Апаттың алдын алу мүмкін бе еді?

2019_06_27_arysҚазақстан Қарулы Күштерінің Арыс қаласының жанында орналасқан қару-жарақ қоймаларының бірінде сақтаулы тұрған оқ-дәрілер жарылып, соңы алапат өртке ұласқандығы белгілі. Оқиға орнына арнайы барып, зұлматтан бас сауғалаған арыстықтарға басу айтып, жарылыстан бүлінген орындарды аралап шыққан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сапарының қорытындысы бойынша Қорғаныс және Ішкі істер министрліктерінің басшыларына нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ оқиғаға кінәлілердің заң бойынша жазаланатынын мәлімдеді.

Қоймадағы оқ-дәрі қайдан пайда болды?
Сонымен, бұл оқиғаның себеп-салдары қандай? Алдымен мыңдаған тонна қару-жарақ пен оқ-дәрі осы күнге дейін неліктен Арыста сақталып келді дейтін болсақ, олардың басым бөлігі Кеңес Одағынан қалған «мұраның» қалдықтары екендігі айтылуда. Кезінде Ауғанстан жерінде он жылдай соғыс жүргізген Кеңес әскерлерінің қолданылмаған қару-жарақтары мен оқ-дәрілері тоғыз жолдың торабындағы Арыс стансасына таяу орналасқан әскери бөлімнің қоймасына жинақталған. Сол тұста сәтсіздікке ұрынған қайта құру реформаларынан соң көбесі сөгіле бастаған «мызғымас» империяның қорғаныс саласының бар-жоғын түгендеуге мұршасы болған жоқ.
Ал Арыс төңірегіне қару-жарақтардың алғашқы легін жинақтау өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының соңына таяу басталған. Ол мезгіл Орталық Азия әскери округінің құрылуы және Кеңес Одағы мен Қытай шекарасындағы шиеленістерге сәйкес келеді.
Сөйтіп әскери қойма уақыт толқынымен толыққан үстіне толыға берді. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген соң бұл қойманың қаупі туралы ара-тұра мәселе көтерілсе де, жауапты ведомстволар хал-қадерінше әрекеттенсе де, Арыстың бойы соңғы онжылдықта дүркін-дүркін жарылыстарды бастан өткерді. Бұл – аталған қаладағы соңғы он жылдағы төртінші жарылыс.
Арыстағы алғашқы дүмпу 2009 жылы естілді. Ескі қару-жарақты залал-сыздандыру жұмыстарымен айналысып келген кәсіпорында техникалық қауіпсіздік қағидаларының сақталмауына байланысты қатарынан үш жарылыс болды.
Осы тәріздес жарылыстар 2014 және 2015 жылдары тіркелді. Бұл оқиғалардың салдарынан жараланғандар мен қаза тапқандар да бар. Ол оқиғалардың себептері де анықталды, кінәлілер жазасын алды.
Ал кешегі, яғни 24 маусымдағы жарылыс бойынша Қылмыстық кодекстің «Қару және қауіпті заттарды сақтау ере­же­сін бұзу» бабы (462-бап, 1-тармақ) бойын­ша тергеу жұмыстары басталып кетті.
Мұндай кісі өліміне соқтырған, елдің зәре-құтын алған төтенше оқиғалардан кейін мемлекеттің де қамсыз отырмайтыны түсінікті. Алайда, қоймадағы мерзімі өткен оқ-дәрілерді залалсыздандыруға бөлініп келген қыруар қаражат орнымен жұмсалды ма, жауапты тұлғалардың жауапкершіліктері қандай болды деген заңды сауал туындайды.

Көшіруге қаржы жетпеген
Кеше Үкімет отырысынан соң журналистер алдына шыққан Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштер Бас штабының бастығы Мұрат Бектанов қаржыландырудың жеткіліксіздігіне байланысты әскери қоймадағы қару-жарақты көшіріп үлгеру мүмкін болмағандығын айтты.
– Қоймалар елді мекеннен 200 метр қашықтықта орналасқан. Бірақ біздің талабымыз бойынша бұл арақашықтық кемі үш шақырым болуы тиіс. Біз ол аралықты 10 шақырымға дейін ұзартуды сұрап талай әрекеттендік, құжаттар жинақтадық. Алайда, ол үшін халықты 800 метр жерден өтетін теміржолды көшіру керек болды, – деп мәлімдеді М.Бектанов.
Қарулы Күштердің өкілі Арыстағы қоймада сақталған қару-жарақты көшіру 2005 жылы басталғанын да атап өтті. Бірақ жоғарыда айтылғандай, бұл «көшке» қаржы тапшылығы тұсау болып келген.
Шынымен де әскери саладағы темірдей тәртібі болған Кеңес Одағының қауіпті қойманы бастапқыда елді мекеннен алыс орналастырғанына күмән келтіру қиын. Содан бергі уақытта халық саны көбейді, тиісінше елді мекеннің аумағы да кеңейе келіп, тұрғындардың мүлгіген «аждаһаға» жақындай түскені анық.
Айталық 2017 жылы сол кездегі Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов Үкімет отырысында облыс әкімдеріне қару-жарақ сақталған нысандарға жақын аумақтан жер телімдерін бөлмеу туралы Үндеу тастады. Сол үндеуде «Диверсияға қарсы қауіпсіздік саласындағы заңнамада қару-жарақ сақталған нысандардың айналасында тыйым салынған аумақ белгіленген. Осыны ескере отырып, барлық деңгейдегі әкімдерден жер телімдерін бөлуде мұқият болуды сұраймын, өйткені нысандар және тұрғын үй құрылысына жер бөле отырып, олар қару-жарақ қоймаларына жақындай түседі», делінген.
С.Жасұзақов қару-жарақ ұзақ мерзімге сақталатындықтан, диверсия жағдайында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қиындап кететінін де ескерткен болатын.
Қорғаныс министрі бұл үндеуінде қару-жарақтың кездейсоқ немесе адамның салғырттығынан жарылуы мүмкін екенін айтпағанымен, шын қауіп түсінген адамға белгілі еді.
Сондықтан да кешегі оқиғаға байланысты қозғалған қылмыстық істе бұл мәселе де ескерілері анық.

Генералдың сауалы ескерілді ме?
Арыстағы қару-жарақ қоймасының қаупі жайында осыдан тура он жыл бұрын Парламент депутаттары да мәселе көтерді. Атап айтқанда, сол кезде Мәжіліс депутаты болған ҰҚК ардагері, генерал-майор Ержан Исақұлов Премьер-Министрге депутаттық сауал жолдап, Қорғаныс министрлігінің Арыс қаласындағы арсеналында миллиондаған қару-жарақ пен оқ-дәрілердің сақтаулы екенін, олар қайталап жарыла қалған күнде ауқымы үлкен, ал шығын зор болатынын айтып дабыл қақты.
Осы материалды әзірлеу барысында бұл депутаттық сауалдың авторымен жолығып, мәселенің түп-төркініне қайта оралып, терең бойлауға тырыстық.
– Мен жағдайдың осылай күрделеніп кететінін айтып, 2009 жылы Премьер-Министрге депутаттық сауал жолдадым. Өйткені Арыс қаласының төңірегінде Ауғанстаннан шығарылған мыңдаған тонна қару-жарақтың сақталып келгені туралы ақпарат болды. Уақыт өте сол қару-жарақ пен оқ-дәрілерді залалсыздандыратын кәсіпорын құрылған. Қойманың аумағы тым үлкен болатын. Әрине ол жердегі қауіпті мүлікті басқа қауіпсіз жерге көшіру керек. Бірақ ол жұмыс ұзақ уақытты, қомақты қаражатты қажет етеді. Снарядтарды тасымалдаудың өзі қауіпті. Мен жоғарыда арнайы кәсіпорын туралы бекер айтқан жоқпын. Себебі қоймадағы мерзімі өткен қару-жарақ пен оқ-дәрілер – қыруар қаражаттың көзі. Оларды бөлшектегендегі алынатын латунь, мыс пен қорғасынның, оқ-дәрінің бағасы нарықта өте жоғары. Сондықтан ол кәсіпорынды құрушылар бұл жерде қанша жарылыс болса да, жағдайдың бақылауда, сақтау талаптарының қалыпты екенін айтып, аталған салаға шаң жуытпай келген болуы да мүмкін, – дейді Е.Исақұлов.
Генерал-майор, сондай-ақ Арыстағы жарылыстар өзге әскери қоймалардағы қауіпсіздікті күшейтуге түрткі болуы тиіс екенін айтады. Өйткені есепсіз мол қаруға жергілікті және аумақтық қылмыстық топтар, халықаралық террористік ұйымдар да көз сұғын қадап жүретіні түсінікті.
Осы орайда Е.Исақұлов Нұр-Сұлтан қаласына ел астанасының көшірілуі алдында дәл осындай қауіптің бетін қайтаруға күш салғанын еске алып өтті.
– 90-жылдардың соңында ел астанасы Арқаның бойына көшкен тұста мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақмола облыстық департаментінің бастығы едім. Содан жоғарғы билік пен мемлекеттік басқару органдары Ақмолаға көшер кезде елордамыздың жанындағы 40-шы темір жол бекетінде орналасқан әскери бөлімде Арыстағыдан сәл шағындау әскери қойма бар екені анықталды. Онда-ғы қару-жарақтың көлемі де тым көп еді. Дереу бұл мәлімет Елбасы мен Қауіпсіздік Кеңесіне жеткізілді. Нәтижесінде арнайы құрылған жұмыс тобы әскери қойманы шұғыл көшіру туралы шешім қабылдап, қару-жарақ Қарағанды облысындағы полигондардың бірінің аумағына тасымалданды. Менің білуімше, 2010 жылы сол көшірілген қару-жарақ қоймасында жарылыс болған. Егер ол қойма астанамыздың жанында қала бергенде, жағдай қиындап кетер еді. Шынымды айтсам, сол кезде елорда іргесіндегі қоймада сақталған мүлікті шамамен 600 эшелонмен тасымалдаған деген деректі естідім, бірақ нақты анық-қанығын білмеймін. Көбіне мұндай жарылыстар адамның, жауапты мамандардың салғырттығынан болып жатады, – дейді Е.Исақұлов.
Сарапшының айтуынша, Арыстағыдай қоймалар еліміздің төрт бұрышындағы ірі-ірі әскери құрылымдарда да бар.
Демек, техникалық себептерді ысыра тұрсақ, Жаратушының «Сақтансаң – сақтаймын» қағидасын естен шығармаған абзал. Бұл жерде қаржылық мүдде де есепке алынбауын құзырлы орындар қаперден шығармауы керек. Ең бастысы, мұндай мәселеде мемлекеттік тұрғыдағы көзқарас сұранып тұр.

Қоймалар – бақылауда
Мәселе, күрделеніп тұрған уақытта еліміздегі әскери қоймалардың орналасқан жері мен ондағы қару-жарақтың көлемі жөнінде сөз қозғау артықтау болар. Өйткені 2016 жылы Ақтөбеде болған террористік шабуылдар кезінде қара ниетті қылмыстық топ алдымен әскери бөлімге шабуылдап, қару-жарақ қой-масын тонауға әрекеттенгені белгілі.
Ал жалпы қауіпсіздікке келсек, Қорғаныс министрлігінің өкілі Сергей Прохоров өзінің сұхбатында қару-жарақ пен оқ-дәрілер сақтаудың тәртібі ерекше бақылауда екенін айтқан. «Қару-жарақты, оның ішінде реактивті снарядтарды сақтаудың тәртібі бойынша оқтұмсықтарды орналастырған кезде өрт шыға қалған жағдайда олардың елді мекендерге емес, медиен далаға қарай атылуы ескеріледі», деп мәлімдеді С.Прохоров.
Ресми деректерге қарағанда, Арыстағы қоймада негізінен реактивті снарядтар, жерүсті және минометті артиллерия, танк снарядтары, қол гранаталары, атқыш қарудың оқтары сақталып келген. Ал ядролық қару бар деген ақпараттар негізсіз. Еліміздің ядролық қарудан азат мемлекет екенін қайталап айтудың да реті жоқ.
Ал Арыстағы алапат апаттың болу себебі тергеп-тексерулер мен түрлі сараптамалардан соң айқындалады.

Серік ӘБДІБЕК

Add a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *