«Цифрлы ауылдың» ауылы алыс емес

2019_08_21_kazakhtelekom-kcell-acquisitionЖалпы, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы барысында шалғай ауылдарды жылдамдығы жоғары интернетке қосу жөніндегі жобаның орындалуы мүмкін бе?

Цифрлы жүйені өмірге енгізу арқылы халықтың тұрмыс сапасын арттыру, аймақтың барлық салаларын цифрландыру, шалғай ауылдарға интернет жеткізу мәселелері 14 тамыз күні облыс орталығында өткен «Заманауи ақпараттық технологиялар және бизнес» IT-форумында айтылды. Цифрлы даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев, облыс әкімі Болат Бақауов қатысқан форумда «Astana Hub», «Қазақстан Алюминийі» АҚ, «Ticketon», «Booking.com», «ҰАТ» АҚ, С.Торайғыров атындағы универ-ситет ғалымдары сөз сөйледі.
– Қазір «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының нәтижесін бәріміз де көріп жүрміз. Бірақ әлі де дамудың алғашқы кезеңіндеміз. Жобалардың жүзеге асуы үшін интернеттің қолжетімділігі маңызды. Қалаларымызда сапалы интернет бар болғанымен, ауылды жерлерде бұл үлкен мәселе. Бүгін Шақат ауылында бұл бағыттағы жобаның қалай іске асырылып жатқанын көретін боламыз, – деді жиын барысында Асқар Жұмағалиев.
– Жалпы, бұл жоба «Қазақтелеком» мен бұ­рын­ғы Ақпарат және коммуникация министр­лігі ара­сындағы мемлекет-жекеменшік әріптестігі келісімшарты аясында жүзеге асырылады. Жоба 14 жылға есептелген. 2018-2020 жылдары байланыс желілерінің құрылысы, интернетке қосу жұмыстары жүргізіліп, жобаның 2032 жылға дейін қызмет көрсетуі жоспарланған, – дейді өңірлік дирекция басшысы Ермек Қуанышбеков.
Өңір басшысы Болат Бақауовтың айтуынша, облыстың цифрландыру бойынша көшбасшыға айналуына толық мүмкіндігі бар. Өңір кәсіпорындары «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына қосылған. Инновациялық технологиялар бойынша 40-қа жуық жоба жүзеге асырылуда.
2018 жылдан бері құны 1,1 млрд теңге тұра­тын 10 жоба жасалып жатыр. 2022 жылға қа­рай облыстағы мемлекеттік қызметтердің 85 пайы­зын электронды форматқа ауыстыру жоспарланған.
Павлодар облысында «Экономика салаларын технологиялық жаңарту және цифрландыру» бағыты бойынша «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ, «Қазақ-стан алюминийі» АҚ, «Майқайыңалтын» АҚ, «Каустик» АҚ, «Павлодар мұ-най-химия зауыты» ЖШС, «Богатырь Көмір» ЖШС цифрлы жобаға қатысады. Бұл кәсіпорындардағы цифрлы технологиялар экономикалық тиімділікке қол жеткізуге, өндірісті оңтайландыруға мүмкіндік беруде.
Сол сияқты TKR компаниясы жаттығу құрылғыларын, интерактивті модульдер, оқытуға арналған жүйелер құрастыру, заманауи 3D технологиялар арқылы түрлі құрылғыларды таныстырумен айналысады. Сондықтан жоғары оқу орындары, ірі кәсіпорындар тарапынан сұраныс көп. Қазіргі уақытта TKR компаниясының жобасын «Қазақстан Алюминий» АҚ зауыты пайдалануда. Бағдарлама арқылы қызметкерлерін оқытады.
– Біздің бағдарламалар түрлі бағыттағы деректерді интерактивті түрде бере алады, – деді министрге компания өкілдері. Мысалы, жоғары оқу орындары John Deere техникасымен жұмыс істеуді әртүрлі техникамен үйретуі мүмкін. Ал компания виртуалды әлемде сол техниканы құрастырады. Студенттер жасалған техникамен тәжірибеден өте алады.
Жеріміз болса кең, ал ауылдарда халық саны азаюда, ауылдардың әр жерде шашырай, шалғайда орналасқаны белгілі. Еліміздің шалғайдағы әрбір ауылына интернет желісін тартуға Үкіметтің зор мүмкіндігі, қыруар қаражаты қажеттігін қосыңыз. Сондықтан Үкімет шағын екі-үш ауылдың басын қосатын тірек ауылдарды дамытатын бағдарлама қабылдады. Шалғай ауылдарды айтпағанның өзінде, тірек ауылдарға бірінші кезекте интернет жетсе, «Цифрлы ауыл» деп аталатын күн де келер деп отыр.
«Қазақтелеком» АҚ Шығыс өңірлік телекоммуникация дирекциясының мәлі-метінше, «Ақпаратты Қазақстан-2020» бағдарламасына сәйкес ауылдық жерлерде талшықтық-оптикалық байланыс желісін тарту жұмыстары жалғасуда. Бұл өңірде 364 ауыл бар болса, қазіргі күні 87 ауылға талшықтық-оптикалық байланыс желісі тартылған.

Өкінішке қарай, интернет жүйесін жасамақ түгілі, аты бар да, заты жоқ осы 32 тірек ауылды өркендету үшін қыруар қаражат бөлінді. Нәтижесі қандай? Былтыр жүзеге асырыла бастаған жоба аясында барлығы 9 ауыл немесе 36 мемлекеттік мекеме интернетке қосылған. Интернетке қосылған ауылдардың дені аудан орталығына, облыс орталығына, қалаға жақын орналасқан ауылдар екені белгілі.
Биыл үш ауданның ауылдарында талшықтық-оптикалық байланыс желісінің құрылысы басталған. 2020 жылдың 1 наурызынан бастап қосымша тағы 20 ауыл мен 74 мемлекеттік мекеме интернетке қосылады деп жоспарланып отыр. Ал өңірдегі 385 ауылдың 356-сы жаңа форматтағы хабар таратумен қамтылған. Өңір бойынша заманға сай 29 радио-телевизиялық стансалар/ РТС/ бар. Шілде айынан бастап өңіріміз жаңа жиіліктегі стандартқа көшіп, цифрлы тарату іске қосылғаны жайлы газетіміздің өткен сандарында жаздық.
Әрине аудан орталықтарында интернет жүйесі бар. Бірақ мамандардың айтуынша, ауылдардағы нысандарда, мектепте интернет желісі қосылған күннің өзінде оны пайдалану барлығына бірдей тиімді емес көрінеді. Жылдамдығы аз. Компьютерлер ескі. Техникалық жабдықтар, Wi-Fi құрылғылары алынғанымен, интернет желісі тартылмаған. Шектеулі интернетті тек информатика пәнінің мұғалімдері қолдана алады. Wi-Fi желісіне қосылған мектептер де бар.
– Мұндайда ауылдарға интернетсіз жұмыс істейтін цифрлы ресурстарды да қолдануға болады. Интернеті жоқ, шалғайда орналасқан ауылдардың мектептеріне қазір BilimBook құрылғысы берілуде. Құрылғының ішінде жоғарыда аталған ресурстың барлығы интернетсіз жұмыс істей береді, – дейді цифрландыру жүйесінің маманы Ринат Барысов.
– Әрине шалғай ауылдарда интернет жылдамдығы төмен. Сондықтан offline-технологияларды қолданған тиімді. Мысалы, Bilim Media Group компаниясы ұсынған BilimBook компьютер-трансформерлері шалғай ауылдарға жақсы мүмкіндік, – дейді екінші бір маман.
Ал талшықтық-оптикалық байланыс желісіне қосылған Шақат ауылы облыс орталығына жақын орналасқан. Шалғайдағы ауыл емес. Мүмкіндігі жеткілікті. Министр Асқар Жұмағалиев Шақат ауылындағы мектептегі кең жолақты интернет желісінің қалай жұмыс істейтінін көрді. Шақат ауылы мұға-лімдерінің айтуынша, әр кабинетте кең жолақты ғаламтор пайда болған. Жоғары жылдамдықты интернетке қосылғалы жұмыс та оңтайланыпты. Жаңа оқу жылы қарсаңында мұғалімдер авторлық ғылыми және білім беру бағ-дарламаларын әзірлеген.
– Еліміздің ауылдарын кең жолақты интернет желісімен қамтамасыз ету жобасы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Теле-коммуникация инфрақұрылымы шалғайдағы ауылдардағы әлеуметтік сала нысандарын, мемлекеттік мекемелерді жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етуге бағытталған, – деп атап өтті Асқар Жұмағалиев.

Фарида БЫҚАЙ

Add a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *