлықта ғана сезімталдық, идеалға, арманға ұмтылу жоқ.
Бұл армандар мен утопиялардың негізі ақылға қонымды идеялар ретінде ешқашан жүзеге асырылмайды деген сөз емес. Әрбір азамат, қоғамның саналы және қабілетті мүшесі саналы шешім қабылдауға құқылы. Тәуелсіз Қазақстанның жас ұрпағы әлемнің зияткерлік қазынасынан өзіне ең үздікті мұра етіп, оны жаңа тұжырымдамалық негіз бен әдіснама арқылы дамытуға, дәстүрлерді қорғауға тиіс.

Жақыпбек АЛТАЕВ,
философия ғылымының докторы,
профессор, ҚазҰУ «Әл-Фараби» орталығының директоры

Add a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *