АРЫС, БІЗ БІРГЕМІЗ!

Tokaev-8-750x43024 маусымның таңы Арыс қаласының халқы үшін аласапыранға ұласқан дүрбелеңмен басталды. Қаланың дәл іргесінде орналасқан әскери қару-жарақ қоймасында өрт -басталып, оның соңы әртүрлі снарядтардың бірінен кейін бірінің жарылуына әкеп соқты. Әуеге бет алған снарядтардың ұшу бағыты да болжамсыз еді. Ол кез келген үйге, кез келген жерге құлауы мүмкін еді және солай болып та жатты. Арыстағы дүрбелеңді әлеуметтік желіде тараған видеолар арқылы көріп, жанымыз түршікті. Жан-жаққа бытырай қашқан ел, ата-анасынан адасып қалған балалар, жараланған адамдар, өртеніп, қирап жатқан үйлер… жарылыстардың алапат қуаты қаланы күшті екпінімен дүркін-дүркін сілкілеп-ақ тұрды. Түркістан облысында төтенше жағдай жарияланып, тұрғындар дереу қала аумағынан шығарыла бастады. Апатты аумаққа жеткен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев шұғыл шаралар қабылдауға кірісіп, артынша алғашқы брифинг өткізіп, орын алған жағдайды түсіндіріп өтті. Жараланғандар мен қаза тапқандар да бар екені белгілі болды. Арыс қаласындағы төтенше ахуалды қалпына келтіруге өрт сөндіру, әскери-күштік құрылымдар, Ішкі істер қызметі жұмылдырылды.

Сол күні Арыс қаласына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы келді. Президент жедел штабтың отырысына қатысып, мән-жайдан жан-жақты хабардар болды.
Мемлекет басшысы, ең алдымен, қаза тапқан адамның отбасы мен туыстарына көңіл айтып, зардап шеккен азаматтарға, халыққа барлық жағынан көмек көрсету, қауіпсіз жерлерге орналастыру, азықпен қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берді. Бұдан кейін Қасым-Жомарт Кемелұлы Арыс қаласының эвакуациялық пунктінде болып, жұртшылықпен жүздесті. Көңіл демдейтін сөздерін айтты. «Алаңдамаңыздар! Бәрін қалпына келтіреміз, барлығы дұрыс болады. Шыдаңыздар. Бұл төтенше жағдай, апат» деді Президент. Өз сөзінде мемлекет тарапынан тиісті жағдай жасалатынын, қаражат бөлінетінін жеткізіп, үрей құшағында отырған елді сабырға шақырды. Оқиғаны жеке бақылауында ұстайтынын мәлімдеді.
Соңынан Мемлекет басшысы құтқару штабының мүшелерімен бірге Арыс қаласын аралап шықты. Жарылыстан сау тамтығы қалмаған үйлерді, әкімшілік ғимараттарын көрді. Осындай жағдайда жедел әрекет ете білген ішкі істер органдары, қорғаныс саласының қызметкерлеріне, әскери адамдарға алғысын айтты. Керекті шараларды әрі қарай оперативті түрде жалғастыра беруді, Қорғаныс министрлігінің өкілдеріне әскери қоймадағы қару-жарақтарды қала маңынан алыс жерге көшіруді тапсырды. Президент, сондай-ақ жараланған адамдар жеткізілген ауруханада болып, мұнда да зардап шеккен адамдарға тезірек жазылып кетуіне тілектестігін білдірді. Өз тапсырмасы бойынша қажетті көмектер жасалатынын жеткізді. Қасым-Жомарт Кемелұлының Арыс халқының басына күн туғанда жандарынан табылып, қандай жағдайда да елімен бірге екенін көрсеткені – азаматтық болды. Халықтың тілегін тыңдап, адами тұрғыдан еркін әңгімелесіп, орталарынан табылғаны – Арыстағы ағайынның көңілін бір демдеп, ертеңгі күнге деген сенім мен үміттерін оятқаны сөзсіз еді.
Бүгінгі таңда шаһарда орын алған төтенше жағдайға байланысты бүкіл Қазақстан халқы жан-жақтан көмек қолын созып, ақшалай, заттай, азық-түліктік көмектер көрсетіп жатыр. Ел бойынша «Арыс, біз біргеміз» акциясы да қолға алынды. Бұл мақсатта арнайы қорлар құрылып, есеп-шоттар ашылды.
…Дана қазақ мұндайда «Апат айтып келмейді» дейді. Тып-тыныш жатқан шаһар әп-сәтте осыншалықты қуатты жарылыстар құрсауында қалады деп кім ойлаған?! Құдайға шүкір, қауіптің беті қайтты. Бірте-бірте қала өмірі мен тіршілігі де қалпына келер, қираған үйлер мен әкімшілік ғимараттары жөнделер. Қалай болғанда да «Тас түскен жеріне ауыр». Ең бастысы, осы жағдайдан тиісті сабақ алып, мұндай апаттарды алдағы уақытта болдырмаудың жолын қарастырып, әскери қару-жарақ қоймасын, Президент айтқандай, қала аумағынан алыстатып, ел-жұртқа қауіпсіз жерге көшіру – ендігі күн тәртібінде тұрған маңызды мәселе болмақ.

Дәуіржан Төлебаев

Add a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *