1,4 млн адамға атаулы көмек көрсетілді

2019_07_04_imagesКеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев жасалған жұмыстардың есебін қорытындылап, министрліктің алға қойған жоспарларын жеткізді.

– Биыл әлеуметтік көмек пен қамсыздан­дыру­ға көзделген қаражат көлемі 674 млрд тең­геге өсіп, 3,3 трлн теңгені құрады. База­­лық зейнетақы 80 пайызға көбейді. Қазақстандықтардың өтініштері бойынша еңбек өтілі есептелетін болды. Соған сәйкес, орташа жалақы 81 мың теңгені құрап отыр. Келесі жылдан бастап енгізілетін жаңа­лықтардың бірі – зейнетақы қорына жұмыс­шылардың аударатын төлемдерін 5 пайызға көбейту. Яғни қазір 10 пайызды өзде­рі төлейтін болса, оған қосымша жұмыс берушілер төлейтін болады, – деді Бердібек Сапарбаев.
Министр, биыл 1 сәуірден бастап мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы орта есеппен 30%-ға өскенін және ол 1 миллионнан астам адамды қамтылғанын атап өтті. Сондай-ақ ол «Еңбек» бағдарламасы толығымен орындалғанын сабақтай келіп, 400 мыңнан астам қазақстандық жұмысқа тартылғанын айтты.
– 14 мың адамға шағын несие беріліп, 3 мыңға жуық азамат грант иеленді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазақстандықтарды оның ішінде әлеуметтік аз қамтылған әрі көп балалы отбасыларды, жарымжан жандарды қолдап, жұмыспен қамту үшін қосымша грант бөлдік. Бүгінгі нақтыланған бюджет бойынша гранттарды 23 мыңға көбейтеміз. Оған – 12 млрд теңге бөлінеді. Микронесие 20 млрд, қысқа мерзімді оқытуға – 13 млрд, сондай-ақ «Бизнес Бастау» бағдарламасына 3 млрд теңге қарастырылмақ. Ал оңтүстік аймақтардан тұрғындарды солтүстік өңірге көшіру үшін қосымша 3 млрд қаражат аударылды, – деді сала министрі.
Еңбек дауларының алдын алу мақсатында жауапты ведомство еңбек келісімшарттарының электронды нұсқасын әзірлеп жатыр екен. Б.Сапарбаев бұл көптеген түйткілді проблемаларды реттеуге септесетініне сенімді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде 160 мың отандасымызға 37 млрд теңгенің көлемінде көмек көрсетілгенін жіпке тізді. Бұған қоса спикер көші-қон саясаты да қарқынды жүріп жатқанын, сырттағы қандастарды елге қайтару бойынша жұмыстар жалғасын тапқанын хабардар етті. Биыл 6 мың қандасымызға тарихи Отанына оралу бағы бұйырыпты.
Сала басшысы үстіміздегі жылы атаулы әлеуметтік көмекпен 285,7 мың отбасы немесе 1,4 миллион қазақстандық қамтылғанын нақтылады.
– «Әлеуметтік қамқорлық» шарасы аясында 1 шілдеден бастап мүгедек балалар және бала кезінен І топтағы мүгедектігі бар 18 жастан асқан азаматтарды күту бойынша мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері артады, – деді Б.Сапарбаев.
Ол 100 мың азаматқа берілетін жәрдемақы­ның мөлшері 31 183 теңгеден 41 578 теңгеге дейін ұлғаятынын мәлімдеді.

Жақсылық МҰРАТҚАЛИ

Add a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *