Жергілікті қамту: жетілдіретін тұстар көп

2019_07_24_economics.kazgazeta.kz«Қазақстандық үлесті дамыту Үкімет үшін ең бірінші мәселе болуы тиіс». Елбасының осы тапсырмасы аясында мұнай-газ саласындағы ірі жобаларда қазақстандық қамту үлесі жыл санап артып келеді. Алайда нақты тауарлар бойынша көрсеткіштер қуанарлықтай деңгейде емес. Жер қойнауын пайдаланушылар арасында ең ірі үштік саналатын ТШО, ҚПО, НКОК компанияларында бұл көрсеткіштер сәйкесінше 5, 12, 27,3 пайыз ғана болып отыр. Жергілікті қамтуды дамытуға байланысты талаптардың орындалмауына не себеп?

Осы сауал Премьер-Министр Асқар Маминнің Атырау облысына жұмыс сапары барысында өткізген жиналысының өзегіне айналды. Әсіресе мұнай-газ өндірісінде машина жасау саласының дамуы көңіл көншітпейді. Мұны Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр да жасырмады. «Отандық ірі мұнай жобаларында машина жасау үлесі 5 пайыздан аспайды, – деді министр. – Жер қойнауын пайдаланушылардың машина жасау тауарларының 88 %-ы импорттың үлесінде». Ал Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, өткен жылы жоғарыда аталған үш компания 245 млрд теңгенің тауарын сатып алған. Соның 19 млрд теңгесі, яғни 7,3 пайызы ғана отандық тауарлар. Мұнай-газ саласындағы басқа жобаларда қазақстандық қамту – 38%. Бұл сандарды әлі де көбейту үшін не істеу керек? «Машина жасауды дамытудың 2019-2024 жылдарға арналған Жол картасы аясында бірқатар шараларды атқару жоспарда бар», деген министр операторлардың талаптарына сай келетін тауар өндіруге ниетті 18 отандық кәсіпорын анықталғанын атап өтті. «Импортты ішінара алмастыруда бірегей сипаттағы тауар өндірушінің өнімін оқшаулау маңызды. Біздің болжамымыз бойынша, алдағы 10 жылда ТШО, ҚПО, НКОК компанияларының сатып алу көлемі 1,7 млрд АҚШ долларына жетеді, – дейді Қанат Бозымбаев. – Бірегей тауар өндірушілер жеке немесе бірлескен кәсіпорындар құра алады. НКОК компаниясы өндірісті оқшаулау бойынша 20 меморандум жасақтады. Алдағы уақытта осындай 55 құжатқа қол қою жоспарланды. Мұндай жобалар ТШО мен Қарашығанақта да бар». Министр бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру үшін ірі операторларға аса қажет тауарларды алатын жергілікті өндірушілерді кеден бажы мен қосымша құн салығын төлеуден босатуды ұсынды. Ал операторлар мердігер компанияларда еңбекақы төлеуде кемсітушілікке жол берілмеуін, еңбек жағдайы отандық, шетелдік қызметкерлерге бірдей болуы керектігін назарда ұстаулары тиіс.
НКОК компаниясы басқарушы директорының орынбасары Ермек Марабаевтың айтуынша, отандық қамтуды енгізуде әлі де жетілдіруді талап ететін жайттар бар. Мысалы, жергілікті өндірушілердің тауарлары мен қызметтері халықаралық талаптарға сай келе бермейді. Сондай-ақ ірі операторлар бірлесіп жұмыс істеуге мүдделі емес. Бір өнімге бірге тапсырыс беріп, тауар өндірушінің тапсырыс портфелін көбейтуге болар еді. Тағы бір мәселе – қазақстандық машина жасаушылар жобалау кезеңіне тартылмай отыр. Осы проблемалар шешімін тапса, қазақстандық қамту үлесін әлі де арттыра түсуге мүмкіндік көбейері анық.

Отандық мамандардың үлесі көп
Қазір Теңіз кенішіндегі келешек кеңейту жобасында 50 мыңнан астам қызметкер еңбек етеді. Оның 48 мыңы – отандық мамандар. 23 мердігер, 25 қосалқы мердігер мекеме жоба жұмысына тартылған. Келешек кеңейту жобасын іске асыру арқылы Теңізде жылына 12 млн тоннадан астам мұнай өндіру көзделіп отыр. Осы мақсатта үшінші буын зауытын, жер қабатына шикі газ айдау зауыты, газтурбиналық электр стансалары, ТШО кешенін меншікті энергиямен қамтитын қосалқы стансаларды салу, сағалық қысыммен басқарылатын 125 жаңа ұңғыманы бұрғылау секілді жоғары біліктілікті, зор жауапкершілікті талап ететін жұмыстар қолға алынып жатыр. «Сондықтан шетелдік білікті мамандарға сұраныс бар», дейді министр Қанат Бозым-баев. Ал шекара асып келетіндер саны квотамен шектелген. Операторлар мердігер және қосалқы мердігер мекемелердегі еңбекақы айырмашылығына мән берулері керектігі де кеңесте айтылды. Әйтпесе, ауыр жұмыс істеп, аз ақы алатын деректер анықталған. Қашағанда еңбек етіп жатқан қызметкерлердің – 90, Қарашығанақта – 92, Теңізде 88 пайызы қазақстандықтар. Бір айта кетерлік жайт, осы жоба басталғалы бері 120 шетелдік маман жергілікті кадрмен алмастырылған. Операторлар арасында бұл көрсеткіш 10 пайыз ғана. «Мұнай-газ секторында жергілікті қамту үлесін арттыру, соның ішінде ірі инвестициялық жобаларды іске асыру – министрліктің бақылауында. Бұл бағыттағы барлық тапсырмалар орындалады», деген Қ.Бозымбаевтың сөзіне сенгіміз келеді.
Жергілікті қамту және мұнай-газ саласындағы машина жасауға қатысты мәселе-лер көтерілген кеңесте Премьер-Министр А.Мамин: «Мемлекеттік органдар ірі жобаларға тауар, жұмыс, қызмет сатып алуға жергілікті тауар өндірушілердің тең дәрежеде қатысуына жағдай жасауы керек», деді. Еліміздегі машина жасау кәсіпорындары 80-нен астам тауар түрін дайындап шығарады екен, ендігі кезекте осы тауарлардың санын көбейтіп, қолдану аясын кеңейтуге назар аударылса игі.

Бақытгүл БАБАШ,
Атырау облысы

Add a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *