АХҚО – өңірлік дамудың өзекті құралы

G1iApZ2nG1iApZ2nКеше «Астана» халықаралық қаржы орталығында Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаевтың қатысуымен АХҚО сотының ғимараты мен Халықаралық арбитраж орталығы ашылды.

Салтанатты шараға АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов, АХҚО Сот Төр-ағасы Лорд Вульф, Халықаралық арбитраж орталығының төрайымы Барбара Доманн және АХҚО Соты мен ХТО тіркеушісі және аппаратының басшысы Крис Кэмпбелл-Холт қатысты.
«Баршаңызды АХҚО Сотының жаңа ғимаратының және Халықаралық арбитраж орталығының ашылуымен құттықтаймын. Өздеріңіз білесіздер, біз экономикалық және қаржылық реформалардан бөлек, бірқатар құрылымдық және жүйелік реформалар жасап келеміз. Заңның үстемдігі табысты эконо-микалық және тұрақты өсімнің негізі екенін түсінеміз. Сондықтан заманауи кәсіби және тәуелсіз сот жүйесін құруға ерекше мән береміз. Ағылшын заңына негізделген АХҚО соты мен Халықаралық арбитраж орталығының құру арқылы АХҚО институционалдық құрылымын жасақтауды аяқтаймыз. Сонымен бірге біз Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың негізгі бастамаларының бірін жүзеге асырудамыз. Елбасы бастамасы арқылы бүгін АХҚО-ның табысты қызметіне куә болып отырмыз», деді Президент.
АХҚО-ның құрылуы еліміздің дамыған 30 елдің қатарына енуіне арналған маңызды құрал екенін айтқан Мемлекет басшысы бұл жауапкершіліктің маңыздылығына тоқталды.
– Біз бұл асқақ міндет екенін түсінеміз. Ол тұрақты әрі сапалы экономикалық өсімді, әртараптандыруды, жаңа инвестиция мен технологияны тартуды талап етеді. Біз реформалардан қорықпаймыз. Сондықтан бұрынғы КСРО аумағында алғаш рет ағылшын құқығы сот төрелігінің жалпы жүйесі аясында елімізде табысты қолданылып отыр. АХҚО сотын ең беделді және құрметті британдық судьялардан қалыптастыру – Қаржы орталығының табысқа жетуіне ықпал етеді, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы атап өткендей, бүгінде АХҚО соты мен Халықаралық арбитраж орталығы жергілікті және жаһандық деңгейде инвесторлардың сені-міне ие болып, тарихта өз орнын тауып отыр.
– Осы орайда сот жүйеміздің тарихындағы ерекше тұсқа тоқталғым келеді. XV ғасырдан бастап Қазақстанның басты сот жүйесі билер соты болғаны белгілі. Билер соты елімізде бейбітшілік пен келісімді сақтай отырып, әділдік пен теңдіктің символына айналды. Бүгін біз тарихымыздың жаңа бөлімін ашып отырмыз. АХҚО судьялары өте маңызды рөл атқарып, әділдік пен шын-шылдықтың символы болып қалады. Бүгінгі шараны Төле би атындағы залда өткізуіміз де тегін емес. АХҚО сотының төрағасы Лорд Вульфке, Халықаралық арбитраж орталығының төрайымы Барбара Доманнға және АХҚО сотының бас жетекшісіне аталған сот пен орталықты ашуға қосқан үлесі үшін ерекше алғыс айтамын. Бәріңізге толағай табыс тілеймін, – дей келе, Мемлекет басшысы АХҚО соты ғимараты мен Халықаралық арбитраж орталығын ашық деп жариялап, арнайы Сот балғасымен символикалық соққы жасады.
Салтанатты рәсімнен кейін Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығында исламдық қаржыландыру, адам капиталын, инновация мен цифр-ландыруды дамыту, стартап-жобаларды қолдау салалары бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалардың мамандандырылған көрмесін аралап көрді. Сонымен бірге Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана» халықаралық қаржы орталығы биржасының жұмысымен танысты.
Одан кейін Қазақстан Президентінің төрағалығымен «Астана» халықаралық қаржы орталығының жоғары алқалық органы – АХҚО Басқару кеңесінің отырысы өтті.
Отырысқа Кеңес төрағасының орынбасары – Премьер-Министр Асқар Мамин, Қаржы министрі Әлихан Смайылов, Ұлттық экономика министрі Руслан Дә-ленов, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетов қатысты. Кеңес құрамында Еуропа қайта құру және даму банкі президенті Сума Чакрабарти, Ислам даму банкі тобының президенті Бандар Хаджар және Citigroup инвестициялық және корпоративтік банкінің жаһандық блогының басшысы Джули Монако сияқты ірі халықаралық қаржы құры-лымдарының беделді басшылары бар.
Кеңес отырысы барысында АХҚО жылдық есебінің ресми таныстырылымы өтті.

– Өткен жылы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Еуразия жүрегінде «Астана» халықаралық қаржы орталығын ресми түрде іске қосты. Бұл бастама Конституциялық деңгейде қолдау тауып, мемлекеттің басты заңында ерекше мәртебе алды. Ал бүгін салтанатты, әлемдік стандарттар деңгейіндегі жоғары класты кеңседе қонақ қабылдап, Кеңестің кеңейтілген отырысын өткізіп отырмыз. АХҚО құрылған сәттен бастап Кеңестің төрт отырысы өтті. Онда АХҚО даму стратегиялары, органдарының құрылымы бекітіліп, өзге де жүйелік маңызды мәселелер қаралды, – деді Мемлекет басшысы АХҚО Кеңесінің отырысында.
Кеңес отырысында Президент Ислам даму банкінің президенті, доктор Бандар Хаджар мен City Group мемлекеттік сектор бөлімінің басшысы Джулия Монаконы Кеңеске мүше болуымен құттықтады.
– Бүгін салтанатты жағдайда АХҚО соты ғимараты мен Халықаралық арбитраж орталығын аштық. Барлық даму бағыттары бойынша орталық нәтижелерімен және жоспарымен таныстым. АХҚО – Нұр-Сұлтан қаласындағы ерекше мәртебесі бар аумақ қана емес, қаржылық орталық, құзыреттер мен кәсіби дамудың, адами капитал, «жасыл» экономика және исламдық қаржыландыру орталығы. Мұның барлығына ішкі күш-жігеріміздің және тұтас халықаралық қауымдастық пен серіктестеріміздің тұрақты қолдауы арқасында қол жеткіздік, – деген Қ.Тоқаев «Астана» халықаралық қаржы орталығы ашылғаннан бергі бір жылда қаржы орталықтарының беделді жаһандық индексінде 37 орын жоғары көтеріліп, 51-орынға тұрақтағанын айтты. Нұр-Сұлтан қаласы Шығыс Еуропа, Орталық Азия аймақтары бойынша көшбасшы орында тұр. АХҚО табысты жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалды және инфрақұрылым жолға қойылды деп толық сеніммен айта аламыз. Енді бізге тәжірибелік нәтижелердің болуы маңызды», деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласы әлемге танымал халықаралық қаржы орталығына айналып келе жатқанын атап өтті.
– Әлемнің жетекші сәулетшілері елорданың бірегей бейнесін жасады. Енді дүние жүзінің белгілі қаржыгерлері осы жерде табысты қаржы орталығын қалыптастыруға атсалысатын кез келді. Орталық қаржы секторын дамытумен қатар, экономикаға инвестициялар тартуы тиіс. АХҚО базасында келешегі зор жобаларды қаржыландыру жөніндегі негізгі мәмілелер жасалуы қажет. Бұл жерде «Қазақтелеком», «Қазмұнайгаз», ҚТЖ, «Эйр Астана» сынды ұлттық компаниялардың IPO-сы өтеді, – деп атап өтті Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар Кеңес отырысында АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов орталықтың жылдық жұмыс қорытындысын баяндады.
– Елбасы ресми ашқаннан бергі 12 ай ішінде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік. Біздің реттеуші аясында 200-ден астам компания тіркелсе, олардың арасында Қытай даму банкі, Қытай құрылыс банкі секілді аса танымал ұйымдар бар. Сонымен бірге, «Бір белдеу, бір жол» бастамасының Орта Азиядағы нағыз қаржылық хабына айналамыз, – деген Қайрат Келімбетов Орталықтың Еуразиялық экономикалық одақ, Орталық Азия мен ТМД елдері және Орталық Азиядағы «Бір белдеу, бір жол» жобасының қаржылық хабына айналуды жоспарлап отырғанын айтты.
AFSA – АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі, «Астана» халықаралық қаржы орта-лығы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес «Астана» халықаралық қаржы орталығында қаржылық қызметтерді және олармен байланысты қызметті реттеу мақсатында құрылған заңды тұлға. AFSA қаржы компаниялары мен нарықтық мекемелерді лицензиялауды, тіркеуді, аккредиттеуді және қадағалауды көздейтін АХҚО ережелерін жүзеге асырады.
АХҚО-ға тіркелген қатысушылар­дың географиясы Қазақстан, Ресей, Эстония, Латвия, Ұлыбритания, Италия, Финляндия, АҚШ, Қытай, Гонконг, Сингапур, Малайзия, Үндістан, БАӘ, Түркия сияқты 20-дан астам елді қамтиды. АХҚО қатысушылары банктік қызмет, қор нарығы, активтерді басқару, жеке банкинг, ислам қаржылары, кредиттік-рейтингтік және басқа салалардағы қызметтерді жүзеге асырады.
АХҚО биржасында өз қызметін Қазақстан, Қытай, Ресей, Оңтүстік Корея және Еуропа – брокерлер мен дилерлер арқылы жүзеге асырады. Қырықтан астам компания қосалқы қызметтерді, атап айтқанда заңгерлік, аудиторлық, бухгал-терлік, консалтингтік және рейтингтік қызметтерді көрсетеді.
Жалпы, «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) Қазақстан Респуб-ликасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2015 жылы «Бес институционалдық реформаны іске асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында құрылды. Орталық өз қызметін «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 7 желтоқсандағы №438-V Конституциялық заңына сәйкес жүзеге асырады. АХҚО-ның мақсаты шикізат емес секторға баса назар аудара отырып, Қазақстанға шетелдік инвестициялардың ағынын ұлғайту, капиталдың ішкі нарығын дамыту, перспективалы қаржы салаларында жеке сараптама жасау болып табылады.
Еуразия кеңістігінде алғаш жұмысын бастаған бұл халықаралық ірі жоба қалай құрылып еді?! Сонау 2004 жылы елімізде қаржы орталығын құру туралы алғаш бастама көтеріліп, сол бойынша кешенді іс-шаралар қолға алына бастаған еді. Себебі, Қазақстан сол кездің өзінде-ақ қаржылық хабқа айнала алатын әлеуетін көрсеткен болатын. Арнайы агенттік те құрылды. Үкімет пен Ұлттық банктің назары осы шараға мейлінше бағытталды. Бірінші кезекте Алматы өңірлік қаржы орталығын дамыту жоспарына басымдық берілді. Алайда 2008-2010 жылдары белең алған әлемдік қаржы дағдарысы салдарынан әлсіреген экономикалық ахуал оған мүмкіндік бермеді. Ең бастысы, саяси шешімнің болмауының салдарынан тәуелсіз сот, ағылшын құқығы секілді ойлар жүзеге асырылмады.
Бүгінгі халықаралық қаржы орталығы мен сол кездегі өңірлік қаржы орта-лығының айырмашылығы жер мен көктей. Бұл – бір-бірінен бөлек стратегия, мүлде өзгеше бизнес-жоба.
Посткеңестік кеңістікте тұңғыш рет ағылшын құқығының қағидаттары енгі-зіліп, қаржы орталығының ресми тілі ағылшын тілі болып белгіленді. АХҚО-ның негізгі міндеттері қаржылық қызмет саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру арқылы ел экономикасына тікелей шетел инвестицияларын тартуға жәрдемдесу, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен ықпалдасуын қамтамасыз ету болып табылады.
Біздің еліміз әлдеқашан жаһандық экономикаға кірігіп, халықаралық экономикалық заңдылықтар бойынша жұмыс істей бастады. Тәуел­сіз Қазақстанның экономикасын өркениет талаптарына сай әртараптан­ды­ру мақсатындағы шараларға Елбасының бастамасымен жүзеге асырыла бастаған индустриялық-инновациялық даму және «Нұрлы жол» бағдарламалары тың серпін әкелгені анық. Ал елімізде бастау алған «Нұрлы жол» бағдарламасы Қытай Халық Республикасы жариялаған «Бір белдеу, бір жол» халықаралық бастамасымен үндесіп шыға келді. Бұл халықаралық ірі бағдарлама өз кезегінде өңірлік ірі қаржы орталығының қажеттігін күн тәртібіне шығарды. Сөйтіп АХҚО бүгінде әлемнің көптеген мемлекет қолдау білдірген «Бір белдеу, бір жол» халықаралық бағдарламасына қаржылық қызмет көрсететін орталық­қа айналу мүмкіндігіне ие болып отыр.

Бауыржан МҰҚАН

Add a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *