Докторант даярлаудағы дәрменсіздік

2019_08_15_767e12ce084a20baa3ca8c5c44e8bfa9Ертең елордада дәстүрлі Тамыз кеңесі өтеді. Биылғы іс-шараның бір ерекшелігі, Білім және ғылым министрлігінің мәлімдеуінше, педагогтар кеңесіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатыспақ. «Keleshekke – kemel bilimmen» тақырыбында болатын конференцияның пленарлық отырысына 2 мыңнан астам делегат шақырылған. Тәрбиені ту етіп, бала бойына ілім нәрін құюды парыз санайтын педагог қауым – бас басылымның басты оқырмандары.

Осыған орай ел газеті жауапты саланың салмақты жүгін жұмыла көтеруге атсалысып, білім беру жүйесінің әр сатысындағы түйткілді тақырыптарды ұдайы қаузап келеді. Балабақшадан бастап, жоғары білімге дейін қамтып, жақында қоғам белсенділері мен майталман мамандардың тұщымды ойларына өзек болған магистратура жайындағы мақала жарияланды. Білім беру қызметкерлерінің әр жаңа оқу жылындағы кәсіби «компасындай» болған Тамыз кеңесінің қарсаңында докторантура туралы сараптаманы назарларыңызға ұсынамыз.

Бюрократиялық бөгеттерден арылмаған
Докторантура – ғылымның бастауы. Алайда елімізде грантта оқып, PhD докторы дәрежесін иеленгендердің бәрі ғылымда қала бермейді. Сонда мемлекеттен бөлінген қаражат қайда кетті? Бұл докторанттарды даярлау ісінің нәтижесіздігі ме, әлде үздіктерді іріктей алмаудан туған мәселе ме?
Аталған ғылыми дәреженің тарихы тым тереңде. «Докторлық деңгейдің өзгерісі» (Changing Doctoral Degrees) кітабының авторы, аустралиялық Кэйт Аланның (Keith Allan Noble) дерегінше, алғашқы докторлық дәреже 1150 жылы Париж университетінде беріліпті. Тоғыз ғасырлық тарихы бар білім берудің бұл деңгейі Еуропа елдерінде әбден қалыптасқан. Ал елімізде оған түсу талап-тарының өзі жиі өзгеруде. Бұл жайт үміткерлердің күдігін сейілтпей тұр.
Ұлыбританияның Лестер университетінде көші-қон тақырыбында диссертация қорғап, құқық PhD докторы дәрежесін алған Халида Әжіғұлова осы уақытқа дейін толық қалыптаспаған қазақстандық докторантураның қабылдау талаптары шынымен де таланттарды таңдай алмай отырғанын айтады. «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен гөрі шетелдік ЖОО-ға түсу әлдеқайда жеңіл. Біздегі оқуға түсу талаптары бюрократизмнен әлі арылмаған. 2013 жылы құжат тапсырып көргенімде құқықтың түрлі саласынан 150 сұрақты 1 апта қалғанда берді. Онысы – толған теория. Таңдауымдағы көші-қон құқығының өзі бір басыма жеткілікті. Бұл сұрақтар емтихан алушылардың өздері қаламайтын, яғни алдын ала белгілеп қойған тізімінде жоқ үміткерді құлатуға құрылғандай. Ал Британияға құжат тапсырғанда болашақта нені зерт-тейтініңіз, қай тақырыпқа тереңдегіңіз келетіні, мотивациялық эссеңіз сұралады. Айырмашылық бар ма?», дейді Халида.
Оның айтуынша, еліміздегі қабылдауда талап ететін құжаттар да көп кедергі келтіреді. Элекронды үкімет порталы биылғы маусымның соңында жариялағандай, докторантураға емтихан тапсырушылар тізімдегі 9 құжатты өткізуі тиіс. Айталық дипломның үш тілдегі қосымшасы бірдей неге керек? Сондай-ақ кемінде бір жылдық еңбек өтілі талап етіледі. Ал шетелде магис-тратура дипломы керек емес. Бакалаврдан кейін бірден докторантураға құжат тапсыруына болады. «Оған қоса бізде зейнетақы аударымдарын сұрайды. Рек-тордың атына өтініш жазасыз. Ал хирург, терапевт, рентгеннен өткенін дә-лелдейтін медициналық анықтама алдырту – меніңше, жеке басқа қол сұғу. Өйткені бұл әр адамның өзі ғана білетін мәлімет. Сонда егер адам ота жасатса немесе пневмониямен ауырса, ІІІ топтағы мүгедек болса, білім алмауы керек пе? Бұл – белгілі бір деңгейде кемсіту әрі кей таланттарға тұсау», дейді Х.Әжіғұлова.

Ағылшын тілі кедергі ме?
Өткен жолы жазғанымыздай, жоғарыдан кейінгі білім беруде өзгерістер мен толықтырулар бар. Соның ішінде докторантураға түскісі келетін талапкердің қолында ағылшын тілінен білімін дәлелдейтін халықаралық сертификат (IELTS, TOEFL) болуы тиіс. Сертификат жоқ па, ғылымның да есігі жабық. Жыл басында енгізілген өзгерістер кезінде Білім және ғылым министрі А.Ай-мағамбетов докторантураға тапсыру үшін IELTS-тың шекті балы 6.0 болу керегін жазған еді. Сол кезде: «Қолында 6 балдық IELTS сертификаты бар талапкер қай университетті таңдайды: шетелдік пе, әлде отандық па? Әлбетте шекара асады. Сонда еліміздегі докторантураның болашағы бар ма?», деген жанашырлық ойда мақала жариялағанбыз. Жақында ғана есеп беру жиынында министр жоғарыдағы сұрағымызға: «Осы мәселелерді, алуан пікірлерді ескеріп, шекті балл көлемін 6-дан 4,5-ке түсірдік. Сондықтан халықаралық сынақтан осындай көрсеткіші бар адамға докторантураның есігі ашық», деп жауап берген болатын.
Бірақ осының өзін қиынсынған кейбір үміткерлер бәрібір шетелдік ЖОО-ның докторантурасын таңдап жатыр. Соның бірі Динара Қожабаева сертификатқа қатысты талапты биыл айтып, биыл енгізгенін құптамайды. Өйткені ағылшын тілін жақсы меңгергендердің өзіне IELTS-тан 6 балл алу үшін кемі 1 жыл дайындалуы қажет. «Мен Болгарияда оқуға құжат тапсырып жатырмын. Елімізде докторантураға түсу де, оқу да, қорғау да – мұң. Көзім көрген жайтты айтайын,
10 докторанттың 2-еуі ғана диссертациясын қорғайды. Оған ізденушілер ғана емес, ғылыми жетекшінің әлсіздігі де себеп болып жатады және жұмысты өткізетін комиссия мүшелеріне құда күткендей банкет жасап беруің керек. Болгария біздегідей өз азаматтарына ғана грант бөледі, мен ақылы болса да сол жақты қолай көріп отырмын. Өйткені аталған елдің Білім министрлігі біздегідей сертификат талап етпейді, тек мемлекеттік университеттері сұра-тады. Ал жекеменшік ЖОО-ларына сертификаттың керегі де жоқ», дейді Динара. Оны бұл ғана қызықтырмайды, Болгарияда ғылыми жұмысыңыз дайын болса, докторантураны 2-ақ жылда бітіріп шығуға болады. Динараның ойынша, тілге деген талап бәрібір ғылымға кері әсерін тигізеді. Себебі тілді меңгеру де – музыкалық аспапты үйрену секілді екінің біріне қона бермейтін қабілет. Яғни, тілге икемі жоқ, бірақ ашқан жаңалығын ғылыми тұрғыдан қорғағысы келетін шын шеберге кедергі, ал айласы асқандарға ашық алаң болады. Біздегі докторанттардың көпшілігі «Scopus» (Scopus – ғылыми журналдарда жарияланған еңбектердің ауқымды деректер қоры) журналдарына ғылыми мақала жаза алмайды. Өйткені ағылшын тілін жетік білмейді, мақала сапасы жарамайды. Бірақ докторантураға түскенде ағылшын тілінен жоғары балл жинайды. Бұл ненің белгісі? Осыдан-ақ Д.Қожабаеваның: «Алматыда докто-рантураға тапсырып көргенімде 2500 долларға сертификат сатып алуды ұсын-ғандар болды», дегеніне шүбәсіз сенесің. Сонда бұл жүйе жемқорлыққа жол ашып беріп тұр ма?
Жалпы, докторантурадағы тіл төңірегінде даулы пікір өте көп, қолдайтындар да, қарсылар да жетерлік. Қазақ агротехникалық университетінің аға оқы-тушысы, химия магистрі Назира Мұханбетова: «IELTS, TOFEL сынды сертификаттарды докторантурада қазақ немесе орыс тілдерінде емес, ағылшын тілінде оқитын болса, талап етсін. Әрине докторантқа атақты ғылыми журналдарға ағылшын тілінде мақала міндетті түрде жазу керек. Бірақ оны сол тілде қалай жазамыз, ақшаға аудартамыз ба, таныстардан көмек сұраймыз ба біздің қалауымыз. Өзім студенттерге ағылшын тілінде химия пәнінен сабақ беремін. Мен тестілеу жүйесіне емес, оны барлық үміткерлерден талап етуге қарсымын», дейді.
Ал профессор Болат Кеңесов: «Кейбір гуманитарлық ғылымдарды қоспағанда, магистратура мен докторантураны тек ағылшын тілінде оқытуға көшетін кез әлдеқашан келді. Бұл екі білім деңгейі ғылыммен тығыз байланысты, ал барлық негізгі ғылыми білім қазір ағылшын тілінде ғана қолжетімді. Көптеген елдер бұл жүйені әлдеқашан енгізді», дейді.
Тілге талап туралы даттаушылар мен жақтаушылардан бөлек ұсыныс айтушылар да бар. Солардың бір тобы – бакалавриатта ағылшын бөлімінде оқығандар. Әйгерім Оспанова атты әлеуметтік желі қолданушысы: «Менің інім Кембридж университетін бітірді, ал одан сертификат сұрайды. Мазақ секілді», деп жазды. Жас ғалымдар альянсының жетекшісі Әсия Ермұханбетова ағылшынша білім беретін шетелдік ЖОО-лар мен отандық Қазақ-Британ, Назарбаев Университеттерін және «Болашақ» бағдарламасын тәмам-дағандардан IELTS, TOEFL-ды талап етпеу туралы өзгеріс енгізуді ұсынды. Шынында, бұл артық шығынданумен бірдей, өйткені IELTS тапсыру 55 мың теңге тұрады.

Докторант ассистент, иә хатшы емес
Докторантурада оқып жүргендердің көпшілігі ғылыми жетекшінің әлсіздігіне, жұмыс сапасына шағымданады. Бірақ ашып айтудан қашады, өйткені түбінде оның көмегіне мұқтаж болады. Десе де Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты Нұрлыбек Зинабдин ғылыми жетекшілер докторантпен толыққанды жұмыс істеуге уақыт бөле бермейтінін айтады. «Олар уақыт бөлмегендіктен ғылыми-зерттеуді және оның нәтижелері бойынша шетелдік импакт-факторлы ғылыми журналдарға мақала дайындауды көбіне докторант өз бетінше жүргізеді», дейді ол. Әлбетте оның сапасы сын көтермейді, оны өз кезегінде белді басылымдар қабылдамайды.
Сенесіз бе? Шетелдерде докторантқа уақыты мен жігерін сарқитын ғылыми мақаланы жазу міндеттелмейді. «Мен еліміздегі кей докторанттардан 3 жылдың ішінде 7 мақала жазуды талап ететінін естідім. Бұл – мүмкін емес. Бір ғылыми мақаланы жазуға қаншама уақыт, қаржы (кейбір мұрағаттар мен қалаларға бару қажет), күш керек. Мақаламен алысып жүретін адамның өз диссертациясын жазуға еш уақыты болмайды. Осыдан соң сапа туралы сөз қозғаудың өзі қисынсыз», дейді Х.Әжіғұлова. Оның айтуынша, Еуропа елдерінде, мәселен, Англияда докторант ғылыми мақала жазуға тиісті емес, бар назарын ашатын жаңалығына және сол туралы жазатын диссертациясына бөледі. Бұдан бөлек, Халида отандық ғылыми жетекшілер кәсіби этиканың қарапайым элементтерін сақтамайтынын айтады. «Көптеген ғылыми жетекшілер докторантқа дәрісін өткізіп бере салатын ассистент немесе шаруаларын тындырып беретін хатшы ретінде қарайды. Осының өзі болашақ ғалымның ғылымға деген теріс көзқарасын қалыптастырады», дейді ол.
Докторантурадағы қордаланған мәселелерді шешу ғылыми жетекшілердің жұмысы мен кәсібилігіне келіп тірелетінін профессор Б.Кеңесов те ма-құлдайды. «Докторантты кафедра емес, ғылыми жетекші таңдауы керек. Жауапкершілік өздеріне артылғанда, олар ешқашан нашар ізбасарды іріктемейді», дейді ол. Оның ойынша, жетекшілерге қойылатын талап күшейтілуі керек.

Жұмыс жағдайға, нәтиже талапқа тәуелді
Докторанттың ізденуіне жеткілікті жағдай жасалмағаны көптен бері көтеріліп келеді. Сыртта білім ғана емес, ғылыммен айналысудан ләззат алып келгендер аузының суы құрып айтатын кітапханалардың интерьері мен докторанттардың әрқайсысына бөлінген арнайы жұмыс орнын былай қойғанда, бізде жалпыға ортақ қажеттіліктермен де қамтамасыз етілмеген ЖОО-лар бар. Бұл оқу ошақтары мемлекеттен грант алып, докторантураға талапкерлерді қабылдайды. Ұлттық университетте оқитын докторант Н.Зинабдиннің өзі: «Бізде ғылыми-техникалық база әлсіз, зертханалар аз. Сондықтан көбіне жарияланған материалдардың қорытындыларына сілтеме жасап, пайдаланатын кездер болады», дейді.
Шетелдерде докторлық диссертациялар ашық кітапханаларда жарияланады. Түпнұсқасын алып та, онлайн түрде оқуға да болады. Кім қалай, қай бағытта жазды, не қозғалды, осыған дейін қандай жаңалық ашылып, қорғалды? Барлығына жауап табуға болады. Елімізде бұл жасырын, адамның аты-жөні мен жұмыс тақырыбы ғана белгілі. Олардың көпшілікке көрсетілмеуі күдік туғызады. Неге бұл шетелде ашық, бізде жабық мәлімет? Осының өзі жолбикелердің атақ алуына жасалған жағдайдай көрінеді. Ал біз мұнда: «Жаңалық ашпайтын шоу бизнестің жұлдыздары мен оны патенттеу түгілі кабинеттен шықпайтын шенеуніктерде докторлық дәреже қайдан жүр?», деп бас қатырып әлекпіз. Ашықтық пен әділдік оқуға қабылдауда ғана емес, бітіргеннен кейін де талап етілуі тиіс. Бұл адамға жауапкершілік жүктейді.
Талапкерлер арасынан таланттыны таңдаудан бастап, докторды даярлау, дәрежені бергенге дейінгі барлық жұмыс жүйелі және жұртшылыққа жария түрде жүзеге асқанда ғана докторантура майталман мамандарды даярлайды һәм ғылым дамудың даңғыл жолына түседі.

Айдана Шотбайқызы

Add a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *