Браконьерлер қашанғы басынады?

2019_07_24_1-1 (1)Айдың күні аманында тағы бір табиғат сақшысы суыққол браконьерлердің қолынан қаза тапты. Осы жылдың басында ғана соңғы он жылда бірінші рет браконьерлерді ұстау өлімге соқтырған факті тіркеліп, ақбөкендерді қорғау жолында құрбан болған инспектор Ерлан Нұрғалиевтің қазасы бүкіл қазақ даласын күңіренткен еді. Сол оқиғаның қайғысы сейілместен, көп өтпей суыт хабар тарады. Арыстай азаматтың өмірін жалмаған бұл жолғы оқиға Ақмола облысы, Жарқайың ауданында болды.

Кеше шамамен сағат 11.00-де «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Орталық өңірлік филиалының инспекторлары Ақмола облысы, Жарқайың ауданының аумағында табиғатты қорғау заңнамасын бұзғандарды анықтап, жолын кесу бойынша жүргізілген іс-шара барысында киіктерді көздеген браконьерлерге кез болған. Екі инспектор арам пиғылды азғындардың ізіне түскен. Олардың тізгіндеген көлігі – ақ түсті «Нива». Көліктің мемлекеттік нөмірі нақтыланбаған, бірақ Қостанай облысына тиесілі екені белгілі болған. Осы көліктің қыр соңына түскен инспекторларға оқ атылып, екеуі де ауыр жарақат алады. Олардың бірінің жағдайы тым қиындап, ес-түссіз қалған. Оқиға орнына санитарлық авиация шақырылып, жараланғандар Державин қаласының аудандық ауруханасына жеткізілген. Бұл туралы алғашқы хабарды Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз қызметі таратты.
Кейіннен қандықол браконьерлердің оғы тиген инспекторлардың біреуі ауруханаға бара жатқан жолда жан тапсырғаны мәлім болды. Ол – 1976 жылы 24 қаңтарда дүниеге келген Нұртазинов Қаныш Серікұлы. Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, Қоскөл ауданының тұрғыны Қаныш «Охотзоопром» мекемесіне 2016 жылдың 5 қаңтарында жұмысқа тұрған. Оның артында әйелі, үш қызы және 2011 жылы туған ұлы қалды. Марқұмның денесін туған ауылына жеткізу жайы қарастырылып жатыр. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі хабарлады.
Ал жараланған екінші инспектордың есімі – Оспанов Самат Көшбергенұлы. Ол 1975 жылы Ақмола облысында туған. Саматқа Державин аудандық ауруханасында ота жасалды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев браконьерлердің қолынан қаза тапқан азаматтың отбасына көңіл айтты. Бұл туралы Қазақстан Президенті Twitter-де «Браконьерлермен арпалыста ерлікпен қаза болған қорықшы Қаныш Нұртазиновтың жақындарына шынайы көңіл айтамын. Қаскөйлер ұсталып, жауапқа тартылады. Киіктерді атқаны үшін жазаны күшейту қажет. Қаза тапқан Қ.Нұртазинов марапатталатын болады. Аңшы С.Оспановтың сауығып кетуін тілеймін», деп жазды.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев та Twitter-дегі парақшасында браконьерлерді ұстау кезінде қаза тапқан Қаныш Нұртазиновтың отбасына қайғыра көңіл айтып, барлық қажетті көмектің көрсетілетінін жазды.
Ал күдіктілерді іздестіру жұмыстарымен Ақмола облысы, Жарқайың ауданының полиция бөлімі айналысып жатыр. «Ақмола облысында «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК инспекторларына шабуыл жасау фактісі бойынша Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлімі (кісі өлтіру) бойынша қылмыстық іс қозғалуда. Қазіргі уақытта арнайы құрылған жедел-тергеу топтары күдіктілерді ұстау бойынша кешенді іс-шаралар жүргізіп жатыр. Полиция қызметкерлері ұс-тау жоспарын әзірлеп, бұған Жарқайың, Есіл және Жақсы аудандық полиция бөлімдерінің жеке құрамы жұмылдырылды. Күдіктілердің автокөлігін бағдарлау барлық патрульдік қызмет нарядтарына тапсырылып, Жарқайың және көршілес аудандардың аумағына 10 бекет блогы қойылды. Жедел іздестіру шаралары жалғасуда», деп хабарлады Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Дәл осындай оқиға жыл басында тіркеліп, Қарағанды облысы Нұра ауданында киік атқан браконьерлер екі инспекторды жарақаттаған еді. Ауыр жарақаттан ес жимастан Ерлан Нұрғалиев 15 қаңтарда Нұр-Сұлтан қаласында №1 ауруханада көз жұмған. Ол да «Охотзоопром» инспекторы еді. Көп ұзамай арнайы операция барысында ІІМ Криминалдық полиция департаментінің жедел қызметкерлері Қызылордадағы жеке үйлердің бірінде осы оқиғаға қатыс-ты үш күдіктіні ұстады. Қазір Қарағанды облысында тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазақстан Президентінің 31 қаңтардағы Жарлығымен қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен ержүректігі мен жанқиярлығы үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Орталық өңірлік филиалының инспекторлары Ерлан Нұрғалиев (марқұм) пен Петр Ницык ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен наградталды.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Add a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *